Жалпы рецептура

 

 

Жалпы рецептура – дәрілердің рецептіде жазылу ережелері, дайындалу, қабылдау тәсілдерін оқытатын фармакология бөлімі.

Дәрілік заттар – аурулардың алдын алу, диагностикасы, емдеу үшін, жүктілікті болғызбау үшін қолданылатын дәрілік қосылыстар.

Дәрілік препарат – белгілі бір дәрілік түрдегі (пішіндегі) дәрілік зат.

Дәрілік түр (пішін) – дәрілік заттың қолайлы қолданылуына және қажетті емдік әрі алдын алу әсеріне жетуі үшін келтірілетін белгілі бір жай-күйі.

Субстанция- (лат. Substantia- негізін қалаушы, мазмұн, мән)- дайын дәрі- дәрмектерді және дәрілік түрлерді дайындауға пайдаланылатын стандартталған биологиялық белсенді зат. (ҚР МФ 1- 540 бет)

Негізгі зат- дәрі құрамындағы белсенді әсер ететін дәрілік зат.

Қосалқы заттар — өндіру мен дайындау процесінде дәрілік түрлердің нақты қасиеттеріне қол жеткізу үшін қолданылатын заттар (су, крахмал,глюкоза, тальк, спирт, вазелин, сұйық майлар, какао майы, желатин, глицерин, ланолин, т.б.).

Кез келген дәрі белсенділік көрсететін емдік әсерлі дәрілік негізгі заттан және дәрілік қалыпқа келтіру үшін қосылатын қосалқы заттардан тұрады.

Дәрілік түрлер

  1. Қатты дәрілік түрлер: ұнтақ, таблетка, драже, гранула немесе түйіршіктер (домалақтар).
  2. Сұйық дәрілік түрлер: ерітінді, эмульсия, суспензия, шырыш, тұнба тұндырма, қайнатпа, сығынды, экстракт, микстура, шәрбәт, шырын, линимент, май, спирт, т.б.
  3. Жұмсақ дәрілік түрлер: жағылма, ембалауыз (суппозиторий), паста, крем, гель, жапсырма.
  4. Инъекцияға арналған дәрілік түрлер: ампуладағы, құтыдағы стерильді ерітінділер және құрғақ стерильді лиофильді ұнтақтар.
  5. Әртүрлі дәрілік түрлер: аэрозолдар, көз қабықшалары, пластиналар.

                                                                                                                                                            

Ұнтақтар (Pulvis)- сусымалы қасиеті бар ішке және сыртқа қолдануға арналған дәрілік түр.

Таблетка (Tabulettae)-  дәрілік зат, қосымша ұнтақтар мен басқа заттарды нығыздау арқылы алынған, мөлшерленген дәрілік түр.

Драже (Dragee)- қант гранулаларына дәрі мен қосымша заттарды қабаттау арқылы алынған дәрілік түр.

Капсула (Capsula)- арнайы қабықшаларға салынған мөлшерленген дәрі.

Жағылма (Unguentum)- консистенциясы тұтқыр сыртқа қолданылатын жұмсақ дәрі.

Ембалауыз (Suppositorium)- қуыстарға енгізуге арналған дене температурасында еритін мөлшерленген жұмсақ дәрі.

Жапсырма (Emplastra)- теріге жабысатын қасиеті бар, жұқа қабатты жұмсақ дәрі.

Пасталар (Pastae) — құрамында 25%-65% ұнтақ тәрізді заттары бар мөлшерге бөлінбеген жағылмалардың бір түрі

Ерітінді (Solutio)- дәріні еріткішпен араластыру арқылы алынатын сұйық дәрілік түр.

Шырыш (Mucilago)- жабысқақ әсерлі, тұтқыр жоғары молекулалы сұйық дәрі.

Суспензия (Suspensio)- қатты дәрілік заттардың бір сұйықтықтағы қалқымалы жағдайда болатын сұйық  дәрілік түр

Эмульсия (Emulsum)- бір- бірінде ерімейтін сұйықтықтардан тұратын дәрілік түр.

Тұнба (Infusum)- өсімдіктердің жұмсақ жер бетіндегі бөліктерінен(шөп, жапырақ, гүл )  сумен  дайындалатын сұйық дәрілік түр

Қайнатпа (Decoctum)- қатты, тығыз өсімдік (тамырлары, қабықтары, жемістері т.б) бөліктерінен сумен қайнатылып дайындалатын сұйық дәрілік түр

Тұндырма (Tinctura)- дәрілік өсімдік шикізатынан дайындалатын спиртті сұйық дәрілік түр

Линимент (Linimentum)- дәріні сұйық майлармен араластыру арқылы алынатын сұйық дәрілік түр.

Аэрозоль (Aerosolum)- дисперсті ортасы газ немесе газ қоспасы, ал дисперсті фазасы сұйықтық немесе майдаланған бөлшектер болып келетін дәрі.

Дәрілік сәйкестік. Бір дәрілік препарат құрамына кейде бірнеше дәрілер қосылып дайындалады. Осындай жағдайда  қолданылатын заттардың физикалық, физико- химиялық, химиялық сәйкестігін тексеру қажет.

Физикалық сәйкессіздік— дәрілік ингредиенттерді араластырғанда керекті дәрілік қалыптың шықпауы (заттың ерімеуі, т.б.)

Физико- химиялық сәйкессіздік: екі немесе одан да көп заттардың әрекеттесуінен сұйық немесе атылатын қоспа шығуы.

Химиялық сәйкессіздік: дәрілік заттар араласқан соң, олардың белсенділігі жойылады немесе улы заттар пайда болады.

 Сондықтан рецептіде жазылған дәрілердің бір-бірімен сәйкестігі, мөлшері тексеріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *