Тыныс алу мүшелері қызметіне әсер ететін дәрілер.
- Тынысты қуаттандыратын дәрілер-тыныс алу стимуляторлары.
- Жөтелді басатын дәрілер.
- Қақырық түсіретін дәрілер.
- Бронхолитиктер.
- Өкпе ісінуінде қолданылатын дәрілер.
Тыныс алу стимуляторлары:
Қолданылады: наркотикалық анальгетиктермен уланғанда, көміртегі тотығымен жеңіл уланғанда, асфиксияда, наркоздан кейін өкпеге дем беру қажет болғанда.
Тынысты қуаттандыратын дәрілердің әсері қысқа және олар өте сирек қолданылады. Қайта қолданғанда тыныс орталығы әлсіреп, тырысулар байқалады. Сондықтан гипоксиялық жағдайларда жасанды дем беру тиімдірек.
Тыныс алу стимуляторлары:
А)Тыныс алу орталығына тікелей әсер ететін дәрілер:
Аналептиктер: Этимизол, Кофеин-бензоат натрий, Камфора, Сульфокамфокаин, Бемегрид, Стрихнин, Никетамид.
Аналептиктер (грек тілінен analepsis-қалпына келтіру, жақсарту) – өмірге маңызды сопақша мидағы тыныс алу және тамыр қозғалту орталықтарын қоздырады. Тамырларды тарылтып, қан қысымын жоғарлатады.
Б) Тыныс алу орталығына рефлекторлы әсер ететін дәрілер:
Н- холиномиметиктер: Цититон, Лобелин хидрохлорид.
Әсері: ұйқы артериясындағы каротидті түйіндерді қуаттандырып, тыныс орталығын рефлекторлы қоздырады.
Рефлекторлы әсер ететін дәрілер наркотикалық және ұйықтататын дәрілермен уланғанда көмектеспейді. Өйткені наркотикалық және ұйықтататын дәрілер рефлекторлы белсенділікті жояды. Наркотикалық және ұйықтататын дәрілермен уланғанда тынысты қуаттандыруға аналептиктерді қолданады.
С) Аралас әсерлі тынысты қуаттандыратын дәрілер:Кордиамин, Карбоген (5% көмір қышқылы мен 95% оттегі қоспасы)
- Жөтелді басатын дәрілер сопақша мида орналасқан жөтел орталығының негізгі түйіндерін тежейді.
Қолданылады: бронхитте, демікпелік жағдайда және бронхопневмонияда. Жиі ауырсыну, ұйқысыздық, қан кету және бронхоспазм тудыратын жөтелді басу үшін белгіленеді. Жөтел дегеніміз қорғаныш рефлексі.
Жөтелді басатын дәрі топтары:
А) Бейнаркотикалық орталық әсерлі жөтелді басатын дәрілер: Глауцин гидрохлорид (Glaucin), Тусупрекс.
Б) Наркотикалық орталық әсерлі жөтелді басатын дәрілер: Кодеин(0,05-0,2), Этилморфин (Дионин).
Әсері: жөтелге қарсы күшті әсер етеді, бірақ тыныс орталығын тежейді, бронхтардың тонусын күшейтеді, бронх эпителиінің белсенділігін төмендетеді, дәріге тәуелділік тудырады.
С) Шеткері (перифериялы) әсерліжөтелді басатын дәрілер: Либексин (Преноксдиазин- Prenoxdiazin), Битиодин, Бутамират- Butamiratum (Стоптуссин).
Әсері: жоғарғы тыныс алу жолдарының сілемей қабықшаларына жансыздандырғыш, бронхолитикалық және қабынуға қарсы әсер береді. Бутамират қақырықтың тұтқырлығын азайтып, шығуын жеңілдетеді. Либексиннің жергілікті анестетикалық әсерінен жөтел рецепторларының сезімталдығы төмендейді және оның таблеткасын шайнамай ішу қажет.
Д) Қиыстырылған жөтелге қарсыдәрі: Бронхолитин.
Жөтелге қарсы дәрілердің қарсы көрсеткіші: өкпеде қақырық болғанда қолдануға болмайды. Өйткені қақырықпен тыныс жолдары одан сайын бітеліп, тыныс алу қиындайды.
- Қақырық түсіретін дәрілер бронх шырышының секрециясын күшейтіп, сұйылтады және қақырықтың жөтелмен бөлінуін жеңілдетеді. Бронх эпителиінің белсенділігін, бронх бұлшық еттерінің жиырылу белсенділігін арттырады. Сұйылған бронх шырышы қабынған аймақтарға бүркеуші әсер көрсетіп, тітіркенуден қорғайды.
Қолданылады: бронх-өкпе қабынуларын, бронх обструкциясын (бітелуі) кешенді емдеуде.
Қақырық түсіретін дәрі топтары:
- Муколитиктер— қақырықтың деполимеризациясына әкеліп, тұтқырлығын төмендетіп, сұйыққа айналдыратын әсерлі заттар.
Муколитик дәрілер: Амброксол (Ambroxol), Бромгексин (Bromhexin), Трипсин, Ацетилцистеин (АЦЦ-Acetylcystein), карбоцистеин.
Әсері: қақырықты ыдыратып, тұтқырлығын төмендетеді, қабыну процесін азайтады.
Қолданылады: бронхитте, пневмонияда, бронхоэктатикалық ауруда, бронх демікпесінде, трахеостомамен жүрген пациенттерде байқалатын ателектазада.
- Резорбтивті әсерлі қақырық түсіретін дәрілер: калий йодид, натрий гидрокарбонат, аммоний хлорид, тасшөп (чабрец), андыз ағаш майы (анис), қараандыз (девясил), киікоты (душица). Әсері: ішекте сіңіп, бронх бездері шырышымен бөлініп, бронх секрециясын күшейтеді, қақырықты сұйылтып, шығуын жеңілдетеді.
- Рефлекторлы әсерлі қақырық түсіретін дәрілер: Термопсис шөбі, жалбызтікен (корень алтея), қызыл мия (корень солодки), өгейшөп, терпингидрат, натрий бензоат.
Әсері: асқазан рецепторларын тітіркендіріп, рефлекторлы бронх бездерінің секрециясын күшейтеді, бронх қабаттарының қозғалысын арттырады, қақырық сұйылып, шығуы жеңілдейді. Жоғары концентрацияда құстыратын әсері бар. Тамақтанудан 30 минут бұрын қабылдау керек.
Қақырық түсіретін дәрілерге қарсы көрсеткіш: өкпе туберкулезінің ашық түрі, өкпеден қан кету қаупі, асқазан ойық жарасы, орталық жүке жүйесі және жүрек қан тамырлары аурулары.
Дәрілердің сәйкессіздігі: бір бірінің белсенділігін жоятындықтан ацетилцистеинді ингаляцияға антибактериальді дәрілермен бірге қолдануға болмайды. Ацетилцистеинді антибиотиктерден (пенициллиндер, цефалоспориндер, тетрациклиндер) кейін арасына 2 сағат уақыт салып қабылдау қажет.
- Бронхолитиктер бронх бұлшық еттерін босаңсытады, бронхтарды кеңейтеді.
Бронх демікпесінде қолданылады. Бронх демікпесінде тыныс шығару қиындайды. Парасимпатикалық жүйкенің қозуынан бронх бұлшық еттері жиырылып, тарылып, бронх бездерінің секрециясы артып тұншығу болады.
Бронхолитикалық әсерлі дәрілер:
- Адреномиметиктер — Изадрин, Астмопент, Сальбутамол (Вентолин), Сальметерол (Серевент), Беротек, Адреналин гидрохлорид (Эпинефрин), Эфедрин гидрохлорид.
β2-адренорецепторларды қуаттандырғанда бронх бұлшық еттері босаңсып, бронхолитикалық әсер береді. Сальбутамол β2-адренорецепторларды қуаттандырады. Селективті емес β-адреномиметик Изадрин β1 және β2-адренорецепторларды қоздырады. Жүректегі β1-адренорецепторларға әсер беріп, тахикардия және аяқ қолдың дірілдеуі байқалады.
Эфедрин гидрохлорид адреномиметикалық симпатомиметик.
Адреналин мен Эфедрин кардиотоникалық әсері болғандықтан бронх демікпесінде сирек қолданылады. Эфедрин наркотикалық дәрі, дәріге тәуелділік туғызады.
- М-холиноблокаторлар: Метацин, Ипратропий бромид (Атровент), Тровентол, Атропин.
Бронхтардағы М-холинорецепторларды тежейді. Сондықтан мүшелерге парасимпатикалық әсер төмендеп, симпатикалық әсер артады, бронх бұлшық еттері босаңсиды. Бронх демікпесі ұстамасының алдын алуға Ипратропий бромиді жиі қолданылады.
- Миотропты спазмолитиктер (метилксантиндер): Эуфиллин (Аминофиллин), теофиллин. Бронх бұлшық еттерін, жүрек, ми, бүйрек тамырларын босаңсытады. Артериальды қан қысымын төмендетіп, кіші қан айналымы шеңберіне түсетін күшті төмендетеді, диурез артады, тромб агрегациясын төмендетеді. Адреномиметиктерді қолдану мүмкіндігі болмағанда таңдау препараты болып келеді.
Миотропты спазмолитиктердің жанама әсері: асқазан ішек мүшелерінде тітіркену, диспепсия, гипотония, тахикардия, бас ауру, бас айналу, қозулар, тырысу.
Миотропты спазмолитиктердің қарсы көрсеткіші: гипотония, аритмия, стенокардия, жіті жүрек жеткіліксздігі, эпилепсия, жоғары сезімталдық.
Эуфиллиннің әсерінен жүректің оттегіге сұранысы артады.
- Біріктірілген препараттар: Беродуал (беротек+атровент), Теофедрин (құрамында эфедрин бар), Бронхолитин (құрамында эфедрин бар).
Бронх демікпесінде қосымша қолданылатын дәрі топтары:
- Мес жасушаларының стабилизаторлары: Кромолин- натрий (Интал), Недокромил-натрий Кетотифен. Әсері: аллергияны өршітетін гистаминннің бөлінуіне кедергі жасайды, қабыну процесін төмендетеді.Бронхоспазманыңалдын алуға қолданылады.
- Глюкокортикоидты гормонды препартаттар: Преднизолон, Беклометазон дипропионат, Симбикорт (құрамы: глюкокорткоид-Будесонид+β2-адреномиметик-Формотерол), Флунизолид. Қандағы глюкокортикоидтарды арттырып, қабынуға қарсы, аллергияға қарсы, иммунодепрессивті әсер береді. Бронх бітелуінде бронхтарды кеңейтіп, ісінуді басады.
Глюкокортикоидтардың жанама әсері: иммунитеттің төмендеуі, бас айналу, көз ішілік қысымның көтерілуі, ауыз қуысының кандидозы байқалады.
- Лейкотриенді рецепторлардың блокаторлары: Зафирлукаст, Монтелукаст. Бронхоспазманы тежейді, тамыр өткізгіштігін төмендетіп, ісінуді азайтады, бронх сөлінің бөлінуін азайтады. Сүйемелдеуші дәрі ретінде ингаляциялық глюкокортикоидтармен және β-адреномиметиктермен бірге әсіресе аспиринді бронх демікпесінде қолданылады. Зафирлукаст күнделікті екі мезгіл тағайындалады. Монтелукастты күніне бір рет қабылдайды.