Қазақ халқының шыққан тегі туралы мәселенің көптеген аспектілері ішінен лингвистикалық және антропологиялық тәсілдері айрықша орын алады. Себебі, Орталық Азия кеңістігінде айтылып отырған осы екі үрдістің екеуі де қатар түрде дамыды деуге негіз бар. Ежелгі уақытта мекендеушілердің етене негізі — қазіргілердің генетикалық тегі мен жігіне сәйкес келеді. Осыған сауал ретінде Л.Н. Гумилевтың пікірін келтірейік: «Көшпелілер тарихты бізге ұқсамайтын…рудың шыққан тегінің шежіресі тәрізденіп…эталоны өлі ата-бабасы болған жолмен қабылдаған»,-дейді. Осы дәйек шынайы түрде көрініс тауып отыр. Мәселен, арий мен сақ дәстүрлерін бүгінгі күні қазақтың салт-дәстүрлері мен ырымдарынан байқауға болады. Келесі бір жерінде Л.Н. Гумилев: «этникалық атаудың екі мағынасы болады: этникалық топтың тікелей өз аты және белгілі бір мәдени немесе саяси кешенді құрайтын тайпалар тобының жинақталған аты»,-деді..
Қазіргі қазақ хандығы атанған 6000 жылдық тарихы бар хандықтар күйреп, қайта құрылған хандық жұрнағы. Қазақ елінің тегін «Алаш» сөзі мен «Шумер» өркениетімен байланыстырған О. Сүлейменов лингвистикалық тәсілді қолдана отырып дәлелдеген еді, осы шеруді Қорқыт атаның толғауынан байқауға болады: «Сыбай ұлы жалғызбын, Тауға біткен жалбызбын, Мені де баурай күнатып, Алты Алаштың Қорқытымын». Тарих әдебиетінде Алаш сөзі жайлы қозғалған мәселелер көп болса да, соның дәйектісі жылқы жануарын қолға үйрету мен көшпелі тұрмыстың негізін қалайтын бірқатар элементтерге байланысты. Олар қазақтар үшін қасиетті «алаш» ұғымынан көрініс табады. М.Ж. Көпеев қазақ халқының пайда болуын аты аңызға айналған қазақтардың алғашқы ұрпағы — Алаша ханмен байланыстырады. Ол: «Алаша хан үш жүз жігіт пен он үш дана ақсақалды бастап, Ұлытау жазығында Қазақ мемлекетін кұрды. Жүздердің қолбасшылары Үйсін, Арғын және Алшын батырлар Алаша ханды ақ киізге салып, Ұлытау шыңына көтеріпті»,- деп, шежіресін қорытады. Қазіргі уақытта алаш ұғымы елдік және ұлттық бірліктің негізі ретінде қолданылған ұран екені белгілі. Мифологиялық қанатты аттың бейнесі – «алаша» бастау алса, «алаша аттан» — төрткүл дүниені дүр сілкіндірген көшпеліліктің ұраны шығады. Қорытынды сөз ретінде айтсақ, қазақ елінің шыққан тегін «қазақ» атауынан іздеген шолақтыққа жатады. Өзіндік мәдениет құрған көшпелі өркениеті тектік жағдайын «халық», «ұлт» жүйесінде емес, ата-бабалық негізден іздейтін. Этногенетикалық үрдістің басы — алғашқы қауым дәуірінен басталады. Орталық Азия көлемінде болған этникалық үрдіс түрлі саяси Қазақстан тарихы (он бес дәріс) қауымдастықтарды дамытты. Соның алғашқысы болған андронов мәдениеті номада негізін қалады. Олардың мұрагерлері болып скиф-сақ мәдени ошағы орын басады. Үйсін, Қаңлы, Сармат, Кушан, Ғұн дәуірлері бір әулет қоластына біріктірген, Ел жүйесіне сәйкес келетін ерте мемлекеттік бірлестіктер мен империялық басқару жүйесінің алғы шарттарын жаратты. Ұлы Даланың этникалық процестегі шешуші кезеңі бірінші мыңжылдықтың орта кезіне тура келеді. Жаңа саяси-әлеуметтік (империялық) қатынастың құрылуы — Түрік дәуірін, яғни толыққанды түріктік сана-сезімнің қалыптасуымен аяқталады. Сапалық жағынан өзгеріс енгізген монғол дәуірі көшпелі өркениет тарихын қанат серпінінен өткізеді, түрік елін соңғы рет біріктірген шыңғыздықтар әулеті аса маңызды факторларға жол ашады. Бірақ, сырттан келген саяси себеп пен іштегі тартыс түрік елінің бөлшектеніп, дараланған мемлекеттік құрылымдардың пайда болуына жағдай жасайды. Сөйтіп, осының салдарынан алаш арыстары «қазақ», «өзбек», «қырғыз», «түрікмен», «татар», «қарақалпақ» және т.б. атауларды қабылдайды. Сөйтіп, халық болып қалыптасу үрдісін қорытып, айтылатын түйін мына мәндерге ие:
- Қазақстанның ежелгі тұрғындары Еуразиялық аймақта мекен құрды. Антропологиялық сипаты еуропа нәсілдік дала түрі болды. Тарихи көзқараста әзірше тұрақталған лингвистикалық сипаты үндіеуропалық үйелменің ежелгі иран тармағына кіреді. Бірақ кейінгі зерттеулер әуел бастан тіл тармағы түркілік болды деген дәйектер көрініс тапты.
- Ең көне өркениеттің тұрғындары кейініректегі антропологиялық жұрттың құрылуының басты өзегі болып қала берді. Жергілікті ұрпақтың антропологиялық негізі өткен кезеңмен генетикалық байланысы үзілмеді.
- Тарихи даму мен жағрафиялық жағдайына байланысты біздің заманымыздың І мыңжылдығында Шығыс пен Батыс арасындағы көпірлік рөлі — қоныс аударулар орталығына айналдырады. Енді оның генофонына шығыстық сипат қосыла бастайды. 4. Қазіргі қазақтарға тән кейіп ХІV-ХV ғасырларда екі нәсілдің – тұрақты еуропаоидтық және кейін қосылған монғолоидтық нәсілдердің далалық түрі қалыптасты. Кез-келген этникалық үрдістегі жағдай ортақ территория мен ортақ тілден бастау алады. Ал оның ұйтқысы – шаруашылық тәсілі. Осылардың нәтижесі мәдениеттің негіздерін қалайды және интеграциялану (шоғырлану) себептері өзіндік мәдениет дәрежесіне дейін көтеріледі. Жалпы ортақ мәдениеттен өзіндік этникалық сана-сезім туындайды. Ал этникалық сана сезімнің нығаюы сол этностың әлеуметтік-территориялық ұйымын туғызады. Өз кезеңінде бұл ұйым этностың тұрақты тіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз етеді. Этникалық үрдіс желісінде этностың атауы қалыптасады. Этникалық атаулардың тікелей өз аты немесе әртүрлі себептерге байланысты жинақталған аты болады. Көшпелілердің этникалық тіршілігі мен билік Қазақстан тарихы қатынастары – ру-тайпа төңірегінде өтеді. Оған қажетті алуан-типті күрделі құрылымдық қатынастар қызметін бір-бірімен тығыз байланысқан жүйелер атқарады. «Қазақ» атауының шығу тегі туралы мәселе ғылыми ортаны мазалағанына біраз уақыт болды. Бірақ әлі күнге дейін бұл мәселеге ғылымда дәл, тоқ етер жауап жоқ. Айтқандары талай пікір туғызды, айтыстар көтерді, әрқилы жарыққа шыққан жорамал-жорулар бірауызды шешімге келетін ой түйіні тумай отыр. Алайда, ұлттың арғы тегі мен мән-мағынасын анықтауда маңызды құралы ретінде тілге көңіл бөлінуі тиіс. Себебі тіл арқылы әрбір халықтың тарихын түсінуге көмегі тиетін айғақтар баршылық. Кейбір тарихшылар «қазақ» сөзін қазақ халқының ежелгі этникалық атауы десе, ендігілері оны мифиялық көріністерімен байланыстырады, келесілері «қазақ» терминінің құралуы екі сөздің «қас» және «сақ» ұғымдардың қосылуынан болды дейді, енді біреулері «қазақ» атауының қалыптасу негізіне «әулеттік» мағына береді, сонымен қатар, осы ұғымға исламдық мағына беретіндер де бар. Қытай, араб, ұрым, орыс және т.б. елдердің жылнамаларынан «қазақ» сөзінің әр түрлі вариантта түсіндірілген сөздің бар болғанын білсек те, ол этникалық атауды білдірген-білдірмегені ғылымға әлі құпия болып отыр. Көне түркі тілінде жазылған құлпытастарда осы «қаз» түбірінен туындайтын сөздер кездеседі, олар мыналар: қазғану, қазғандұқ, қазғантұқын, қазғанмасар және қазғақ оғлұм. Осы сөздер қажырлы қайрат жұмсау, күресу, талпыну, еркіндікке ұмтылу, ерлік істеу, табысқа қол жеткізу және мықты, берік, жойқын, алып мағыналарында кездеседі. Сөйтіп, «қазақ» ұғымы әртүрлі мәндерге ие болды, олар:
- Аңыздың пайымдауынша қазақ сөзі ақ-қаздың ұғымынан шықты дейді.
- Қазақ сөзі түркі тілдеріне енгеннен бастап ХІІІ ғасырдың аяғына шейін «еркін жүрген жалғыз басты» ер жігіттің ерлік қасиетіне байланысты сөз рөлін атқарды. Соның ішінде бұл сүйікті сәбидің есімінің, жау жүрек қолбасшының, батырлардың, құрметті лауазымының да баламасы болған.
- ХІІІ ғасырдың аяғынан бастап, бұл сөз хан, әмір, сұлтан жеңіл қаруланған атты жасағының атауы болады. Одан кейін Алтын Орданың ыдырауы қарсаңында хан әскерлерінің төменгі, жеңіл қаруланған бөлігінің атауына айналып, оның орнында құрылған ұлыстық хандықтардың нығаюына зор тірек болса керек.
- ХV ғасырда қалыптасу үрдісі аяқталған қазақ мемлекеті мен қазақ халқының атауына ие болды.
Қазақтың шежірелері мен аңыздары «қазақ», «алаш», «жүз» деген атауларды бір-бірімен байланыстырып шертеді. Осы ұғымдар көшпелі өркениетке тән қарым-қатынастар түзеу үстінде пайда болды. Бұл арада айтайын дегенім, қоғамдық ұйымдасуын білдіретін ру, тайпа, жүз, тағы сол сияқты әр түрлі деңгейлер иерархиялық жүйе құрамындағы саяси құрылым, оның көрінісі болып билік қатынастары туысқандық, ағайындық жүйелермен бекітіледі. Қорыта келгенде бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы деген ұстаным әлеуметтік-мәдени, шаруашылық, экономикалық, экологиялық, тағы сол сияқты күрделі жүйелердің туыстық қатынастармен өзара үйлесуін білдіріп, жалпы тұтастықтың ұйтқысы ретінде билік қызметін атқарды. Сондықтан қазақ, алаш, жүз сөздерінің мән-мағынасы бір-бірімен тығыз байланыста екенін білгеніміз жөн.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. — Алма-Ата, 1989.
- Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в ХV-ХVII вв.: история, политика, дипломатия. — Алматы, 1998.
- Абдиров М.Ж. История казачества Казахстана. — Алматы, 1994.
- Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Сочинения. Т. 1-2, М., 1963.
- Бартольд В.В. Чингизхан. Сочинения. Т. 5. М., 1968
Ахботина Сауле Каныбековна
Шығыс Қазақстан облысы,
Глубокое ауданы,
Малоубинка ауылы
Тарих пәнінің мұғалімі