ХХ ғасыр басындағы ірі тарихи-әлеуметтік өзгерістер қоғам дамуына зор әсерін тигізді. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетi тарихында жәдит, Алаш құбылыстары ағартушылық жолындағы ұлттық қозғалыс аясында көрiндi. Сонымен қабат осы кезеңде әдеби-рухани күш пен саяси қайраткерлiктiң бiртұтасқанын да байқауға болады. Мұндай процесс әлем тарихына ортақ екенiн ұмытпағанымыз жөн. Ендеше, тұстастары мен замандастары “Абайдан кейiнгi әдебиеттiң ұйтқысы һәм жаңа кезеңнiң басы” ретiнде таныған Ахмет Байтұрсынұлының ұлт-азаттық күрестiң жуан ортасында жүруi, ақын-лирик Мағжан Жұмабайұлының 1917 жылы Мәскеуде өткен Мұсылмандар съезiне қатынасуы және өзге де өз шағының саяси шараларынан шет қалмауы, тағы басқа нақты тарихи фактылар аталған уақыт әдебиетiн милләттiк қозғалыстан тыс қарастырудың бiржақты болатынын аңғартады. Сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы әдеби-эстетикалық концепцияларда, көзқарастарда саяси сипаттың айқын көрiнуi “олар таза әдебиеттен жырақ” деген қорытынды жасатпауы тиiс.
Қазақтағы жәдитшiлдiктiң екiншi кезеңi “Айқап” журналының дүниеге келуiмен және оның “Қазақ” сынды әлеуеттi газеттiң жарыққа шығуын тездетуiмен, сөйтiп осы екi басылымның өркен жаюымен байланысты. Бұл кезеңде жәдитшiлдiк қазақ өмiрiнде сапалық деңгейге көтерiлiп, Алаш қозғалысына ұласты. “Айқап” пен “Қазақ” азаматтық тарихымызда тұңғыш рет жаңа заманға сай ұлтты ұйыстыруды түбегейлi қолға алды. Осы тарихи миссиясы орасан екi мерзiмдi басылым мынандай нәтижеге қол жеткiздi:
бiрiншi, ұлт проблемасын жалпыхалықтық сараптауға, яки талқылауға сала алды; екiншi, жақын және алыс болашақтың мақсат-мiндеттерiн анықтап, оларды кезең-кезеңмен орындауға жұмылды; үшiншi, Абай негiздеген жаңа әдеби тiлдi дамытып, өрiстеттi; төртiншi, әдебиет пен халық сұранымын, руханият пен ел мүддесiн тоқайластыра алды.
Қазақ әдебиетінің ірге бекітіп, қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне 20 жылдардағы сынның тигізген әсері зор болды. Таным деңгейлерінің, әдеби білімдерінің әр қилылығына қарамастан сол кездегі авторлар ешкімнің атақ-даңқынан, жоғары қызметінен қаймықпай ойындағысын бүкпесіз ашық айтатындығымен ерекшеленеді. Тағы бір назар аударатыны әдеби айтыстарға белгілі қаламгерлер, қалың оқырмандармен қатар партия совет органдарының басшылары да белсене қатысып отырған. Әрине 20-шы жылдардағы әдеби сынның солақайлылығын, ұр да жықтығын, кейбір қаламгерлердің жеке басына тиісетін анайылығын, мәдениетсіздігін де жасыруға болмайды.
Сондықтан да бүгінгі заманда қазақ әдебиетіндегі сын жанрының алатын бастауы – 20-30 жылдардағы әдеби сынына, әдеби ашық айтыстарға қайыра бір мойын бұрып, ой жүгіртіп, пайымдау, таразылау артық емес. 20 жылдарға дейінгі қазақ баспасөзінде немесе кітаптарға жазылған бірді-екілі пікір болмаса нағыз әдеби сын қалыптаса қойған жоқ. 1922 жылдан бастап кітаптарға жазылған рецензия-пікір негізінде, кейіннен қазақ әдебиетінің күрделі мәселелеріне, оның тарихы мен болашағын сөз еткен екі, тіпті үш жылға созылған әдеби айтыстар кезінде жазылған үлкенді-кішілі мақалалардан бастау алған көркем сын — әдебиеттің жетекші роліне айнала бастады.
Н.Төреқұлов «Темірқазық» (1923,№1) журналында жарияланған «Асау тұлпар» деген мақаласында С.Сейфулиннің 1922 жылы шыққан «Асау тұлпар» атты өлең кітабын талдай келіп, кей жағдайда асыра сілтеп, солақайлыққа ұрынады. Ақынның махаббат, сүйіспеншілік туралы жазғандарын порнография дейді, ал «Азия» деген өлеңі үшін Сәкенді білімсіздер қатарына жатқызады. Сондай-ақ ақынды «байғұс», «сабаз» деп кемсітеді. Ақырнда ол: «Бір жақтан порнография жазған, бір жақтан Азия мен Европаны айыра алмай, баындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жақтан өзінен шығарып жазуға келгенде білімсіздігін иинтернационализм қылып көрсеткен кісіні революционер ақын деп айта алмаймыз», — дейді. Алғашқы үлгілердің бірі осындай бағытта болғандықтан, қазақ әдеби сыны көп уақытқа дейін осы үрдістен шыға алмады. Бұдан кейін Н.Төреқұлов Сәкеннің «Бақыт жолына» пьесасына пікір жазады. Онда талдаудан гөрі үкім айту жағы басым болды да, бұл мақалаға қарсы сын айтылды. «Қызыл Қазақстан» журналының сол жылғы 16 санында С.Мұқановтың «Сынға сын» деген мақаласы жарық көрді. Ол мақала авторының тым асыра сілтеп, солақай сынға ерік бергенін орынды көрсете келіп, өзі де Нәзірді оңдырмайды: «Сәкеннің кім екенін, Нәзірдің кім екенін қазақ еңбекшілері жақсы біледі. Байлар мен байшігештерге неге ұнамайтынын білеміз». Жалпы ол кездегі сыншылар көп жағдайда әдебиет пен саясаттың арасына шек қоя бермейді. Әсіресе шығарманы сынай отырып, автордың жеке басына тиісіп өту балаң сынның басты кемшіліктерінің бірі еді.
20-жылдардағы әдеби сында үлкен талас тудырған мәселенің бірі — әдеби мұраға деген көзқарас. Айталық Абай мұрасына байланысты айтыс 20-жылдарда басталып, 50-жылдарға дейін созылды. Бұл орайда алғашқылардың бірі болып сөз қозғаған – С.Мұқанов. «Еңбекші қазақ газетінің 1923 жылғы 1 санында оның аты шулы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген мақаласы жарық көрді. А.Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойында С.Садуақасов баяндамасында қазақтың үлгі тұтар бес адамының атын атайды, олар: Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай, А.Байтұрсынов. Ал С.Мұқанов осы бесеуін де қазаққа пайдасыз адам деп таниды. Абай түралы «Жеті атасы би, тобықтыны бір шыбықпен айдаған тұқым. «Арғын-найман жиналып, таңырқаған сөзіме, қайран сөзім қор болған тобықтының езіне» деген өлеңі өзінің кім екендігін сездіреді. Бұл сөзінен: бір кезде арғын-найманды билейтін Абай қазір қолынан сыйы кетіп, ақыр аяғы өзінің тобықтысына да қадірсіз болғандығын, оған Абайдың назалатындығын көрсетеді»,- дейді. С.Мұқановтың бұл пікірлері елеусіз қалған жоқ. С.Садуақасов «Қазіргі дәуір – іс дәуірі» деген мақаласында: «…біреу Абайды күйдіріп, өртеп жіберу керек дейді. Себебі: Абай ескі, ол бұрын болған, бізге жаңа керек. Бұл сықылды пікірге жаңа пікірлі жастар қалай қарау керек. Бұл пікір сырттан қарағанда рас, жаңа сықылды. Бірақ мұның негізі дұрыс емес. Біз ескіге қарсы болғанда оның шын шіріген, ескірген жеріне қарсымыз. Біз өткен заманнан осы күнгінің арасын шорт кесіп тастамаймыз. Менен бұрынғының бәрі ескі, менікі ғана жаңа, сол жаңа өзіме жетеді, өзімді қанағаттандырады деп біз ешуақытта да айта алмаймыз», — дейді. Әдеби сынға Сұлтанбек Қожанов, С.Сейфуллин, С.Садуақасов, Н.Төреқұлов сияқты үкімет басшылары да араласа бастады. Ғаббас Тоғжанов, Қошке Кемеңгеров, Әбдірахман Байділдин, Шаймерден Тоқжігітов, Ыдырыс Мұстамбаев секілді әдеби сында өзіндік із қалдырған қаламгерлер де өз мақалаларын жаза бастады. Бұл кездегі сынның негізгі сипаты – полемика болатын. Бір сыншының жазған мақаласына табан астында жауап қайтару, пікір таластыру. Көп жағдайда айтылған пікірлерді мүлдем жоққа шығару, ең әрі кеткенде бір-біріне саяси айып тағу сияқты жайттар да үйреншікті іске айналды. Ол кездегі баспасөз пікірталастан қашпайтын. Әдебиеттің күрделі мәселелері біржақты қарастырылғанымен, белгілі мөлшерде сөз еркіндігі сол кездегі сынның өзіндік бет-бағдарын айқындап көрсете алды. Сондай-ақ әдебиет пен саясатты шатастыру, ұраншылдық, солақай сынға әуестік те көрініс берді. Қаламгерлерді жікке бөлу, оларға түрлі айдар тағу 20 ж. 2 жартысында өрши түсті. Әдебиет мәселесіне көптеп мақалалар жазыла бастағанымен, әдебиетті саясатқа бағындыра сөйлеу белең ала бастады.20 ж. 2 жартысында «ұлтшыл» атанған ақын-жазушылар әдеби ортадан жасанды түрде күшпен аласталып, коммунист жазушылар әдеби процестің негізгі қаһарманына айналды. Бірақ олардың арасында да көзқарас бірлігі болмады. Олар енді өз араларынан «ұлтшылдар» іздеді. Мысалы, Ғ.Тоғжанов С.Сейфуллин мен С.Мұқанов шығармаларынан ұлтшылдық, тоғышарлық сипаттар іздеді. Бұл сол кездегі әдеби айтыстардың ең шиеленіскен тұстары еді. 1923-25 жылдар аралығында Орынбор, Мәскеу, Қызылорда қалаларында М.Жұмабаев шығармашылығын, оның кітаптарын талқылау үшін арнаулы жиналыстар шақырылып, Мағжан туралы біржақты пікір қалыптасып, оның жазғандарының қазақ еңбекшілеріне зияннан басқа пайдасы жоқ деген қаулылар қабылданған болатын. С.Мұқановтың Мағжан туралы айтқандарын Қ.Кемеңгеров те, С.Садуақасов та мүлдем қабылдамайды, оны орынсыз айтылған теріс пікір деп ұсынады. Қошке: «Мағжанның 4-5 өлеңін кесе-көлденең тарта берудің жөні жоқ. Мағжанның ол өлеңді жазуға тарихи себеп бар шығар»,-дейді. Смағұл: «…тоғыз жыл төңкеріс Мағжанға текке кеткен жоқ. Оған куә — соңғы жазғандары. Мағжанды қайтсе де жақсылайын деген ойдан мен, сірә, аулақпын. Бірақ барын бар, жоғын жоқ деу керек. Мағжанды күйдірсек, біз барына күйдіреміз. Қайткенде де мен Мағжанды доңыздатып, қоңыздатушыларға қарсымын», — дейді.
С.Садуақасовтың ұлт, ұлтшылдық туралы түсінігі де басқалардан мүлдем өзгеше. «Ұлт» деген сөздің өзінен шоши бастаған кезде оның мына сөздері тосын естілді: «Ұлт сезімін жинап, әр халық өзін-өзі ұлт деп танушылық капитализмнен құтылуға қару болса, болашақта социализм орнату жолында да үлкен қару керек. Қазқ елі социализм жасауға кірісіп отырса, мақсатына жету үшін ең әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып алу керек.» Бұның өзі «ұлтшыл» аталған жазушылар туралы жаңа көзқарас, жаңа пікір болды. Оның ендігі бір көңіл қойған тұсы — әдебиеттегі таптық принцип. С.Садуақасов қазіргі әдебиет еңбекші таптың әдебиеті екенін мойындай отырып, сонымен бірге, ол жалпы адамзат баласының игілігіне жұмсалу керек деген пікірді айтады: «Қазақ әдебиетінің сыртқы сипаты қазаққа ұқсаса, ішкі мазмұны жалпы адам баласының қызметіне жасалу керек»,-дейді.
Осы айтыс кезінде жарық көрген мақалалардың ішінде оқшау тұрған дүние – «Екеудің» «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Көркем әдебиет туралы» атты мақала. (Екеу – Ж.Аймауытов пен М.Әуезов) Бұл үлкен білімдарлықпен жазылған, мәселелрді кеңінен толғаған, қазақ әдебиетінің болашақ дамуына дұрыс жол сілтеген мақала. Бұл мақаланың жазылуына Сәбит пен Қошкенің мақалалары әсер етті. «Ееку» қазақ әдебиетінің бұрынғы, қазіргі хал-ахуалы жөнінде кеңінен толғана келіп, қайткен күнде де ақын-жазшыны бір қалыпқа салуға болмайтынын айтады. Авторлар творчество адамының ойлау еркіндігіне, сезіну-сезу, түйсіну еркіндігіне сырттан қол сұғуға болмайтынын айтады. Олай жазыңдар немесе былай жазыңдар деп жоғарыдан жарлықпен әдебиеттәң жасалмайтынын ескертеді. Әсіресе қазақ сияқты «дін тұманынан әлі арылмаған», «ұлтшылдық сезімі кемеліне келмеген», «тапшылдық, әлеуметшілдік пікірін жаңа ғана естіп отырған», «ертегімен, қиссамен, қиялмен суарылып келген», «ескі өкіметтің зорлығын көріп, жерінен, еркіндігінен айрылған» елге «ешкім мына бағытты алсын деп күштей алмайды, оны тұрмыс, тарих ағымы өзі белгілейді», — деп жазады. Пролетариат әдебиет туралы да Екеудің пікірі өзгеше. Олар мұндай әдебиет болу үшін әуелі соны тудыратын және соған қаһарман бола алатын пролетариат табы болу керек деп есптейді. Сонымен бірге, басқа әдеби ағымдарға пролетариат әдебиетін қарсы қоюдың дұрыс еместігін айтады. Олар бұл жерде мәселеге тереңдеп еніп, жалпы пролетариат диктатурасының өткінші, уақытша құбылыс екенін, сондықтан да пролетариат әдебиеттің де уақытша өмір сүріп, болашақта өз орнын жалпыхалықтық әдебиетке беретінін айтады. Бұған жауап ретінде С.Мұқанов «Байдың толғағы» деген мақала жазады.
20 жылдардағы әдеби айтыстар қазақ әдебиетінде сол кезде қалыптасқан жағдайды жан-жақты ашып берген. Әдеби сында негізінен 3 бағыт болғанын байқаймыз. Оның 1-шісі — әдебиетті тап күресінің бір құралы есебінде ғана қарайтын, өздкрін пролетариат жазушы дейтіндер, барлық мәселеге тап тұрғысынан қарайтындар. 2-шісі — өздерін бұқарашыл жазушы дейтіндер, әдебиетті саясатқа бағындыруға қарсы, бір тапқа емес, жалпы адамзат баласына қызмет ететін әдебиет жасау керек деген пікірді айтушылар. 3-шісі — тап күресінің әдебиетке әсерін жоққа шығармағанымен, әр мәселеге тарихи тұрғыдан қарауды ұсынатын, жазушылардың жікке бөлінбей, біртұтас ұйым болуын қалайтындар. 1-ші топқа – С.Мұқанов, 2-ші топқа – Қ.Кемеңгеров пен «Екеу», 3-ші топқа – С.Садуақасов, Ы.Мұстамбаев, Ш.Тоқжігітовтер кірді.
Әдебиеттер:
- 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. –А., 1997.
- Қазақ әдебиетінің тарихы. –А., 2008.
- Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. –А., 1998.
- Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. –А., 1994.
- Ысқақ Д. Әдеби сын тарихы. – А., 2012
Мухадиева Данара Хамидуллаева
Шығыс Қазақстан облысы
Глубокое ауданы
Малоубинка ауылы
Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі