Мазмұны: Алғашқы қадамының балаларға арналған өлеңдерден басталғаны. Қ.Мырзалиев поэзиясының өзіндік даралығы. Философиялық-дидактикалық дәстүрді жаңғырта дамыта еңбек еткені. «Дала дидары», «Домбыра», «Қызыл кітап», «Мәңгі майдан», «Ғибрат-нама» жинақтарының тақырыбы мен идеясы. Қ.Мырзалиев ойшыл ақын, халық тарихының жыршысы.
60-ыншы жылдары әдебиетке келген орта буын өкілдері 1932 жылдағы қасіретті жылдары, 1937 жылдағы зұлмат жылдары, 1941 жылғы соғыс жылдары дүниеге келгендер. Олар өмір шындығын, замана қасіретін жан жүрегіне сіңіріп сезіне білгендер. Бұл ақындардың қаламынан философиялық терең астары, түйіні бар. Гуманизмге толы, сезімге бай лирика туды. Ұраншылдық өлеңдер бой көтергенімен нағыз поэзияның құдіретін танытқан қуатты жырлар осы орта буын өкілдері санатына қосылған ақындарға тән. Бұл кезеңдегі лирикада жалпы адамдық, азаматтық проблемалар, экоглогия, табиғат мәселелері жырланды. Мазмұн мен форма жаңғырып, көркемдік ізденіс, дәстүр жалғастығы дамыды. Адамзаттық ақыл-ой парасатының арнасы, дүниетаным көкжиегі кеңіді. Поэтикалық ойлау өзінің соңы соқпағын тапты. Бұл жылдар поэзиясында классикалық позияның әдіс-тәсіліне еліктеген өлеңдер көрінді. Дүниені образды түрде тану және оны суреттеу, оның тереңіне, тылсымына үңілу лириканың басты даралық сипаты болды. Поэзияда, оның ішінде лирикада философиялық ой-түйін айту бұрынғыдан да тереңірек көріне бастады. Туған поэзия топырағында. Қадыр Мырзалиев есімінің пайда болуы, «Ой арманы» кітабының жарық көруі елелі оқиға болды.
Өмір өзі суарған,
Ой деген де ну орман
Бару қауіп оған да
Жоқ емесі жоқ онда
Сандуғашы сайраған
Қасқыры тіс қайраған
Түлкілері із кескен,
Арыстан да кездескен…
Ой деген де ну орман
Талай бастар қуарған.
деген Қадыр Мырзалиев жинағында ойлар өмірді, адам тіршілігін, тасадан бақылаған сырт көздің салғырт ойлары мен енжар бақылаулары емес, адамдықтың, азаматтықтың қиын да күрделі сапарына аяқ басқан ақынның жан сырлары. Орта буын өкілдері соғысты қару асынып солдат болып көрді. Соғыс олардың дүниетанымын, сезім серпілісін, рухани дидарын қалыптастырды. Осы шындық. Қадыр Мырзалиев өлеңдерінде қарапайым сөзбен айтылады:
Бір кісідей соғыстың
Біз де азабын тарттық қой.
Тылда істеген көп істі
Балалық пен қарттық қой.
Барақтай боп ол күнде
Жатпаушы едік дем алып,-
Әр маяның түбінде
Қалды біздің балалық.
Ал өмірді біз бірден
Азамат боп бастаппыз.
Қадыр Мырзалиев тәрізді әдебиетке келген орта буын өкілдері өлеңдерінің алғашқы бетін соғысқа арнады. Олар соғысты буыны бекіп, бұғанасы қатқан, қару асынған ересек боп көрген жоқ, жыртық иін, жадау кейіпті сәби күйінде көрді. Соғыс олардың дүниетанымын, сезім серпілісін қалыптастырды.
Жарымы елдің қара шапан киетін,
Жақынының күйігіне күйетін
Оқ тиеді басқа, көзге, құлаққа
Қара қағаз қақ жүректен тиетін
Хат тасушы қартты асыға күтсек те,
Көрсек оны тайқып шыға келуші ек?
Бұл өлеңде әдемі теңеу, артық әшекей жоқ, бәрі де қарапайым сөздер. Бірақ сол қарпайым сөзбен айтылған қарапайым шындық ерекше әсер етеді.
Қадыр Мырзалиев әрқашан да әсіре қызылдан атымен аулақ. Алайда, соғыс кезіндегі өмірдің неше алуан трагедиясын көрсеткен «Ой орманы» тек қасіреттің, қаза мен жылаудың кітабы ғана емес, қасірете де мойын ұсынбаған рухани қайсарлықтың да кітабы. Ақын соғыстың сұмдық трагедиясын жазса да, оның ар жағынан адам ерлігін, өмір өрлігін айнытпай танид. Қадыр Мырзалиев өлеңдері тек қана соғыс жайлы өлеңдер емес, соғысты да жеңген адамдық, адамгершіліе жайлы өлеңдер. Ол жеңіс дидарын ең алдымен адамдар көкірегінен іздейді. Бұл өлеңдерде соғыс тұсындағы өмір шындығы, адамдар абзалдығы көрінумен қоса, сол кезеңде ер жеткен бүкіл бір ұрпақтың рухани шежіресі, поэтикалық образы жасалған.
