- Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығының түсінігі.
Конституциялық құқықтың институттарының бірі болып сайлау құқығы табылады. Ол мемлекеттің басшысын, жоғары және жергілікті өкілді органдарды сайлау кезінде пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейді. Қазақстан Республикасының сайлау құқығы түсінігіне Қазақстан Республикасы Президентін, Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарын, маслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының депутаттарын сайлауға Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысу құқығына негізделген, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бекітетін және реттейтін конституциялық-құқықтық нормалардың жиынтығы жатады.
Сайлау құқығының негізгі қайнар көздері болып Қазақстан Республикасы Конституциясы және 28 қыркүйек 1995 жылғы “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы танылады.
Сайлауды Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің Конституцияның 33-ші бабында бекітілген сайлау құқығы негізінде іске асырады. Бұл нормалар азаматтардың мемлекеттің басқару істеріне тікелей және өздерінің мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қалыптастыру жолымен өкілдері арқылы қатысу құқығын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының азаматтарының субъективтік сайлау құқығы олардың сайлауға белсенді (актив) сайлау құқығы мен бәсең сайлау құқығын (пассив) пайдалану арқылы қатысуы.
Белсенді сайлау құқығы – бұл азаматтардың мемлекеттік органдарға өздерінің өкілдерін сайлау.
Бәсең сайлау құқығы – бұл азаматтардың мемлекеттік билік органдарына сайлану құқығы.
Қазақстан Республикасының құқық субъектілігі бар азаматтары үшін белсенді сайлау құқығы, яғни сайлауға тікелей қатысу құқығы 18 жасқа толған кезден басталады. Азаматтардың сайлау құқығын олардың тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне және т.с.с. байланысты шектеуге жол берілмейді.
Бәсең сайлау құқығы сайлау заңдылығында бекітілген қосымша талаптармен шектеледі, олар — жастық ценз, тұрғылықтылық цензі, білімдік ценз, мүліктік ценз және т.б.. Қазақстан Республикасы Президентінің кандидатурасына келесі талаптар қойылады: Қазақстан Республикасының Президенті тумысынан Республика азаматы болуы, 40-тан жас болмайтын (жастық ценз), мемлекеттік тілді еркін меңгерген (тілдік ценз), Қазақстанда 15 жылдан артық тұрған (тұрғылықты ценз) болуы қажет.
Қазақстан Республикасының азаматы республика азаматтығында кемінде 10 жыл болса, жоғары білімі мен жұмыс стажы 5 жылдан кем болмаса, 30 жасқа толған, өзі сайланып отырған аумақта кемінде үш жыл тұрақты тұрса, онда ол Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты бола алады. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутатына қойылатын жастық ценз – 25 жас, ал мәслихат депутатына – 20 жас.
Қазақстанда тікелей және жанама сайлаулар қолданылады. Жанама сайлау жолымен, яғни таңдаушылар алқасымен (сәйкестелген мәслихаттардың депутаттары) Парламент Сенатының депутаттары сайланады. Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталары әр түрлі әдістермен құрылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-ші бабының 2-ші тармағына сәйкес Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан тұрады. Сенаттың жеті депутатын Сенаттың өкілеттік мерзіміне Республика Президенті тағайындайды. Сенаттың өкілеттік мерзімі – алты жыл.
Тікелей сайлау жолымен Қазақстан Республикасының Президенті, Парламент Мәжілісінің, мәслихаттардың депутаттары және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері сайланады.
Сайлау заңдылығының реттеу пәні болып тек қана дауыс беру тәртібі ғана емес, сонымен қатар сайлау сұрақтарын қарастыру өкілеттігіне жататын арнайы органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметі, кандидаттардың шығындарын қаржыландыру, үгіт-насихат қызметінің тәртібі мен шектері және т.б. табылады.
- Қазақстан Республикасының сайлау құқығының қағидалары.
Сайлау құқығының қағидалары Қазақстан Республикасының Конституциясында және сайлау туралы конституциялық заңда бекітілген.
Қазақстан Республикасының азаматтары сайлауға жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығымен жасырын дауыс беру арқылы қатыса алады. Жалпығы бірдей сайлау құқығы – 18 жасқа толған барлық азаматтардың мемлекеттік органдарды қалыптастыруға тікелей қатысу құқығы, сонымен қатар бекітілген сайлау нормаларына сәйкес сайланбалы органдарға сайлану құқығы. Психикасының бұзылғанына бйланысты сотпен әрекет қабылеті жоқ деп танылған немесе сот шешімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары сайлау және сайлану құқықтарына ие болмайды.
Тең сайлау құқығы — әр сайлаушы бір ғана дауысқа ие болады және барлық сайлаушылар сайлауға тең негізде қатыса алады. Қазақстан Республикасының азаматтарының сайлауға қатысуының тең мүмкіндіктері мемлекетпен кепілденеді және қамтамасыз етіледі. Сайлау туралы заңдылықпен, оның нормаларына сәйкес сайлау округтерін тұрғындардың санын тең бөлу арқылы құру қарастырылады, әр сайлаушы сайлаушылардың тізімінің тек біреуіне енгізіледі. Сайлау заңдылығының бұзылуына байланысты істерді тездетіп қарастыру жағдайы да қарастырылады.
Тікелей сайлау құқығы қағидасы – Қазақстан Республикасының азаматтарының Президентті сайлауға, Мәжіліс, мәслихат депутаттарын және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесін сайлауға тікелей қатысуы.
Жасырын дауыс беру қағидасы – сайлаушының еркі сақталуы үшін жасалатын жағдайлар, яғни сайлау кезінде азаматтарға қандай да бір бақылау жасау мен қысым көрсетуге мүмкіндіктердің болмауы. Сайлау учаскелерінде жасырын дауыс беру үшін арнайы бөлмелер құрылады.
Қазақстанда ерікті сайлау жарияланады (сайлау туралы Конституциялық заңның 2-ші бабы). Сайлаушылардың сайлауға қатысуы ерікті түрде болады. Республиканың азаматы сайлауға қатыспағаны үшін ешқандай жауаптылықта болмайды. Бұл құқықтық мемлекеттің демократиялығының бір қағидасы.
Құқықтық, демократиялық мемлекетте сайлау процесінің барлық кезеңдері жариялылық және ашық негізде өткізілуі қажет. Сайлаушылар депутаттыққа кандидат туралы және сайлау барысы туралы кез келген ақпаратты алуға құқылы. Сайлау органдарының барлық шешімдері және берілген дауыстардың нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
- Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесінің түсінігі.
Қазақстанда пропорционалдық және мажоритарлық жүйелердің үйлесімдігіне негізделген аралас сайлау жүйесі қолданылады. Пропорционалдық сайлау жүйесі 1998 жылы Парламент Мәжілісіндегі он депутаттық орынды саяси партияларға берумен байланысты енгізілді. Осыған дейін Қазақстанда сайлаудың мажоритарлық жүйесінің абсолюттік көпшілігі қолданылды.
Мажоритарлық сайлау жүйесі – бұл жүйеде кандидат өзі ұсынылған сайлау округі бойынша сайлаушылардың көпшілік дауысына ие болса, онда сайланған болып есептеледі. Сонымен қатар бұл жүйе сайлаудың өткенін анықтау үшін де қолданылады. Сайлау өткен болып есептеледі, егер оған сайлаушылардың көпшілігі қатысса.
Мажоритарлық сайлау жүйесінің үш түрі қарастырылады:
абсолюттік көпшілік, онда сайлау өткен болып есептеледі, егер сайлаушылардың 50 пайызынан көпшілігі сайлауға қатысса; Кандидат сайланған болып есептеледі, егер оған сайлауға қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астамы дауыс берсе;
салыстырмалы көпшілік, онда сайлау өткен болып есептеледі, егер оған сайлаушылардың көпшілігі қатысса; кандидат сайланған болып есептеледі, егер ол өзге кандидаттарға қарағанда көпшілік дауысқа ие болса;
біліктілік көпшілікте кандидат заңды негізде бекітілген көпшілік дауысқа ие болуы қажет – 2/3, 3/4 және т.с.с..
Қазақстан Республикасында Президентті, Парламент депутаттарынын, мәслихат депутаттарын сайлау кезінде мажоритарлық жүйенің абсолюттік көпшілігі қолданылады, яғни кандидат сайлауға (таңдауға) қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астам дауысына ие болса, онда ол сайланған болып есептеледі. Қайта дауыс беру кезінде өзге кандидаттарға қарағанда көпшілік дауысқа ие болған кандидат сайланған болып есептеледі. Егер қайта дауыс беру кезінде тек бір ғана кандидатқа дауыс берілетін болса, онда ол осы сайлауға қатысатын сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысына ие болуы қажет.
Сайлауға 50 пайыздан төмен болмайтын сайлаушылар қатысса, онда сайлау өткен болып есептеледі.
Жергілікті өзін-өзі басқару орргандарының мүшелерін сайлау кезінде сайлаушылардың даусын санауға мажоритарлық жүйенің салыстырмалы көпшілігі қолданылады.
Мәжіліс депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлау кезінде мандаттар келесі негізде бөлінеді.
- Ең алдымен сайлау квотасын анықтап алу қажет – Орталық сайлау комиссиясы біртұтас жалпы ұлттық округ аумағы бойынша әр партиялық тізімге берілген дауыстардың санын есептейді. Ол партиялар дауыс баруге қатысқан сайлаушылардың жеті немесе одан да астам пайызына ие болуға тиіс. Жеті пайыздық барьерден өткен саяси партиялар үшін берілген сайлаушылардың барлық дауыстарының жиынтығы онға, яғни біртұтас жалпы ұлттық округ бойынша берілетін депутаттық мандат санына (орын саны) бөлінеді. Алынған нәтиже сайлау квотасы болып табылады.
- Депутаттық мандатты тарату кезінде қатысатын әр партиялық тізім бойынша берілген дауыстар саны сайлау квотасына бөлінеді (немесе бірінші сайлау бөлігі). Әр партияға берілген дауыстар санын сайлау квотасына бөлу арқылы, партиялық тізім бойынша сәйкестелген саяси партиялардың әр қайсы неше мандатқа ие болғанын анықтауға болады. Яғни осы партияларға мандатты бөлу кезінде қалдықсыз қалған бүтін санға сәйкес мандат беріледі.
- Егер жоғарыда көрсетілген әдістер қолданылғаннан кейін бөлінбей қалған мандаттар болса, онда осы мандаттар қайта бөлінеді. Бөлінбей қалған мандаттар партиялық тізімдерге олардың әр қайсының жинаған дауыстарын сайлау квотасына бөлу кезінде қалған қалдықтарының жоғарыдан төменге қарай орналасуына байланысты бөлініп беріледі.
- Депутаттық орындар сәйкестелген партиялық тізімдер бойынша олардың депутаттарының белгілі бір тәртіпте орналасуын қатаң сақтау негізінде беріліді.
Саяси партиялар қайта құрылуы немесе таратылуы кезінде осы партиялық тізім бойынша депутаттық мандатқа ие болған Мәжіліс депутаты да өзінің өкілеттігін тоқтатады.
- Қазақстан Республикасындағы сайлау органдарының жүйесі.
Қазақстан Республикасында сайлауды ұйымдастыру және өткізуді арнайы органдар — сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Олардың өкілеттк мерзімі 5 жыл және қызметі сайлау туралы конституциялық заңның 2-ші тарауымен реттеледі.
Қазақстан Республикасындағы сайлау органдарының біртұтас жүйесін:
Республиканың Орталық сайлау комиссиясы;
аумақтық сайлау комиссиясы;
округтік сайлау комиссиясы;
учаскелік сайлау комиссиясы құрайды.
Орталық сайлау комиссиясы Республиканың орталық сайлау комиссиясының біртұтас жүйесін құрайтын және тұрақты әрекет ететін сайлау орган болып табылады.
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Парламент Мәжілісімен сайланатын және босатылатын комиссия төрағасынан, оның орынбасарынан, хатшысынан және мүшелерінен тұрады. Оның төрағасы мен хатшысының жоғары заң білімі болуы керек.
Орталық сайлау комиссиясы келесі өкілеттіктерге ие болады:
сайлау туралы заңдылықтың орындалуын бақылауды жүзеге асырады, оның бірыңғай қолданылуын қамтамасыз етеді;
Президенттің, Мәжіліс депутаттары мен Сенат дапутаттарын сайлауды дайындауды және өткізуді ұйымдастырады;
партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарының бір бөлігін сайлауға саяси партияларды қатысуға жіберу туралы мәселені қарастырады;
Мәжіліске сайлау бойынша сайлау округтерін құрады және олар туралы ақпаратты баспада жариялайды;
сайлау науқанын өткізуге кететін шығындардың сметасын жасайды және Үкіметке ұсынады;
сайлау комиссияларын басқарады;
Президенттікке кандидаттарды тіркейді;
орнынан кеткен Парламент, мәслихаттардың депутаттарының орнына депутаттарды сайлауды тағайындайды;
Келесі сайлау органдары болып облыстарда (республикалық маңызы бар қалаларда және астанада), аудандарда, қалаларда, қалалардағы аудандарда құрылатын аумақтық сайлау комиссиялары табылады. Олар саяси партиялардың ұсынысы бойынша сәйкестелген мәслихаттармен сайланады. Әр саяси партия сәйкестелген сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатурадан ұсынуға құқылы. Олар Президент, Парламент пен мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.
Аумақтық сайлау комиссиясы келесі өкілеттіктерге ие болады:
әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында сайлау туралы заңдылықтың орындалуын қамтамасыз етеді;
Президент, Парламент пен мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді;
Төменгі аумақтық; округтік және учаскелік сайлау комиссияларының қызметіне басшылық жасайды, олардың қабылдаған шешімдерін тоқтата тұруға немесе жоюға құқылы;
Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркейді, Сенат депутаттарының сайлауын өткізуді қамтамасыз етеді;
Маслихат депутаттарын сайлау бойынша сайлау округтерін құрады, олардың тізімдерін жариялайды, сайлаушыларға сайлау учаскелері туралы хабарлайды;
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды, олардың орнынан кеткен мүшелерінің орнына қайта сайлауды тағайындайды әрі ұйымдастырады және т.б..
Округтік сайлау комиссияларының қызметі сайлау туралы Конституциялық заңның 15,16 баптарында рәсімделеді. Олар саяси партиялардың ұсынысы бойынша сәйкестелген мәслихаттармен сайланады және Парламент Мәжілісі депутаттары мен мәслихат депутаттарын сайлау округтерінде сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді. Олардың құрамында 7 мүше болады. Округтік сайлау комиссиялары учаскелік сайлау комиссияларына қарағанда жоғары болып табылады және сайлау учаскелерінде сайлауды өткізу мен дауыс беру бойынша олардың қызметіне толық басшылық жасайды.
Сайлау органдарының ең төменгі звеносы болып учаскелік сайлау комиссиясы табылады, олар Олар саяси партиялардың ұсынысы бойынша сәйкестелген мәслихаттармен сайланады. Олардың қызметі сайлау туралы Конституциялық заңның 17, 18 баптарымен реттеледі. Учаскелік сайлау комиссиялары Президентті, Парламент пен мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.
Учаскелік сайлау комиссияларының құзыретіне мыналар жатады:
сайлаудың іс-шараларын өткізеді;
учаскелік сайлау комиссияларының мекен-жайларын жария етеді;
сәйкестелген сайлау учаскелерінің тізімдерін құрады;
сайлау орындарын дайындайды;
дауыс беруді ұйымдастырады;
берілген дауыс нәтижесін анықтап, дауыстарды санауды өткізеді;
арыздар мен шағымдарды қарайды.
№7 тақырып бойынша тест сұрақтары.
- Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы қағидаларына қайсы жатады:
а) жалпыға бірдей, тең, тікелей және жанама сайлау құқығы;
ә) жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы;
в) жасырын дауыс беру кезіндегі жалпыға бірдей, тең, тікелей және жанама сайлау құқығы, дауыс беру еріктілігі.
(дұрыс жауабы — в)
- Мажоритарлы жүйенің салыстырмалы көпшілігі – бұнда кандидат сайланған болып есептелетін, егер:
а) 50 пайыздан астам;
ә) 25 пайыздан астам;
в) өзге кандидаттаға қарағанда көпшілік дауыс жинаса.
(дұрыс жауабы — в)
- Қазақстан Республикасында Парламент депутаттарын сайлау кезінде дауыс есептеуге қолданылады:
а) мажоритарлық жүйенің абсолюттік көпшілігі;
б) мажоритарлық жүйенің салыстырмалы көпшілігі және пропорционалдық жүйе;
в) мажоритарлық жүйенің абсолюттік көпшілігі мен пропорционалдық жүйенің үйлесімділігі.
(дұрыс жауабы — в)
- Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындау құқығы кімге жатады.
а) Президентке;
б) Парламентке;
в) Орталық сайлау комиссиясына.
(дұрыс жауабы — а)
- Сайлау округі – бұл:
а) Парламент депутаттары мен жергілікті сайлану органдарын сайлау үшін құрылатын арнайы аумақтық бірлік;
б) сайлаушыларды тіркеу үшін құрылатын аумақтық органдар;
в) сайлаушылардың дауыс беретін орны.
(дұрыс жауабы — а)
- Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мүшелікке кандидаттарды ұсыну құқығына ие болады:
а) округтік сайлау комиссиясы;
б) азаматтардың жиылысы;
в) мәслитаттар.
(дұрыс жауабы — б)