Қазақстан Республикасындағы адам және азаматтың конституциялық-құқықтық мәртебесі

 

 

6.1. Қазақстан Республикасындағы тұлғаның құқықтық мәртебесі негізінің түсінігі. Мемлекет пен қоғамдағы тұлғаның құқықтық мәртебесі негізінің институты конституциялық құқықпен реттелетін ең басты институт болып табылады. Құқық пен бостандықтың қазіргі уақыттағы концепциясы – бұл құқықтар мен бостандықтардың жалпыға танылған үлгісі әзірлену процесіндегі ұзақ тарихи даму нәтижесі. Өмір сүру құқығы, еркін жүріп-тұру бостандығы, азаматтыққа құқығы, ар-ождан бостандығы, барлығының заң алдында теңдігі – бұл барлығына жалпы құқықтар, оларды қоғамдық құрылысына, саяси режиміне, мемлекеттік құрылыс нысаны мен басқару нысанына қарамастан барлығы бірдей пайдаланады. әр адам қайда жүрсе де, қай жерде тұрса да, ол кез келген жерде негізгі табиғи құқықтар мен бостандықтарға ие болады. Мемлекет тек осы табиғи құқықтар мен бостандықтарды өзінің ішкі заңдылықтарында рәсімдейді.

Конституциялық құқықтың осы институтын зерттеу кезінде адам мен азаматтың “құқығы” түсінігі мен “бостандығы” түсінігінің айырмашылығын, тұлғаның құқықтық мәртебесінің “екі жақтылық” (дуалистік) сипатының қалай анықталатындығын білу қажет.

Адам құқығы – мемлекетпен бекітілген және кепілдендірілген қоғамдық, саяси немесе шаруашылық құрылымдардың қызметіне қатысу құқығы. Адам құқығында индивидтің қызметінің нақты бағыты бекітіледі. Мемлекет өзіне заңда белгіленген аяда құқыққа сәйкес әрекеттермен қамтамасыз ету және оны қорғау міндеттілігін алады.

Адам бостандығы – адамның қызмет аясы, оған мемлекет араласа алмайды. “Бостандық” түсінігі адамның өз әрекетін таңдау мүмкіндігі, ол өзінің ішкі дүниесіне ешкімнің араласуына жол бермейді және өзін қорғайды. Мемлекет тек құқықтық нормалардың көмегімен оның шегін нақтылайды, осы негізде адам өз қалауынша әрекет жасай алады.

Тұлғаның құқықтық мәртебесенің “екі жақтылық” сипаты, адамның құқықтық мәртебесі мен азаматтың құқықтық мәртебесі бір-бірінен шектеледі. Егер адам құқығы оған тумысынан берілсе, ал азаматтың құқықтары алынған болып табылады. Тұлға экономикалық аяда адам ретінде, ал саяси аяда азамат ретінде танылады. Азаматтың құқықтық мәртебесіне адамның құқықтары, сонымен қатар мемлекет пен азаматтың арасындағы  ерекше өзара қатынасын анықтайтын саяси құқықтар мен міндеттердің кешені (комплекс) жатады. Яғни, осы мемлекеттің азаматы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға қарағанда көлемі жағынан кең құқықтар мен бостандықтарға ие болады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. Оның мағынасы мемлекет пен тұлға арасындағы өзарақатынас адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы негізінде құрылуы қажеттігін білдіреді. Мемлекеттің қызметі біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздегі адам және азаматтың жан-жақты даму жағдайын жасауға бағытталуы қажет. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы қағидасы қолданыстағы өзге де заңдылықтарды қалыптастыруға негіз болып табылуы қажет. Бұған дәлел ретінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-ші бабының 2-ші тармағын қарастыруға да болады, онда адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады делінген.

Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының абсолюттілігі, олардан ешкімнің айыра алмайтындығы және олар әркімге тумысынан тиістілігі, яғни осы конституциялық қағида индивидтің құқықтары мен бостандықтарына табиғи сипат береді.

Конституция адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық қағидасын жариялады. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.

