Дәрістің мазмұны:
- Патшалы Ресейдің қазақ жеріне жүргізген отаршылдық саясаты.
- Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс (1837-1847 ж.ж.)
- Патша әкімшілігінің қойылған талаптары.
- Патшалы Ресейдің қазақ жеріне жүргізген отаршылдық саясаты.
Қазақтар Ресейге қосылуды уақытша құбылыс, ең алдымен ел қауіпсіздігі үшін қажет деп білді. Империя құрамынан шығып, онан кез-келген уақытта бас тартуға, басқа жаққа көшіп кетуге болатын құбылыс ретінде қарады. Ресей жағы тікелей тұқыртып ұстау саясатын ұстанды. Келіссөзге қол қойғандар Тевкелев пен Рычков Кіші және Орта жүздегі жағдай жөнінде сыртқы істер министрлігі коллегиясына жолдауында «Бір-біріне айдап салу арқылы өзара қырқыстыру керек» деп көрсетті. 1748 жылы 5 қазанда император ханзада Елизавета Петровнаға жолдауында Кіші және Орта жүздің ру басылары Сұлтан Нұралыны хан етіп бекітуді (мойындау емес) өтінді. Нұралы болса өз халқының алдындағы міндетін атқаруда осалдығын аңғартып, бодан болуға, Ресей әскерін кіргізуге әзір екенін хабарлады. Соның салдарынан патша өкіметінің баса көктеп билік жүргізуге қолы жетті.
Орал, Орынбор казактары әр түрлі сылтаулармен ауылдарды шабады. Оны ұйымдастырушы Орынбор соғыс губернаторы И.И. Неплюев еді. Оның қолдауымен қанішер казактар Орал тауы сілемдеріндегі қазақ ауылдарының жайлауларын біртіндеп басып ала берді. Бұны болдырмау орнына Нұралы хан казак-орыс әскерлерін қолдап кетеді. Тіптен өзіне бағынбайтындардан өш алу үшін Орынбордан жазалаушы топ жіберуін өтініп хат жазады. Кешікпей Харитонов бастаған казак тобы 800 баскесер бащқұртты қосып алып, Тама руы ауылдарына сау ете түседі. Тас бекіністі қорған еткен қазақтар біршама қарсылық көретеді. Бірақ құрамы, қаруы күшті казак әскерлеріне төтеп беру қиынға түседі. Жазалаушылар көп мал, дүние-мүлікті олжалап, 56 азаматты айдап, жер аударып қазына жұмысына береді де, әйел, бала-шағаларын Сейіт татар слободасындағы жұмысқа жегеді. Бұндай шабуыл, талан-тараждар туралы өкімет орындарына талай рет шағым жасалса да, патша әкімшілігі ешбір тиым салмайды. Бұл қазақтардың шыдамын шектен шығарды, оның соңы патша әскерімен ашық соғысқа шығуға алып келді.
- Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс (1837-1847 ж.ж.)
Көтерілістің алғы шарттары: ХІХ ғасырдың 20-жылдары Ұлы жүздің бір бөлігі мен Кіші жүздің оңтүстігі Қоқан билігінде болып, қазақтардан салық жинады. ХІХ ғасырдың 20-30-шы жылдары Хиуа хандығы Шекті, Төртқара, Табын, Байұлына қысым көрсетіп, Сыр өзенінің төменгі ағысында бекіністер тұрғызды, сауда керуендерін тонады. 1822 жылғы Жарғы бойынша жаңа округтерді ұйымдастыру қазақтардың шаруашылығын құлдыратты.
Отаршылдыққа қарсы күресті (Ресей, Қоқан хандығына қарсы) Абылай ханның немелерінің бірі сұлтан Саржан Қасымұлы (Кенесарының ағасы) басқарды. Кенесары 1824 жылдан бастап ағасы Саржанның көтерілісіне қатысты. 1836 жылы Саржанды Қоқан ханы өлтірді, 1840 жылы әкесі, бауырлары қайтыс болды.
Патша үкіметінің Жаңа Елек бойына әскери шеп сала бастауы, Кіші жүзде би Жоламан Тіленшіұлы көтерілісінің басталуына себеп болды.
ХІХ ғасырдың 30-40-шы жылдарын қамтыған ең ірі халықтық сипаты бар көтеріліс басшысы – Абылай ханның немересі, Қасым төренің баласы, сұлтан Кенесары (1802-1847 ж.ж.)
Көтерілістің мақсаты: қазақ елінің патшалы Ресейдің құрамына қосылып үлгермеген өңірлерінің дербестігін сақтау, қазақ жерлерін бекіністер мен округтік билеу арқылы отарлауды тоқтату, қоқандықтардың тепксіндегі қазақтарды азат ету.
1847 жыл – Майтөбе түбіндегі шайқаста (Кекілік сеңгір деген жер, Бішекетің маңы) Кенесары 32 сұлтанмен бірге қаза тапты. Жеңілу себептері: қазақ халқының рулық-патриархалдық жіктелуі, Ресей билеушілерінен жеңілдіктер алған ақсүйектердің бір бөлігінің орталықтанған феодалдық мемлекет құруға мүдделі болмауы, руаралық қайшылықтар, Кенесарының өзін қолдамаған ауылдарға озбырлық көрсетуі, Бұхар, Қоқан феодалдарымен соғысып, күшін сарқыған Кенесары тобының Ресейге қарсы біріге алмауы.
- Патша әкімшілігінің қойылған талаптары.
Кенесарыға басқа елдермен дипломатиялық байланыс жасауына тыйым салу. Көтеріліске қатысқан қазақ руларына үкімет межелеген жерлерде ғана көшіп-қонуға рұқсат ету. Кенесарының Орынбор казактарының иелігін Ресей империясының бір бөлігі ретінде мойындаған жағдайда ғана көтерілісшілерге кешірім беру. Екі ай бой Кенесары ауылында болған елшілер талаптарын орындата алмай Орынборға қайта оралды.
Кенесары Ресейдің билігін мойындауы үшін өзінің талаптарын қойды: қазақ жеріндегі барлық патша бекіністерін жою. Жазалаушы топтардың озбырлығына тыйым салу. Салық жинауды тоқтату.
Екі жақ бір-біріне талаптарын мойындата алмағандықтан, келіссөздер тоқтатылды. 1845 жылдың жазында патша үкіметі қазақ жерін бекіністер арқылы отарлауды жалғастырды (Ырғыз, Торғай өзендері бойында салынды). Кенесары жағдайды шешу үшін халықтық кеңес өткізді. Қаралған мәселе: көрші мемлекеттерден, Қытайдан көмек сұрау. Сарыарқадан оңтүстікке қарай көшу.
Жайылым жерлерінен айырылған, бейбіт өмір мен тұрақты мекен іздеген, салықтан бас көтере алмаған қазақтардың Кенесарыға наразылықтары күшейе бастады. Кенесарының Сарыарқадан Ұлы жүзге қарай бет алуының себебі – Қоқан езгісіндегі қазақтардың дербестік алуына көмектесіп, өзіне тірек жасау.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
- Патшалы Ресейдің қазақ жеріне жүргізген отаршылдық саясаты.
- Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің мақсаты.
- Патша әкімшілігінің қойылған талаптары.
- Кенесарының Ресейдің билігін мойындауы үшін қойылған өзінің талаптары.
- Кенесары нешінші жылы, қай шайқаста қаза тапты.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
- Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003ж. 147-155 б.б.
- «Қазақстан тарихы» очерктер А; 1994ж. 162-163 б.б.
- К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 368-369 б.б.
- Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995ж. 64-76 б.б.