5.1. Қазақстан Республикасының азаматтығы. Азаматтық – азаматтар және мемлекеттердің өзара қатынасынан туындайтын, тұрақтылығы және ұзақтығымен анықталатын саяси-құқықтық құбылыс.
Азаматтықтың негізгі белгілері: саяси-құқықтық сипаты; ұзақтығы; тұрақтылығы; өзара құқықтары мен міндеттерінің болуы.
Тұлға мен мемлекеттің азаматтыққа қатысты қалыптасатын заңды негізде рәсімделетін құқықтық сипаты. Азаматтық – ол құқықтық жағдай. Мемлекеттің азаматы ретіндегі түсінік тұлғаның мемлекет аумағында тұратындығы ғана емес мемлекет пен тұлғаның арасындағы азаматтық мазмұнын қалыптастыратын ерекше байланыспен анықталады.
Мемлекет құқықтық қатынасқа осы мемлекеттің азаматы болып табылмайтын кез келген тұлғамен түсе алады, бірақ саяси қатынас тек қана осы мемлекеттің азаматымен байланысты пайда болады. Сондықтан азаматтық түсінігіне мемлекет пен тұлғаның саяси-құқықтық байланысы жатады.
Қазақстан Республикасының азаматтығымен байланысты барлық қатынастар Қазақстан Республикасының Конституциясымен және 20 желтоқсан 1991 жылы қабылданған “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Қазақстан Республикасының Заңымен және оған 03.10.1995 ж. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен рәсімделеді.
Азаматтық туралы Заңның кіріспесінде Қазақстан Республикасының азаматтығы тұлға мен мемлекеттің арасындағы олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын көрсететін тұрақты саяси-құқықтық байланыс.
Азаматтыққа қатысты оның тұрақты және ұзақ сипатын азаматтың тумысынан қайтыс болуына дейін созылатын және азаматпен азаматтық-құқықтық қатынасты біржақты бұзуға жол бермейтін, олардың тоқтатылуы ерекше тәртіпте бекітілетінін білдіретін қатынас білдіреді. Азаматтың өз өтініші бойынша азаматтық қатынасты тоқтатуы мемлекеттің келісімін қажет етеді. Мемлекеттің бастамасымен де азаматтық-құқықтық байланыс тоқтатыла алмайды.
Мемлекет пен адамның арасындағы байланыс олардың құқықтары, міндеттері мен жауаптылықтарының жиынтығымен сипатталады. Бұндай байланыс мемлекетпен осы тұлғаны азамат ретінде заңды тануымен және ол азаматтың қай жерде тұратынына қарамастан мемлекеттің егемендігінің таратылуымен негізделеді.
Мемлекет өз азаматтарының мүддесін оның аумағынан тысқары жерлерде де қорғауға міндетті. Азамат мемлекеттің егемендігінде болғандықтан, олар мемлекет аумағынан тысқары жерлерде болса да мемлекеттен өзінің міндеттерін орындауын талап ете алады. Мемлекет пен азаматтың өзара жауаптылығы қағидасы жоғарыда аталған заңның 1-ші бабында: Қазақстан Республикасы өзінің органдары және лауазымды тұлғалары тұрғысында Қазақстан Республикасы азаматтарының алдында жауапты, ал Республика азаматтары Қазақстан Республикасы алдында жауапты деп бекітілген.
5.2. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу негіздері.
“Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңының 10-шы бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығы келесі негіздерде алынады:
тумысы бойынша;
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау нәтижесінде;
Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген тәртіпте және негіздерде;
Заңда белгіленген өзге де негіздер бойынша.
КСРО таратылғаннан кейінгі 1991 жылы және жеке мемлекеттер құрылғаннан бастап азаматтық аясындағы мәселелер өте ерекше қойылды. Посткеңестік республикалар үшін заңдылықтардың жаңалылығы — онда азаматтықты алудың негіздерінің танылуы. Азаматтардың мемлекеттің азаматтығын алудың заңдылықтардағы жаңалылығы, онда Қазақстанда “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңның күшіне енген күніне дейін азаматтықта болған барлық тұлғалардың мемлекеттің азаматы болып танылуы.
Жоғарыда аталған Заңның 3-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары болып мыналар танылады:
осы Заң күшіне енгізілген күнге дейін Қазақстан Республикасында тұрақты тұрған адамдар;
Қазақстан Республикасының азаматтығын осы Заңға сәйкес алғандар.
Сонымен қатар азаматтық туралы заңдылықта Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру кезеңдерінде, адамгершілікке жат өзге де саяси шаралар салдарынан Республика аумағынан кетуіне мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының өз территориясына қайтып оралуы үшін, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар аумағында тұратын қазақтар үшін жағдай жасайтындығы ерекше көрсетілген.
Азаматтыққа тумысынан ие болу тұрақты әрекет ететін басты негіз болып табылады. Онда азаматтықты алудың екі қағидасының үйлесімділігі орын алады. Бұл екі қағида: “қанды құқық”, яғни азаматтықта ата-аналарының болуы және “топырақ құқығы”, яғни туылған жеріне байланыстылығы.
Бала туған кезде ата-анасының екеуі де Қазақстан Республикасының азаматы болса, онда ол туған жеріне қарамастан Республиканың азаматы болып табылады (Заңның 11-ші бабы). Бұл азаматтықты “қан құқығы” қағидасына сәйкес тану.
“Топырақ құқығы” қағидасына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Қазақстан аумағында туған бала танылады, егер:
ата-анасының екеуі де белгісіз болса;
оның ата-аналары — Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жері бар, бірақ азаматтығы жоқ тұлғалар болса.
Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болған жағдайда балалардың азаматтығы келесі негіздерде танылады:
егер ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасының
азаматы болып табылса және бала Қазақстанның аумағында туылса (Заңның 12-ші бабы);
егер бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туылса,
бірақ ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасының азаматтығында болса және Қазақстанның аумағында тұрақты тұрғылықты жері болса.
“Топырақ құқығы” қағидасы ата-анасы белгісіз және азаматтығы жоқ тұлғалардың балаларының азаматтығын анықтау кезінде қолданылады. Азаматтық туралы Заңға сәйкес ата-анасының екеуі де белгісіз Қазақстан Республикасының аумағында туған бала Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады (Заңның 13-ші бабы). Сонымен қатар Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұрғылықты жері бар, азаматтығы жоқ тұлғалардың Қазақсатан Республикасында туған баласы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау басқа мемлекеттің азаматымен немесе азаматтығы жоқ адамдармен олардың өз өтініштері бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті шығарады.
Заңдылық Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау үшін белгілі шарттарды анықтайды. Осындай шарттардың біреуі болып тұрғылықтылық цензі танылады, яғни Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданатын тұлғалар оның аумағында 5 жыл тұруы немесе Қазақстан Республикасының азаматымен 3 жыл некеде болуы қажет (Заңның 16-шы бабы).
Жоғарыда аталған шарттар келесі тұлғаларға: кәмелетке толмағандарға, әрекет қабылеттіктері жоқтарға, Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңірген адамдарға, сондай-ақ Қазақстан аумағынан саяси себептермен кетуге мәжбүр болған адамдарға және олардың ұрпақтары тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса, оларға талап етілмейді.
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау кезінде оның аумағында тұру мерзіміне қарамастан бұрынғы одақтас мемлекеттердің азаматтары, Қазақстан Республикасында азаматының жақын туысқаны болып табылған жағдайда азаматтыққа қабылданады. Ең жақын туыстарға – баласы, ері (зайыбы), ата-анасы, апайы, ағасы, атасы немесе әжесі жатады.
Заңдылықта көзделген Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың негізі болып азаматтыққа қайта алу (ренатурализация) жатады. Заңның 18-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығында бұрын болған тұлға, өзінің өтініші арқылы азаматтық туралы заңдылықтың талаптарына сай Республиканың азаматтығына қайта алынуы мүмкін. Бұл бұрын Қазақстан Республикасының азаматы болған, кейіннен азаматтығынан айрылған немесе оның келісімінсіз азаматтығы тоқтатылған тұлғаларға қатысты қолданылады.
Қазақстан Республикасның азаматтығына қабылдаудың негізі ретінде мемлекетаралық шарттарда көзделген – репатрация және оптация қарастырылады. Репатрация – бір мемлекеттің тұрғындарының бөлігі басқа мемлекеттің аумағына еркін көшіп-қонуы. Оптация – мемлекеттің азаматтығын алу кезінде оны таңдау құқығына ие болуы. Көбінесе азаматтыққа қабылдаудың бұл түрі мемлекеттердің арасында шекараны өзгерту кезінде қолданылады.
Заңдылықта азаматтыққа қабылдау шарттарымен қоса Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудан бас тарту негіздері де қарастырылған.
Қазақстан Республикасының азаматтығына адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаған немесе терроршылдық әрекеті үшін сотталған тұлғалар қабылданбайды. Сонымен қатар оған қызметі Қазақстан Республикасының конституциялық қағидаларына сәйкес келмейтін, яғни егер Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне әдейі қарсы шыққан, Қазақстан Республикасының аумағының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақыратын, мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздықты қоздыратын; Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің қолданылуына қарсы әрекет жасаған; мемлекет қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына нұқсан келтіретін құқыққа қарсы іс-әрекет жасаған тұлғалар жатады.
Қазақстан Республикасының азаматтығына сот ерекше қауіпті баукеспе деп таныған тұлға да қабылданбайды.
Қазақстан Республикасында біртұтас азаматтық қағидасы бекітілгендіктен, заңдылықта өзге мемлекеттің азаматтығында болу Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудан бас тартудың ең басты негізі болып табылатындығы қарастырылған.
5.4. Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату негіздері.
Азаматтық туралы заңдылық Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатудың екі басты негізін: Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу немесе азаматтығын жоғалту салдарын қарастырады.
Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатудың ең басты негізі азаматтықтан шығу болып табылады. Бұл өз ерікті акт және тұлғаның өтініші негізінде жүзеге асырылады. Бірақ заңдылықта Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығарудан бас тарту негіздері де анықталған (Заңның 20-шы бабы):
— Қазақстан Республикасы алдындағы міндеттемелерінің немесе мүліктік міндеттемелерінің орындалмағаны, олармен азаматтардың немесе Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделері байланысты болған жағдай;
— егер өтініш жасаған тұлға айыпкер ретінде қылмыстық жауапқа тартылған болса немесе заң жүзінде күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе;
— егер азаматтықтан шығу мемлекет қауіпсіздігі мүдделеріне қайшы келсе.
Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту азаматтық туралы заңдылықтың 21-ші бабында анықталған. Қазақстан Республикасының азаматтығы мынадай негіздерде жоғалады:
1) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда, азаматтың басқа мемлекеттің қауіпсіздік қызметіне, полициясына, юстиция органдарына немесе өзге де мемлекеттік билік және басқару органдарына қызметке тұру салдарынан;
2) егер Қазақстан Республикасының азаматтығы жалған мәліметтер немесе жалған құжаттарды табыс ету нәтижесінде алынса;
3) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген негіздер бойынша;
4) егер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын тұлға себепсіз жағдайлармен 3 жыл ішінде консульдік есепке тұрмаса.
№5 тақырып бойынша тест сұрақтары
- Қандай тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады:
а) 20 желтоқсан 1991 жылы “Қазақстан Республикасындағы азаматтық туралы” Қазақстан Республикасының Заңы заң күшіне енген кезде Қазақстанда тұрақты тұратын бұрынғы КСРО азаматтары;
б) жоғарыда аталған Заңның негізінде азаматтық алған тұлғалар;
в) аталғандардың барлығы.
(дұрыс жауабы — в)
- Біртұтас азаматтық дегеніміз – бұл:
а) тұлғаның екі немесе одан да көп мемлекеттердің азаматтығында болуы;
б) ТМД елдерінің аумағында тұратын кез келген азамат бір уақытта ТМД азаматы болып табылады;
в) Қазақстан Республикасының аумағында өзге мемлекеттік құрылымдар болмағандықтан, оның азаматтығы біртұтас.
(дұрыс жауабы — в)
- Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың негізі болып табылатын, оның аумағында тұрақты тұрудың мерзімі қандай:
а) 10 жылдан кем болмауға тиіс;
б) 15 жылдан кем болмауға тиіс;
в) 5 жылдан кем болмауға тиіс.
(дұрыс жауабы — в)
- 20 желтоқсан 1991 жылғы “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңда азаматтықты танудың келесі қағидалары қолданылады:
а) “қан құқығы”;
б) “топырақ құқығы”;
в) аталған екі қағиданың үйлесімі.
(дұрыс жауабы — в)
- Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекетке берілуі мүмкін бе?
а) “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңында тікелей көзделген жағдайларда беріледі;
б) ешқандай жағдайда да берілмейді;
в) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, берілмейді.
(дұрыс жауабы — в)
- Апатридтер дегеніміз – бұл:
а) екі мемлекеттің азаматтығына ие болатын тұлғалар;
б) азаматтығы жоқ тұлғалар;
в) босқындар.
(дұрыс жауабы — б)
- Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқатылатын салдар:
а) азаматтықтан шығу;
б) азаматтықты жоғалту;
в) азаматтықтан шығу және жоғалту.
(дұрыс жауабы — в)
- Натурализация дегеніміз – бұл:
а) азаматтықты “қан құқығы” қағидасы негізінде алу;
б) азаматтыққа қабылдау;
в) азаматтықтан шығу.
(дұрыс жауабы — б)
- Филиация дегеніміз – бұл:
а) азаматтыққа қабылдау;
б) азаматтыққа тумысы бойынша ие болу;
в) азаматтығын жоғалты.
(дұрыс жауабы — б)
- Азаматтыққа қабылдау кезінде қандай акт шығарылады:
а) өкім;
б) жарлық;
в) қаулы. (дұрыс жауабы — б)