- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы орыс философиясына жалпы сипаттама.
- Л.Н.Толстойдың өмірдің мәні адамның өзін-өзі адамгершілікке тәрбиелеу ілімі.
- В.В.Соловьевтың “орыс идеясы”.
- Н.А.Бердяевтің персоналистік философиясы.
Орыс философиясы әлемдік философияда көрнекті орын алады. Оның себебі – Ресейдің адамзат тарихында алатын орны мен орыс жанының жұмбақ табиғаты болса керек.
Орыс философиясының кемелденіп, қалыптасқан уақыты ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы деуге болады. Философиялық әдебиетте ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы орыс философиясының негізгі екі бағыты атап көрсетіледі: славянофил бағыты және батысшылдар бағыты (батысшылдар бағыты). Біздің ойымызша, осы кезеңдегі орыс философиясын даму ерекшеліктеріне және мазмұнына байланысты үш бағытқа бөліп қарастырған жөн.
Славянофил бағыты өкілдері көзқарасының негізі – православие. И.В.Киреевский, К.Аксаков, В.С.Соловьев тағы да басқа көрнекті тұлғалар дін арқылы өмірді өзгертуге болады, діни өзгеріс халықтың, қоғамның өміріне керемет өзгеріс әкеледі деп сенді.
Марксизм бағытының (батысшылдар бағыты) негізгі өкілдері В.И.Ленин, Л.Д.Троцкий, Н.Бухарин, А.В.Луначарский болғанымен, орыс философтарының бәрі дерлік марксизм кезеңіне өтті. Марксизмнің ерекшелігі – философияны жұмысшы табының идеологиялық қызметшісіне айналдыруы.
Үшінші бағыт – біз сөз еткелі отырған батысшылдар немесе экзистенциалистер бағытының негізгі объектісі – адам және оның өмірінің мәні болды. Атап көрсететін бір ерекшелік – жалпы философия тарихында өмірдің мәні мәселесін талдаумен түбегейлі айналысқан орыс философтары деуге болады.