«Дала дидары» – Қадыр Мырзалиевтің екінші жинағы. Ол өз жүрегін жарып шыққан сырларының оқушысының көңіліне ұялап, көзіне айқын елестеп, құлағына әсерлі естілуіне күш салады. Қадыр Мырзалиев зергерлігінің ар жағында үлкен суреткерлік жатыр. Ақынның жинақтарын оқи отырып, ондағы бар кескін-кейіпімен көрінген мифологиялық кейіпкердің өмірінен бүкіл бір кезеңнің шындығын, бүкіл бір ұрпақтың өмірін, рухани сипатын тани аламыз. Ақын қилы-қилы тағдыр кешкен ежелгі халықтарының өмір жолындағы, күрескерлік тарихындағы драмалық сәттерді шебер суреткерлікпен, азаматтық жүрекпен, перзенттік махаббатпен жырлаған. «Дала дидарында» даланың өткені мен бүгінін, тарихы мен қазіргі өмірін қабыстыра жырлау, өткен шежіреден мұң мен наланы ғана көріп қоймай, езгі көрсе де еңсесі түспеген күрескер халықтың үнін тану бар. Бұл жинаққа да ақын сөздің үні мен сөйлемнің әрініен гөрі, ойдың тереңдігі мен сөздің дәлдігіне ерекше назар аударылады. Ол қашан да ақиқатты ашуға, ақиқатты айтуға ұмтылады. «Ой орманындағы» лирикалық қаһарманның өмірінен бүкіл бір кезең шындығы, бүкіл ір ұрпақтың рухани кескіні танылса, «Дала дидарында» сол ақындық қаһарман бұрынғыдан да өсе түскен. Ол оқушысымен өз атамекені, өз халқы туралы сырласады. Оның сырлары «Ой орманындағыдай» тек бір кезең, бір ұрпақтың сыры ғана емес, көп ғасырлық көне тарихы бар бүкіл бір елдің, халықтың жан сыры. «Дала дидарындағы» тарих – тек тақырып қана емес, әрі кітаптың басты қаһарманы да. «Дала дидары» жинағы өткеннің қайғысын көріп налымайды, немесе экзотикалқ елестерді қайта тірілтіп таңырқамайды. Сол сияқты ол өз халқының бойынан тек бірыңғай жаман не болмаса бірыңғай жақсы қасиеттерді көріп қана қоймайды:
Бабамыздың шоқ басқан табанымен,
Бірдей екен жақсысы жаманымен
Бір жаманы – тынымсыз көше берген
Бір жақсысы – қимаған даланы кең
Бір жаманы – кешігіп әліппе ашқан
Бір жақсысы – күйлері көбік шашқан
Бір жаманы – қыздарын малға сатып
Бір жақсысы – сүйгенін алып қашқан.
Міне, мұнда датау да, мақтау да жоқ, тек халқына деген перзенттік махаббат бар. Кітаптың «Шоқ жұлдыз» бөлімі қазақтың біртуар азаматтары – Фараби, шоқан, Ыбырай, Исатай, Құрманғазы, Біржанға арналған көркемдік дәрежесі өте жоғары жырлар. Мысалы, Шоқан туралы:
«Қыран болып аспанға көтеріліп,
Жұлдыз болып аспанда қалып қойған.»
дейді. Кітаптағы өлеңдер кешегіден-бүгінге , даладан-қалаға қарай өрбиді.
«Бұлбұл бағы», «Ақ Отау» жинақтарында Қадыр Мырзалиев ақынның ой тереңдігі көрінеді. Мұндағы адамның бақыты, жарастық, өмірдің мәні тақырыбындағы өлеңдер қазақ лирикасын байыта түседі. «Ақ отау» жинағыннан ақынның дүниені өз отауындай көріп, оның мұң-мүддесін өз ошағының мұң-мүддесіндей сезінген мінезін тануға болады. Қадыр Мырзалиевтің соңғы жинақтары өмірді тану, өзін тану үстіндегі мазасыз ізденіске, ішкі драматизмге толы:
Ұттым дей бер,
Жұрттың бәрін дос көрсең;
Біттім дей бер,
Жауларыңа дес берсең;
Өзіңе де әділ болу жеңілдеу
Бір өлімнің бар екенін ескерсең!
Ақынның айтып отырғаны – жалтартпас ақиқат. Қадыр Мырзалиев шығармашылығының ерекшелігі – күнде көріп жүрген үйреншікті нәрседен үлкен мән, ерекше қасиет тауып алатындығы.
Қадыр Мырзалиев қаламынан кемел адамдарға тән ақылгөйлік пен сабырлылық аңқыған дидактикалық өлеңдер, халық пен өмір көптеп туды. «Қызыл кітап» жинағы мәңгі өлмес табиғатпен адамдар пролемасын, эклогиялық мәселе мен адамдардың санасындағы кемелдіктен ада түсінік ұғымдарды шынайылықпен арқау еткен тың туынды.
Әдебиеттер:
- Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008
- Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002
- Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006
- Дәдебаев Ж. Шымырлап бойға жайылған. А., 1988
- Тәжібаев Ә. Өмір және поэзия. – Алматы:1960
- Кәрібаева Б. Қара өлең және лирика. А.,2000
- Сүлейменов А. Болмыспен бетпе-бет (М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нүрпейісов, Қ.Мырзалиев, Ә.Кекілбаев туралы), А. 2001.