Қара топырақтар

 

Мақсаты: қара топырақтардың құрылу жағдайлары, процестері, құрылысы және қасиеттерін оқып білу

Дәріс сұрақтары:

1 Қара топырақтардың түзілу жағдайлары

2 Қара топырақтардың пайда болуы және қара топырақтар кескінінің қалыптасуы жайындағы қазіргі түсініктер

3 Қара топырақтың құрылысы

          4 Қара топырақтардың классификациясы (жіктеу)

5  Қара топырақтың қасиеттері

          6 Қара топырақтар құнарлылығын арттыру, эрозия және құрғақшылықпен күресу шаралары

 

1 Қара топырақтар солтүстік жарты шар материктері – Еуразия және Солтүстік Америкада тараған, олар жалпы 260 млн. га (құрлықтың 1,7%) жерді алып жатыр.

ТМД елдерінде қара топырақтар 191 млн. га ауданда тараған, немесе осы елдер аумағының 8,6 % қамтиды. Ресей, Украина, Молдова мемлекеттерінде қара топырақтар кең тараған.

Орманды дала және дала аймақтарында қара типті аймақтық топырақ болып қалыптасқан. Бұл топырақтар Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында кеңінен тараған, ал Павлодар, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында шамалы аудандарды алады.   

Қара топырақтар мерзімдік қонтрастығы бар климаттық жағдайларда дамиды. Олар көбінесе платформалық жазықтықта тарлаған. Қара топырақтардың топырақ түзуші тау жыныстары болып төрттік лесс тәрізділер (дақ қуысты, сарғыш қоңыр немесе жалын түсті шөгінді тау жыныстары) және карбонатты, қуысты лесты тау жыныстары саналады. Гранулометриялық құрамы көп жағдайларда құмбалшықты немесе балшықты келеді.

Қара топырақтар – бұлар дала және орманда дала аймақтарына орайластырылған шөпті қауымдастылардың топырақтары.  

Далалық шөпті қауымдастылар биологиялық айналымының негізгі ерекшеліктері мынада: 1) жылда топыраққа өніп-өсуге пайдаланған қоректік заттар құрып біткен тамырлармен толық қайтарылады; 2) бұл заттардың ең көп бөлігі топырақтың үстіңгі қабатына емес, тікелей топырақтың өзіне тамырлармен қайтарылады; 3) биологиялық айналымға қосылатын химиялық элементтер ішінде бірінші орында кремний, одан кейінгілері азот, калий, кальций.

Қара топырақтардың қалыптасуында биологиялық айналымның рөлі оның қарқындылығы, қалдықтардың тікелей топырақ ішіне түсуі және ыдырау процесінде бактериялар, актиномицеттер, омыртқасыздардың белсенді қатысуымен анықталады, үйткені қалдықтардың биохимиялық құрамы және жалпы биохимиялық жағдайы оларға оңтайлы жағдайлар туғызады.

Қара топырақтардың қалыптасуында мезофаунаның да үлкен рөлі бар, әсіресе жауын құрттарының рөлі өте маңызды.  Өсімдіктердің өлген бөліктерімен жауын құрттары топырақ бөлшектерін ала келеді және қорыту барысында копролиттер түрінде шығарып тастайтын балшықты-гумусты кешендерді құрайды.

 

  • Қара топырақтардың пайда болуы немесе түзілуі жайында үш ғылыми тұжырымдар бар: өсімдікті-жер бетіндегі, батпақтық, және теңіздік шығу тегі.

        В. В. Докучаев қара топырақтар жер бетінде аналық тау жыныстарының далалық өсімдіктер, климат және басқа да факторлар әсерінен ыдырау кезінде пайда болды деп тұжырымдады. Сонымен қатар, осындай ғылыми тұжырымды ең алғашқы М. В. Ломоносов 1763 ж. айтқаны да белгілі мәселе.

        Академик П. С. Паллас қара топырақтардың шығу тегі теңіздегі тұнбалар, қамыстардың және басқа да өсімдіктердің органикалық қалдықтарының теңіздің шегілуі кезінде ыдырауынан пайда болды деп тұжырымдаған болатын.

        Үшінші тұжырымда қара топырақтар батпақтардың бірте-бірте құрғауынан пайда болғанын анықтайды. Бұл тыжырымның авторлары Э. И. Эйхвальд, Н. Д. Борисяк. Осындай тұжырымды Ф. Ф. Вангенгейм  де қолдаған, ол қара топырақтар мұз ағындарымен келген шымтезектің ұсақталған материалдарымен өсімдіктер қалдықтарының минералдық тұнбалармен араласуы арқылы пайда болды деп тұжырымдаған.  В. В. Ковда (19,33, 1966, 1974) осы тұжырымды дамытып қара топырақтың палеогидроморфтық түзілу жайын ұсынған.

        Кейбір деректерде қара топырақтарды салыстырмалы жас топырақтар деп қарастырады, оған себеп болып радиокөміртегі арқылы жүргізген талдау материалдары, оған сүйенсек қара топырақтар мұзқайтудан кейінгі уақыттың ақырғы 10-12 мың жылдарындаа пайда болған.

        Қазіргі қара топырақтардың шығу тегі жайындағы көзқарастар қара топырақтардың өсімдікті-жер бетіндегі тұжырымын дәлелдейді (Л. М. Прасолов, В. И. Тюрин, В.Р.Вильямс, Е.А.Афанасьева, М.М.Кононова және т.б. ғалымдар). 