6.2. Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын саралау. Қазақстан Республикасының Конституциясының “Адам және азамат” деп аталатын 2-ші бөлімінде адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары бекітілген (10-39 баптар). Олар Қазақстан Республикасындағы тұлғаның құқықтық мәртебесінің ядросын құрайды. Оларды келесі топтарға бөлуге болады: жеке құқықтар мен бостандықтар, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтар мен бостандықтар.

Жеке құқықтар мен бостандықтарға Қазақстан аумағында тұрақты және уақытша тұратын барлық тұлғалар ие болады. Олар абсолютті, ешкім айыра алмайтын және әркімге тумысынан тиісті болады. Конституцияның 15-ші бабына сәйкес әркім өмір сүру құқығына ие болады. Конституцияда өмір сүру құқығы әр түрлі қол сұғушылықтан қорғалу мақсатында бекітілген. Өмір сүру құқығы көптеген конституциялық кепілдіктермен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ бекітеді. Конституцияның 31-ші бабында адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін деректер мен жағдаяттарды лауазымды тұлғалардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатындығы туралы бекітіледі. Өмір сүру құқығы тек қана Конституциямен ғана емес, өзге де салалық заңдылықтармен қорғалады. Қолданыстағы заңдылықтар осы құқықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың жүйесін анықтайды.

Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі кісі өлтіру, аффект салдарынан кісі өлтіру, абайсыздықта кісі өлтіру, өзін-өзі өлтіруге дейін апару, ауруға дәрігерлік көмек көрсетпеу сияқты (96-101, 102, 118-ші баптар) және т.с.с. ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықты бекіткен. Сонымен қатар Конституция мен қылмыстық заңдылық әр адамның қажетті қорғану құқығын таниды (Конституцияның 13-ші бабы, ҚРҚК-нің 32-ші бабы).

Бірақ Қазақстан Республикасының Конституциясы ең ауыр жаза ретінде өлім жазасын қарастырады. Қазіргі уақытта өлім жазасына мораторий енгізілді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодесте адам өмірін қорғау мақсатында еңбек және денсаулық саласындағы құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылады.

Жеке құқықтар мен бостандықтар категориясына Консттуцияның 16-шы бабында қарастырылған әркімнің жеке басының бостандығына құқығы бекітілген. Кез келген конституциялық мемлекет сияқты Қазақстан Республикасында тұтқындау мен қамау заңда көзделген реттерде ғана соттың немесе прокурордың санкциясымен іске асырылады. Прокурордың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспатын мерзімде ұстауға болмайды. Сонымен қатар әр ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап  адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалану құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 17-ші бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Адамның қадір-қасиеті тұлғаның сыртқы және ішкі мазмұнын өзіне толығымен енгізеді. Қазіргі қоғамда қадір-қасиет түсінігін тұлғаның жағымды қасиеттері мен жақтарының жиынтығы ретінде қарастырады, әрі ол мемлекетпен жоғары қазына ретінде қорғалады. Сонымен қатар “қадір-қасиет” түсінігі заң ғылымында құқықміндеттеу институты арқылы талқылайды, онда 1) бір индивидтің қадір-қасиеті екіншісінің міндеті болып табылады; 2) қадір-қасиет әркімнің және әрқайсының міндеттілік объектісі; 3) “қадір-қасиет” өзінің қадір-қасиеті құқығы мен өзгенің қадір-қасиетін сыйлау міндетінің  үйлесімділігімен анықталады.

Конституцияда әшкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтындығы туралы кепілдік орын алған. Конституцияның 18-ші бабына сәйкес әркім өзінің қадір-қасиетін қорғауға құқығы бар. Салалық заңдылықтарда адамның қадір-қасиетін қорлағаны үшін жауапкершілік шаралары қарастырылған. Сонымен қатар жеке құқықтарға әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқала сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығының сақталуына құқығы бар. Бұл норма Конституцияның 18-ші бабында бекітілген. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.

Қылмыстық және азаматтық сот өндірісі жеке өмірдің құпиялаларын сақтау бойынша шараларды қарастырады. Жеке және жанұялық құпияны сақтау мүддесінде соттық қарау жабық түрде өткізілуге тиіс. Мысалы, ҚР ҚІЖК-нің 13-ші бабына сәйкес жеке өмірі және жеке сипаттағы мағлұматтар туралы мәліметтерді жинау, пайдалану және таратуға жол берілмейді, егер іс жүргізу қызметі мақсатында көзделмесе және тұлға оны құпияда сақтау керек деп тапса. ҚР АІЖК-нің 144-ші бабында телефон арқылы сөйлесу, құпиялы жолмен хат алысу және т.с.с. қорғалатындығы орын алған. Банк қызметі туралы заңдылықта жеке салымдар мен жинаған қаражатының сақталу құқығы қарастырылады.

Сонымен қатар Конституцияның 19-шы бабында бекітілген жеке құқыққа әркімнің өзінің қай ұлтқа, партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқығы жатады. Ешкім азаматтты өзінің қай ұлтқа, қай партия мен дінге жататынын көрсетуге мәжбүрлей алмайды. Бұл жағдай ешқандай да құқықтық салдарға әкеліп соқпайды және жалпыға танылған адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қандай да бір басымдылықтың болуының немесе нұқсан келтірудің негізі болып табылмайды. Ал Конституцияның 19-шы бабының 2-ші тармағына сәйкес әркімнің ана тілі мен төл әдебиетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алу құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 20-шы бабында сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Бұл ұғым адамдардың қызметінің рухани аясына негізделген. Бостандықтың бұл түрі тұлғаның идеялары, пікірлері, сенімдері мен оларды айта білу бостандығының кепілдігіне жатады. Сөз бостандығын конституциялық деңгейде бекіту адамзаттың ең үлкен жетістігі болып есептеледі, себебі тарих адамдардың өз көзқарастары үшін қаншама қиналғанаын мысалға келтіре алады.

Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Сонымен қатар сөз бостандығын асыра пайдаланушылық өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын және тұлғаның қадір-қасиеті мен ар-ожданына, жеке өміріне қол сұғылмаушылыққа, жеке және жанұялық құпиясын бұзуға әкеліп соқпауға тиіс. Сондықтан сөз бостандығы өзгелердің сөз бостандығын шектемеуге тиіс әрі ерекше міндеттілік пен жауаптылыққа әкеледі.

Республиканвң конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қеуіпсіздігігіне нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.

Алғаш рет конституциялық деңгейде әркімнің Қазақстан Республикасы аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бекітілген. Әр адам Республикадан тыс жерлерге кетуіне, ал Қазақстан Республикасының азаматтарынң Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар. Бұл құқық Қазақстан Республикасының Конституциясының 21-ші бабында бекітіліп, адам құқықтарының халықаралық қауымдастықпен жалпыға танылған разрядына жатады. Сондай-ақ ол бұрынғы одақтас республикалардың және КСРО аумағынан кедергісіз кете алмаған әрі одан тыс жерлерден тұрақты мекенді ьаңдай алмаған азаматтар үшін өзекті мәселе болған. Қазақстан Республикасында ар-ождан бостандығы консттуциялық негізде кепілдендіріледі (Қазақстан Республикасының Конституциясының 22-ші бабы). Ар-ождан түсінігіне тұлғаның дінге өз ерікті және ешкімнен тәуелсіз түрдегі қатысы. Әркім қай дінді ұстану немесе ұстанбау бостандығын өзі шешеді. Қазақстан Республикасында діни-наным бостандығы мен атеизм де танылады.

Конституцияның 25-ші бабына сәйкес тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді және тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Бұл адам мен азаматтардың ққықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылыс негіздерін қорғаумен және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.с.с. байланысты.

Егер құқыққорғаушы органдардың қызметі қылмысты ашу және қылмыскерлерді ұстауға бағытталса, яғни олардың қызметкерлері тұрғысынан жасалған әрекеті заңды сақтаса, онда тұрғын үйге басып кіруі құқыққа сәйкес болып табылады.

Осыған байланысты тексеру және тінту өндірістері сияқты тергеу әрекеттеріне баса назар аудару қажет. Тінту өндірісі прокурормен санкцияландырылады. Қазіргі уақытта тінтуді судьяларда санкцияландырады. Заң кейінге қалдыру мүмкін болмаған жағдайда санкциясыз тінту және тексеруді жүргізуге мүмкіндік береді. Бірақ, ондай жағдайлар тінту туралы қаулыда міндетті түрде көрсетілуі керек.

Тұрғын үйге кіру тек қылмыс жасады деп сезіктенген адамды қолға түсіру кезінде немесе онда қылмыс жасалды деп ойлауға негіз болған жағдайда, сонымен қатар азаматтардың қауіпсіздігін және төтенше жағдайларда, апаттарда, аварияларда, эпидемия, массалық тәртіпсіздік және т.с.с. болған кезде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады.

Тұрғын үйде тұратындардың еркіне қарсы тұрғын үйге кіру үшін негіз болып қылмыстық істер бойынша үкімді орындау және азаматтық істер бойынша сот шешімдерін мәжбүрлі түрде орындату табылады.

Адамдардың тұрғын үйге қол сұғылмаушылығын бұзған кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады. Заң әдебиеттерінде азаматтардың тұрғын үйге құқығы үш негізде ашылады: тұрғын үй қорын тұрақты пайдалану; тұрғын үй жағдайларын жақсарту; адамға қажетті тұрғын үй жағдайын қамтамасыз ету. Сондықтан мемлекеттің тұрғын үй саясаты осы үш негізгі тұрғыда құрылуы қажет.

Әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен міндеттер. Адам мен азамат азаматтық қоғамның мүшесі ретінде экономикалық және әлеуметтік құқықтар мен бостандықтарға ие болады.

Тұлға өзінің экономикалық құқықтары мен бостандықтары арқылы материалдық мүмкіндіктерін іске асырады. Экономикалық құқықтары мен бостандықтар Конституцияның 24-ші бабында бекітілген, оларға жеке меншік, кәсіпкерлік қызмет бостандығына құқығы жатады.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік және жеке меншік тең негізде қорғалады. Конституцияның 26-шы бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. 1995 жылы қабылданған Конституцияда алғаш рет жерге жеке меншік құқығы бекітілді (Конституцияның 6-шы бабының 3-ші тармағы). Конституцияда меншікке қол сұғылмаушылық, яғни ешкімді де соттың шешімінсіз өз мүлкінен айыруға болмайтындығы бекітілген. Бірақ заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілу  мүмкіндігі қарастырылады.

Конституция жеке меншікпен қоса мұрагерлік құқығына да кепілдік береді.

Қазақстан экономикасының нарықтық қатынасына көшуімен байланысты Конституция кәсіпкерлік қызметке бостандықты жариялады. Әркім өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін пайдалану құқығына ие болады.

Осы конституциялық ереженің негізінде кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңдылық қабылданды.

Кәсіпкерліктің түсінігі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің жалпы бөлімінің 10-шы бабында: кәсіпкерлік – бұл меншік нысанына байланысты болмайтын, пайда немесе жеке табыс табуға бағытталған азаматтардың және заңды тұлғалардың өз бастамасымен іске асырылатын қызметі деп беріледі. Қазақстанда кәсіпкерлік қызметпен 18 жасқа толған, әрекет қабылеттігі бар, сонымен қатар кәмелетке толмаған, бірақ некеге тұрған азаматтар айналыса алады. Қылмыстық кодекс заңды негізде кәсіпкерлік қызметпен айналысуға бөгет жасайтындарға жауаптылықты қарастырады.

Монополистік қызмет заңмен реттеледі және шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

Әлеуметтік құқықтар мен бостандықтардың ең бастысы ретінде Қазақстан Республикасының 24-ші бабында әркімнің еңбек ету бостандығына құқығы және онымен байланысты қауіпсіздік әрі тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін ешқандай кемсітусіз сыйақы алу, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалу құқығы бекітілген.

Алғаш рет конституциялық деңгейде жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылды. Еңбек туралы заңдылық жеке еңбек дауларын қарайтын органдарды, олардың келіспеушілігін туындатқан жағдайды қарау тәртібін  және т.с.с. анықтайды.

Мемлекет сонымен қатар тынығу құқығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік береді. Заңдылықта жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына барлық қызметкерлер мен жұмысшылар үшін 40 сағаттан аспау керек екендігі анықталған. Еңбек даулары сотпен тегін қарастырылады.

Конституцияның 28-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі.  

Қоғамдық бірлестіктер халықаралық, республикалық, аумақтық және жергілікті деңгейде құрылуы мүмкін.

Азаматтар қоғамдық бірлестіктерге өздерінің саяси және өзге де құқықтар мен бостандықтарын қорғау мен іске асыру, мемлекет пен қоғамдық істерді басқаруға қатысу, кәсіби және өзге мүдделерді қанағаттандыру, ғылыми, техникалық және әдеби шығармашылықты, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігін, спорттық-денсаулық сақтау, табиғатты қорғау, халықаралық байланыстарды кеңейту, халықтар арасындағы достықты нығайту  мақсатында бірлесе алады.

Қоғамдық бірлестіктерді құру және қалыптастыру қағидалары болып өз еріктілік, олардың мүшелерінің тең құқылығы, өзін-өзі басқару, заңдылық және жариялылық табылады.

Конституцияның мақсаты мен әрекеттеріне қайшы келетін, Қазақстанның тұтастығын бұзуға шақыратын, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, мүліктік және рулық астамшылықты насихаттайтын, адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзуды алдына мақсат етіп қоятын  қоғамдық бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне тыйым салынады. Сонымен қатар әскери бірлестіктер мен қарулы-күштердің қоғамдық негізде қалыптасуына тыйым салынады. Халықтың денсаулығы мен имандылығына қол сұғатын қоғамдық бірлестіктердің құрылуы мен қызметі заңмен қудаланады.

Азаматтың қоғамдық бірлестіктердің қызметіне қатысу немесе қатыспау оның құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негіз бола алмайды. Әркім өзінің қай қоғамдық бірлестікке жататынын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы.

Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қоғамдық бірлестіктердің қызметіне, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктер мемлекеттің қызметіне араласуына жол берілмейді. Қоғамдық бірлестіктердің меншігі заңмен қорғалады.

Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға және қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар қоғамдық бірлестіктерге мүше бола алады, егер олар саяси партиялар мен қоғамдық білестіктің жарғысында саяси мақсатты көздейтін қоғамдық бірлестіктер болып табылмаса.

Саяси партиялар – Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркімен құрылған бірлестігі, олар мемлекеттік билікті жүзеге асыруға өзінің өкілдері арқылы қатысып, өздерінің саяси еріктілігін көрсетеді.

Барлық саяси партиялар заң алдында тең. Олар өзін-өзі басқару және өзін-өзі қаржыландыру негізінде әрекет етеді. Саяси партияларға мемлекеттік органдардың функциясын артуға жол берілмейді. Сонымен қатар мемлекеттік қаржыландыруға да болмайды.

Саяси партиялардың мүшелері тіркеледі. Олар Қазақстан Республикасының азаматтарының партияның құрылтайшылық съезін шақыратын және республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, облыстардың үштен екісінен өкілдері болатын мыңнан кем болмайтын санымен құрылады.

Құрылтайшылық съезде саяси партияның құрылуы туралы, оның атауы, жарғысы, бағдарламасы және басқарушы органдары қалыптасады.

Әділет министрлігінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, барлық облыстардың құрылымдық бөлімшелерінде 700-ден кем болмайтын мүшелері бар құрамында саны 50 000-нан кем болмайтын мүшесі бар саяси партиялар тіркеледі. Саяси партиялардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) әділеттің аумақтық  органдарында тіркеледі.

Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматы тек бір ғана саяси партияның мүшесі бола алады.

Конституцияның 32-ші бабын қолдану 17 наурыз 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасында бейбіт әрі қарусыз жиналу, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” заң күші бар жарлығымен реттеледі.

Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекет істерін басқаруға тікелей республикалық референдум және сайлау арқылы қатыса алады.

Республикалық референдум – Конституцияның, конституциялық заңдардың, заңдардың жобаларын және Қазақстан Республикасының мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін шешу бойынша бүкілхалықтық дауыс беру. Республикалық референдумды тағайындау, дайындау және өткізу тәртібімен байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастар 2 қараша 1995 жылы қабылданған “Республикалық референдум туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттеледі.

