Ілияс Есенберлин шығармашылығы

 

            Мазмұны: «Көшпенділер» трилогиясындағы халық өмірінің реализ тұрғысынан суреттелуі, көркемдік еркшелігі. «Қаһар» романына әдеби талдау.

 

Қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы Ілияс Есенберлин 1915 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айрылған Ілияс өзінен кейінгі інісі Раунақ екеуі балалар үйінде тәрбиеленеді. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Еңбек жолын Жезқазған кенішінде бастайды, инженер, Бершүгір шахта басқармасының бастығы болады. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қайта оралған соң Қазақстан Қомпартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы, Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, “Қазақфильм” киностудиясының сценарлық коллегиясының мүшесі,  “Жазушы” баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болып қызмет істеді.

Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек.

Ілияс Есенберлиннің ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеялары кемел деңгейде көрінетін бұл эпопеяның алғашқы бөлігі “Көшпенділер” трилогиясы еді.

“Көшпенділердің” ең алғаш жазылған бөлігі “Қаһар” 1969 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Орыс тілінде тұңғыш рет “Простор” журналының 1970 жылғы, 5,6 сандарында “Хан Кене” деген атпен жарияланған.

Трилогияның бірінші кітабы болып табылатын “Алмас қылыш” романы тұңғыш рет 1971 жылы “Жазушы” баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. 1974 жылы Москваның “Молодая гвардия” баспасынан “Загаворенный меч” деген атпен орыс тілінде басылып шықты.

Тарихи трилогияның екінші бөлімі “Жанталас” романы бірінші рет 1974 жылы “Жазушы” баспасынан шықты. Роман орыс тілінде тұңғыш рет “Простор” журналының 1973 жылғы 7, 8, 10 сандарында “Отчаяние” деген атпен басылды. Москваның “Известия” баспасынан 1974 жылы орыс тілінде шықты. Үш роман біріктіріліп “Көшпенділер” деген атпен алғаш рет 1976 жылы “Жазушы” баспасынан қазақ тілінде, Москваның “Советский писатель” баспасынан 1978 жылы, “Художественная литература” баспасынан орыс тілінде басылды.

Трилогияны орыс тіліне аударған – Морис Симашко. Сондай-ақ “Көшпенділер” трилогиясы 1983 жылы Польшада 1986 жылы Венгрияда басылды. “Көшпенділер” трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни, ХҮ-ХІХ ғасыр аралығындағы қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі. Оқиға бүгінгі шекаралық аймақ тұрғысынан қарағанда Алтайдан Атырауға дейінгі шығыс пен батыс аралығы Батыс Сібір ойпаты мен Самарқанд пен Сырдарияға дейінгі солтүстік пен оңтүстік аралығын қамтитын  географиялық аймақта өтіп жатады.

Шығарма кейіпкерлері ретінде негізінен тарихи тұлғалар, Шыңғысхан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ  мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін жан аямай шайқасып, Отанын қорғай білген арыстан жүрек, атан жілік батырлар. Бұлар – ел есінде аттары жатталып, тарихта қалған, өмірде болған тұлғалар.

“Көшпенділер” трилогиясы партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді,  қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсынуы жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді.

“Көшпенділер” қазақ халқының ұлттық тарихының бастау көзі  беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі-коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді.

Есенберлиннің осы трилогиясынан нәр алып, көп нәрседен мағлұмат алған көпшілік оқырман ондаған жылдардан соң тоталитарлық жүйеге қарсылық білдіргенін дүние жүзі біледі. Бірақ қылышынан қан тамған Горбачевтік-Колбиндік баскесерлер әділдік іздеп, бой көрсеткен жастарды қалай қуғындап, қалай түрмеге жатқанына тарих куә.

Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделерінің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын тұтынған.

Былайша айтқанда Ілияс Есенберлин халқының көне заманғы тарихынан өзі өмір сүрген дәуірдің де даму диалектикасын көрді. Уақыт сабақтастығын жіті тани білген жазушы тарих тұңғиығына бойлап, ұлт тағдырының, халық қасіретінің қилы кезеңін суреттеу арқылы бүгінгі күннің міндеттері мен ертеңгі күннің бағыттары туралы ой сілеміне жетелейді. Ең әуелі қазақ әдебиетінің, онан соң әлемдік әдебиеттің тарихи тақырыпты игерудегі мол тәжірибесін, игі дәстүрін жинақтай отырып бір кездерде, революция жылдары Алексей Толстой “Бірінші Петрді” жазғаны, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан сұрапыл жылдарда Мұхтар Әуезов Абай туралы роман-эпопеясын жаза бастағаны сияқты, өзге кейбір әріптестері коммунистік партия туралы әсіре мадақ одаларын жазып жатқан шақта Ілияс Есенберлин хандық дәуір тарихына қалам тербеді. Халық зердесінің қалғи бастаған сәтін оятуға, ұрпақ санасына ұлттық патриотизм қалыптастыруға қызмет істейтін бағытта жанарын тарих тереңіне қадады.

Әдебиетіміздің арғы-бергі тарихында ұлы сахарының бірде құландай тулап, бірде ұлардай шулап қалған алмағайып тағдырын Ілияс Есенберлиндей азаматтық қажырмен, суреткерлік қуатпен толғаған жазушы болған жоқ. Егер шындыққа жүгінсек жазушы ерлігіне берілген бағадан гөрі берілмек баға әлдеқайда салмақтырақ болуғы тиісті. Халық тарихындағы хронологиялық заңдылық дегеніміз жыл санауға ғана тәуелді емес, ол – Сананың ел рухымен үн қатысып, адами армандармен матасуына, сөйтіп кешеден келген бүгіннің “генетикалық” арқауына шындық пен әділдіктің, ерлік пен батырлықтың, ар мен ұяттың, бірлік пен бірегейліктің нұрлы шуағын себер сәттеріне байланысты.

Ол жылдары тарих пәні тек оқу пәні ғана емес, кеңестік компартиясының қолындағы негізгі саяси құрал болды. Көптеген партия мемлекет қызметкерлері тарихшы мен тарих бойынша  ғылыми атақ алуды өздерінің борышы деп есептеді. Бүкіл тарихи шежіре біріншіден соңғы бетіне дейін коммунистердің  тиянақты әрі қырағы идеологиялық редакциясынан өтті.

Сол кездегі тарихи жағдай, халықтық сұраныс жазушы жанын толқытып, “Қаһар” сияқты тарихи дәуір келбетін бейнелейтін романды жазуға итермелегені заңды еді.

“Қаһар” – “Көшпенділер” трилогиясының 3-ші кітабы. Автордың алғашқы кітаптан бастамай, трилогияның соңғы бөлігі “Қаһардан” бастауында мынадай себептер бар секілді. Біріншіден, суреттеліп отырған кезең біздің дәуірімізге біртабан болса да жақын, тарих тасасына дидарын жасырып үлгермеген. Екіншіден, ел ішінде ізін суытпай аңызға айналып, халық жадында жатталып, жазылып қалған тарихи оқиға мен нақты адамдар тағдыры авторды қызықтырған. Сондықтан соны жазуды діттеген. Үшіншіден, Кенесары, Наурызбай қозғалысы туралы осы ғасырдың 30-50-жылдары біршама зерттеліп, ғылымда бағасын алған еді. Сонымен қатар ол жайында жазылған еңбектерді саяси орын түгел отқа жаға алған жоқ. Яғни қолына түсіп, жинақталған материалдар жазушыны шабыттандыра түскені шындық.

Рас, шығарманың кей тұстары әдеби-көркем шығармадан гөрі тарих оқулығына көбірек ұқсап кетеді. Біле-білсек, жазушы бұл әрекеттерге саналы түрде барған. Осы ретте қаламгердің кезінде «Қаһар» романы туралы айтқан мына пікірі еске түседі: «Тарихи эпопеяны жазуды соңғы кітаптан бастауымның себебі – жиналған архив деректерінің молдығы, қамтылатын дәуірлер ауқымының кеңдігі, ойлаған, жоспарлаған кітаптарды түгел жазуға ғұмырым жете ме, жетпей ме деген күдік» дей келіп, ол көңіліне ұялаған күдігі туралы «Жұлдыз» журналының тілшісіне берген сұхбатында былай деді: «Мұның мәнісі бар. О баста, тарихи деректерді жинау кезінде, романға кіріспес бұрын, іштей жоспар жасаған едім. Яғни көңілімде, іс жоспарымда халқымыздың 500 жылдық тарихын қамтитын трилогия болып қалыптасты. Бірақ трилогияның ең соңынан бастауыма себеп болды. Ең алдымен тіршіліктің кейбір тауқыметін тартқандықтан ба, үшеуін бірден қамтып жазуға өмірім жете ме, жетпей ме деп те қауіптендім. Содан болар халыққа, болашақ үрім бұтаққа айтпақ болған ойымның тарихи оқиғаларға деген жазушылық тенденциям мен позициямның айқын көрінісі болған басты темір қазығым – «Қаһар» еді. Егер алдыңғыларын айтып келіп, көксеген негізгі ойыма қол жетпей қалса, өмірбақи арманда, орны толмас өкініште өтуім мүмкін ғой. Ойға алған, көңілге түйген трилогияның ең әуелі соңынан бастап жазылу сыры осы еді».

 Өйткені бұл романға арқау болған кезінде қазақ зиялыларының басына қатер төндірген тақырып еді. Қазақтың ұлы тарихшысы Е.Бекмаханов сол кезең шындығын бұрмаламай жазам деп бас бостандығынан айырылған. «Хан Кене» тарихи драмасын жазам деп М.Әуезов азапты күндерді бастан кешірген.

Бұдан соң автор көп ұзамай трилогияның бірінші кітабы “Алмас қылышты” (1971) жарыққа шығарды. Ортадағы дәуірді орағытып оқырман көңіліндегі дүдәмал сұрақтардың жауабын беретін қазақ хандығының отау тігіп, қалыптасу кезеңін бейнелейтін дәуірді ХҮ ғасырға аттап кетуі тегін емес. Бұл орайда оқырманды эстетикалық ләззатпен еліте отырып, оларға танымдық ғибрат беру автордың негізгі ойы еді.

“Жантасал” романында “Алмас қылыш” пен “Қаһар” романдарында суреттелген тарихи кезеңді жалғастыратын аралық дәуір оқиғаларын шежіреленген. Сөйтіп, қазақ халқының бес ғасырға жуық тарихының (ХҮ-ХІХ) көркем хроникасын жасаған. Сол арқылы өзінің қаламгерлік үлкен арман-міндетін І.Есенберлин қазақ халқына өзін-өзі таныту, жас ұрпаққа өткен ата-бабалары жөнінде мағлұмат беру мақсатын орындап шықты.

Автор хандық дәуірге лайық тақ таластарын әр қырынан ала отырып, шығармасын жалаң, жасанды тап тартысына құрудан бой тартады. Керісінше, қазақ халқы өміріне тән рулық тартыстың астарларын ашуға тырысады. Есенберлин трилогиясында Асан қайғы, Бұқар, Нысанбай сияқты атақты жыраулардың, Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды тарихи тұлғалар, аттары бүкіл қазаққа мәлім билердің,  ондаған өнер адамдарының жарқын бейнелері қатар түзейді.

 “Алам қылыш” пен  “Жанталас” негізінен “Қаһарда” суреттелген кезеңге дейінгі тарихи оқиғалар баяндалған.

Әлемді тітіреткен Дешті Қыпшақтың Әбілқайыр ханның (ХҮ ғасыр) кезінде ішкі сыртқы күштердің әсерінен әлсіреп, ыдырай бастаған кезі, оның іштей ыдырап жеке хандықтарға бөліне бастаған алмағайып шағы “Алмас қылышта” қым-қуыт оқиғалар тізбегі арқылы суреттелген. Алғаш Керей, Жәнібек хандар бас болып шаңырақ көтерген қазақ хандығы да оңай бой түзеп кете алған жоқ. Өздеріне ерген елдің іргесі бекіп, өрісі кеңеюі үшін Керей мен Жәнібек сұлтандарға талау азулы ел билеушілермен ырғасып, жаға жыртысуға тура келді. Орта Азияның ұланғайыр жерін тоқымдай тілгілеп жеке-жеке иемденген шағын хандықтармен алысу, көшпелі алтындай біресе ол жағына, біресе бұл жағына ауысқан көне қалалар мен шұрайлы жерлер елді талай сынға салып, тезден өткізді. Сондықтан да “Алмас қылыштағы” оқиғалар желісі тым қою, сюжеттік желісі шытырманды, бұралаңы көп. Алма-кезек ауысқан хан-сұлтандар, олардың арасындағы қым-қуыт соғыстар қаншама. Тарихи зерттеу, архивтік мәлімет, жазба құжат, шежірелік деректермен салыстыра қарағанда, автордың көптеген оқиғаларды іріктеп, Әбілқайыр, Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым  сұлтандар айналасына топтастыра жинақтауға тырысқанын байқаймыз. Алайда, автордың деректік мағлұматтарды тым көп кірістіру мақсатынан туындаған олқылықтарды жоққа шығаруға болмайды.

“Жанталас” – Абылай кезеңіндегі қазақ хандығының Жоңғар, Орыс, Қытай елдері тарапынан үш жақтан бірдей қыспаққа алынып ел басына қысылтаяң күн туған шағындағы аса бір қиын кезеңді әңгімелейді.

Роман “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деген атаумен қалған ұлы қырғын – жоңғар шапқыншылығын сипаттаудан басталады. Халықтың осы азаттық үшін күресінде алғаш батырлығымен көзге түсіп, бірте-бірте көтеріліп ел көсемі болған Абылай ғұмыры халық, ел тағдырымен бірлікте баяндалады. Алайда, Абылайды идеал қаһарман ретінде көрсетуден іргесін аулақ сала отырып, жазушы ханның күрделі характерін аша отырып, халық тарихының көркем шежіресін жасауды мұрат тұтады.

