Дәрістің мазмұны: 1.Ежелгi дәуiр. Адамның қалыптасуы. Тас дәуiрi кезеңдерi.
2.Адамзаттың түрлерi.
- Қола дәуірі. Қола дәуiрiне тән ескеркiштер.
Мақсаты: Студенттерге өткен тарихымыз туралы жалпылама түсінік беру.
1.Ежелгi дәуiр. Адамның қалыптасуы. Тас дәуiрi кезеңдерi.
Адамзат тарихы тас дәуiрi қола дәуiрi және темiр дәуiрi болып үш кезеңге бөлiнедi. Ежелгi тас дәуiрi адамзат тарихындағы ең маңызды кезеңдердiң бiрi. Бұл кезде адамдар жерден бауырын көтерiп, екi қол еңбек әрекетiне бейiмделдi. Мұның өзi алғашқы адам iспеттес тiршiлiк иелерiнiң күнкөрiс үшiн тас құралдарын жасауына мүмкiндiк бердi. Осы құралдардың қалдықтары адамзат баласының, ең ұзаққа созылған тас дәуiрiнiң уақытын шартты түрде белгiлеуге мұрындық болды.
Алғашқы адам тақiлеттес тiршiлiк иелерi мен оның қарапайым шаруашылығының қалыптасу кезеңiн қамтитын ежелгi тас дәуiрi өндiргiш күштердiң өте төмен деңгейiмен сипатталады. Ол тұстағы адамдардың кәсiбiнiң мәнi табиғаттың дайын өнiмдерiн пайдаланумен шектелген. Олар өздiгiнен өсiп тұрған дәндердi, жемiс-жидектердi терiп жеп, жабайы аңдарды аулап, олардың етiмен қоректенедi. Бұл тұстағы адамдардың өзара қарым-қатынасы олардың теңдiгiне, еңбек бөлiнiсiнiң жынысқа, жасқа қарап реттелуiне негiзделедi.
Палеолит дәуiрiндегi адамдар қоғамдық ұйымдасу мен дамудың ұзақ және күрделi сатысынан өттi. Оның бастапқы кезеңiнде табиғаттың дүлей күштерiнен қорғану, шабуыл жасау, аң аулау, жемiс теру үшiн бiрiгiп, белгiлi бiр тобыр құру керек болды. Рулық қарым-қатынас қалыптасқанға дейiнгi бұл әлеуметтiк құрылымда қоғамдық қатынастар дамып, жетiлмеген едi, үй шаруашылығы да болған жоқ.
2.Адамзаттың түрлерi.
Еңбекке бейiмi бар, адам тақiлеттес ең әуелгi тiршiлiк иесi ғылымда «презинджантроп»ген атпен белгiлi. Оның сүйектерiнiң қалдықтары Шығыс Африкадан табылған. Ғылымда «Homo habilis» («шебер адам») деп аталып кеткен ол осыдан 1 миллион 750 мың жыл бұрын өмiр сүрген. Оның миының аумағы 652 см. (куб), яғни ертедегi маймылдың миынан әжептәуiр көлемдi де салмақты болған. «Шебер адамның» еңбек құралы маьта тастың сындырылған түрлерiнiң қырлары пышақ сияқты өткiрленiп, кесу үшiн пайдаланылған.
Адамзаттың дамуындағы тас дәуiрiнiң орта және соңғы кезеңдерiне сәйкес келетiн «Homo erectus» («түрегелген немесе бойын жазған адам») питекантроп және синантроп болып екiге бөлiндi. Оның алғашқысы мен соңғысының араларында дамудың, жетiлудiң оң өзгерiстерi болғаны, сонымен бiрге олардың дамуында сабақтастық бары байқалады.
Бiрiншi питекантроп 1891 жылы Ява аралында табылды. Питекантроп бұдан бiр миллиондай жыл бұрын өмiр сүрген. Ол «Homo habilis»-пен салыстырғанда елеулi эволюциялық өзгерiстерге ұшыраған. Ми көлемi үлкейiп, бас сүйегi мен жақ сүйектерi кiшiрейген, аяқ пен қолдың пропорциясы өзгерген.
Синантроп 1927 жылы Чжоу-коу-дянь үңгiрiнен табылды. Одан синантроптың сүйектерiмен бiрге әр түрлi формадағы тас құралдар, ошақта көп жатқан тастар және төменгi антропоген (геологиялық жер қыртысы) тарихындағы ширектiк дәуiр фаунасы жануарларының көп сүйектерi кездескен. Бұдан синантроптар сол кездiң өзiнде-ақ от жағуды бiлген деген қорытынды жасауға болады.
Тас дәуiрiнiң тарихында мезолит пен неолит бiздiң заманымыздан бұрынғы XII-X ғасырларды және V-III мың жылдықтардың арасын қамтиды (мезолит-орта тас дәуiрi, неолит-соңғы тас дәуiрi). Ол кезде табиғат осы заманғы бейнеде болды. Жануарлар дүниесiнiң құрамы өзгерiп, аңшылар көбiнесе бизон мен жылқы, жабайы ешкi мен киiк, қоян, үйрек аулады. Мезолит заманындағы адамдардың садақ пен жебенi ойлап шығаруы үлкен жетiстiк едi және осы тұста микролиттер-үшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент тәрiздi ұсақ қалақтар қолданылды.
3.Қола дәуiрi. Қола дәуiрiне тән ескеркiштер.
Бiздiң заманымыздан бұрынғы II мың жылдықта мал және егiншiлiк шаруашылығымен қоса металл өңдеу кәсiбi дами бастады. Мұның өзi Қазақстан жерiндегi әлеуметтiк-экономикалық жағдайларды өзгертугi жол ашты. Мал өсiрушi тайпалар iрi және қуатты бiрлестiктер құрды. Бұлардың арасында әр түрлi себептермен келiспеушiлiктер туып, қарулы қақтығыстар да орын алды. Қару ендi жабайы аңдарды аулау үшiн ғана емес, сонымен қатар тайпалардың соғыстарында да жиi қолданылды. Қару жасау бiрте-бiрте металл өңдеудiң дербес саласына айналды.
Б. з. б. II мың жылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола-әр түрлi өлшемдегi мыс пен қалайының, кейде сүрменiң, күшәланың, қорғасының қорытпасы. Мыспен салыстырғанда қола өте қатты және балқыту температурасы төмен, түсi алтын сияқты әдемi болып келедi. Ол еңбек құралдары мен қару жасау үшiн қолданылатын негiзгi шикiзат болып табылады. Қазақстан жерiнде түстi металдардың, әсiресе қалайы мен мыс рудаларының көп кездесулерi металл өңдеу кәсiбiн кеңiнен пайдалануға негiз болады.
Қола дәуiрiндегi экономикалық басты-басты екi бағыттағы: мал шаруашылығы мен металл өңдеу кәсiбiнiң тез дамуы, ең алдымен еркектердiң еңбегiн қажет еттi. Мұның өзi қоғамда еркектер рөлiнiң күшеюiне әкелдi. Сөйтiп, аналық рудың орнына аталық ру (патриархат) пайда болды. Қоғамдық өмiрдегi iрi өзгерiстер өндiрiстiк күштердiң өсуiне, қоғамдық еңбектiң мамандануына, патриархаттық қатынастың дамуына байланысты едi. Жеке отбасылар бөлiнiп оқшауланды, меншiк ұлғайып кеңейдi, рулық қауым iшiнде мүлiк теңсiздiгi көрiнiс бере бастады.
Қола дәуiрiнде Сiбiрдiң, Қазақстанның және Орта Азияның кең-байтақ далаларын тегi және тарихи тағдырының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендедi. Бұл тайпалар бiр үлгiдегi, бiр-бiрiне ұқсас мәдениет қалдырды. Олар қалдырған ескерткiштiң табылған жерi Ачинск маңындағы Андроново селосының атымен ғылымда шартты түрде «Андронов мәдениетi» деп аталады.
Андронов мәдениетiнiң негiзгi орталықтарының бiрi-Қазақстан жерi. Археологиялық деректерге қарағанда, Андронов мәдениетi дәiрiнде халықтың басым көпшiлiгi отырықшылықта өмiр сүрген. Өзендердiң, көлдердiң жағасындағы жайылымы мол жерлерге орналасқан патриархаттық отбасылардың үйлерi мен үлкен жертөлелерi болған. Олардың жанынан әр түрлi шаруашылық жайлар мен мал қамайтын орындар салынған. Өйткенi, бұл кезде мал қамайтын орындар салынған. Өткенi, бұл кезде мал бағу кәсiбi басымырақ едi. Тайпалар малшылық-егiншiлiкпен аралас шұғылданады.
Орталық Қазақстанда қола дәуiрiнiң соңғы кезеңiнде (б. з. б. X-VIII ғасырлар) Андронов мәдениетiмен салыстырғанда анағұрлым жоғары Дәндiбай-Беғазы мәдениетi болғанын бiлемiз. Ол Қарағанды қаласы маңындағы Дәндiбай ауылында және Балқаштың солтүстiк төңiрегiндегi Беғазы қойнауында қола ескеркiштерi алғаш қазып алынған жерiне қарай аталған. Дәндiбай-Беғазы мәдениетi Атасу өзенiнен Ертiске дейiнгi байтақ даладан табылған көптеген ескерткiштермен сипатталынады. Олардың қатарына Ақсу-Аюлы II, Ортау II, Байбала II, Бөсоба, Бұғылы III кешендерi жатады. Бұл ескеркiштерге тән нәрсе, бiр жағынан, андроновтық дәстүрлердiң сақталуы, екiншi жағынан, мәдениеттiң жаңа элементтерiнiң тұрпаты ерекше бейттiк тамдардың, жатаған, домалақ ыдыстардың пайда болуы. Жерлеу ғұрпы кейiнгi, ерте темiр дәiрiнде Қазақстан жерiнде тұрған малшы тайпаларда кеңiнен тараған.
Қола дәуiрiндегi тайпалардың дiни нанымдары мен сенiмдерiне келетiн болсақ, ол тұстағы адамдардың тұрмасы мен әл-ауқаты түгелдей табиғатқатәуелдi болғандықтан, олар табиғат күшiн киелi рух деп бiлген. Бұл күштер ең алдымен су, күн, от, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi едi. Күн мен от, жарық, жылылықты бередi, мұның бәрi қайырымды құдiреттi рухтармен байланыстырылды. Адам мен жануарларға сусыз өмiр жоқ, сондықтан суға да, сол сияқты ай мен жұлдызға да табыну сияқты наным күштi болды.
Қола дәуiрiнiң тайпалары ата-бабаларына сыйынған және о дүниеге сенген. Ауру адамдарды емдеу және оларды өлiмнен сақтап қалу әрекеттерi де болып отырған. Ол әрекеттер нәтиже бермеген жағдайда өлген адамды о дүниеге қажет деп санаушылық, о дүниеде тамақ керек деп, тамақпен, киiммен, еңбек құралдарымен, қару-жарағымен, сәндiк заттарымен барынша жақсылап көму қола дәуiрiндегiлерге тән рәсiм.
Қола дәуiрiнде күнге, отқа, суға, айға, жұлдыздарға және қорғаушы рухтарға арнап құрбан шалу ғадетi де болған. Кейiн келе адамның ой-өрiсiнiң өсуi нәтижесiнде, оның өзi туралы және табиғат туралы ұғымы күрделене түстi, сөйтiп, дiни дүниетаным келiп шықты.
Қорытып айтқанда, қола дәуiрiнiң соңғы кезiнде отбасылық және қауымдық топтық еңбектiң кезiнде өндiрiстiк жабдықтарға және өндiрiс өнiмiне ортақ меншiктiң пайда болуына байланысты қоғамда қауымдық құрылыс ыдырап, отбасылық меншiк алға шықты.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
- Тас дәуірінің кезеңдерін ата.
- Еңбек құралдары мен шаруашылығы.
- Қола дәуірі, кезеңдері.
- Мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуы.
- Қола дәуірінің кезеңдерін ата, олардың ерекшілігі.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
- К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» дәріс курсы І, А; 2004ж. 24-36 б.б.
- «Қазақстан тарихы» очерктер, А; 1994ж. 17-30 б.б.
- Қ. Салғарұлы «Алтын тамыр»
- С. Өтениязов «Атилла»
- Ә. Әбдәкімұлы «Қазақстан тарихы» А; 1997ж. 34-38 б.б.