4.1. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы: түсінігі және мәні. Конституциялық құрылыс: мемлекетті ұйымдастырудың конституцияда бекітілген нысандары және әдістері. Конституциялық құрылыстың негіздері болып мемлекеттің басты құрылғысы және олардың негізгі қағидалары табылады.
Демократиялық мемлекетте конституциялық құрылыстың түсінігіне адам мен азаматтың құқықтары мен босатандықтарын қорғау, мемлекеттің конституцияға сәйкес әрекет ету тәртібі жатқызылады. Конституциялық құрылыстың бекітілуі мемлекетті ұйымдастырудың тұлға мен азаматтық қоғамға өзара қатынасын анықтаудан басталады.
Конституциялық мемлекеттің ажыратылмас атрибуты болып “азаматтық қоғам” табылады. Ол құқықтық, экономикалық, саяси қатынастардың жиынтығын қамтиды.
“Азаматтық қоғам” түсінігі Ежелгі Грецияда пайда болды және мемелекет түсінігіне теңестірілді.
Бірақ тарихи даму кезінде азаматтық қоғам мен мемлекет ұғымдарының арасындағы алшақтық анықталды, ол тұлғаның қоғамның азаматы ретіндегі мемлекетке тәуелді болмайтын бостандық туралы идеялардан туындады. Мемлекеттік билік құқықпен шектелу қажет.
Англияда конституциялық мемлекет 18 ғасырда пайда болды. Конституциялық мемлекетте қоғам мемлекетпен басқарылатын және өзін-өзі реттеуші жүйе ретінде де функцияландырылады, ал мемлекет – басқару жүйесі ретінде болғанмен өзін-өзі реттейтін азаматтық қоғамға да тәуелді болады.
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын реттейтін басты құқықтық нормалар Конституцияның нормаларында орын алған. Ол Конституцияның жоғары заң күшімен анықталады.
Қазақстан Республикасының Конституциясының “Жалпы ережелері” 1-ші бөлімінде Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздерін анықтайтын мемлекеттің аумақтық және мемлекеттік құрылысының нысандарын, Республиканың қызметінің негізгі қағидаларын бекітеді.
Конституцияның 1-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады деп бекітілген.
Демократиялық мемлекетті бекіту, мемлекеттік басқарудың демократиялық қағидалары конституциялық құрылыс негіздерінде орын алған, яғни мемлекеттік басқару істеріне халық тікелей немесе өздерінің өкілдері арқылы қатысады (бұл норма Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-ші бабының 2-ші тармағында бекітілген). Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауға тікелей қатыса алады, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін республикалық референдумда (мысалы, консттуцияны қабылдау) дауыс беру арқылы шеше алады.
Қазақстан Республикасында діни-наным бостандығының танылуы оның зайырлы мемлекет ретінде орнықтырылуымен сипатталады. Діни бірлестіктер мемлекеттен алшақталған, яғни мемлекет ісіне олардың заңсыз араласуына құқықтары жоқ. Қазақстан Республикасында діни негіздегі саяси партиялардың құрылуына жол берілмейді, діни бірлестіктердің сайлауға қатысуға құқығы жоқ. Барлық діни бірлестіктер заң алдында тең.
Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде орнықтыру мемлекет пен қоғам өміріндегі аса маңызды қоғамдық қатынастар құқықпен реттелген деген мағынаны білдіреді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-ші бабында Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық пен Конституцияның ең жоғары заңды күші мен оның Республиканың аумағында тікелей қолданылатындығы анықталған. Қазақстан Республикасы Конституциясының негізінде және оның орындалуы үшін заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер қабылданыды. Конституцияның 34-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға міндетті.
Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде бекіту онда мемлекеттің өз қызметін жүзеге асыру кезінде азаматтарының әлеуметтік мүддесіне басшылық жасауға, әлеуметтік саясатты жүргізуге, тұрғындарды жұмыспен қамсыздандыруға міндеттілігін білдіреді. Конституцияның 28-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі делінген.
Қазақстан Рспубликасы Конституциясының 2-ші бабында Қазақстан Республикасының аумақтық-мемлекеттік құрылысы мен басқару нысаны жарияланады. Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып табылады. Біртұтас мемлекет дегеніміз Қазақстан аумағында өзге де мемлекеттік құрылымдардың болмайтындығын, оның аумағының тұтастығы, қол сұғылмауы және бөлінбеуі және әкімшілік-аумақтық бірліктерге бөлінуі. Қазақстан Республикасы егеменді және тәуелді мемлекет болып табылады, Республиканың егемендегі оның бүкіл аумағын қамтиды.
Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарымен халық егемендігі тығыз байланысты. Бұл категория демократиялық институттың кез-келген бастамасының міндетті негіздерінің біріне жатады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-ші бабының 1-ші тармағы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық болып табылатындығын бекітеді.
Халық біртұтас бөлінбейтін субъект ретінде қарастырылады. Кез-келген ұлт өзінің ұлттық мүддесін осы ұғым шегінде іске асырады. Демократиялық құқықтық мемлекетте ұлттық белгісіне қарай алалауға жол берілмейді және барлық ұлттардың азаматтары өздерінің мәдени мүдделерін іске асыру құқықтарыман қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-шы бабының 2-ші тармағында әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар екендігі көрсетілген.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік билікті ешкім иемденіп кете алмайды, билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді.