Өзі сияқты көшпенді халық Жоңғар озбырлығынан елін аман алып шығуға қол жеткізгенмен, Абылай үшін қиындық туғызған батыс пен шығыстағы екі көрші еді. Міне, Абылай осы екі алып көршінің түпкі ойын қалай жүзеге асырмаудың жөнін таба алмай “жанталасады”. Бұл орайда жазушы негізгі шешімді халыққа қабылдатады. Халықтың айнымас қамқоры Бұқар жырау осы қалауды Абылай ханның құлағына әр кез салып, ескертіп отырады. Ол – орыс еліне арқа сүйеу, орыс мәдениетіне қол созу. Осы тілекті ескергендіктен де халық құрметіне ие болады. Автор бұл дүниеден көшіп бара жатқан Абылайдың аузына да осы идеяны өсиет етіп салады.

Тарихи трилогияда автор ғасырлармен бірге кеткен феодалдық қауымдастық сананың түп-тамырын ашып, оның өз кезінде бірігудің, тәртіптің қазақ халқын қорғап, сақтап қалудың себебі болғанын көрсетіп береді.

Халықтың жеке ел болуындағы ең үлкен және соңғы қуатты тегеуріні қазақ халқының жоңғардың жойқын шабуылына төтеп беріп, елдігі мен жерін сақтап қалу болды. Бұл нағыз Ұлы Отан соғысы, сол Отан үшін шайқастағы тұтас халықтың ерлігі еді. Бұл сипат, Отан іргесін сақтап қалу үшін болған ұлы шайқас романда бар болмысымен жан-жақты көрінеді. Тарих оқулықтарында “өз еркімен қосылды” деп түсіндіріліп келген Россия империясына қазақ даласының бағындырылу процесінің қиын да күрделі сипаты “Жанталас” романында Әбілқайыр, Барақ, Абылай сияқты әр түрлі көзқарастағы ел билеушілердің іс-әрекет, айла-шарғылары арқылы көрініс табады. Қай заманда болсын қатыгез жүйе, қате саясаттан зардап шегетін – халық. Қандай тығырықтан да халық өзін-өзі ғана шығарады. Трилогияның алтын желісі, негізгі өзегі – қазақ халқының саясат бұғауы, шовинизм құрсауымен беймәлім болып келген тарихын өзіне таныту. “Адамзаттың нағыз шын тарихын тарихшы емес, суреткер жазады”, — дейді А.Горький. І.Есенберлин осы принципті ту етіп ұстап, ғылымда да осы уақытқа дейін терең сараланып бітпеген тарихтың қос қыртыс қатпарларына қазақ қаламгерлерінің ішінде тұңғыш рет қаламгер көзімен саяхат жасап, оқырман назарын көне тарихтың әлі ашыла қоймаған тың беттеріне аударады.

Өткеніміз туралы кешеге дейін там-тұмдап қана дерек біліп келсек, “Көшпенділер” елдік дәстүріміз, ғасырларға созылған шытырманға толы тарихымыз бар екенін көркем әдебиет көлемінде тұңғыш рет таныстыра алды. Ол ол ма? Бұл шығарманың тіпті тарихи еңбектерде шешімін тауып болмаған немесе басы бірікпей шашыранды түрінде жатқан мағлұматтардың бір жүйеге түскен желісін көреміз. Соншама көп фактілерді жазушы жалаң тізбей, роман шарттарына лайықтап, қорытып, көркемдік қиялға бөлеп бере алуы шығарманың тартымдылық қасиетін арттыра түсті. Міне, осындай тарих пен аңыздың, қиял ауқымы мен шеберліктің бірлестік табуы трилогияның өзгеше бітімін белгілеген еді. Сонымен қатар әдебиеттегі белгілі жанрлардың шартына сай бағалау қиындығы да шығарманың материалы, жанры, көркемдік тәсілі мейлінше тың болғандығын көрсетіп тұр.

“Көшпенділер” трилогиясы – хронологиялық жүйеге құрылған, қазақы шежірелік сипатты бойына жинақтаған тарихи шығарма. Ондағы баяндалатын оқиғалар негізінен тарихи жүйемен дамып, өрбіп отырады. Рас, трилогияда жазушының лирикалық шегіністерге, арғы-бергі дәуірлерге ауысып отыратын тұстар да жеткілікті. Ондағы суреттелетін негізгі оқиғалар, басты қаһармандар тарихта болған, белгілі деректерде сақталған.

Халықтың келбетін, күшін көрсету, қимылын, іс-әрекетін паш ету сипаты “Алмас қылыш” романында Бұрындық ханның әрекеттерін суреттейтін тұстарында айқын көрінеді. Бұл жайды жазушы оған деген халықтың қарым-қатынасын суреттеу арқылы айғақтай түседі.

Мұхамед Шайбани мен Бұрындықтың құда болуына халық сырт айнала қарайды.

Жеке оқиғалардың желісі, түп қазығы халықпен, қазақ халқының тағдырымен байланысып жатады. Мұның барлығы тарихи оқиғалардың, болған шындықтың, болмыстың негізінде айтылады.

“Алмас қылыш” романында жеке адамдардың, кейіпкерлердің өміріндегі тартысы, өсіп жетілуі, оның халықпен сан-салалы байланысында көрсетіліп, эпикалық сипатта баяндалады. Мұндағы оқиғалардың өріс алуы, дамуы тек халық атынан, ел тұрғысынан алып қозғалады. Керек жерінде халық өзінің күшін, қаһарын, қимылын көрсетеді. Керек болса үкімін де шығарады.

Осы романдағы Әбілқайыр ханның (ХҮ ғасыр) билік мұратының, өзге жұртты билеп төстеудің, империялық саясаттың қай заманда да ұқсас сипаттарын ойыңа салады. Әбілқайыр ойлау деңгейі жағынан таяз емес. Ел билеуде оның ұстанған өз саясаты бар. Қол астындағы елі – алмас қылыш. Оларды қайрап қойып, әр руды бір-біріне айдап салып отырмаса, бірігіп кетсе, бой бермесін ол жақсы түсінеді. Өз мақсатына жету үшін ол нендей сұмдықтан да, зұлымдықтан да тартынбайды. Бірақ ол біреудің қолымен от көсеп, сол зұлымдығы мен сұмдығын біреу арқылы жүзеге асырады. Жәнібекті, Саянды, Рабиу-Сұлтан-бегімді, Гүлбаһрамды, Орақты, Ақжолды өлтіруге жасаған әрекеттерінен соны айқын көреміз. Хан тұқымына, ел билеушіге кісі тағдыры ойыншық сияқты. Әбілқайыр заманындағы бұл құбылыс шығарма жазылған дәуірде де солай болды, бүгін де сол сипатта. Жазушы бұл жайды нақтылап та көрсетеді, Әбілқайыр ойы арқылы да сездіреді.

Өз алдына  хандық құрып, таққа отығысы келген Жәнібек сұлтан да – терең ақыл, парасат иесі. Ол сол кездегі әлеуметтік шаруашылық жайды дақсы түсінген. Сондықтан да Әбілқайырдың қатесін өз мақсатына пайдалана отырып, ол үлкен іскерлікпен, ақылмен біраз рулардың басын құрып, ақыры қазақ халқының негізін құрады. Әбілқайырдың өлімі мен сол кездегі Орта Азия қалаларындағы жағдайлар Қазақ хандығының біраз күшеюіне мүмкіндік береді. Ал, Жәнібектің баласы Қасымның тұсында Қазақ хандығы тіпті күшейе түсті.

Халық аузында “Қасым салған қасқа жол” деген мәтел бар. Сыншы халық бұл сөзді басқа хандарға айтпай, Қасымға айтуы тегін болмаса керек.

Жазушы Қасымның түбі ел бастар  мінезін жастайынан-ақ таныта береді. Жәнібек көбіне өз баласымен ақылдасатын. Қасым әр кез әр істің, алды-артын жақсы байқап, дұрыс байлам айтады. Оның ақылдылығы, ұстамдылығы романда орынды берілген. Оның уәдеге берік, мәнді мінезі де суреттеледі.

“Жанталас” романының оқиғалық желісін ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы Қытай, Жоңғар феодалдық агрессияшыл мемлекеттерінің Қазақ хандығына, Қазақ еліне жасаған қысым-қыспағы, қанды жорықтары құраса, тарихи шығармалардың бас кейіпкерлері ретінде қазақ хандары Тәуке, Қайыпхан, Болат хан, Әбілқайыр хан,  Сәмеке, Абылай хан т.б. жан-жақты сипатталған. Қытай, Жоңғар мемлекеттерінің Канси, Сыбан, Раптан, Қалден, Церен, Церен Доржи т.б. соғысқұмар билеушілерінің іс-әрекеттері, жүргізген саясаттары тарихи шындық пен көркемдік болжал ұштаса отырып суреттелген. Олардың қатыгез, қаражүрек істері көркемдікпен қисынды баяндалған.

Қазақ елі тарихының салқар көшінде тағдыры күрделі тұлғаның бірі – ХҮІІІ ғасырда өмір сүріп хандық жүргізген Әбілқайыр. Осы Әбілқайырды да жазушы роман желісінде Әбілмансұрмен бір сәтте, бір дастарқан басында отырған жағдайда таныстырады. Бір заманда өмір сүрген, бірі үлкен, бірі кіші, бір-бірінің жалғасындай болған, бағыт-бағдары, ой-ниеті бірде ұқсас, бірде алшақ көрінетін, есімдері мен ел тағдырына қатысты іс-әрекеттері жайлы екі ұдай пікір қалыптасқан Әбілқайыр және  Әбілмансұр-Абылаймен шығармада осылай кездесеміз.

Әбілқайыр мен Абылай психологиялық жақтан ұштасып барып, екі тармаққа бұрылады. Жазушы Әбілқайыр тұлғасы жайлы талас пікірдің ұшығын тарихи себептермен орайластыра дұрыс шешім шығарады. Әбілқайыр да, Абылай да хандық билікті қолдан шығарғысы келмейді. Алайда Жоңғар мен Қытай шапқыншыларының бұғауынан құтылудың бір-ақ шешімі бар. Әбілқайырдың аузына: “Түбі еліміздің де, келешек ұрпақтардың да көзі жетер, әрекетімізді ақтар, бізге қалған жалғыз жол – ол Россияның қол астына ену” – деп сөз салуында сол объективті шындықтың бір жағы жатыр. Ал хандық билікті қолдан шығарғысы келмейтінін де автор оның жеке адамдық қасиетіне, психологиялық болмысына байланыстыра бейнелейді.

Рас, Әбілқайыр мен Барақтың жаулығын күшейтудегі орыс чиновниктерінің әрекетін құжаттармен дәйектеу мүмкін емес. Бірақ автор Әбілқайырдың осындай хал кешуінің тарихи шындық екенін жан-жақты ашқан. Әбілқайыр сол кезеңдік үлкен саясаттың құрбаны. Дей тұрғанмен, таққұмарлық пен жеке бас мүддесі алғашқы кезекте тұратын пендешілік психологиясы меңдеген Әбілқайыр болмысы арқылы көрінетін адасудың тұманына тап болған тағдырдың, азап тауқыметін өзі емес, өзгелер көбірек тартып, зардабын халық шегетін құбылысы кітап жазылған дәуірде де айыға қоймаған тұрпаты І.Есенберлин қалам қуаты арқылы өрнек тартқан. Тарих сабақтастығы, уақыт ұқсастығы, психологиялық сәйкестігі көрініс тапқан. Тарихи шындықтың көркемдік таным қуатымен жанды бейнеге айналған сипатына бойлаймыз.

Мемлекеттік басқару құрылымында жеке мүдделік ой мен бақталастық жайлаған елдің болашағы қашанда тұманды болатынын ескертіп тұрғандай. Өткен заман шындығын жазушы өзі өмір сүріп отырған кезең болмысынан алып көркем бейне жасап отырған тәсіл. Тарихи өткен дәуір шындығын суреттегенде жазушы болған оқиғаны көркем баяндап, әдеби шығармаға айналдыруды ғана мақсат етіп қана қоймай, тарихи фон арқылы өз заманының мәселесін астарлап айтып беруді көздеген. І.Есенберлин эпопеясындағы образдар жүйесінің астары осы ойға меңзейді. Жазушылық таным құдыреті, тұңғиық ой жылымы сана бағдарын өзіне бұрып әкетеді.

Қазақ халқының Россия қол астына бодан болмауға шарасы қалмаған сәттің бір ұшығы осы алауыздық пен бақталастықта жатқандығын ескертеді. Тарихи шындық тұрғысын зорлап мойындататын кей сәттердің себеп-салдары, түп-төркіні жеке психологиялық ой-мақсаттардың арпалысы мен шарпысуында жататындығын меңзейді. Ойлап қараңыз. Ұлт бостандығын, жеке ұлт өркениетін халық теңдігін “дәріптеген” коммунистік жүйеде сол мақсат-мүдделер толық жүзеге асу сипатына ие болды ма? Әрине, жоқ. Қайта күн өткен сайын жеке ұлт мүддесі қусырылып, ұлттық салт-дәстүр жұтылып, тілдің қолдану аясы барынша тарылып, жойылу қаупі дендегені, мұның бәрі шовинистік идея, империялық саясат құрсауымен жүзеге асып жатпады ма. Бұл отарлауды жаңа үлгіде жалғастыру екенін зиялы топ білді. Алайда, ашық айтуға дәрмен жоқ. Өз ішімізде де мұндай араздық пен таққұмарлық бар екенін көре білген жазушы осы бір дерттің зиянды сипатын тарихи өткен көрінісін бейнелеп беру  арқылы ұрпақ зердесін оятуды, тарихтың кесапатты тағлымын айта отырып өз дәуірін танытуды көздеген. Ұлт ретінде жойылып кету қаупін ескертеді. Отар болу емес, одақтас боламыз деген сенімнің соңы тәуелді тағдырға ұласу сипатының төркінін еске салады. Шығармада тарихи шындық осылай бой көрсетеді.

Осы бір азаттық-еркіндік үшін, тәуелсіздік үшін күрес Россия құрамына әбден бағынып, құзырына қаралғаннан кейін де тоқталған жоқ. Қазақ қоғамының 18-ғасыр бедерін суреттейтін “Жанталас” романында осы “жанталас” күрес көрініс береді. Тіпті бұл күрес күні бүгінге дейін тоқтаған жоқ.

Бұл кезеңдегі қайраткерлердің ішінде оқшау тұрған тұлға Абылай болды. Қазақ халқының соңғы рет басын құрап, Жоңғар, Қытай басқыншыларына тойтарыс берген кезеңнің шежіресі және сол тарихи дәуір оқиғасының басында тұрған Абылайдың билік кезеңі “Жанталастың” үшінші бөлімінде суреттеледі.

Халық аузында көп айтылып келген Абылай хан есімі кеңестік кезең тарихында қайшылықты тұлға ретінде бағаланып ел санасынан шығарылды.

Міне, осындай қытымыр саясаттың қырағы бақылауында тұрған хан Абылайдың тарихи тұлғасын сұңғыла сана, тұңғиық ойдың икемімен елдің есіне түсіріп, коммунистік көзқарас, партиялық саясат құрсауы қамаулап тұрған заманның өзінде халыққа танытқан Ілияс Есенберлин болды.

Шапқыншылық емес, негізгі мақсат басқыншылқтан қорғану боп келетін дәуір бейнесі жасалған “Жанталас” романында Абылай әр қырынан суреттеледі, сан түрлі мінез, қасиетімен көрініс табады.

Романның “Жанталас” аталуы да сондықтан. Романның бас кейіпкері – осы жанталас кезеңінде елге бас болған Абылай. Рас, кешегі коммунистік идеологияның ызғарынан қаймығып, “қырағы көзінен” сақтанған әдебиетшілер басты тұлға “халық” деп келді. Халық зердесін қайта қалпына келтіріп, ұрпақ санасын оятуға қызмет істеуге тиіс ұлы эпопеяны сақтап, қорғап қалудың бірден бір жолы еді бұлайша пайымдау.

Тыныштық пен тәуелсіздік  үшін күрескен, қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан азат етушілер қатарында есімі эпикалық биікке көтерілген ер тұлға тумысынан билікке шығу психологиясы бірге қалыптасқан, жеке басының абыройы мен мансабын қатар ойлаған жан ретінде Абылайдың пендешілік қасиеті қат-қабат өрілетін шығармадағы таным қуаты осындай.

Абылай табанды күрескерлігінің, айтқанынан қайтпайтын батырлығының және халық талайы таразыға түскенде сын сағатта ешкіммен де ымыраға келмейтін қатал, қатыгездігінің арқасында қазақ елінің, жерінің бостандығын қорғап қалды. Әл үстінде ауырып жатқан, Абылай Бұқар жырауға айтқан: “…Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де екі кеңесім бар. Бірі – қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым, мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, әйтеуір шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе Қытайға қазақтың бір бөлшек жерін бергем  жоқ” (І.Есенберлин. 10 томдық. 6-т., 592-бет.) деген жолдардан Левшин айтқан жоғарыдағы мінездеме сырын емес, көркем болжал арқылы өрілген жазушы түйіні мен тарихи таным сипатын көреміз. “… қазақ аз ел ғой азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын” – деген Абылай сөзі мен “Алмас қылышта” суреттелетін “Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? … – Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ бұл жұрт абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы – біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз” (Сонда, 25-бет.) – дейтін он бесінші ғасырдағы Әбілқайыр ойының екі бөтен бағыты арқылы-ақ билік қағидасының жеке тұлғалар болмысымен тамырласып жататын сан тарау психологиялық сәтін тануға болады. Өткен тарих бейнесінен қазіргі заман келбеті көрінеді, сабақтастық сараланады, ұқсастық ұғылады. Халықты басқарудың жеңіл жолы Әбілқайыр үшін “біріне-бірін бақтырып қойып” азып-тоздыру арқылы болса, Абылай діттеген өмір сабағы бойынша “азып-тозып кетпеу үшін ел бірлігін сақтау екен”.

Қай-қай  кезде де ел басында, мемлекет тұғырында жүрегіне ұлттық сезім ұялап, бойына ұлттық сана сіңген, ойын ұлттық патриотизм кернеген, жадында халық тарихы орын тепкен, бар күш-жігерін, парасат-білімін, ақыл-зердесін шын таза гуманистік идеямен көмкере біліп, өзі басында отырған мемлекеттің  болашағы үшін, сол мемлекетті иленетін жер, суын ғасырлар  бойы қан төгіп жүріп қорғап келген негізгі халықтың ұлттық тағдыры үшін арнайтын, шын күйінетін адам болмайынша зұлым саясат, сұрқия мінез, жеке бастың қамы үшін ғана күрес қайталана беретінін, жалғаса беретінін ескертіп тұрғандай.

Ойлап қарайық, бүгінгі өркениет те (реформа барысы) біртіндеп оң бағытқа қарай жылжып келе жатқан тәрізді, алайда адамдардың адамгершілік өркениетінің төмендігі салдарынан өте баяу қозғалуда екені аян. Бүгінде саясаткерлер мен өкімет чиновниктерінің көбі олардың моральдық-этикалық құлдырауы салдарынан “күйіп отырғаны” да шындық. Ұятсыздық пен шен құмарлық – чиновниктер мен реформаторлардың негізгі ауруы. Бұл оларды коррупцияға алып барып жатқаны және бұл құбылыстардың біздің өркениетіміздің елеулі тежеуші күштерінің бірі болып отырғаны өтірік пе?! І.Есенберлин романы дәл осыны айтып отырғандай. Егер адамдардың адамгершілік санасы жетілмесе, қоғам өмірінің жалпы өркениеті тез ілгері баса  қоймайтынын ескертіп тұрғандай. Мұндайда, егер экономикалық-математикалық, техникалық, биологиялық, саяси және басқа білімдар адам санасын түзу және терең дамытатын болса, онда биік адамгершілік шындықтар адамның алдынан өмірдің мәнін, оның жұмбақ сырларын және оның заңды механизмдерін аша отырып, адам санасын терең дамытады.

Заман-заманнан адам өркениетінің негізгі мәні олардың осы бір өмірді құратын шындықты түсінуге жақындай беру құлшынысынан тұрады.

Эпопеяның әр бетінде “Ханның алдауы – халықтың соры болатын” құбылыс екенін есіңе салып, ой жетегіне салатын сөйлемдер жазушы қиялының тұңғиық сырына бойлатады.

Алмағайып заманның аласапыран айқасы, ел азаматтарының келер күндердің шуақты сәті үшін күресі, ақыл мен айланың алма-кезек ауысуы, жан түршігерлік жауыздық үлгілері мен махаббат оты маздаған аяулы тағдырлар, сайын дала төсінің сан жылдық тарихы баяндалатын “Алтын Орда” болмысы осындай. Тарих тылсымына жан бітіріп, жеті ғасырлық ғұмыр әлемін санамен аралап, “қолымен жүріп” шыққан Ілияс Есенберлин тұлғасы да алып мұхит үстіндегі мұзжарғыш кемедей алыстан мен мұндалайды.

 I.Есенберлин – тарихи деректерді терең меңгерген сөз зергері әрі сол заманға сай тарихи сипатты нақты көре білген зерделі қаламгер. Оның шығармаларында суреттеліп отырған заманның ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын поэтикалық қуат тарихи тұрғыдан нанымды. Есенберлин қаһармандарының мінез ерекшеліктерінен қоршаған ортаның жағдайынан туындап отыратын поэтикалық қиял, ойдан шығарған оқиғалар шынайы сипатқа ие екендігін көреміз. Жазушылық қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге келген «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогиялары ғылыми ой мен творчестволық қиялдың тамаша синтезі деуге болады.
Халықтың қай кезең болсын езгіге, бұғауға, қорлыққа шыдамай, бостандық, теңдік, еркіндік үшін соңғы күшін сарқып күресе беретіндігін кең тыныста суреттейтін трилогияда күрескерлік идея бой оздыра көрініп отырады, оптимистік күрес жолы көркем хикаяланады.
           Арғысын айтпағанның өзінде, бүгінгі ұлттық дүниетаным өресі деңгейінен қараған оқырманға Ілияс Есенберлин ерлігіндегі біз пайымдаған үш арна сөз өнерінің диалектикалық нысанасындағы биік талғамға жауап беріп тұрғаны анық. Олар – аты мен затын аңыз желісі көмескілеп, іс-қимылын адам психологиясындағы зандылықтардан бөліп әкеткен тарихи тұлғаларды қайтадан жандандырып әкелуі, олардың болмыс-бітіміндегі тарихи таңбалардың ақ-қарасын ажыратып беруі. Ел аузындағы аңыз-болжамдармен астасып барып көптеген шығармаларға жеңіл желі болған Шыңғыс әулетінің өз дәуіріндегі рухани, саяси, адами бейнесін мүмкін алғаш рет аша білген осы Ілияс Есенберлин эпопеясы шығар. Мұны – бірінші арна.
Екінші арна – тарихи катаклизмдер тұсындағы жеке адамның қажыр-қайраты мен халықтық іс-қимылдардың өзара үйлесуінен туындайтын идеал беріктігі, мақсат бірлігі.
Эпопеядағы үшінші арна – сөз өнеріндегі жанрлық қуаттардың жымдасуы, ізденіс шиырларының бір арнаға ұласып, тарихи шежірелер мен аңыздардың, мифтік бейнелер мен мифологиялық сарындардың жандануы. Болған, бірақ тірі куәсі жоқ оқиғаның барысындағы іс-қимылдардың нанымдылығы.

 

Әдебиеттер:

  1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008
  2. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002
  3. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006
  4. Қирабаев С. Талантқа құрмет – Алматы:1988
  5. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. – Алматы:1996

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *