Фармакология – (грек тілінен Phаrmacon- дәрі, у; logos- ғылым) – дәрілік заттар мен тірі ағзаның өзара әрекеттесуін зерттейтін ғылым. Фармакология әр түрлі аурулар мен патологиялық жағдайларды алдын алу және емдеу үшін қолданылатын дәрілерді игереді.
Фармакология медициналық- биологиялық және клиникалық пәндермен тығыз байланысты. Медицинада алатын орны өте зор. Кез келген патологиялық жағдайда, аурудың алдын алуда, диагностикада әртүрлі дәрілік заттар қолданылады. Патологиялық жағдайдағы ағзаға дәрі әсерін клиникалық фармакология зерттейді. Адам ағзасына дәрілердің улы әсерін токсикология, дәрілердің химиялық құрамын, дайындау тәсілдерін фармакологиямен тығыз байланысты фармация саласы оқытады. Фармакология заттардың тірі ағзамен байланысын зерттейтіндіктен дені сау қоғам құрып, дені сау ұрпақ өсіруге ат салысып, медицина саласына қызмет етеді.