Конституцияның 1-ші бөлімінде мемлекеттік билікті бөлу қағидасы конституциялық негізде бекітілген. Конституцияның 3-ші бабының 4-ші тармағында Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара әрекет ету қағидасына сәйкес жүзеге асырылатындығы көрсетілген.
Қазақстан Республикасында меншік нысанының көптүрлілігі танылады. Онда мемлекеттік меншік пен жеке меншік бірдей қорғалады. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жек меншікте болуы мүмкін. Сонымен қатар Конституцияда әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар екендігі, монополистік қызмет заңмен реттелетіндігі әрі шектелетіндіігі бекітілген.
Қоғамның саяси өміріне тек қана Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Қазақстан Республикасының азаматтары бірлестіктерге бірігу бостандығына, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына ие болады.
Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Бұл норма Конституцияның 5-ші бабында бекітілген.
Идеология түсінігіне философиялық, саяси, діни көзқарастардың қоғамдық құрылысты дамыту және жетілдіру жолдарының заңдылықтарына қатысты жүйесі жатады. Идеологиялық көпжақтылықты тану әр адамның, саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың азаматтық қоғамды құруда экономикалық, әлеуметтік, саяси идеяларды, теорияларды, концепцияларды еркін әзірлеп, үгіт-насихат жүргізуге құқығы. Бірақ, мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қаіупсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.
Идеологиялық дамудың жалғасы ретінде саяси, яғни көппартиялықты даму танылады.
Саяси партиялар қоғамдық бірлестіктер ретінде тіркеледі. Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі партиялардың қызметіне, сондай-ақ саяси партиялармен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландырылуына жол берілмейді. Мемлекеттік органдардың саяси партиялардың ішкі өміріне араласуға құқығы жоқ.
Демократиялық елдерде саяси жүйенің көптеген түрлері – екіпартиялық, көппартиялық, бірпартиялық болып бөлінеді. Барлық патиялыр өзге де қоғамдық бірлестіктер тәрізді заң алдында бірдей.
Конституцияның 7-ші бабында мемлекеттің тілдік саясатының негіздері бекітілген. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болады, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
№4 тақырып бойынша тест сұрақтары
- Конституцияда бекітілген экономикалық саясаттың негізгі қағидалары қандай?
а) меншік нысанының көптүрлілік қағидасы;
б) мемлекеттің меншіктің басымдылығы;
в) тек қана жеке меншіктің басымдылығы.
(дұрыс жауабы — а)
- Конституцияда бекітілген саяси жүйенің қағидалары қандай?
а) халық депутаттарының Кеңесінің толық билігі қағидасы;
б) көппартиялық, заңдылық, халық егемендігі, жариялылық;
в) демократиялық централизм.
(дұрыс жауабы — б)
- Әлеуметтік жүйе мынадай қатынастарды қамтиды:
а) әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулықты қорғау және еңбек саласында пайда болатын;
б) жанұя және некемен байланысты;
в) аталғандардың барлығы.
(дұрыс жауабы — в)
- Халық егемендігі қағидасы нені білдіреді:
а) мемлекеттің биліктің ел ішінде де және одан тысқары да тәуелсіздігі және жоғарылығы;
б) мемлекеттің құрылу құқығын қоса алғанды ұлттың, халықтықтың өзін-өзі анықтау құқығы;
в) парламенттің халықпен сайланбалылығы.
(дұрыс жауабы — б)
- Төменде көрсетілген қағидалардың қайсы мемлекетті құқықтық ретінде сипаттайды:
а) демократизм;
б) заңның жоғарылығы;
в) азаматтардың өз әрекеттеріне жауаптылығы.
(дұрыс жауабы – б)
- Билікті бөлу қағидасының түсінігі:
а) сәйкестелген мемлекеттік органдарды тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып өзара әрекет ететін біртұтас мемлекеттік биліктің үш тармағына бөлу;
б) Парламенттің, Үкіметтің және соттардың бір-бірінің істеріне араласпауы;
в) бір-біріне тәуелді болмайтын, бағынбайтын және есеп бермейтін мемлекеттік билік тармақтарының бөлінуі.
(дұрыс жауабы — а)
- Қазақстан Республикасының тілдерінің мәртебесі қандай:
а) қазақ және орыс тілдері мемлекеттік болып табылады;
б) қазақ тілі мемлекеттік, ал орыс тілі мемлекеттік органдарда ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады;
в) қазақ тілі мемлекеттік, ал орыс және өзге ұлттардың тілдері ресми болып табылады.
(дұрыс жауабы — б)
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысының нысандары:
а) біртұтас мемлекет;
б) федеративтік мемлекет;
в) автономиялы мемлекеттік құрылымдары бар біртұтас мемлекет:
(дұрыс жауабы — а)
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік билігінің бірден-бір қайнар көзі болып табылады:
а) Қазақстан халқы;
б) Қазақстан Республикасының Парламенті және Президенті;
в) Қазақстан Республикасының Президенті және халқы.
(дұрыс жауабы — а)
- Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес:
а) парламенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет;
б) президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет;
в) президенттік басқару нысанындағы федеративтік мемлекет.
(дұрыс жауабы — б)