(1668-1781)
Қазақ поэзиясының тарихында ең ірі тұлғалардың бірі- Бұқар жырау Қалқаманұлы. Бір ғасырдан артық өмір сүрген. Әкесі батыр болған. Жыраудың қайда оқып, қандай өмір мектебінен өткені туралы деректер жоқ. Біз оның Тәуке ханның тұсында ықпалды билердің бірі болғандығын білеміз. Тәукеден соңғы әміршілермен тіл табыса алмағандықтан алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде күн кешсе керек. Алайда өмірінің соңғы кезінде жәй ғана арқалы жырау, ақылшы аға емес, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп отырған қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналады (М.Жүсіптің айтуынша). Сүйегі Баянауылда. Далба тауының етегінде.
Бұқар жыраудың қазақ елінің іргелі жұрт болуына сіңірген азаматтық, шығармашылық еңбегі. Қазақтардың Ресеймен, Жоңғар хандығымен арада болған мемлекеттік саясаты кезінде Бұқар ұсынған принцип. Жыраудың Бөгенбай батыр ерлігін әспеттейтін шығармалар. Абылай ханның ерлік жолын көрсететін туындылар. Үмбетей жыраудың Абылай ханға Бөгенбай өлімін естіртетін шыгармасында жырланатын XVIII ғ. Қазақтар мен қырғыздар арасындағы жаугершілікті Бұқардың ешбір туындысында сөз етпеу себебі. Бұқар жырау дипломатиясы. Абылайдың Ресеймен араздасқан тұсында жыраудың Қазыбек би мен Қабанбай позициясын ұстануы. Еділ бойы қалмақтарымен арадағы соғыстың жай – күйінен, Қасым Абылайұлының өмірге келген сәтінен мәләмет беретінтуындылары, бұл шығармалардың деректілігінің тарихи жазба ескерткіштер мен фольклорлық мұралар арқылы дәйектелетіндігі.
Халық есінде сақталған Бұқар жырлары ұмытылмай атадан балаға беріліп, саналы ой өрнегін құрағаны, әр ошақтың мазмұнды тіршілігінің ережесі болғаны оған арналған ел ілтипатының белгісі деп білеміз. Сол өткен «Ақтабан шұбырынды» заманы жайында жазатын жазушы, ақын, тарихшы Бұқар мұрасына соқпай, соған жүгінбей өте алмайды. Өйткені олар Бұқар жырларындағы тарихи тұздықты деректерді өз шығармаларына, ғылыми зерттеулеріне өзек етеді. Себебі әулие жырау сол замандарда халық басынан кешірген зұлмат заманның әрбір кезеңін, әрбір тарихи қайраткерін, олардың жеке-дара мінездерін, ерекшеліктерін, қабілетін мұқият түрде сипаттап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп жырмен жеткізген еді. Егер Бұқар жырау сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайды, ата-бабабларымыздың ерлік әрекеттерін, жер-су аттарын атап, өсиет етіп айтып кетпесе болған оқиғалар, белгілі қоғам қайраткерлерінің іс-әрекеттері мезгілімен көмескіленіп атаусыз қала беруіықтимал еді. Сондықтан да Бұқар жырлары қоғам өмірінің айнасы, халықтың басынан кешкен өмірінің бірден бір тарихи көзі болып есептеледі.
Абылай хан өзінің құрған мемлекеттік саясатында әулие жыраудың айтқан ақыл-кеңесіне құлақ асып, оны өз ісіне арқау етіп отырды. Белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбеков былай дейді: «Осы орайда Бұқар жыраудың бүкіл поэзиясын сол кездің саяси-әлеуметтік жағдайымен шендестіріп зер салсақ, Абылай хан өзінің құдірет болмысына қарамастан, сол поэзиядағы нұсқауларды жүзеге асырушы болғандығын байқар едік. Тіптен, Бұқар поэзиясындағы көреген нұсқауларды орындап үлгере алмай, арманда кеткенін байқауға болады. Абылайдың ұлылығының өзі ұлттық осынау өнер деңгейіндегі өмір салтын түсініп оған бас июінде болса керек».
Жырау халықты бірлікке, бүтіндікке шақырып, түрлі тәсіл саясатпен ел бостандығының қамын көздеген. Халық пен хан арасында дәнекер болған жырау «басшысыз халық азады, халықсыз хан тозады» дегенді мықтап ескерген. Ханға да, халыққа да осы пікірін айтып, толғап өткен.
Пысықтау сұрақтары мен тапсырмалары
- Бұқар жырау XYIII ғасыр әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға
- Бұқар жыраудың қазақ елін жоңғар басқыншылығынан сақтап қалған ер-жүрек батырлар туралы жырлары
- Бұқар жырау толғауларындағы Абылай хан бейнесі
Әдебиеттер мен әдістемелік нұсқаулар
1.Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (XY-XYIII ғасырлар). Үшінші кітап. Оқулық. –А., 1992
2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. Төртінші кітап. Хрестоматия /Құрастырған Мағауин М./. –А.,1993
- Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті (ХҮІІІ-ХІХ ғасыр). Оқулық. –А., 1991
- Бес ғасыр жырлайды. –А., 1993
5.Мағауин М. Ғасырлар бедері. Алматы: Жазушы,1991.