Жоспар:
3.1.Техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар.
3.2. Техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптары.
3.3. Қазіргі заманғы жаппай қырып жоятын қарулар
Қазақстан территориясының өте үлкен бөлігі әр түрлі факторлардың әсерінен кешенді ластанған, мысалы, ауаның, судың, жердің әр түрлі өндірістік зиянды қалдықтармен, улы газдармен және т.б. ластануы. Оған полигондарды, сынақ алаңдарын, «Байқоңыр» ғарыш кешенің, ірі тау-кен өндірістерін, Балхаш, Арал, Каспий суларындағы экологиялык апаттарды, мыңдаған өндірістік кәсіпорын, зауыттар мен фабрикаларды қосатын болсақ, Қазақстан территориясының нағыз апат алаңы екенін байқауға болады. Еліміздің территориясы дүние жүзінде 9-орынға ие болса да, шегі шектеулі. Жайылып жатқан территориямыздың жартысынан көбі өмір сүруге қолайсыз және ондай жерлердің көлемі күннен күнге өсуде. Мысалы: Атырау облысын алатын болсақ, мұнай болу салдарынан адам өмірінің денсаулығына өте қауіпті.
Өндірістік қондырғылардан шығатын және адам өміріне қауіп тудыратын зиянды заттарға мыналарды жатқызуға болады: шаң, жылу шығару, ылғал бөлу және зиянды газдар. Шаң қатты немесе сұйық заттардың майда бөліктері, ауа кеңістігінде орналысқан.
Тоқыма кәсіпорындарында шаң талшықты материалдарды: мақта, зығыр, кендір, кенап, жүн, жібек және басқада талшықтарды қопсыту, түту және тарау процесінде түзіледі. Сонымен қатар шаң әр түрлі материалдарды майдалауда және ұрғылауда пайда болады. Тоқыма кәсіпорындарында шаң жалпы құрылымына қарай органикалық және минералды болып бөлінеді. Органикалық шаң негізгі үш түрге бөлінеді:1) өсімдіктектес шаңдар-мақта, зығыр, кенап, кендір; 2)жануартектес шаңдар — жүн және жібек; 3) жасанды және химиялық талшықтар шаңдары. Шаң құрамына мыналар енеді: талшықтар үзінділері, шиттің қабығы, жапырақ қиықтары, ағаш және т.б.
Минералды шаң талшықты жинаған және тасымалдағанда түсетін майда топырақ бөліктерінен тұрады. Оларға асбестің талшық бөліктері, боялған мақтадан және иірім жіптен бөлінетін шаң түріндегі бояу бөліктері. Ең көп шаң бөлігі алғашқы өңдеу машинасында бөлінеді.
Шаң өлшемі микрометрде (мкм) өлшенеді. Өндірістік жағдайда микрон бөлігінен 100 мкм дейінгі шаңдар кездеседі. Шаң майда болған сайын ол зиянды, оңай тыныс алу жолдарына түседі.
Өндірістік шу — өндірістік жайдағы жұмыс істеп тұрған машиналар мен механизмдерден шығатын шу. Өндірістік шу дыбыс жұтатын құрылғылар (үй-жайдың төбесі, кабырғасы) немесе шуға қарсы жағдайлар (қаркындылығы және толқыны бірдей, бірак қарсы фазадағы шумен басу және т.б.) арқылы басылады.
Діріл (Вибрация) — скалярлық шамамен сипатталатын нүктенің немесе механикалық жүйенің қозғалысынан туындайтын тербеліс.
Діріл (лат. Vibratio-тербеліс, діріл). Діріл-механикалық тербеліс, сызықтағы кернеулер мен деформациялар таңбалары айнымалы болғанда басталады.
Вибрациялық түйсіктер қозғалған дененің ауаны толқытуын бүкіл өн бойымызбен сезінген кезде пайда болады. Негізгі талдағыштары (түйсіну мүшелері) сау адамда көбінесе өздерінде бұл түйсіктердің болуын байқамайды. Көзі, құлағы, тілінен бірдей айырылған американдық Елена Келлер мен орыстың ғылыми қызметкері Ольга Скороходованың өмірі мен шығармашылық әрекеті талдағыштардың адам таңқаларлық жағдайда бір-бірімен байланысатындықтарын, әсіресе мұнда вибрациялық түйсіктердің маңыздылығын көрсетеді.
Вибрацияның жалпы және жергілікті түрлері болады. Жалпы вибрация түгел ағзаға әсер етеді, ал жергілікті ағзаның тек белгілі бір бөлігіне ғана әсер етеді.
Жалпы вибрацияның әсерінен жүрек қызметінің бұзылуы, жүйке жүйесінің бұзылуы, тамырлардың тарылуы, буын өзгерістері тарылып, қозғалысты шектейді.
Жұмысшылар қолдарына жергілікті вибрацияның әсерінен терінің сезімталдығы, жүйке талшықтарының сезімталдығы, қан тамырларының серпімділігі жоғалып, сіңірлерінің сүйектеніп кетуіне әкеліп соғады.
Жұмыс барысында ұзақ уақыт дірілдің әсерінде болған адам әр түрлі кәсіптік ауруға ұшырайды. Мысалы асқазанның жаралы кеселіне, психикалық және жүйке жүйесі ауруына, гипертония, діріл ауруына шалдықтырады. Кәсіптік аурулардың ішінде діріл ауруының алатын орны ерекше. Осы аурумен жиі ауыратын машина жасау, металлургия, құрылыс, тау- кен өнеркәсіптерінде, көлік саласында және ауыл шаруашылығында істейтін жұмысшылар. Діріл жиілігі 16-20 Гц шамасында болғандадіріл ауруы пайда болатын жағдай туады. Діріл жылдамдығының қабылданатын мөлшері 10-4 м/с деңгейінде, ал 1 м/с ауру сезіле бастайды. Діріл ұзақ уақыт әсер еткенде ғимарат, техника бұзылуы мүмкін.
Вибрациядан сақтанудың бір әдісі вибродемпфирлеу (виброжұту) деп аталады, ол механикалық энергияның жылу энергиясына айналуы. Ол үшін конструкторларда арнайы материалдардың вибрацияланатын агрегаттарын қолданады (мысалы: мыс-никель, никель-титан, титан-кобальт жүйелерінің қорытпасы). Жақсы вибродемпфирлі материалдарға пластмассалар, ағаш жатады.
Вибрациядан қорғанудың тиімді әдісі болып виброоқшаулану болып табылады. Виброоқшаулағыш ретінде пружиналарды, серпімді резеңке төсеніш, тығындар, т.б. қолданады.
Шығу тегіне байланысты вибрацияның 3 категориясын ажыратады:
- транспортты;
- транспортты-технологиялық;
- технологиялық.
Өнеркәсіп орындарында, ауыл-шаруашылық өндірісінде, күнделік тұрмыс өмірде улылығы бар, сондықтан адамға және қоршаған ортаға зиянды көптеген химиялық заттар пайдаланылады.
Олар авария себебінен төгілген немесе далаға атылған жағдайларда қоршаған ортаны зарардануға, ал адамдарды зақымдауға әкеліп соқтырады. Аталған заттар оларды өндіретін, пайдаланатын немесе сақтайтын көсіпорындарда көп мөлшерде болады. Осы кәсіпорындар қатарына мынандайлары жатады: химиялық, дәрі-дәрмек өндіретін, қағаз шығару комбинаттары, қорғаныс, мұнай өңдеу, қара және түрлі-түсті металлургия зауттары, минерал тыңайтқыштарын шығаратын кәсіпорындар сондай-ақ, азық-түлік, ет-сүт өнеркәсіп объектілері, тоңазытқыштар, сауда қоймалары, үй-жай тұрмысы шаруашылықтары.
Кейбір жиі кездесетін күшті әсер ететін улы заттарды (КӘУЗ) атап өтсек, бұлар: хлор, аммиак (МН3), күкіртті сутегі (Н28), фосген (СОСІ2), күкіртті ангидриды (8О2), бензол (С6Н6), акрилонитрил (СН2=СН-СМ), метиламиндер (СН3КН2, (СН3)2КН т.б.), көгерткіш қышқылы (НСМ), тұз қышқылы (НСІ), бром сутегі, фтор, фтор сутегі, азот қышқылы (НМО3), күкірт қышқылы (Н28О4). Көбінесе бұлар газ немесе сұйық түрінде болады, әдетте сақтау немесе тасымадцау үшін қысым әрекетімен сұйықтық түрге айналдырылады. Тұрғындардың өздерінің мекен жайы маңайындағы орналасқан объектілерден келетін қауіпін білгені жөн. Мысалы үшін, қағаз өндіретін комбинатта, су жүргізетін бекеттерде көп мөлшерде хлор сақталынады; тоңазытқыш немесе ет комбинатында, мұнай өңдеу зауттарда, азот қышқылы, сода; тыңайқыштарды өндіретін жерде аммиак болуға тиісті; көгерткіш қышқылы пластмасс шығаратын кәсіпорында, ал күкіртті сутегі мұнаймен айналысатын және күкірт пен оның қоспалары бар заттарды дайындайтын зауттарда аса мол мөлшерде кездеседі.
Соңғы жылдары күшті әсер етуші улы заттармен улану (КӘУЗ) жағдайлары жиі кездеседі, олар жаппай уланудың себепкері болуы мүмкіндігімен қауіпті. Улардың бұл тобына өндірісте (химиялық, мұнай газ өңдеу, металлургия, фармацевтика), ауыл шаруашылығында (улы хмикаттар) мен басқа салаларда пайдаланылатын түрлі токсинді заттар жатады. Адамдарды, жануарларды жаппай уландыру жағынан және топырақты, суаттарды уландыру мүмкіндігі жағынан қауіп төндіретіндер көбінде газдар, булар және аэрозольдар. Түрлі апаттар нәтижесінде қоршаған атмосфераға шығып, олар улану аймағын құрайды, оның мөлшері мен қауіптілігі заттың түріне, ауа райының жағдайына (желдің болуы, ылғалдылық пен ауа температурасы) байланысты болады. Бұл заттардың көбі ауадан ауырырақ болады да бұлт ретінде төмен жерлерде, жер асты қоймаларында шоғырлануы мүмкін. Уланған бұлт орнынан қозғалып жаңа жерлерді уландыруы мүмкін. Қатты жел бұлттың тез тарқауына ықпал етіп, улы заттың шоғырлануын азайтады, ал жаңбыр удың жерге сіңуіне ықпал етеді.
Күшті әсер етуші улы зат (КӘУЗ) деп әдетте шоғырлану мүмкіндік шегі асып кеткен жағдайда, белгілі мөлшерде адамдарға, ауыл шаруашылығы малдарына, өсімдіктерге зиян келтіріп, оларға түрлі деңгейде зақым келтіретін химиялық қосындыларды атайды. Өндірістің түрлі саласында бүгінгі күні КӘУЗ-дің 100-ден астам атауы пайдаланылады. Хлор, аммиак, фосген сияқты КӘУЗ-ді пайдаланатын немесе өндіретін химиялық өнеркәсіптер, апаттық жағдайға ұшырағанда жұмыскерлер мен қызметкерлерге, ал ірі апат жағдайында тұрғындарға да қауіп төндіреді.
Қауіпті жерлерден аулақ жүрген жөн. Ол үшін өмір сүріп тұратын маңайдағы КӘУЗ-ды өндіретін, пайдаланатын немесе көп мөлшерде сақтайтын кәсіпорындарды есте ұстау керек. Зиян заттарды ашық түрінде байқап қалған жағдайда, ол туралы адамдарға, азаматтық қорғаныс штабына, санитарлық-әпидемиологиялық қызметтерге, милицияға хабарлауға міндеттісіз.
Уланып қалған кезде мынадай белгілер пайда болуы мүмкін:
-көздің ашуы, жасы ағуы, күюі, қабағы аурлауы; адам жарықтан қорқу сезімі немесе жарықты ажыратамауы, көздің ісуі;
-терінің күюі, ашуы, қышуы, ісуы, жаралануы, күлдіреуі, түсі өзгеруі (көгеру немесе қызару);
-тыныс алуы қиындау, жөтелу, ауыздан көпіршік кету, тамақ жұталмауы;
-бас айналу, ауру, жүректің айнуы, қатты соғуы, лоқсу, құсу;
-жүйке жүйесі зақымданғанда қорқу сезімі пайда болуы, тынышсыздық, мас болуы, сал ауруға ұшырау, шайқалып жүру, үйқыға тарту, айнала заттар көзге қос түрінде көріну, елес пайда болуы;
-жалпы дененің температурасы қан қысымдылығы өзгеру, әлсіздену, естен тану.
Хлор – тыныстарылтқыш өзіндік күшті иісі бар сарғыш-жасыл газ, ауадан 2,5 есе ауыр, суда, спиртте, эфирде жақсы ериді. Хлор өндірістің түрлі салаларында кеңінен қолданылады. Оны маталарды ағарту үшін пайдаланады, целлюлоза мен қағаз өндірісінде, каучук (резеңке) түрлерін жасауда, суқұбырлары стансасында залалсыздандырғыш құрал ретінде суды зарарсыздандыру үшін пайдаланады. Зақымдалған құбырлардан атмосфераға шыққан кезде түтіндейді. Буға айналу барысында және ауада су буымен қосылу барысында жер бетіне жасылтым-ақ түсті тұман ретінде төселеді, төменгі қабаттарға жер асты қоймаларына кіруі мүмкін. Хлор буы тыныс алу ағзаларына, көз бен теріге қатты әсер ететді. Хлор ағзаға негізінен тыныс алу жолдары арқылы енеді.
Хлормен улану белгілері: кеуденің қатты ауыруы, құрғақ жөтел, құсу, қозғалыс координациясының бұзылуы, демікпе, көздің ашуы, жас ағу. Жоғары концентрациямен дем алған жағдайда өлімге әкелу мүмкіндігі бар.
Аммиак – мүсәтір иісті түссіз газ, ауадан жеңілірек. Ол тоңазытқыш қондырғыларында хладогент ретінде, тыңайтқыштар және басқа химиялық өнімдерді жасауда қолданылады. Құрғақ түрі ауамен 1:3 қатынаста араласқан кезде жарылыс әкеледі. Суда жақсы ериді. Зақымданған құбырлардан шыққан кезде түтіндейді. Демге тартқан жағдайда қауіпті. Аммиак буы дем алу ағзаларын, көз бен теріні қатты тітіркендіреді. Аммиакпен улану белгілері: жүрексоғуының жиіленуі, тамыр соғуының бұзылуы, жөтел, мұрын бітелу, көздің ашуы мен жасаурауы, дем алудың қиындауы, қатты уланған жағдайда – жүрек айнып, қозғалыс координациясының бұзылуы, сандырақтау.
Күкірт сутегі.
Н2S – шіріген жұмыртқаның иісі бар түссіз газ. Тұтану температурасы — 246° С. Тығыздығы 1, 54 кг/м3, желдетілмейтін төменгі орындарда жиналатын ауаға қатысты – 1, 19.
Суда жақсы ериді. Су ерітіндісінде әлсіз қышқыл болып табылады. Су мен күкірт газын (SO2) түзе отырып, көгілдір жалын түрінде жанады.
Күкірт сутегі – тыныс алудың тоқтауынан өлімге әкелетін өткір жүйкелі у. Тыныс алу жолдары мен көзді тітіркендіреді. Судағы ерітіндісі теріге тиген жағдайда қызартады немесе қышыма болады.
Күкірт сутегінің сезілетін иісі 1,4 – 2,3 мг/м3 қосылымдарда байқалады, едәуір иісі – 4 мг/м3, ауыр иісі – 711 мг/м3 байқалады. Біршама жоғары қосылымдарда иісі онша ауыр емес, адамның бойы үйреніп кетеді.
200-260 мг/м3 қосылымдарда көзді ашытады, көздің шырышты қабықшалары және жұтқыншақ тітіркенеді, ауызда металдың дәмі сезіледі, шаршағандық,бас ауруы, жүрек айну байқалады.
750 мг/ м3 қосылымда 15-20 минутта уланады.
1000 мг/м3 және одан астам қосылымда бірден өлімге әкелуі мүмкін.
Жұмыс аймағы ауасындағы күкірт сутегінің шекті рұқсат қосылымы (бұдан әрі — ШРҚ) – 10 мг/ м3, көміртегімен қоспасында – 3 мг/м3.
Елді мекендердегі ауадағы күкірт сутегінің ШРҚ – 0, 008 мг/м3. Тұтану шегі 4,3-тен 45,5 % дейін (көлемдік).
Күкірт сутегімен улану ауыр зардапқа әкелуі мүмкін, ол үшін шұғыл шаралар қолданылады.
Уланудың негізгі белгілері –түйсіктің, тыныс алудың, жүрек және ас қорыту қызметінің бұзылуы. Уланған кезде оттегін алмастыру бұзылып, бас миының оттегі тапшылығына әкеледі.
Күкірт қышқылымен уланудың алғашқы белгілері: сүлесоқ күйде болу, көз қарығу, көздің ашуы, көз алмасы мен қастың қызаруы, жастың ағуы, тамақтың қабынуы, ауызда металл дәмінің сезілуі, жүрек айнуы болып табылады.
Ядролық қару – жаппай қырып-жою қаруы. Атом бомбасы — авиациялық ядролық бомбаның алғашқы атауы. Оның әрекеті жарылғыш тізбекті ядролық бөлінуі реакциясына негізделген. Термоядролық синтез реакциясына негізделген сутек бомбаның пайда болуымен жалпы «ядролық бомба» деген термин орнықты.
Ядролық қарудың өзінен, оны жеткізетін құралдардан (зымыран, торпедо, ұшақ, артиллериялық атыс), сондай-ақ қарудың нысанаға дәл тиюін қамтамасыз ететін әр түрлі басқару құралдарынан тұрады. Ол – ядролық және термоядролық болып бөлінеді.
Дүние жүзіндегі ең бірінші атом бомбаларының бірі, салмағы 20 т (1950 жылдар).
Ядролық қару жаппай қырып-жою құралы ретінде қысқа мерзім ішінде әкімшілік орталықтарды, өнеркәсіп және әскери нысандарды, әскерлер тобын, флот күштерін талқандау, қоршаған ортаны радиоактивтік ластандыру, жаппай бүлдіру, суға батыру, т.б. мақсаттар үшін қолданылады. Ядролық қару адамдарға күшті моральдық және психологиялық әсер етеді. Оның қуаттылығы тротилдік эквивалентпен бағаланады. Қазіргі заманғы бұл қарудың қуаты ондаған тротилден бірнеше ондаған млн. тротилге дейін жетеді. Арнайы әдебиеттерде ядролық қарудың қуаты килотоннамен (кт) және мегатоннамен (мт) де көрсетіледі. Бұл қаруды қарулы күштердің барлық түрлері қолдана алады. Ядролық қару қуаттылығы бойынша стратегиялық, оперативті-тактикалық және тактикалық болып бөлінеді. Ядролық қару жарылған кезде: екпінді толқын, жарықтық сәулелену, өтпелі радиация, радиоактивті зақымдану мен электр-магниттік импульс сияқты зақымданушы факторлар пайда болады.
Дүниеге келгеннен бастап-ақ ядролық өзіне ие болған мемлекеттің күштілігін білдіретін белгісі болып саналады. Қазіргі заманда ірі халықаралық саясат даулары барысында ядролық қару міндетті түрде есепке алынады. Орасан зор қирату күші бар осы қару адамзат қолында болғандықтан оның бір кезде пайдаланылатынына күмән жоқ. Ол қолданылды да. Әлемді дүр сілкіндіріп Хиросима мен Нагасаки жапон қалаларын жермен жексен қылды.
Адамдардың басым көпшілігі ядролық (атом) бомбаларының барын біледі, олардың жарылыс салдары туралы да естіген болатын. Алайда, ракеталық-ядролық соғысынан көтерілетін экологиялық проблемаларды, шығындардың мөлшерін, жалпы қирау көрінісін нақтылы мәнінде көз алдына елестете алатын тұлғалардың саны шамалы болса керек. Айтарлық, жалпы қырып жоятын қарудың қолданылуы аса шығындарды халық қалың орналасқан аймақтарда келтіреді, ядролық жарылыстардың адамдарға психологиялық жағынан ететін әсерін де есептен шығаруға болмайды. Оның үстіне, қаза тапқандардың, жарақат алғандардың, жалпы зардап шеккендердің саны сау қалған адамдардың санынан, мысалы жеке бір қаланы алсақ, молырақ болуы мүмкін. Жырылыс салдарының біраз уақытқа созылатын әсері де жоқ емес.
Осыған қарай мынадай сауалдар туындайды: егер сау қалған адамдар ядролық зақымдау ошағында көмек көрсету және тағы да басқа жұмыстарды жүргізіп өздерінің өмірлеріне қауіп төндіретін болса, онда бұндай жұмыстардың алып баратын мағнасы неде, жалпы ол әрекеттердің өздері шын мәнінде жүзеге асырылуы мүмкін бе?
Жауап алу үшін, алдымен, ядролық қару және оның жарылыстарының салдары туралы бір қатар мәліметтерді білу керек.
Атом ядросы протондар мен нейтрондардан (жалпы аты-нуклон) құралған. Кейбір ауыр әлементтердің (мысалы, уран, плутоний) ядролары бөлінген кезде, ал жеңіл түрлері (сутегі изотоптары) қосылып аурырақ (гелий) әлементтерді құрағанда ядролық реакциялар барысында едәуір әнергия босайды екен.
Бөліну реакцияларында атом ядросы сыртқы нейтрондардың әсерінен екі немесе одан көп бөлшектерге ыдырайды. Егер 1 кг уранның барлық ядролары ыдыраса босалған әнергияның шамасы тротилдың 20000 тоннасының жарылуынан шығатын әнергиясына тең болады. Салыстару үшін, тротилдың (тринитротолуол деген жарылғыш химиялық зат) 1 кг мөлшері жарылғанда кәдімгі жер қыртысында екі метрдей диаметрлық шұңкыр пайда болады. Ядролық бомбалардың қуатын тротил әквивалентімен өлшейді. Бөліну реакцияларына негізделген бомбалардың қуаты тротил баламасымен есептелгенде ондаған тоннадан бастап шамада 500000 тоннаға дейін жететіндей жасауға болады.
Қосылу реакцияларының өз ерекшелігі бар: бұл жағдайда нейтрондың қатысымен емес, жеңіл ядролар өздері әлектростатикалық керіс тебу күштерін жеңіп қосылуға тиіс. Уранның бөліну реакциясымен салыстырғанда дейтерий және тритий, немесе дейтерий мен литий қоспаларының синтез реакциясында босану әнергиясы төрт есе көп болады. Алайда, синтез реакциясы жүру үшін жоғары температуралар қажет, сондықтан оны тремоядролық реакция деп атайды. Термоядролық бомбаларда температураны көтергіш ретінде 235-уран немесе 239-плутонийдің ядро бөліну реакциялары жарылыс қалпында пайдалынады; олар негізгі қоспаны қыздырады. Және жарылыс заттардың қабықшасының құрамына 238-уран кіргізіледі. Сонда алдымен бөліну реакция жүріп, температура көтеріледі; сонан соң синтез реакциялары іске қосылады — бұл жерде көптеген нейтрондар пайда болып, қабықшада бөліну реакция жүруіне себеп болады. Жырылыстың осы үш сатысы әріне лезде өте шығады (микросекунд үлестерінің шамасында). Термоядролық жарылыстың қуатын 50 Мт-ға дейін көтеруге болады (елу миллион тонна).
Ең қарапайым бомбалардың құрылысы екі немесе одан көп уранның бөлшектерінен түзілген, оның әрқайсысының массасы ауыспалы массадан аз болу керек. Жарылыс айтылған бөлшектердің бірге қосылуынан басталады. Ауыспалы масса деген жарылғыш заттың (мысалы, уран) ең аз мөлшері, ол одан асса өздігінен бөліну реакциясы өрістейді. Уранның ауыспалы массасы ондаған, ал плутонийдікі бірнеше килограммға тең. Бірақ іске қосылатыны бұл заттардың тек 20%-ға дейін-ақ. Мысалы Жапонияға қарсы қолданылған атом бомбасында не бары зарядтың 3%-ы ойнады. Қалған масса атылуға үлгермей газ тектес жағдайға айналып ұшып кетті.
Жарылыс түрлерінің ішінде ерекше орын алатыны әуедегі және жер үстіндегі ядролық жарылыстар. Олардан басқа жер астындағы және су үстіндегі (су астындағы) ядролық жарылыстар да болуы мүмкін.
Жарылыстың алғашқы бастамасында энергияның бір бөлігі гамма-сәулелер және нейтрон ағындары түрінде босанады. Бұлар материядан оңай өтіп, терең енетін қасиетіне қарай өткіш радиация деп аталған және жолында кездескен тірі организмнің клеткаларын иондайды (екі қарама-қарсы әлектр зарядына бөледі). Энергияның басым мөлшері жылу формасына айналады. Жарылыс орталығында температура шамада 10 миллион градусқа дейін көтеріледі. Салыстыру үшін — күн бетіндегі температура 6 мың градус шамасында. Оқ дәрінің қоры мен қабықшасы кірпік қағым уақыт арасында газ түріне айналады да реакциялар барысы тоқталады.
Қызған газ бен ауа сәуле шашатын отты жарқыл шарды құрайды. 1 Мт қуаты бар жарылыстың жарқыл шары өрістеп көлемі 10 секундта 2000 метрдей шамасына жетеді.
Кеңістіктің шектелген аз көлемінде орасан зор әнергияның босатылуы себебінен ауа қысымы күрт көтеріледі (1 млрд. атм. шамасына). Тығыздалған ауа массасының жан жаққа таралуы нәтижесінде қысым көрші ауа қабатына өтіп, ауа толқынның туындатады. Сығымдалған ауаның алдынғы қабатын соққы толқының шебі деп атайды. Соққы толқыны екі зонадан құралған: тығыздалған зонасында ауа қысымы атмосфера қысымынан артық, сирету зона тығыз зонаға ілесіп келеді — оның ауа қысымы атмосфера қысымынан төмен. Соққы толқынымен бірге ауа ағыны да пайда болады. Дыбыс жылдамдылығынан арта түсіп жылжыған ауа ағыны мен соққы толқыны зор қирату күші деп табылады. Кеңістікте жан-жаққа таралып олар орталықтан алыстаған сайын жайылып бара-бара зақымдау әсерін төмендетеді, ауа толқыны төңіректе күн күркіреген сияқты дыбыс шығарады. Соққы толқыны жарылыстың түріне қарай су астында да болады. Жер астындағы соққы толқыны жер сілкінісіне ұқсаған қимыл келтіреді.
Биікте болған ядролық жарылыстың радиобелсенділі өнімдері -ядролардан бөлінген бөлшектері, реакцияға қатысып үлгермеген жанар заттары, нейтрон ағынның ықпалынан пайда болған радиобелсенді изотоптар, т.б. — тропосферадан ұзақ уақыт бойы (бірнеше аптадан үш айға дейін) жер бетіне түсе,радиобелсенділік бұлт ізін құрайды. Бірнеше мың километрге созылып олар тірі жандарға аса қауіп туғызбайды. Жарылыстың тағы басқа өнімдері стратосфераға еніп жер бетіне 5-10 жыл бойы түсе береді. Әуе ядролық жарылысының кіндігінде нейтрондар әсерінен сінген радиацияның деңгейі тез арада төмендейді, өйткені радиобелсенділік заттардың (РЗ) көбісінің жартылай ыдырау мерзімі қысқа. Сонымен әуедегі болған ядролық жарылыстың негізгі зақымдау факторларына соққы толқыны, жарық сәулесі және өткіш радиациясы жатады.
Жалпы ядролық жарылыс әнергиясы былай таралады: 50% -соққы толқыны, 35% — жарық сәулесі, 10% — ядролық сәуле қалдығы, 5% — өткіш радиация.
Жер үстіндегі ядролық жарылыстың жарқыл шары жер қыртысына тиеді, суи бастап ол жер бетінен қисапсыз мөлшерде топырақты өзіне сорып биікке көтереді де саңырауқұлақ тәрізді радиобелсенді бұлтты құрайды. Топырақтың құрамына кіретін кремний, натрий, магний әлементтері алғашқы нейтрондардың ықпалынан радиобелсенділік қасиетіне ие болып алған, ал жарылыстың өзінен шыққан РЗ-тар әлгі топырақпен араласып, оның бөлшектеріне қонады. Жел бағытымен жылжыған бұлттан төмен алдымен ірі, ауыр бөлшектер, сонан соң ұсақтары тұнба болып түсе береді. Бұлттың ізімен түсіп отырған РЗ-тар осы өңірде биік деңгейлі радиацияны ұшықтырып, адамдарды және малдарды зақымдауға соқтырады.
Сонымен жер үстіндегі ядролық жарылыстың зақымдау факторларына радиобелсенділік зақымы да қосылады.
Ядролық қарудың бір түрі нейтрондық қару деп аталған, өйткені әнергияның басым бөлімі өте қуатты нейтрон ағынына айналып жер қыртысында сіңген радиацияның пайда болуына себеп болады. Оның үстіне нейтрондар, жоғарыда айтылғандай, әлектр заряды болмағандықтан материалдардан оңай өте береді. Нейтрондық қару қуаты аз, тротил баламасымен санағанда 10 мың т. жетпейтін бомбалар боп саналады; құрамының ерекшелігі — оған тек плутоний (қыздырғыш ретінде) және дейтерий мен тритийдің қоспасы кіреді.
Бұл қарудан сақтану мақсатында қорғау паналарды бірнеше түрлі материалдарды үйлестіріп, қабырғалары мен төбесін өте қалың қылып тұрғызады.
Ядролық жарылыстың салдарынан адамдар, малдар және өсімдіктер жаппай зақымға ұшыраған, ал ғимараттар мен құрылыстар қирап бүлінген территорияны ядролық зақымдау ошағы деп атайды.
Әуе соққы толқынның негізгі зақымдаушы әрекетінің көрсеткіштері: артық қысым ( Рш), ауа ағымының жылдамдылығына байланысты итеру күші (Рж) және артық қысымның әрекет ету уақыты болып табылады. Артық қысым деген термин толқын шебі қысымының атмосфераның кәдімгі қысымынан артықшылығынан шығады. Толқын мен аралас жылжыған ауа ағымы динамиқалық қысымды, яғни итеру қабілетін көресетеді. Рш және Рж Паскаль (Па) деген өлшем бірлігімен есептеледі.
Ядролық зақымдау ошағы өткен артық қысымның шамасына қарай бірнеше зонаға бөлінеді:
1) Толық қирау зонасы — Рш=50 кПа-мен (0,5 кгс/см2) шектеледі. Жер үстіндегі құрылыстардың барлық түрі жермен жексен болып, тек қана үйінділер қалады. Жер астындағы қорғаныс ғимараттар, панаханалары, коммуналдық жүйелері едәуір бүлінеді. Қорғанбаған адамдардың бәрі өліп, жер астында орналасқан паналаушылар әр түрлі жарақат алады.
2) Күшті қирау зонасы — Рш=50-30 кПа арасында. Өнеркәсіп және тұрғын ғимараттардың көбісі толық қирап немесе қатты бұзылады, бірақ жер астындағы құрылыстар толық сақталуы мүмкін. Жасырынбаған адамның көпшілігі қаза табады. Қорғаныс паналардағы адам арасында жарақат алғандар көп емес, жер беті радиобелсенді заттармен қатты ластанады.
3) Орташа қирау зонасы — Рш=30-20кПа арасында. Көп қабатты ғимараттар, әлектр жүйелерінің бағандары орташа немесе бір шамада бүлінеді, қорғаныс паналар, жер төлелер толық сақталып қалады. Кейбір жерлерде үйінділер болуы мүмкін. Адамдарға көмір қышқыл газбен улану қауіпі төнеді. Осы үш зоналар ядролық зақымдану ошағының 1/3 бөлігін құрайды және бұл жерде құтқару жұмыстары күрделі түрде жүреді.
4) Жеңіл бүліну зонасы — Рш=20-10 кПа арасында. Ғимараттардың тек терезе жақтаулары, есіктері, ішінара үй шатырлары бүлінеді. Ағаш үйлер бұзылады, жеңіл от алатын заттардың төгілуінен екінші қайтарма өрт пайда болуы мүмкін.
500 мыңдай тұрғындары бар орташа қаланы едәуір дәрежеде қирату үшін қуаты 500 кт бомбаның біреуі ғана қажет екен.
Жалпы ядролық жарылыс аяқ астынан ұйымдастырылып халық алдын ала дайындалмаған, хабарландырылмаған жағдайда үлкен қаланың тұрғындарының 1/3 бөлігі қазаға ұшырайды. Едәуір бөлігі жарақат алады, күйеді, уланады, сәуле ауруына шалдығады, психикалық ауру болады, жоғалады, т.б.
Хиросима апатынан зардап шеккен адам санының 40% және қаза тапқандардың 20% жарылыстың соққы толқынның себебінен болыпты. Соққы толқының тағы ерекшелігі-ол герметикаланбаған (саңлаулары бар) қорғаныс паналарға өтіп кетеді. Сондықтан осы паналар толқын сөндіретін керек-жарақтармен жабдықталу керек. Адам денесі соққы толқынның әсерінен лезде сығылып одан кейін ұлғайтылады, алдымен бұдан дененің ауа және сұйықтық толған қуыстары органдарының (өкпе, бас миының қарыншалары) үлпалары жарылып, үзілуі мүмкін.
20-30 кПа қысымдылықта зақымның жеңіл деңгейі, құлақтың дабыл жарғақтарының жарылуы, есту қабілеті бұзылады, 30-50 кПа -құлақтан, аңқадан қан ағу, қысқа мерзімге естен тану, орташа деңгейдегі жарақаттану, кейкезде сүйек сынуы, өліммен аяқталу да мүмкін. 50-80 кПа қысымдылықта ішкі ағзалардың жарылуы, ұлпалардың майда, нүкте тектес қан ағуы, өліммен аяқталу жағдайлардың саны күрт өсуі. Қорғаныс паналарда, жерттөлелерде соққы толқының әсері лезде емес, сәл созыңқырап келеді, сондықтан осы жерде орналасқан адамдар биігірек қысымдылықты басынан өткізе алады.
Соққы толқынның шебінде ауа температурасы да жоғары болады. Мысалы, 100 кПа артық қысымда ауа температурасы 350°С дейін барады. Бұл фактор жарылысқа жақын орналасқан панахананың ішінде отырған адамның ашық мүшелерін, тыныс алу жолдарын күйдіруі ықтимал.
Бұдан басқа ғимараттардың құлаған қабырғалары және басқа да заттары адамды басып қалып асфикция (түншығу), ұзақ жаншылу синдромы сияқты жағдайларға әкеледі.
Ауа ағымымен ұшқан заттар да (үйдің бөлшектері, терезе әйнегінің сынықтары, т.б.) адамның жарақаттану себебі болады. Салыстыру үшін: 30 кПа артық қысымдалығында ауа жалдымдылығы 60 м/с дейін барып дауылдан екі есе асып түседі. Ауа ағымы адамды тек лақтыру мен тыйылмай, шаң-тозаң көтеріп көзін және тыныс жолдарын шаңмен бітеп тастайды.
Гамма-сәулелену және нейтрондар ағымы әр-түрлі ядролық реакцияларының себенінен материя қойнауынан пайда болады. Бұндай реакциялар ядролық жарылыс кезінде болады және олардың бір түрі -радиобелсенділі әлементтердің ыдырауы. Ыдырау үрдісі ядролық жарылыстың соңынан көтерілген бұлтта да, жерде де өтіп жатады.
Өткіш радиация алғашқы 15-20 секундтар арасында, яғни жарылыс барысында және бұлттың 2-3 км биіктікке көтерілгенінше әсер етеді; осыдан кейін гамма-сәулеленуді және нейтрондарды әуе қабаты өзіне сіңіріп алады. Радиобелсенді зақым болса (ластау) тек ыдырау реакцияларынан (кейбір әлементтердің тұрақсыз изотоптарының ядролары ыдырауынан) туындайды, ол да басым есебінде гамма-сәулелену болып табылады.
Өткіш радиация мен радиобелсенді зақымның негізгі зақымдаушы көрсеткіші – сәулелену дозасы (шарпу мөлшері). Жіті сәуле ауруының дәрежелері шарпу мөлшеріне байланысты. Ілгеріде айтқандай гамма-сәулелену мен нетрондардың атомдарды, молекулаларды иондау қасиеті бар. Шарпу мөлшері деп сәулеленген ортаның (материяның) бірлік массасы сіңіріп алған иондатқыш сәуле ағынының әнергия шамасын айтады. Шарпу мөлшерінің үш түрін ажырата білу керек:
— экспозициялық мөлшері әуедегі радиацияны сипаттайды. Халықаралық бірліктер жүйесінде ол кл/кг мен өлшенеді (Кулон/килограмм), оның басқа бірлік өлшемі (жүйеден тыс) рентген (р) деп аталады. 1 р шарпу мөлшерінде гамма-сәулелену ықпалынан құрғақ ауаның әр 1 см3 көлемінде (1=0°С, сынап бағанасы 760 мм) 2,08л>109 жұп иондар түзіледі.
— жұтылған мөлшері иондатқыш сәулеленудің биологиялық ұлпаларға ететін әсерін дәлірек білдіреді, ол СИ жүйесінде Грей (Гр) бірлігімен өлшеніп заттың 1 кг массасы 1 Дж энергиясын жұтып алғанын көрсетеді, яғни 1 Гр=1 Дж/кг. Жүйеден тыс бірлік өлшемі 1 рад, яғни 1 Гр=100 рад.
— эквиваленттік мөлшерін (балама мөлшері) білу үшін сапа коэффициентті (К) жұтылған мөлшерге көбейтеді. Балама мөлшері гамма — сәулелену мен нейтрондардың биоұлпаға ететін әсерін салыстыруға (теңестіруге) арналған.
Гамма -, бета — және рентген сәулелену үшін К=1;
Ядролық жарылыс барысында шыққан өткіш радиацияның шарпу мөлшері (алғашқы радиация шарпуы) бомбаның қуатына, жарылыс орталығынан қашықтыққа байланысты. Қуаты 1 млн. тонналық жарылыста, одан 2,8 км қашықтықта шарпу мөлшері 100 р, ал 100 мың. т. үшін ол 5 р-ге тең.
Радиация фотоматериалдарды бүлдіреді, кейбір радиоэлектронды аппаратураны істен шығару мүмкін, бірақ жалпы техникаға, құрылыстарға зақымы көп емес. Алайда тірі организмге радиацияның кері әсері мол, ол шарпу мөлшеріне байланысты. Дағдылы жағдай күндері адам табиғи радиация мөлшерін қабылдап тұрады, жылына оның шамасы 0,0015 Гр-мен шектеледі (0,15 рентген). 30 жылда қабылданған 0,05 Гр (5Р) мөлшері қауіпті деп саналмайды. Сәуле ауруына адамды (және малды да) 100 р-нен жоғары мөлшермен бір рет сәулелену шарпу шалдықтырады. Ұлғайтылған сәулеленуге түскен организм 4-ші тәуліктен бастап өздігінен сауығуға кіріседі, сөйтіп әр тәулікте барлық қабылдаған мөлшердің 3% жойып өтырады. Алғашқы бір ай мерзімінде организм зақымның 50%-нен құтылады. Алайда зақымның 10%-ті кері қайтпас зақым болып қала береді, ал зақымдану ауырлығын айыруға ұлғайтылған сәулеленудің биологиялық нәтижесі-барлық мөлшер сомасының 50%-ті-алынады. Сондықтан адам организмі бір мезгілде сіңірген және ұлғайтылып сәулеленуге түскен мөлшерін қатаң қадағалап өтыру керек. Бұрынырақ айтылғандай алғашқы радиацияға (өткіш радиация) шалдығу қауіпі негізгі нейтрон қарудан және жер үстіндегі ядролық жарылыстан төнеді. Сәуле ауруы адамның инфекцияға қарсы тұратын қабілетін (иммунитетін) пәсеңдетеді.
Радиобелсенді бұлттан түскен және жерде пайда болған (сіңген радиация) радиобелсенді өнімдер (шамасында 36 әлементтерінің 200-ге жүық тұрақсыз изотоптар) радиобелсенді заттар (РЗ) деп аталады. Радиобелсенді заттардың түсі,дәмі, иісі адамға білінбейді. Қуатының әр мың тоннасына шаққанда 37 грамм осындай өнімдер шығады екен, бұлардың белсенділігі 3000 т радийдің гамма-сәулеленуіне тең болады. Бірақ зақымдану деңгейі шұғыл төмендеп отырады.
Уақыт 7 есе өткен сайын ол 10 есе шөгеді («7-10» деген заңы). Мысалы жарылыстан 1 сағат өткенде белсенділік 100% — деп саналса, 7 сағаттан кейін ол 10% ал 49 сағаттан кейін 1%-тін құрайды.
Қорғану әдістерін жүзеге асырғанның өзінде сәуле ауруына шалдыққандардың 20% бірінші дәрежелі, 20%-екінші, 30%-төртінші дәрежелі болып шығады (орташа шамалаған есеппен). Осылардың 50%-ті 2-3 аптадан кейін емделу үшін емханаға жатқызылуы керек. Жарылыстың кезінде немесе РЗ-мен ластанған ауданнан радиацияны қабылдау себебінен туындаған сәуле ауруының клиникалық көрінісі бірдей. Ядролық жарылыс себебінен зарарданған жердің формасы әллипс тәрізді болуы міндетті емес. Егер жел бағыты жылдам өзгеріп тұрса, радиобелсенді бұлттың қимылы да бір қалыпты болмайды. Адамдар сыртқы гамма-сәулелену шарпуына түсуімен бірге РЗ-дың денеге жабысуға, тыныс алу жолдарымен ағзаға өтуге, тамақ, су арқылы ішек-қарынға түскенге байланысты сәулеленеді. Алайда бұл факторлар сыртқы гамма-сәулеленуге қарағанда шіли маңызды емес көрінеді. Тек сүтпен және сумен бірге өткен 131-йод изотопы қауіпті болып саналады. Өйткені ол қалқанша безде жиналады. Табиғат РЗ-мен ластануы атом әлектр станциялары талқандалып қалғанда да немесе өздігінен атылған кезде де болады. Ондай оқиға болды да. Ол белгілі Чернобыль АЭС-ның апаты (1986ж). АЭС-ның жұмысы да ядролық реакциялардан шығу энергиясын пайдалануға негізделген, алайда әнергия шығару әдісі жарылыс түрінде емес, керісінше баяу қалпында өтеді және авария себебінен таралған радионуклидтердің құрамы біраз өзгеше келеді. Чернобыль апаты жағдайында радионуклидтердің (РЗ-дың басқаша атаулысы) жан-жаққа таралуы ұзақ мерзімге созылды және осы уақыт арасында ауа райы құбылмалы болып зарарданған зоналардың формасы желпеуіш тәрізді қалыптасты. Радиация деңгейі РЗ-дың құрамына байланысты 7 есе ұзарған уақыт сайын 2 есе басылып отырды. Дегенмен бір жыл өткеннен кейін радиация деңгейі 55 есе азайды. ЧАЭС аймағындағы ел-мекендерден халық түгел көшірілді, ауыл-шаруашылық өндіріске жердің 2 млн. гектар көлемінде тыйым салынды, өйткені оның бәрі зарарданылды деп саналған. Орманның 400 га ауданы сарғайып шықты
Сәуле шарпуы жасуша құрамына кіретін атом мен молекулаларды иондап қалыптасқан заттар алмасу процессін бұзады. Сонымен клетканың тіршілігін өзгертіп адамды сәуле ауруына шалдықтырады. Аз мөлшермен ұзақ сәулеленуге ұшырағанда созылмалы сәуле ауруы өршеленеді. Оны сәулеленуге ұшыраудың жиынтық мөлшері және сол мөлшердің ағзаға таралу сипаты бойынша, бүкіл дене мүшелері мен жүйкелер қызметінің бұзылуы арқылы анықтауға болады. Созылмалы сәуле аурудан ішек-қарын қызметі бұзылып, қызыл иектен, мұрыннан қан кетеді, сүйектері ауырады.
Сырттай сәулелендіруден өрістейтін жіті сәуле ауруы (ЖСА) ерекше қауіп туғызады. Ауру барлық мүшелер мен жүйелер қызметінің бұзылуына негізделе дамып орталық жүйке жүйесі, қан жасау жүйесі, асқазан жолының зақымдануымен қалыптасады.
ЖСА-ы сәулеленуге бір дүркін ұшыраған кезде 100 рентген мөлшерден бастап білінеді. Сәулеленуге ұшыраған адам алғашқы кезеңде оны сезбейді. Шарпу мөлшері бір мезгілде 5000 Р-нен асқан кезде ЖСА күрт дамиды, оның жасырын мезгілі болмай, организм алғашқы күндерінде-ақ өледі.
ЖСА-ның 4 мерзімі болады:
— бірінші мерзімде организмнің алғашқы реакциясы бірнеше сағаттан үш тәулікке созылады; адам тез арада әлсіреп қалады, жүрегі айнып құсуы мүмкін, артерия қысымының ауытпалығы білінеді. басы ауырады, көңіл-күйі төмендейді;
— екінші мерзімі (латент мерзімі) 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін, бірақ неғұрлым шарпу мөлшері көп болса, соғұрлым мерзім қысқа; адам өзін уақытша сауықтанып қалғанын сезеді, сонда да тамаққа тәбеті төмендеп, ұйқысы бұзылады, аздап терлеуі сақталады, қан құрамы өзгере бастайды;
— үшінші мерзімде, температурасы көтеріледі, ішкі ағзаларға және теріден сыртқа қан ағуы басталып, қан қысымы төмендейді, шашы түсуі мүмкін; қан үйысуы бұзылады, жалпы организмнің қорғаныс күштері бәсеңдеп инфекциялық және басқа ауруларға жол ашылады; қанның жалпы қағындысы дамиды, дене өте әлсізденеді;
— төртінші мерзімі (сауығу мерзімі). Шарпу мөлшеріне қарай ден-саулықтың толық қалпына келу уақыты созылыңқырап келеді. ЖСА-мен бірге сәуле күйіктері де болуы мүмкін. Күйіктердің бүл түрлері тереңде жасырын түрде дамып, бұлшық еттердің, сүйектердің жансыздануына соқтырады. Және ЖСА-ның 4 дәрежесі болады:
— бірінші дәрежесі денеге радиацияның мөлшері Д= 100-200 рад. шамасында енген кезде өтеді, бұл жеңіл дәрежесі. Жасырын мерзімі 3-5 апта. Қан құрамында лейкоциттер саны азаяды, еттерге оттегі жетіспейді, инфекциялық аурулары асқынуы мүмкін;
— екінші дәрежесі (орташа дәрежесі) Д=200-400 рад; алғашқы 2-3 тәуліктерде организм күшті реакциясын көрсетеді. Жасырын мерзімі 15-20 тәуліктерге барады. Сырқау белгілері анық көрінеді. Жүйке жүйесінің функциялары бұзылады. өлім шығыны 20%;
— үшінші дәрежесі (ауыр дәрежесі) — Д=400-600 рад; жасырын мерзімі 5-10 күнге созылуы мүмкін. Организмның алғышқы реакциясы айқын көрінеді. Ем көрсетілмеген жағдайда өлім шығыны 70-%-ке баруы мүмкін, адам инфекциялық ауруларынан не қан ағу салдарынан өледі. Емделу нәтижесінде денсаулығы 5-6 айдан кейін дұрыстала бастайды. ұшінші дәрежеде қан денешектерінің (лейкоцит, әритроцит, тромбоцит) саны қатты азаяды;
— төртінші дәрежесі — Д>600 рад, адамды әдетте қазаға соқтырады.
Ядролық жарылыс кезеңінде атмосферада қуаты мол электромагниттік өрістері туындайды екен, олардың толқын ұзындығы 1 метрден 1000 метрге дейін болады. Аз уақыт мөлшерінде болғандықтан бұл өрістерді жалпы есебінде электромагниттік импульсі (ЭМИ) деп таниды.
Адам организміне басқа зақымдаушы факторларымен салыстырғанда электромагниттік импульсі аса ықпалын тигізе қоймайды, бірақ оның әсерінен әр-түрлі электр аспаптарының (аппаратураның), байланыс жүйелерінің ток өткізгіш сымдары және кабельдері биік кернеу мен ток пайда болу себебінен күйіп кетуі мүмкін. Әсіресе бұл жағдай жер үстіндегі және төмен әуедегі жарылыстардың салдарынан болады. Мықты салынған жер астындағы қорғау паналардың өзінде бұндай құбылыстар орын алу мүмкін, өйткені электр желілері жер бетінен келеді. 1 млн. тонналық, төмен әуедегі жарылыстан пайда болған ЭМИ күшті қалпында шамада 30 км қашықтыққа тарайды. ЭМИ-тан қорғау үшін энергиямен жабдықтау желілерін, аппаратураны арнаулы әдіспен қоршау, еріп кететін ендімелерді орнату, жерден, топырақтан айырып, оңашалап қою керек,
ЭМИ-бен бірге радиотолқындар тарайды, олар едәіур қашықтыққа жетіп радиоаппаратурада бөгеуіл болып естіледі.
Ультра күлгін, көрінетін және инфрақызыл сәулелер ядролық жарылыстың жарық сәулесін құрайды, табиғатында әлектромагниттік сәулелену болып табылады. Адам жанарының ультракүлгін және инфрақызыл сәулелерді көру қабілеті жоқтығынан жарқыл шардың өсу және сөну мерзімдерін көрмейді, алайда ол адамның көзін осы кезде де зақымдауы мүмкін. Қысқаша айтканда, адам ядролық жарылыстың басталған алғашқы сәтін біле алмайды.
Жарықтың сәуле шығару ауқымы жарылыстың қуаты мен биіктігіне және атмосфералық жағдайларға байланысты болады, оның әсерінен қатты қирау және орташа қирау зоналарда тұтас жаппай, ал жеңіл қирау зонасында жекелеген өрт пайда болуы мүмкін. Толық қирау зонасында барлық нәрсе қирап, ұшатындары ұшырылып кеткендіктен өрт болмайды да, бірақ қатты түтіндейді. Тұтас жаппай өрт аумағында өрт дауылы көтеріледі; жанып жатқан өлкеге жан жақтан 50-60 км/сағ. жылдамдықпен ауа ұмтылып өртті одан әрі өрістетеді.
Әсіресе бүл маңайда орналасқан жанар, жағар майлардың қоймалары тағы да басқа женіл от алдыратын заттар болса, олар өртті мүлде күшейте түседі. Жекеленген өрт алған территорияда қалың түтін, көміртек қышқыл төтығы және басқа да улы газдар басып кетеді.
Жарық сәулесі адамдардың денесін күйдіріп жанарын зақымдайды. Қуаты 1 млн. т. жарылыста ауа мөлдірлігі орташадай жағдайда 7 км қашықтықта адам денесі бірінші дәрежелі күйікке шалдығады (жарық күші 3 кал/см2).
Бірінші дәрежелі күйікте терінің беті қызарып ісінеді, сыздап ауырады; екінші дәрежлі күйік шамада 6 км қашықтықта пайда болады (4-10 кал/см2), тері күлдіреп, талауратады; 4-5 км қашықтықта үшінші дәрежелі күйік өзін теріні жансызданып, ойық жара пайда болуымен білдіртеді. Бұл жерде жарық күші 10-15 кал/см2. Бұл бірнеше секунд уақыт мерзімге сығымдалған ашық ауа райында күн сәулесі жер бетінің әр см210 минут аралығында төгілген энергиясымен тең.
Көзді зақымдауда жарық сәулесі үш түрлі әсер білдіреді: бірнеше минуттай уақытша көрмей қалу — бұл жарықтың ауытпалығына байланысты, әсіресе ымырт не түнгі кезеңде — жанары орнына өздігінен қайта оралады; алыс қашықтықтағы жарылысқа тіке қараудан болатын қабақтын көз шарасының көздің торлы қабағының күюі.
Жарық сәулесінен өрістеген өрт салдарынан да адамдар әр түрлі дәрежелі күйіктерге шалдығады.
Оған қосымша өрттер аумағында оттегі жетіспегендіктен, көміртек қышқылымен уланғандықтан және ауаның ыстығынан адамдар ауыр жағдайға ұшырайды. Аздап бұзылған қорғаныс паналарында да бұл нәрселер орын алады деп күтілуде.
Химиялық қару —уландырғыш заттар мен құралдарды қолдануға арналған машиналар, приборлар, қару-жарақтар. Химиялық қару жаудың адам күшін жаппай қырып-жоюға арналған. Сондай-ақ белгілі бір жерлерді, қару-жарақты, әскери техниканы, әр түрлі тыл нысандарын уландыру үшін де қолданылуы мүмкін. Химиялық қарудың тиімділігі, көбінесе метеорологиялық жағдайларға, жердің жайына байланысты. Мысалы, ауа райы желді болса, уландырғыш заттардың таралатын аймағы ұлғайып, жел тымық болса, уландырғыш заттар бір жерде ұзақ тұрып қалады. Химиялық қаруды алғаш немістер 1915 жылы 22 сәуірде Шпредегі (Бельгия) шайқаста қолданды. Содан кейін басқа армиялар да қолдана бастады. 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында тек ағылшын, француз және АҚШ армияларында ғана химиялық қарудан 450 мыңдай адам шығын болды. 1925 жылы Женева хаттамасы бойынша химиялық қаруды қолдануға тыйым салынып, оған бірнеше мемлекеттер қосылды. Бірақ кейбір мемлекеттер бұл хаттаманы бұзып (мыс, Италия Эфиопияға қарсы соғыста (1935 — 36) химиялық қаруды қолданды. Тыйым салынғанына қарамастан 1- және 2-дүниежүзілік соғыс аралығында химиялық қару көптеп шығарылды. 1943 жылға қарай фашістік Германия уландырғыш заттар әзірлейтін химиялық өнеркәсібінің қуатын жылына 180 мың тонна өнім шығаратындай дәрежеге жеткізді. Дегенмен, көп ұзамай Германия қарсыластарының да химиялық қаруды қолданатынын ескеріп, бұдан бас тартты. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның трофейлік химиялық қаруы (300 мың тоннаға жуық) теңізге батырылу арқылы жойылды. Соғыстан кейін көптеген елдер химиялық қарудың жаңа неғұрлым апатты түрлерін шығарды. Химиялық қару, әсіресе, артиллерия, авиация саласында одан әрі өрістеді. Артиллерия химиялық қаруға жаудың жердегі күштерін атқылауға арналған химиялық снарядтар, миналар; авиациялық Химиялық қаруға әр түрлі улы заттармен толтырылған бомбалар, т.б. құрал-жабдықтар жатады. Белгілі бір аймақты улау үшін арнаулы химиялық машиналар қолданылады. Химиялық қарудан қорғану үшін әскерлер мен тұрғын халық арнаулы дайындықтан өтуі тиіс. Париж конвенциясына (1993) сәйкес, химиялық қару табиғат пен адамзатқа тигізетін аса ауыр зардабына байланысты жойылуға жатқызылған. Химиялық қаруды жою арнайы нысандарда жүзеге асырылады. 1993 жылы Ресейдің химиялық қару қоры 40 мың тоннаны, ал АҚШ 29 мың тоннаны құрады.
Химиялық қарудан қорғану.Химиялық қарудан қорғану — әскер мен халықты химиялық қару әсеріне ұрындырмау немесе бұл әсерді барынша бәсендету, әскерлердің ұрыс кабілеттілігін сақтау және олардың жауынгерлік міндеттерін сәтті орындауын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін арнайы шаралар жүйесі. Химиялық қарудың әсерін барынша әлсірету мақсатында жүргізілетін шараларға: әскерлер мен халықты қарсыластың химиялық қару анғандығы туралы дәл уакытында хабарлау мен ескерту, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарын қолдану, емдік және санитариялық—
гигиена шаралары, жарақат алғандарға алғашқы медициналық және өзіндік көмек көрсету, химиялық қару қолданудың салдарын жою шаралары жатады.
Биологиялық қару (БҚ) – биологиялық заттармен жарақталған, жеткізу құралдары бар арнайы оқ-дәрілер мен ұрыс аспаптары. Ол қарсыластың тірі күшін, жан-жануарларды, ауыл шаруашылығы дақылдарын зақымдауға, кей жағдайда қару-жарақты, әскери техника мен жабдықтау материалдарын бүлдіру үшін қолданылады.
Биологиялық қаруды қолданып ұрыс әрекеттерін жүргізуді биологиялық соғыс дейді.
Биологиялық қарудың зақымдау әрекеті бірнеше кезекте патогендік микробтар мен олардың улы өнімдерінің ауру тудырғыш қасиетін қолдануға негізделген. Адам (жануарлар) ағзасына аз түссе де, ауру тудырушы микробтар мен олардың улы өнімдері өте ауыр жұқпалы аурулар таратады; оны дер кезінде емдемесе өлім қаупін тудырады немесе зақымдалушыны ұзақ уақыт жарамсыз етеді.
БҚ ретінде мыналардың пайдаланылуы мүмкін:
Адамдарды зақымдау үшін:бактериялық ауруларды қоздырғыштар (оба, тулермия, сарып, күйдіргі, тырысқақ); вирустық ауруларды қоздырғыштар (шешек, қызба, венесуэлалық энцефоломиелит); риккетсиздарды қоздырғыштар (бөртпе, сүзек, таңбалы қызба, Қу-қызба);
Жануарларды зақымдау үшін:аусылдың, ірі қара обасының, шошқа обасының, күйдіргінің, маңқаның, жалған құтырудың және басқа аурулардың қоздырғыштары;
Өсімдіктерді құрту үшін:астық тұқымдастар таты, картоп фитофторозы, солу қоздырғыштары, және т.б. химиялық заттар.
БҚ-дың зақымдаушы әрекеті бірден көрінбейді, ол ағзаға түскен микробтар мен токсиндердің түрі мен санына, ағзаның күйіне байланысты. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан 14 күнге дейін созылады, мысалы, тулермияда 6 тәулікке, ал бөртпе сүзекте 14 тәулікке дейін болады. Осы кезең бойында жеке құрам ұрысқа қабілеттілігін сақтайды.