ТІЛ – РУХАНИ ҚАЗЫНА

 

Білім-ғылымның алға ілгерілеуі  мен тұрақты қызмет етуін қамтамасыз ету, қоғам мен мемлекеттің даму шарттары көптеген елдерде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылып келеді. Қазіргі ақпараттық жаһандану дәуірінде білімді буын қалыптастыру әр маманның міндеті. Сонымен қатар, ұлттың тілін, төл мәдениетін, әдебиетін білу, оның мәртебесіне құндылық ретінде қарау да алға қойған мақсаттарымыздың басым бағыты болуы қажет деп санаймын. Президентіміздің өзі «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс» деген болатын.  Қазақ әдебиеті, тілі – ұлттың рухани күре тамыры деуге болады. Сондықтан, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту үшін мемлекет тарапынан да, кәсіби мамандар тарапынан да жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс.

Осы орайда Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» Заңында барлық білім беру ұйымдарының білім алушылары мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуі атап көрсетілген. Дегенмен, ана тіліміздің заңдық күші де және атқарылған жұмыстар нәтижелері де оның қарыштап дамуына толық әсер ете алмай келе жатқаны айқын. Мен мақаламда осы мәселелердің шешімдеріне тоқталуды жөн санадым.

Білім беруде жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін алған білімді практика да пайдалана білу өте қажет. Және ұстаздардың сабақ беруде оқытудың инновациялық әдістерін, қазіргі заманғы білім беру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайлануы нәтижелілікке апарады деп сенемін. Егер біз қазақ тілінің дамуына үлкен талап қойсақ, онда қазақ әдебиеті  және қазақ тілі пәнінің оқытушысына да тұлғалық міндеттер жүктелетінін ескеруіміз керек.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Бұл тұрғыда мұғалімге теориялық білімін ғана емес, тәжірибеде де шығармашыл ұстаз екенін дәлелдеуге басымдық берілуі керек. Яғни, тілді студент жақсы меңгеруі үшін шәкірт пен ұстаз арасында шығармашылық байланыс болуы қажет. «Интерактивті» терминінің өзі  «бірлесе жұмыыс істеу» дегенді білдіреді. («interact»: «inter»- өзара, «act»-әрекет ету) Сондықтан ұстаз нәтижелігі бұрынғы қасаң түсініктерді жойып, шәкіртпен бірлесе жұмыс істеу арқылы ғана  қол жеткізуге болатынын көрсетеді.

Білім саласындағы реформалар студент жастардың өздерін тұлға сезініп, толыққанды қалыптасуына жағдай жасап келеді. Осы орайда орыс тілінде білім алатын студенттердің өздерін толыққанды Қазақстан азаматы ретінде сезініп, елдің рухани ісіне белсене араласуы басты мақсат ретінде қаралатын мәселелердің бірі. Ал қазақ тілі пәнінің алдына қойылатын басты мақсаты – студенттердің оқу стандартына сәйкес орта білімге негізделген грамматиканы меңгеріп, белгілі бір дәрежеде қазақша сөйлеп, өз ойын екінші адамға жеткізе алатындай және өзге адамның ойын түсіне алатындай деңгейге жеткізу.

Қазақ тілін оқытуда тіл туралы білім берумен бірге студентті тілдік қарым-қатынасқа даярлау міндеті қойылады. Ол шәкірттің  тілін дамыта оқыту, сөздік қорын молайту, сөз, сөйлем, мәтіннің мағынасы мен ұғымы, ойы және мазмұны арқылы оқушылардың ойында ұлттық танымды қалыптастыру жұмыстары. Интерактивті оқыту әдісінің өзі мұғалім мен студенттің арасындағы өзара байланыс дейтін болсақ, ол әрекеттер пікір алмасу, талқылау, сұрақ-жауап тағы басқа да тапсырмалар мен жаттығулар арқылы іске асатыны белгілі. Мұғалім бұл тапсырмалар түрін өзінің шығармашылық қабілетіне сәйкес түрлендіріп қолдануына болады. Сонымен, қазақ тілі сабағында оқыту, жазу, оқу грамматикасы, тіл дамыту, сөздік қорын молайту сияқты мәселелер бір-бірімен байланыста жүргізіледі. Студенттің танымын, ойын, тілін дамытып қатысымдық әрекетін жүйелі де нәтижелі жүргізу үшін алдымен сөз бен ойдың мағынасын меңгерту және сөздерді бір-бірімен байланыстырып сөйлем құрастыруға төселдіру қажет. Соның негізінде студент шәкіртітң ауызша және жазбаша сөйлеу әрекеті, икемділіктері мен дағдылары қалыптасып, нәтижесінде сөздік қоры дамып, өз ойын белгілі жағдайда жеткізуіне мүмкіндік туады. Қорыта келгенде, студенттердің қатысымдық әрекет арқылы қазақша сөздік қорын молайтып, сөйлеуге, сауатты жазуға дағдыландыру лингвистикалық білім негізінде жүргізіледі.

Қазіргі заманғы педагогика оқушы, студенттің өз-өзін дамытуына, ізденуіне бағытталған. Оқу процесінің нәтижелігі де студенттің қызығушылығына байланысты екені жасырын емес. Осы орайда педагогикада ғы оқыту әдістерінің пассивті, активті және интерактивті топтарынан мұғалімдер үшіншісін, яғни, бірлесе оқуға көшкенін атап айтқан жөн. Бірақ, орыс тілінде білім алатын шәкірттердің пассивтілігі оларды тек нұсқаумен оқытуға да мәжбүр ететіндігін атап айтқан жөн.

Білім жүйесі арқылы ұлттың интеллектуалды әлеуеті дамитыны сөзсіз.  Бүгінгі таңда білім қоғамның бүгінін және ертеңін анықтап, оның азаматтарының әлемдегі бәсекелестікке қабілеттілін айқындайтын басты фактор.  Сондықтан ұлттың бәсекеге қабілеттілігін көрсетудің басты мақсаты білім берудің деңгейін көтеру, ұлттық білім жүйесін одан әрі тереңдетіп жетілдіру, оны әлемдік стандарттар мен қазіргі заманғы әлемдік талаптарға сәйкестендіру және бейімдеу өзектілігі мәселелердің бірі болып табылады. Осыған орай, басқа дамыған елдер сияқты біз де білімнің жаһандану бәсекелестігінің жаңа талаптарына жауап бере алатын жүйесін одан әрі тереңдетіп, жетілдіріп келеді. Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Сол кезде  қазақ тілін өзге тілді ұлттарға оқыту тиімділігі артады.

 

  1. Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі. –Алматы «Ана тілі». -1996.
  2. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1992. — 448 б.
  3. Нарқұлова Б.А. Қазақ тілі сабағында дидактикалық ойындарды қолдану әдістемесі (5 сынып материалдары бойынша) дисс. авторефераты. –Алматы, 2006.
  4. Оразбаева Ф.Ш. Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. –Алматы: Print-S, 2005.
  5. Күзекова З.С. Екінші тіл ретінде қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздері. – Алматы. ТОО»Издательство LEM». – 2005.

 

Дюсебекова Гульден Талгатовна

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *