Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында

 

Дәрістің мазмұны:

1.КСРО-ға фашистердiң шабуылының басталуы.

2.Қазақстандық – Кеңес Одағының батырлары.

 

1.КСРО-ға фашистердiң шабуылының басталуы.

1940 жылғы 18 желтоқсан – фашистік Германия басшылығы «Барбаросса» соғыс жоспарын жасады. Мақсаты: КСРО-ға қарсы соғыс ашу; «Қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде аяқтау. Бұл соғыс жоспары бойынша фашистер КСРО-ны: сансыз көп ұлттың жасанды және тұрақсыз бірлестігі; ішкі бірліктен жұрдай этникалық конгломерат ретінде қарастырды. КСРО территориясын, бірнеше рейхкоммисариатқа бөлуді көздеді.

Фашистік Германияның қуыршық мемлекет құрудағы көзеген экономикалық және саяси мақсаттары: Ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және азық-түлік базасын жасау; Кеңес елін отарға айналдырып, халықтарын құлдыққа түсіру. 1941 жыл 22 маусым – фашистік Германия КСРО-ға тұтқиылдан соғыс ашты. Ұлы Отан соғысы басталды.     

1941 жылғы 22 маусымда гитлершiл Германия мен КСРО арасындағы сұрапыл соғыс басталды. Бұл Кеңес Одағы үшiн бұрын-соңды бастан кешкен барлық соғыстардың iшiндегi ең ауыры болды.

Ұлы Отан соғысының даңқты тарихының беттерiне жазылған қазақстандықтардың ерлiгi аз болған жоқ. Елiмiздiң басқа да халықтарының ұл-қыздарымен қатар бiздiң республиканың жастары да жаумен Балтық теңiзiнен Қара теңiзге дейiнгi майдан шептерiнде ерлiкпен шайқасты. Қазақстандықтар соғыстың алғашқы күндерiнен бастап басқыншылармен кескiлескен ұрыс жүргiздi. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, Ш. Шолтыров, К. Иманқұлов, Е.А. Качан т.б. жаумен жан аямай шайқасып, ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Жау тылында қалған көптеген жауынгерлер партизан қозғалысына қатысты. Олардың арасында Жұмағали Саин, Қасым Қайсенов, Әди Шәрiпов, сол сияқты басқа да жерлестерiмiз аз болған жоқ.

Ұлы Отан соғысы барысында Сталинград шайқасы бетбұрыс кезең болды. Бұл сұрапыл шайқасқа қатысқан құрамалардың арасында Қазақстанда жасақталған 38-атқыштар дивизиясы болды. Ол әр кезде 62-армия (қолбасшысы В.И. Чуйков), 57-армия (қолбасшысы М.С. Шумилов) құрамында болды.

2.Қазақстандық – Кеңес Одағының батырлары.

        Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерлiктерi үшiн мыңдаған қазақстандықтар Кеңес Одағының орден, медальдарымен наградталды. 500-ге жуық қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi. Олардың 99-ы қазақ. Солардың қатарында Кеңестiк Шығыстың қос қарлығашы, қаһарман қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова болды. Кеңес одағының Батыры атағы қазақстандық ұшқыштар Т. Бигелдинов, Л.И. Беда, И.Ф. Павлов, С.Д. Луганскийге екi реттен берiлдi.

Ұлы Отан соғысы жеңiспен аяқталғаннан кейiн Қазақстан еңбекшiлерi бейбiт құрылысқа оралды. Экономиканы бейбiтшiлiк жағдайға бейiмдеп, қайта құру еңбекшiлердiң қоғамдық-саяси белсендiлiгi жағдайында жүргiзiлдi. 1945 жылғы қазанда Алматыда республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғарғы Кеңесiнiң мерекелiк сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу мен Ленинградтың делегациялары, өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығының озаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлерi қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам ордендермен және медальдармен наградталды.

Жалпыға бiрдей жетiжылдық бiлiм беру туралы Заң одан әрi жүзеге асырылды. Сөйтiп 1952 жылдың аяғында Қазақстанда жалпы бiлiм беретiн 19 мыңдай мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орны болды, бұлада 1,5 млн адам оқыды. Дегенмен мектептердiң ескiрген, тозған үйлерiн жөндеуге халықтың, село мен қала еңбекшiлерiнiң тарапынан үлкен көмек көрсетiлдi. Сонымен бiрге олар клуб, кiтапханаларға да жәрдемдестi. Кiтап қорларын толықтыру үшiн кiтап, радиоқабылдағыш т.б. мәдени құралдарды жинап бердi.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Германияның КСРО-ға шабуылы.
  2. Фашистік Германияның көздеген экономикалық және саяси мақсаттары.
  3. Қазақстандық – Кеңес Одағының батырлары.

 Пайдаланылатын әдебиеттер:

  1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 77-117 б.б.
  2. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 252-259 б.б.

3. «Қазақ тарихы» жур. 1997 ж. №2 5-22 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *