Беделді ғалымдар, қалың жұртшылық пен сарапшылар тарапынан 40-қа жуық әліпби жобасы ұсынылды. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдында берген есебінде айтты.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау керектігін айтқан болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасынан кейін бұл іске белсенді кірісіп кеттік. Ел болашағы айқындалар жауапты жұмысқа қоғамның барлық мүшелері белсенді атсалысты десем артық болмас. Талқылауар күні бүгінге дейін жалғасуда, — деді министр.
Ақтоты Райымқұлова беделді ғалымдар, қалың жұртшылық пен сарапшылар тарапынан 40-қа жуық әліпби жобасы ұсынылғанын айтты.
Әрбір жоба ғылыми негізделе отырып, егжей-тегжейлі зерделенді. Әр жоба авторымен әлі күнге дейін талқылау жүргізіліп жатыр. Республикалық ашық талқылаулар, ғылыми сараптамалар ұйымдастырылды. Мұндай жұмыстар бір сәтке де тоқтаған жоқ. IT саласы мамандарының пікірлерін де тыңдап, әріптердің Unicode стандарттарына сәйкестігі ескерілген пернетақта жобалары әзірленді. Бұл көп уақытта, қыруар жұмысты талап ететін күрделі процесс қарқынды жалғасып келеді, — деді Райымқұлова.
Мемлекет басшысы «қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік беретіне назар аударды». Бұл ретте біздің министрлік жүргізген жұмыстар айтарлықтай деңгейде жүзеге асқанын, әліпби ауыстыру ісінде айтарлықтай ілгерілеушілік болды. Алдағы уақыттағы жұмыстар оқыту әдістемесімен байланысты болғандықтан оны білім және ғылым министрлігінің институттары мен ғалымдарымен бірлесіп жалғастыратын боламыз. Еліміз үшін маңызы тағдыршешті науқаннан ешкім де шет қалмай, қолдарынан келген үлестерін қосады деген сенімдемін, — деді ол.