       

  • Қара топырақтар кескінінің құрылысы: А пах -А-В12-Вк-С

       Қара топырақтың тың жерлердегі құрылысы мынадай: Ао (дала төсеніші- киізі-степной войлок), оның астында өте жақсы дамыған А – гумус жиналу қабаты, одан төмен В1— гумусты аралық қабат, одан кейін В2— гумус тілдері қабаты, ал оның астында аналық тау жыныстары орналасқан (А0-А-В12-С).

        Гумус жиналу қабаты (А) қара-сұр немесе қара түсті, дәнше, дәнше-кесекті құрылымды болады, қалыңдығы 25-30см-ге дейін жетеді. В12 қабаттарының қалыңдығы 50-70 см-ге дейін болады. Гумусты-аралық қабатының түсі біркелкі емес, жалпы қара-сұр түсті қабатта күрең түсті дақтар кездеседі. Гумусты тілдері (В2)үстінен төменге қарай бағытталған күңгірт түсті гумусты тілдері және ашық түсті ұшы жоғарыға қарай бағытталған тау жынысының сынашаларынан құрылған. Қара топырақтардың жалпы қалыңдығы 100-150сге жетеді.

  

       4  Қара топырақты жеке тип ретінде қарастырып оның классикациясын құруды қолға алған В.В.Докучаев (1896) болды. Одан кейін қара топырақтарды типшелерге бөлу жұмыстарын Н.М.Сибирцев (1899, 1901) жалғастырды. Қара топырақ классификациясын құруға С.И.Коржинский, Л.И. Прасолов, Н.Н. Розов, Е.Н. Иванова және т.б. ғалымдар қатысты. Ұзақ жолдар бойы қара топырақты зерттеген мәліметтерді жинақтап талдап қорытындай келе топырақтың ТМД мемлекеттерінде қазіргі қолданып жүрген классификациясы жасалды. Осы классификация бойынша қара топырақтардың 5 типшелерін бөледі: күлгінденген, сілтісізденген, нағыз, кәдімгі, оңтүстік, ал тегі бойынша кәдімгідей, карбонатты, терең сілтісізденген, әлсіз дамыған, жетілмеген, кебірленген және б.

        Тегі бойынша кәдімгідей, карбонатты, кебірленген, жетілмеген, әлсіз дамыған, тереңге сілтісізденген және т. б. бөлінеді.   

Түрлерін гумус мөлшері, гумус қабатының қалыңдығы (А+В1), ілесетін процестердің даму дәрежесіне қарай (әлсіз, орташа және с. с.) бөледі.

Түршелері – гранулометриялық (механикалық) құрамы бойынша (орташа-, ауыр құмбалшықты, балшықты және оның түршелері).

 

        5 Қара топырақтарда минералдардың ұсақ фракцияларының бұзылу, өзгеру және орнын ауыстыру процестері нашар дамыған.

Олар гумуске ең бай топырақтар қатарына жатады (максималды мөлшері 10-12 %). Гумус құрамында гуминді құшқыл басым болады. Сонымен қатар микробтармен ыдырауға төзімді, сондықтан оны жиналуға мүмкіндік жасайды.

Қара топырақтардың катиондармен алмасу сиымдылығы жоғары келеді (35-70 мг-экв/100 г топырақта).

Топырақ ерітіндісінің реакциясы бейтарапқа жақын болады.

Қара топырақтардың су-физикалық қасиеттері ерекше жақсы келеді.

 

6 Жер шарында қара топырақтар ең көп игерілгін топырақтар болып саналады, оларды көбінесе астықты дақылдарды өсіріп өндіруге пайдаланады.

Қара топырақтар жоғары потенциалды құнарлылықпен қамтамасыз етілген, бірақ олардың тиімдылығы жылу- және ылғалмен қамтамасыз етілуіне, топырақтың биологиялық белсенділігіне байланысты болады.

Сонымен қатар қара топырақтар құрғақшылыққа шалдығады, сондықтан олардың су режимін жақсарту үшін көптеген агротехникалық шаралар кешенін қолдану керек.

Қара топырақты тиімді пайдаланудың маңызды шаралар қатарына жататындар: су және жел эрозиясын болдырмау, дұрыс ауыспалы егістерді игеру, ылғалды жинау және ұтымды пайдалану шаралары.

   

 

Әдебиет:

1  Почвоведение. Типы почв, их география и использование. Под ред. В.А. Ковды, Б.Г. Розанова. – М.: В. школа, 1988. — с.118-138.

       2  В.Д. Муха. Агропочвоведение. – М.: КолосС, 2003. – с.227-287.

       3 Почвоведение с основами геологии. Под ред. В.П.Ковриго. – М.: КолосС, 2008, — с. 291-311.

        4 Топырақтар географиясы. Жалпы редакциясын басқараған Т.Т.Тазабеков. – Алматы, Агроуниверситет, 54-7 ; 160-172 б.

        5 Блисов Т.М.,0 Наумов Н.С. Топырақтар экологиясы, Қостанай: А.Байтурсынов атындағы ҚМУ, 2008. – 55-59 б.

        6 Тазабеков Т., Тазабекова Е. Орысша-қазақша топырақтану түсіндірме сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1994. – 200б.

Бақылау сұрақтары:

1 Қара топырақтар қандай аймақтарда таралған?

2 Қара топырақтарда қандай топырақ тізілу процестері жүреді?

3 Қара топырақтар қандай типшелерге, тектерге, түрлерге және түршелерге бөлінеді?

4 Қара топырақтардың негізгі қасиеттерін атаңыз?

5 Ауыл шаруашылығында қара топырақтар қалай пайдалынады?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *