Дәріс мақсаты- еңбек ресурстарын, кәсіпорынның кадр саясатын қарастыру
Дәріс сұрақтары:
- Кәсіпорынның еңбек ресурстары және оның сандық, сапалық көрсеткіштері
- Кәсіпорын кадрлар қозғалысы және оның көрсеткіштері.
- Кәсіпорынның еңбек ресурстарына қажеттігін анықтау.
- Еңбек өнімділігі және оны арттырудың факторлары
- Еңбек ресурстарын басқару
- Еңбекті мөлшерлеудің мәні
- Кәсіпорынның еңбек ресурстары және оның сандық, сапалық көрсеткіштері
Кәсіпорынның кадрлары немесе еңбек ресурстары сол кәсіпорында жұмыспен қамтылған және оның тізім құрамына кіретін әртүрлі кәсіптік- біліктілік топтарындағы жұмыскерлер жиынтығы. Тізім құрамына жұмысқа алынған, негізгі және негізгі емес жұмыспен айналысатын барлық жұмыскерлер кіреді.
Кәсіпорын кадрлар құрамының сандық, сапалық құрамдық сипаттары бар.
Еңбек ресурстарының сандық сипаттары мынандай көрсеткіштермен көрінеді.
Кәсіпорын жұмыскерлерінің тізім саны — белгілі бір күнде негізгі және уақытша тізім құрамындағы жұмыскерлердің саны.
Келгендер саны — жұмысқа шыққан жұмыскерлер саны. Жұмысқа келгендер мен тізім құрамының арасындағы айырма бір күндік жұмысқа шықпағандар санын білдіреді.
Белгілі бір кезеңде жұмыскерлердің санын анықтау үшін орташа тізім саны көрсеткіші қолданылады. Бір айдағы жұмыскерлердің орташа тізім саны айдың әрбір календарлық күніндегі (мереке және демалыс күндері кіреді) жұмыскерлердің тізім құрамын қосып, айдың календарлық күндерінің санына бөлу арқылы табылады.
Орташа тізім санын дұрыс анықтау үшін жұмысқа алу жөніндегі бұйрық, басқа жұмыстарға ауыстыру, еңбек келісімін доғару туралы (жарлық) есепке алып, жұмыскерлердің тізім құрамының күнсайынғы есебін жүргізу қажет.
Кәсіпорынның еңбек ресурстарының сандық көрсеткіштерінің бірі — еңбек ресурстарының қоры (Қер) (адам-күн немесе адам-сағат) мына формуламен анықталады:
Қер=Ротх Тор (6.1)
Рот— жұмыскерлердің орташа тізім саны
Тор -жұмыс кезеңінің орташа ұзақтығы (күн,сағат)
Сандық құрамы, біліктілік деңгейі бойынша кәсіпорын ұжымы тұрақты шама емес, ол әрдайым өзгереді: бір қызметкерлер жұмыстан босатылса, екінші біреулері жұмысқа алынады.
Жұмыскерлердің орташа тізім саны мына формула бойынша анықталады:
Рор=1/2Р1+Р2 +…+Р11+1/2Р12/12, (6.2)
ондағы Р1,Р2, Р3,…Р11 , Р12 айлар бойынша жұмыскерлер саны.
Еңбек ресурстарының сапалық сипаты кәсіпорын жұмыскерлерінің жеке категориялары мен топтарының құрамымен және сандық қатынастарымен анықталады.
Өндірістік кәсіпорындарда жұмыскерлердің атқаратын қызметіне қарай бірнеше категориялар мен топтарға бөлінеді.
Кәсіпорынның балансында тұрған сауда мен қоғамдық, тамақ, медициналық және сауықтыру мекемелерінің, балалар бақшасының жұмыскерлері кәсіпорынның өнеркәсіптік еместік персоналына жатады.
Кәсіпорында тікелей өнімді өндірумен айналысатын жұмыскерлер өнеркәсіптік -өндірістік персоналға жатады.
Оған барлық кәсіпорынға негізгі, көмекші, қосалқы, қызмет көрсететін цехтардың; ғылыми-зерттеу, конструкторлық, технологиялық ұйымдар мен лабораториялардың, заводты басқаратын барлық бөлімдер мен қызметтер, жабдықтардың, транспорт құралдары күрделі және ағымдағы жөнделуін қамтамасыз ететін қызмет бөлімдерінің жұмыскерлері жатады.
Өнеркәсіптік-өндірістік персонал екіге бөлінеді: жұмысшылар және қызметкерлер.
Жұмысшыларға тікелей өнім өндіретін, негізгі құралдарды жөндейтін, жүк тиейтін, таситын материалдық қызмет көрсететін және т.б. жұмыскерлер жатады. Олар негізгі және көмекші жұмысшылар болып бөлінеді.
Қызметкерлер тобына басшылар, мамандар және қызметкерлер жатады.
Басшыларға — кәсіпорын басшысы, оның бөлімшелерінің басшылары, олардың орынбасарлары, бас мамандар (бас бухгалтер, бас инженер, бас механик, бас эконом, бас технолог және т.б.)
Қызметкерлерге құжатты дайындаумен оны, есепке алып, бақылайтын, іс қағазын жүргізетін (агент, кассир, контролер, есепшілер, конструкторлар және т.б.) жұмыскерлер жатады.
Еңбек қызметтерінің сипатына қарай кәсіпорын кадрлары кәсібіне және мамандығына қарай бөлінеді. Мысалы: экономист кәсібі бойынша жоспарлаушы, маркетолог, финансист, менеджер, бухгалтер т.б. бөлінеді.
Кәсіптік -біліктілік құрылым штат кестесінде көрсетіледі.
Адам факторының кәсіпорын жұмысының тиімділігін жоғарылатуға әсер етуінің негізгі жақтары:
-кадрларды таңдау және олардың қозғалысы;
-кадрларды дайындау және оларды үздіксіз оқыту;
-жұмыскерлер құрамының тұрақтылығы және икемділігі;
-жұмыскерлер еңбегін материалдық және моральдық бағалауды жетілдіру.
Жұмыскерлерді таңдау мен олардың қозғалысының екі белгісі бар:
1) жоғары кәсіби біліктілік және оқып үйренуге қабілетінің болуы;
2) қарым-қатынас тәжірибесі мен бірігіп қызмет етуге дайын болу.
Кәсіпорын жұмыскерлерін оқытуға кеткен қаражатты шығын деп қарамау керек, тұрақты жетілдірудің, жұмыс күнін икемді пайдаланудың, өндірістік емес шығындарды азайтудың бірден-бір құралы деп қарау керек.
Жұмыспен қамтудың кепілі, кадрлардың кетуінің азаюы экономикалық әсерді қамтамасыз етеді және жұмыскердің өз ісін тиімді жасауына, оның жұмыстан шығып қаламын деген оймен алаңдамауына жағдай жасайды. Қазіргі кезде еңбек өнімділігін және тиімділігін арттыру үшін еңбек ақы төлеу жүйесін жақсарту қажет.