Сайлау құқық қабылеттігіне ие болатын Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары мемлекеттік билік органдарын қалыптастыру кезінде тікелей қатыса алады. Яғни, олар Қазақстан Республикасы Президентін, Парламент Мәжілісі депутаттарын, маслихат және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының депутаттарын сайлау құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлану құқығына ие болады (ҚР-сы Конституциясының 33-бабы).

Санымен қатар саяси құқықтар мен бостандықтарға Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең конституциялық құқығы жатады.

6.3. Адам мен азаматтың конституциялық міндеттері.

Тұлға тек қана құқықтар мен босатандықтарға ғана емес, сондай-ақ мемлекет алдында анықталған міндеттерге ие болады. Міндеттілік институты да дуалистік сипатқа ие болады. Индивид адам ретінде атқаратын міндеттері болады. Ол Қазақстан аумағында тұрақты және уақытша тұратын барлық адамдарға адрестелген және жалпыға бірдей сипатқа ие болады. Оған келесі міндеттер жатады:

әркім Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті (Конституцияның 34-ші бабының 1-ші тармағы);

әркім Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті (Конституцияның 34-ші бабының 2-ші тармағы);

заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы және міндеті (Конституцияның 35-ші бабы).

Қазақстан Республикасының тұлға ретіндегі азаматы келесі міндеттерге ие болады:

Отанды қорғау — Қазақстан Республикасы азаматының қасиетті парызы және борышы (Конституцияның 36-шы бабының 1-ші тармағы);

олардың заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқару міндеті;

тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлақ жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау міндеті;

табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарау міндеті.

 

№6 тақырып бойынша тест сұрақтары

  1. Адам мен азаматтың экономикалық құқықтарына жатады:

а)  жеке меншік құқығы;

б)  білім алу құқығы;

в)  сайлау және сайлану құқығы;

 (дұрыс жауабы — а)

  1. Қазақстан Республикасында танылады:

а)  тек Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары;

б)  тек адам құқықтары;

в)  адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары; (дұрыс жауабы — в)

  1. Адам мен азаматтың саяси құқықтарына қайсы жатады:

а)  ар-ождан бостандығы;

б)  өмір сүру құқығы;

в)  мемлекет пен қоғам істерін басқаруға қатысу құқығы

 (дұрыс жауабы — в)

  1. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншігінде бола алады:

а) заңды түрде алған кез келген мүлік;

б) азаматтық айналымнан алынбаған кез келген мүлік;

в)  кез келген мүлік.

 (дұрыс жауабы — а)

  1. Сөз сөйлеу бостандығына құқығын адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қай тобына жатқызуға болады:

а)  саяси;

б)  экономикалық;

в)  жеке.

 (дұрыс жауабы — в)

  1. Жиналысқа шығу бостандығына құқығын құқықтар мен бостандықтардың қай тобына жатады:

а)  саяси;

б)  жеке;

в)  экономикалық.

 (дұрыс жауабы — а)

  1. Тұлғаның конституциялық міндеті болып табылады:

а)  дауыс беру міндеті;

б)  табиғат байлықтарына ұқыпты қарау міндеті;

в)  мемлекеттік оқу орындарында орта білім алуға міндеті.

 (дұрыс жауабы — в)

  1. Саяси партияларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады:

а)  Әділет министрлігі;

б)  ҰҚК;

в)  Үкімет.

 (дұрыс жауабы — а)

  1. Саяси партияларды мемлекеттік тіркеу үшін оның құрамында болу керек:

а)  3000-нан кем болмайтын азаматтар;

б)  25 000-нан кем болмайтын азаматтар;

в)  50 000-нан кем болмайтын азаматтар.

 (дұрыс жауабы — в)

  1. Қоғамдық бірлестіктердің құқық қабылеттіліі:

а)  тіркеуге тұрған кезінен бастап;

б)  бағдарламасы мен жарғысы қабылданған кезден бастап;

в)  құрылтай съезі өткен кезден бастап.

 (дұрыс жауабы — а)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *