Тоталитарлық жүйенiң қалыптасу кезеңiндегi Қазақстан

 

Дәрістің мазмұны:

1.Қазақ АКСР-нiң құрылуы.

2.ЖЭС-ке көшуi.

3.Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру.

 

1.Қазақ АКСР-нiң құрылуы.

Заман талабы қазақ халқының ұлттық кеңес мемлекеттігін құруын қажет етті. Жүзеге асыруға тиісті шаралар: халықтың бұрынғы территориялық тұтастығын қалпына келтіру; қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру.

Арнаулы комиссия құрылып, республика шекарасын белгілеумен айналысты. Бұл өзгерістер кезінде әр түрлі көзқарастар туындады. Қазақ өлкесіне Ақмола, Семей, Орал облыстарының қосылуына қарсылық. Республика құрамына Омбы облысын, Орта Азияның көп бөлігін, Барнаул уезін, Алтай өлкесін қосу.

1919 жылғы 19 қыркүйек – Орынбордың Қазақ өлкесіне қосылуы туралы шешім қабылданды. 1920 жылғы 7 шілде – Орынбор республика құрамына енгізіліп, тұңғыш астанасы (1920-1924 ж.ж.) болды. 1924-1929 ж.ж. астана – Ақмешіт (Қызылорда). 1929 жылдан астана – Алматы.

Қостанай аймағын республика құрамына қосу қажеттігін А.Байтұрсынов пен М.Сералин жан-жақты дәлелдеді. Батыс Сібірге еніп келген Ақмола мен Семей облыстарын өлке құрамына енгізу мәселесі 5 рет қаралып, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, М.Сералиндердің тарихи деректемелерінен кейін ғана шешілді.

1920 жылы 4 қазанда Орынборда алғашқы Қазақстан Кеңестерiнiң Құрылтай съезiнде Орталық Атқару Комитетi (төрағасы С.М. Меңдешев) және Халком Кеңесi сайланды. Съезд “Қырғыз (Қазақ) АКСР-i еңбекшiлерi құқықтарының декларациясын” қабылдады. Онда Қазақ АКСР-i РКФСР-дiң құрамына кiретiн жұмысшылардың, еңбекшi қазақ халқының, шаруалардың, казактардың және қызыл әскер депутаттары кеңестерiнiң автономиялы республикасы болып құрылғанын мәлiмдедi. Декларация Кеңестердiң таптық мәнiн белгiлеп бердi. Ол ұлттық езушiлiк пен құлдықта ұстау саясатынан батыл қол үзетiнiн жариялады.

2.ЖЭС-ке көшуi.

Қазақ жеріндегі ЖЭС-ке көшу көптеген қиыншылықтармен бірге жүргізілді. 1921 жылы жазда қуаңшылық болып, малдың 80%-ы қырылды. Елде аштық басталды. Ашығушылар республика халқының 1/3 бөлігін қамтыды: 1921 жылғы қараша – 1млн. 508 мың адам; 1922 жылғы наурыз – 2 млн. 303200 адам. Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай губернияларын аштық жайлады. Аштыққа індет қосылып, 1922 жылы маусымда Батыс Қазақстанда ашығушылар мен аурулар 82%-ға жетті.

Астық мол болған Семей, Ақмола губернияларынан азық-түлік отрядтары ауылшаруашылық өнімінің  80%-н  әкетті: астық – 4 млн. пұт; май – 24,5 мың пұт. Бұл жиналған азық-түлік пролетариат орталықтары – Мәскеу, Петроград, Самара, Қазан, Саратовқа жіберілді. Нәтижесінде Қазақстанның астықты аймақтарының халқы ашыға бастады.

Қазақстанда жаңа экономикалық саясатты (НЭП-тi) iске асыру 1921-1923 жылдарда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетiнiң азық-түлiк салығына көшу туралы шешiмi негiзiнде жүргiзiлдi. Салықтың мөлшерi салғыртқа қарағанда аз болды. Мәселен, 1920 жылы Жетiсу және Сырдария облыстарында астық салғырты бойынша 10,4 млн пұт астық жиналса, 191 жылы салық арқылы шаруалардан жиналған астық 6,0 млн пұттан асқан жоқ.

Елдiң экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығын өркендету үшiн кооперативтендiру жоспары негiзiнде 20-жылдардың аяқ шенiнде бүкiл елдегi сияқты Қазақстанда да колхоздастыру науқаны басталды.

Республика экономикасының құлдырап төмендеуi 1932-1933 жылдардағы қуаңшылықпен тұстас келдi. Осындай елдi арылмас сорға душар еткен қолдан жасалған қастандық пен табиғаттың рақымсыздығынан осы екi жылда республикада аштықтан өте көп адам қырылып, қазақ елi орны толмас қайғы мен қазаға ұшырады. 2 млн 200 мың адамынан, яғни қазақ ұлтының 49 процентiнен айрылды. Республикада тұратын басқа халықтар да сан жағынан кемiдi.

3.Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру.

Социализмнің бұрмалануы Қазақ өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы қызметіне Ф.И. Голощекиннің (1925-1933 ж.ж.) келуімен күшейе түсті. Ол «Қазақ ауылы Қазан лебін сезінген жоқ, сондықтан «Кіші Қазан» төңкерісін жасау қажет» деген идеясын ұсынды. Оның бағыты қарсылыққа ұшырап,  Сталинге хат жолдап, «Мен осы жазбаңызда белгіленген саясат негізінен алғанда дұрыс саясат деп ойлаймын» деген жауап алды. Осыдан бастап Голощекин идеясына жол ашылды.

«Кіші Қазан» төңкерісінің бағыты: өлке өнеркәсібін ұсақ және орташа деңгейде дамыту; өлкені шикізат базасы ету.

Голощекин бұл қағидасын 1927 жылы ұсынып, 1930 жылы VII Өлкелік партия конференциясында нақтылады. Саяси Бюро мүшелігіне кандидат А.А. Андреев VI Бүкілқазақтық партия конференциясында бұл бағытты қолдайтындығын мәлімдеді.    

Қазақстанға Ф.И. Голощекиннiң өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып келуi қазақ халқы үшiн тұп-тура бақытсыздық болды. Голощекин әмiршiл-әкiмшiл басқару жүйесiне арқа сүйеп, небiр сұмдық амал-айла, зымияндық әдiс қолдану арқылы қазақ зиялыларын бiр-бiрiне айдап салды, “халық жауы” деп жала жауып, мыңдаған қазақ азаматтарының қанын төктi. Қуғынға ұшырап, туған жерiнен аластатылып кеткендердiң алдыңғы легiнде А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Халел және Жанша Досмұхамедовтар, М. Тынышбаев, К. Кемеңгеров сияқты ұттың бетке шығар саңлақтары болды. Голощекиннiң тiкелей басшылығымен 1929 жылы – 31, 1930 жылы – 82, 1931 жылы – 80 “контрреволюциялық ұйымдар” “ашылып”, бұл ұйымдардың мүшесi болды деген жаламен он мыңға тарта қазақтың бетке шығарлары қамауға алынды.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Қазақ АКСР-нің құрылуы.
  2. 1921 жылғы ашаршылық.
  3. ЖЭС-ке көшу, оның табыстарымен кемшіліктері.
  4. Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру, Ф.И.Голощекиннің қағидасы.
  5. «Кіші Қазан» төңкерісінің бағыты.
  6. 1932-1933 ж.ж. ашаршылық.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

  1. Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995 ж. 76-80 б.б.
  2. «Қазақстан тарихы» очерктер, А; 1994 ж. 171-173 б.б.
  3. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 25-37 б.б.
  4. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 147-155 б.б.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *