Қайырымдылық ізгі ниет

Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі бойынша өткізілетін «Қамқорлық» акциясының барысы 2019-2020 оқу жылы.

 

Тақырыбы:  Қайырымдылық ізгі ниет.

 

Мақсаты: Балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, әлеуметтік жағдайы төмен балаларға көмек көрсету, оқушыларды кішіпейілділікке, бауырмалдылыққа баулу.

                          Ашылуы:  «Күй шашу»  қазақ биі 5 қыз.

 

Барысы:

Қайырлы күн, қадірлі қауым!

Армысыздар , жаны жайсаң, жүрегі жомарт ел ағалары, ұлағатты ұстаздар, ардақты ата – аналар, ертеңіміздің кепілі болған жас ұрпақ! Жалпыреспубликалық «Мектепке жол» дәстүрлі қайырымдылық акциясына қош келдіңіздер!

Республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы дәстүрлі түрде жыл сайын өз жалғасын тауып келеді. Акцияның басты мақсаты — балаларды орта біліммен толық қамтылуына жағдай туғызу, қамқорлық жасау. Ағымдағы жылы әлеуметтік бағыттағы бұл бастама «Балалық шақтың мекені!» ұранымен өткізілуде.

 

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» — деген екен дана халық. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу әрбір адамның азаматтық парызы. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды.

 

«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» — дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін танытуға келгендеріңізге үлкен ризашылығымызды білдіреміз!

 

Жаңа оқу жылына жақсы көңіл-күй, жаңа қарқын, білімге деген құштарлық, асыға күткен алтын ұя мектебіне сағыныш сезімін ұялатып отырған бұл қайырымдылық акциясы әрбір бала бойына сенім, жанына жігер ұялататыны сөзсіз.

 

Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс-адамзатқа тән құбылыс. Ендеше көп болып, асыл арманына қол созғандарға сүйеніш болып, қолымыздан келген көмегімізді аямайық. Бала сенімінің нық болуына қадам жасайық.

 

Келесі кезекте ортаға жақсы іске жанашыр боп, балаларға қамқорлығымызды аямай, оларды аялай білейік деген ниетпен келген демеуші аға-әпкелерімізді,  қонақтарымызды шақырамыз

 

 

Жақсылықты ақ жүрекпен қабылдап,

 

Самға биік, жалын атып жүр алда.

 

Жігерің мен сеніміңді оттық қып,

 

Жас қырандай қанат қағып қиянға.

 

Асқақ арман-үлкен өмір бастауы,

 

Болашаққа бақыт үнін жолдаңдар!

 

Ақыл адам көрігі, ақылдың сабыр серігі. Ал бейтаныс адамға жылы шырай білдіру, көңілін көтеру, кемшілігін кешіріп, демеу болу – жомарттық.

 

Абайдың он төртінші қара сөзіне жүгінетін болсақ «Нағыз жүрек ісі -рақымдылық, мейірбандылық және әр түрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді» делінген.

 

Бүгінгі қайырымдылық кешіне кең пейілділік танытып келіп отырған мектептің 10, 20, 30 жылғы түлектеріне, ел ағаларына, демеушілерімізге сөз беріледі

 

Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының іс-тәжірибелерімен жалғастырылып келеді. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған мектеп ұжымына, қол ұшын беруге ат салысып отырған демеушілерімізге айтар алғысымыз шексіз.

 

Бүгінгі қайырымдылық шарасы өз мәресіне жетті. Жаңа оқу жылдарыңыз құтты болсын. Осындай қайырымдылық акциялары әлі де өз жалғасын таба береді деп сенеміз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет! Әркез жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып жақсылық жасауға ұмтылып тұрайық!

 

Қорытынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *