«Клиникалық онкологиядан дәрістер циклы»

 

Алматыдағы «Credos» баспасынан медицина ғылымдарының докторы, ҚР Сақтандыру медицина академиясының академигі, профессор Қайыржан Әбисатовтың «Клиникалық онкологиядан дәрістер циклы» (электрондық нұсқа) атты кітабы жарық көрді.
Дәрістердің электрондық нұс­қасы 27 дәрістен тұрады. Алдыңғы төрт дәрісте Қазақстан Респуб­ликасындағы онкология саласының негізгі міндеттері мен болашақта даму бағыттары қатерлі ісікке қарсы жүргізілетін жұмыстардың диспансерлік үрдістері, онкологиялық кұрылымдар мен олардың атқаратын қызметтері және онкологиялык ауруларды заманауи талаптарға сай ғылыми-тәжірибелік тұрғыда анықтау, емдеу үрдістері мен тәсілдері баяндалған. 21 дәрісте қатерлі ісіктің дененің жеке мүшелерінде, ағзаларында өрбитін түрлері және 2 дәрісті ісіктік үрдісі асқынған науқастарға жедел медициналық көмек көрсету, науқастарды сауықтыру, әдепнама қарастырылған.
Дәрістерде тақырыпқа сай оның дәлелдемесі мен мақсаты беріл­геннен кейін, әрбір дене мүшесінің кли­никалык анатомиясы мен атқа­ратын қызметтері, қатерлі ісікпен ауру­шылық­тың алыс-жақын шетелдер­дегі және Қазақстандағы көрсеткіш­тері және 2000-2010 жылдар­дағы республиканың жеке облыстарындағы ісік пен өлім-жітім аурушылық көрсеткіштерінің таралу ерекшеліктері, қатерлі ісіктің пайда болуына септігін тигізетін ішкі және сыртқы себептер, ісікті болдырмау бағытында жүргізілетін алдын алу шараларын пәрменді түрде ұйымдастыру, ракалды науқастарды уақтылы анықтап, оларды диспансерлік бақылауға алып, мезгілімен кешенді тексеруден өткізіп, тиісті ем тәсілдерін қолдану, ісіктің патологиялық анатомиясы мен гистологиялық түрлері, даму сатысының халықаралык TNM жүйесімен жіктелуі (2002), клиникалық белгілері, қатерлі ісікті басқа аурулардан ажырату, алыс және жақын шетелдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып, 2011 жылы дайындалған Қазақстан онкологтарының анықтау және емдеу протоколын күнделікті тәжірибелік жұмыстарда қолдану, қолданылған ем тәсілдеріне байланыс­ты науқастың өмір сүру мерзімдерін болжау және пайдаланылатын әдебиеттер тізімі кең түрде берілген. Дәрістердің мазмұнын толықтыратын көрнекті суреттермен безендірілген.
Дәріс ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2006 жылғы бекіткен медициналық жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік білім беру стандартына сәйкестендіріліп жазылған.
Дәріс медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне, дәрігер-интерндері мен резиденттеріне, магистрлеріне, онкологтарға, дәрігер­лер білімін жетілдіру курсанттарына, ұстаздарға, сондай-ақ жалпы емдеу шебінде жұмыс жасайтын әртүрлі маман­дықтағы дәрігерлерге арналған.

Т.ЕСЕНОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *