Қазақ – Жоңғар қатынастар

 

Дәрістің мазмұны:

  1. Жоңғар хандығының құрылуы. «Ақтабан шұбырынды».
  2. Қазақ жасақтарының айбынды жеңістері.

 

  1. Жоңғар хандығының құрылуы. «Ақтабан шұбырынды».

Жоңғар хандығы (1635-1758) – Жоңғарияда XVII ғасырдың 30 жылдары қалыптасып, 1758 жылға дейiн өмiр сүрген феодалдық мемлекет. Шыңғысханның феодал империясы тұсында ойраттар империя әскерiнiң сол қанатына жатты (Зюнғар) – осыдан Жоңғария, жоңғарлар атауы шыққан). XV ғасырдың аяғында қалыптасқан жағдай ойрат феодалдарының күшiн бiрiктiрдi, бытырыңқылығын жоюды, олардың iшкi және сыртқы мүдделерiн қорғай алатын бiртұтас феодалдық күштi мемлекет құруды қажет еттi. Осындай жағдайда Шорас князьдығының билеушiсi Хара-Хула ойраттардың иелiктерiн бiрiктiруге күш салды. Оның бұл әрекетi баласы Батыр қонтайшы билiк құрған кездiң (1635-1660) бiртұтас Жоңғар мемлекетiн құрумен аяқталады. Ол билiк жүргiзген тұста феодалдық тәртiп нығайды. Жоңғар хандығы Ресеймен бейбiт сауда жүргiзгенiмен, оның нығайып күшеюi Жоңғар хандығының кейбiр мемлекеттермен бәсекелесуiне әкеп соқтырды. Патшалық Ресейдiң, Циньдiк Қытайдың эскпансионизмi Жоңғар хандығын Қазақ хандықтарымен күрес жүргiзуiне итермеледi, сонымен бiрге Қазақстанның оңтүстiгiндегi сауда-қолөнер орталықтары жоңғар қонтайшыларының назарын аудармай қойған жоқ. Қазақ феодалдары мен жоңғар феодалдары арасындағы күрес әсiресе XVIII ғасырдың басында күшейе түстi. Сөйтiп XVIII ғасырдың 1710-1711 жылы жоңғар әскерлерi Қазақ хандығының жерiне басып кiрдi. Қазақ жасақшылары басқыншыларға күштi тойтарыс бердi. Жоңғар әскерлерi 1713 жылы тағы да шабуылға шықты, бiрақ олар қазақ жерiнен қуылып тасталды. 1723 жылы жасалған Жоңғар-Қытай бiтiмi шарты жоңғарларды қазақтарға қарсы агрессия жасауға айдап салды. Агрессия 1723 жылы басталды да, қазақ халқына бұрын-соңды болмаған қайғы-қасiрет әкелдi.

            Қазақ хандығына ең күшті қауіп төндірген жоңғардың феодалдық хандығы еді. Қазақ және Жоңғар билеушілері арасындағы күрес жүз жылдан астам уақытқа созылды. Оның негізі жайылымдар үшін талас болатын. Ондай шайқастардың бірі Орбұлақ ұрысында қазақтар жеңіске жетеді. Бірақ жоңғарлар қазақ жерін басып алу жоспарынан бас тартқан жоқ еді. Қазақ хандығының саяси бытыраңқылығын пайдаланған және алдағы соғысқа мұқият әзірленген жоңғар билеушілері 1723 жылы әскерлерін қазақ жеріне қаптатты. Нақ осы жылы қазақтың ауызекі аңыздарында «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» деп аталатын сұрапыл алапаттың басталған кезі деп есте қалған Жоңғар басқыншылығының тегеурінінен Ұлы және Орта жүздің кейбір рулары Сырдариядан өтіп, Ходжентке қарай ауа көшеді. Орта жүздің көпшілігі Самарқандқа қарай кетті, ал Кіші жүздің рулары Сауранды айналып өтіп, Хиуа мен Бұқарға беттеді.

  1. Қазақ жасақтарының айбынды жеңістері.

            1726 жылы Ордабасы деген жерде Қазақ жүздері басшыларының тарихи жиналысы болды. Онда қазақтардың біртұтас жасақтарын ұйымдастыру жөнінде маңызы зор шешім қабылданды. Хандар мен билердің бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша барлық қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болып, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр сайланды. Қазақтардың жоңғарға қарсы бірлескен күресі 1726 жылы Торғай даласының оңтүстік-шығыс жағындағы Бұланты өзенінің маңындағы «Қалмақ қырылған» шайқасындағы жеңісі болды.

Бұл жеңістің маңызы зор, ол халықтың еңсесін көтеріп, болашақ күреске жігерлендірді.

            Тарихи маңызы: қазақ халқының әскери, моральдық рухы көтерілді. Үш жүзді біріктіргенде жоңғар қаупінен құтылуға болатындығына сенім күшейді. Қазақ өлкесінің оңтүстік-батысы азат етілді.

Елдің тәуелсіздігін қалпына келтіру мақсатына ұмтылыс басталды. 1726 жыл – Ордабасы жиыны. Үш жүздің жасақтары жиналып, жауға соққы беру жөнінде келісімге келді. Нәтижесі: Әбілхайыр бас қолбасшы болып сайланды. Жетісуды азат етуге аттануға осы жер жақын болды. Алатау, Қаратау сілемдерімен қоршалып, шығысы ашық дала болатын бұл жер қазақ жасақтарын шоғырландыруға мүмкіндік берді. Қазақ жасақтары жүздік негізде орналыстырылды. 1729 жылғы көктем – Аңырақай шайқасы (Балқаш көлінің оңтістігі) Әбілхайыр басшылығымен үш жүздің әскері қалмақтарға күйрете соққы берді. Бұл ұрысқа Әбілмәмбет пен Барақ сұлтандар да жеке жсақтарды басқарып қатысты.

Жоңғарлар Іле өзенін бойлап, еліне қарай шегінде. Кіші жүз бен Орта жүз жерлерінің көп бөлігі азат етілді. Қазақ жерін түгелдей азат етуге мүмкіндік туды. Үш жүздің бірігуінің маңыздылығын көрсетті.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Жоңғар хандығының құрылуы және олардың қазақ жеріне басып кіруі.
  2. «Ақтабан шұбырынды», Қазақ жасақтарының құрылуы, олардың азаттық күресі.
  3. Жоңғар хандығының күйреуі.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

  1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 281-292 б.б.
  2. «Қазақ тарихы» жур. 1997ж. №5, 11-14 б.б.
  3. «Қазақстан тарихы» очерктер А; 1994ж. 162-163 б.б.
  4. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003ж. 114-121 б.б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *