Этнолингвистика мен лингвомәдениеттану ғылымдарының сабақтастығы

 Айту Азиза

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ –түрік университетінің 4-курс студенті

Ғылыми жетекшісі:ф.ғ.к., профессор м.а. Жылқыбай Г.Қ.

Ғылыми ой-тұжырымдардың негізінде халық тілінің еншісі мәдениетпен тоғысатынын, ұлт мәдениеті сол этностың тілінде сақталып, болашаққа аманатталатыны сияқты астарлы ой-пікірлердің төркіні тереңде жатыр. Айтылған ой жайында В.фон Гумбольттың «Тіл — халық рухы, халық рухы тіл арқылы көрініс табады» деген тұжырымы — жаңа ғылыми жолдың концепциясының алғашқы нышаны немесе қағидасы. Сондай-ақ мәдениет тілдің ішкі құрылымдық бөлшегі деп қарастыруы да тіл табиғатын таныта түсумен қатар, жарыққа шығып келе жатқан ғылыми жаңалыктардың шығу тегіне арқау болғаны сөзсіз. Атап айтқанда, ғалым пікірінше, біріншіден, мәдениеттің екі түрі — материалдық және рухани мәдениеттер ізі халық тілінде сақталады. Екіншіден, мәдениет — ұлт нышанын танытып, тілде өз жүйесін табады, үшіншіден, тіл адам мен табиғатты жалғастырушы күш, төртіншіден, мәдениет пен халықтық рух -тілдің ішкі формасына тән»,- деп көрсетеді [1, 32].

Ал мәдениеттің, көне, жаңасын, мәдениеттің, арғы-бергі тарихын сөйлетуші де, жүргізуші де тек ана тілдің кұдіреті екені әр халықтың өзіндік тұрмыс-тіршілігі тілі арқылы өрнектелуінен, мәдениеті тілі арқылы басқа елге танылуынан тіл мен мәдениет арасында ажырағысыз байланыстың торабы бар екенін көрсетеді. Мұның нақты ғылыми тұжырымын американдық ғалым Э.Сепир: «Тілдің бір тұғыры бар. Ол мәдениеттен тыс өмір сүрмейді. Ол дәстүр болып жалғасқан біздің, тыныс-тіршілігіміз мүлде қабысып кеткен салт-дәстүр мен наным-сенімдерден арылмайды. Тілдегі лексика қызмет етіп отырған мәдениетті өз қалпында көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда тілдің тарихы мен мәдениет тарихы жапсарлас дамиды деуге болады»,- деп анықтай келе, әр халықтың, танымдық ерекшелігі тек тілдің табиғатынан табылатынын көрсетіп, дәлелдейді[2, 186]. Соның негізіндегі адамзаттың дүниені тануы мен ойлау арасындағы тәсілінің тіл құрылысын байланыстылығын этнолингвистикалық болжам ретінде баяндаудан туған «Сепир-Уорф болжамы» халықтың тіл мен ұлттың дүниетанымды танудың ғылыми алғышарты іспеттес болғаны — ғылымның жаңа сатыға аяқ басқандығының дәлелі.

Тіл — тек мәдениетті танушы құрал ғана емес, тілдің бойында мәдениеттің арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш анықталады. Тіл рухының ұлы күші халықтың ой-танымында, мінез-құлқында, әлеуметтік өмірінде сақталған. Өйткені адам баласының ой-санасы, сол арқылы істеген еңбегі, мінез-құлқына сай табиғатын қалыптастыруы, өз танымына сай өмір салтын қалыптастыруы тұтастай бір мәдениеттің дүниеге келуінің үлкен себепшісінің бірі. Осымен байланысты этностың психологиялық жайын тілге қатысты болжаулармен дәлелдеген В.Фон Гумбольдт концепциясында: «Тілдің табиғаты мен тегі тіл мен ойлаудың халық рухымен байланыстылығында» деген құнды пікірімен бағаланды. Осы пікірді ғылыми жолға сүрлеп түсірушілер -Г.Штейнталь мен М.Лацарус. Олар өз еңбектерінде халық психикасының этнотанымдық мәні, тілдің ішкі мазмұны адамның мінез-құлқымен байланысты деп түсіндіріп «тіл мәдениетке қатысты алғанда индивидтің творчестволық әрекеті», «халық рухы алдымен тілде» деп түйіндеген [3, 92].   Осы ғылыми тұжырымдардың бастамасымен бұл үрдіс ғылымда өз жалғастығын тапқандығын төмендегі пікірлерден көреміз. Ғалым А.Вежбидская бұл туралы: «Каждый язык национально специфичен. При этом в языке отражаются, не только особенности природных условии и культуры, но и своеобразие национального характера еге носителей»,- деп көрсетеді [4, 19].

Демек, этнопсихология ілімінің тіл алдында мәдени факторларсыз анықталуы оның жете танылуын қамтамасыз ете алмайды.

Тілдің ерекшелігін әлеуметтану тұғысында зерттеген ғалым В.Вундт өз еңбектерінде күрделі әрекеттердің ұлттық мәдениетті танудағы орнына ерекше назар аударды. Ол — ұлттық рухты жаңғыртатын факторлар, салт-дәстүрлер олардың дамуы мен халық мәдениетіндегі рөлін әлеуметтік рухани құбылыс деп бағалаудың бағытын көрсетті. Расында да, ұлттық рухтың нағыз келбетін танытатын салт-дәстүрлер деп есептейміз. Этностың бар өміріне рухани азық болған, тұрақты ұрпақ жалғастығына себепкер құбылыс салт-дәстүрлердің ұлттық мәдениет бастауы екендігі сөзсіз. Осы құбылысты дер кезінде мойындап, ғылыми тұрғыдан жаңа бағытқа жол салушы ресейлік тілші-ғалым — А.Потебня. Ол тіл халық мәдениетімен біте қайнасқан ұғым деген түсінікті қалыптастыра келіп: «Тіл — халықтық «рухтың» жемісі, сондықтан тіл ұлттық ерекшелікті көрсетеді» деп анықтайды. Мәдениет — тілдің таңбалану қасиеті арқылы танылатынын, оған дәлел халық ауыз әдебиеті үлгілері екендігін жан-жақты сөз ете келе: «Халық рухы» алдымен тілде, содан кейін барып әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде, ән өнерінде, фольклорында көрініс береді» деп қорытады [5, 117]. Жоғарыда біз сөз еткен ғалымдардың зерттеулері ұлттық тіл мен халық мәдениеті арасындағы сабақтастықты о бастан болжап, тілдің ішкі формасына саятын қасиеттерін танытудан туған. Оның (ішкі формасының) тілдегі көрінісін өзек қылған ғылыми құнды ойлар мен тұжырымдар тіл ғылымының жаңа бағытымен ерекшеленетін лингвомәдениеттану пәнінің болжамы іспеттес. Асылында, адамзат коғамының жетілуі тіл, мәдениет, тарихтың тоғысуы маңызды фактор. Ал, әр халықтың этномәдени тұрмысын ұлт тілінің жетегінде, әлемдік мәдениеттің ауқымында, дүниетанымын қоғамдық ғылымдардың саясында сөз ету мәселесі тіл ғылымының бүгінде ғылыми өрісін тереңге жайған этнолингвистика саласында сәтті бағытта іске асуда.

Осымен тығыз байланысты ұлттық мәдениет пен ұлттық тілдің өзара байланыстары бір-біріне әсері айқын деректердің белгілі бір этносқа тән екендігін танытуда бізге кешеуілдеп жеткен жаңа бағыттың бірі -лингвомәдениеттану. Бірақ тіл ғылымында ХҮ ғасырдың бас кезінен бастап ерекше қалыптасқан жоғарыда аталған ғалымдардың (Ф.Соссюр, В.Гумбольдт, А.Потебня, В.Штейнталь т.б.) ғылыми ой-тұжырымдарын одан әрі ұластырушы Ресейдегі фразеологиялық мектептің өкілдері В.Ворбьев, В.Телия, Е.М.Верещагин, В.Т.Костомаров, В.Маслованың зерттеулерінің лингвомәдениеттануды дербес ғылыми пән дәрежесіне көтерілуіне, қалыптасуына зор ықпал еткенін ерекше атап өткен жөн.

Тіл мен мәдениет ұғымдарының сыбайластығы әсіресе, В.М.Верещагин мен В.Т.Костомаровтың зерттеу еңбектерінде жаңаша қырынан танылады. Олардың «Тіл — тек сөйлесу, қарым-қатынас құралы емес, ол адам өмірінің материалдық және рухани мәдениетінің сол ұрпаққа тән тума қасиеттерін жинақтаушы, сақтаушы құрал, осы арқылы болашақ ұрпаққа жеткізуші құрал. Мұны тілдің кумулятивтік қасиеті деп танимыз. Тілдің тағы бір қоғамдық қызметі — әлеуметтік өмірде адамдарды жеке тұлға ретінде, ұлт өкілі ретінде қалыптастыруы» деген ойлары бүгінде лингвомәдениеттану пәнінің қоғамдағы әлеуметтік орнын нақтылай түскендей [6, 10 ]

Мәдениет ұлттық менталитет құндылықтарының түп негізі тіл қасиетінде көрініс табады. Тілдің құдіретімен бейнеленіп, шынайылылықты танытады. Осы тұрғыда әр халық тілінде өзі жасаған және табиғат дарытқан ұлттық мәдениеттің ізі бар деуге болады. Бұл — тіл мен мәдениеттің тоғысу жолын көздеген лингвомәдениеттану пәнінің негізі болмақ.

Лингвомәдениеттану (лингвокультурология) — латынның lingua — тіл, gultura — мәдениет, 1оgos — ілім деген терминдерінің жинақталуынан туындап, лингвистика мен мәдениеттану пәндерінің тоғысуында пайда болып, халық мәдениетінің тілдегі әсерін, ерекшелігін жаңаша көзқараспен салыстыра зерттейтін сала.

Осы орайда В.Н.Телия: «Лингвомәдениеттану — тілдің корреспонданциясы мен мәдениеттің өзара қатынасының синхронды түрін зерттейтін және сипаттайтын этнолингвистиканың бір бөлшегі»,- деп сипаттаса [7, 217], лингвомәдениеттану ғылымының теориялық және әдістемелік жолын сүрлеуші ғалым В.В.Воробьев оны «металингвистика» ғылымы ретінде танытуға ғылыми бағыт бұрып, бұл саланың тіл мен мәдениеттің өзара әсерінің негіздерінен туындағанын дәлелдейді, әрі мынадай ғылыми анықтама береді: «Лингвокультурология — комплексная научная дисциплина синтезирующего типа, изучающая взаимосвязь и взаимодействие культуры и языка в его функционировании и отражающая этот процесс как целостную структуру единиц в единстве их языкового и внеязыкового (культурного) содержания при помощи системных методов с ориентацией на современные приоритета и культурные установления (система норм и общечеловеческих ценностей)» [8, 37]. 

Ғалым В.А.Маслова бұл пәнді халық мәдениетін танытушы ғылым деп санап, былайша анықтайды: «Лингвокультурология — это наука, возникшая на стыке лингвистики и культурологии и исследующая проявления культуры народа, которые отразились и закрепились в языке» [9, 8].

Көріп отырғанымыздай, Воробьев, Маслова, Телияның бұл ғылыми тұжырымдарына арқау болған мәдениет пен тіл арасындағы байланыстың сыры американдық ғалымдар Э.Сепир мен Б.Уорфтың «Лингвистикалық ықтималдық теориясының» негізін танытқан «этнос дүниетанымындағы ерекшеліктің ізі халық тілінде сақталады» деген қағидамен астасып жаткандығы сезіледі. Бұл жайт лингвомәдениеттану пәнінің этнолингвистика ғылымымен туыстығын ашық көрсеткендей. Көп жағдайда этнолингвистика мен лингвомәдениеттану пәндерінің ортақтық, тіпті ұқсас жақтары бір ізді сөз етілгенімен, В.В.Воробьев атап көрсеткендей, этнолингвистика ғылымының өзіндік ерекшелігін былайша түсіндіруге болады:

Этнолингвистика комплексті этнографиямен шектес, халық мәдениеті, тарихтың шығу тегі мен таралуын зерттейді. Бүгінгі ғылымда этнолингвистиканың зерттеу мақсаты — тілдің қызметі мен дамуына лингвистикалық, этномәдени, этнопсихологиялық факторының әсерін ерекше қарастыру, ұлттық болмыспен ұштастыру [8, 15]. 

Тіл    ғылымында    лингвомәдениеттану — лингвистика    мен мәдениеттанудың түйіскен тұсынан туындап отырған, әрі этнолингвистика мен елтануды да ортақтастыратын жаңа ғылым. Сонымен, лингвомәдениеттану — ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық, этикалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, тұрмыстық қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы жеткізуді зерттейтін тіл білімінің бағыты. Осы тұрғыдан лингвомәдениеттанудың ең негізгі мақсаты — ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілерімен халықтың танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың қызметі мен орнын анықтау деп түйіндеуге болады. Осы орайда лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу обьектісінің ауқымы ұлттық мәдениеттің рухани құндылықтардың тілдегі көрінісі әдебиет, фольклорда т.б. да берілуі арқылы кеңи түседі. Олай болса, бүгінгі қазақ тіл білімінде лингвомәдениеттану ғылымы пән ретінде жаңа қадам басып жатқанымен, ұлттық мәдениет пен болмыстық ерекшеліктерді таныту, лингвомәдениеттану пәніне қатысты Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұбанов, М.Әуезов еңбектерінен бастап, ғалым-тілшілер І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жұбанов, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, Қ.Рысбергенова, Р.Шойбеков т.б. ғалымдар еңбектерінде тіл фактілеріндегі сипаты ретінде танытылады.

Этнолингвист-ғалым Е.Жанпейісов «Этнокультурная лексика казахского языка» еңбегінде М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы этнографизмдерді тілдік әрі халықтық болмыс тұрғысынан зерттеуі қазақ халқының мәдениетін тіл деректері арқылы танытуда қосқан зор үлес деп білеміз. Көне сөздердің табиғатын танытып жүрген, белгілі тілші-ғалым Р.Сыздықова өзінің «Сөздер сөйлейді» т.б. еңбектерінде бүгінде жұртшылыққа таныс емес, бірақ ана тіліміздің қазынасында сақталған бірқатар сөздер мен сөз тіркестерінің тарихи-тілдік мағынасын ашып, «қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен ғасырда өмір сүрген ақын-жазушыларының тілінде, жырларда ескі тұрмыс-салтқа байланысты бұл күнде ұмыт бола бастаған немесе мүлде ұмытылған, я болмаса мағынасы өзгерген сөздер мен сөз тіркестерінің кездесуі табиғи құбылыс» дейді [10, 5]. 

Тұрақты сөз орамдарының мәдени-ұлттық мазмұнын халық тілінің байырғы лексикасының сан алуан сырына байланысты көптеген нақты пікірлерді осы саланы зерттеп жүрген маман ғалым Н.Уәлиевтің еңбектерінен табамыз. Автор: «Халық өзінің өткен дәуірлердегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, әрі нәрлі, әрі әрлі етіп ерекше өрнектей білген. Түп төркіні беймәлім сөздердің сәті түсіп, кілті табылғандай болса, көп нәрсені баян етіп, халықтың өткендегі ой-қиялы, тыныс-тіршілігі, дүниетанымы туралы сыр шертіп тұрады» [11, 12] дей келе, қасиетті жеті, он екі, тоғыз санымен тіркесті атаулардың (жеті көк, жеті ғалам, жеті ғашық, он екі мүше, тоғыз сәлемдеме, (уақыт өлшемдерінің халықтық атауларының (он екі сәт, сәске, тәулік, екінді, марқа туған т.б.) мәнін қазақ халқының күнделікті мәдени өмірімен байланысқан тәжірибесінен туған атаулар екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Осы аталған авторлар еңбектерінде сөз етілген ұлттық тіл деректерінің зерттелуін лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу аясына жатқызуға болады.

Бүгінде лингвомәдениеттану ұлттық тілді танудың негізі екені соңғы кездегі біраз зерттеулерде (Г.Смағұлова, А.Алдашева, А.Салқынбай, А.Сейсенова, Қ.Қажығалиевалардың т.б.) сөз болуы, назар аударылуы лингвомәдениеттану ғылымының пән ретінде қалыптаса бастағанын байқатады.

Г.Смағұлова ұлттық тіл мен ұлт мәдениетінің тоғысуындағы өзара байланысты айқындап, мәдениет ұғымын мағыналас фразеологизмдердің бойынан тіл аспектісінде қарастырған. Ол өз еңбегінде лингвомәдениеттану пәнінің ерекшелігін былайша көрсетеді: «Лингвомәдениеттану — этномәдени және этнопсихологиялық факторлар мен тілдегі ұлттық мәдени мағына компоненттерін тіл арқылы мәдениеттану бағытында зерделеп, тілдің дәл қазіргі қолданыс қызметін көрсететін ұлттық ерекшелігін ешбір идеологиясыз, заманға сай келбетін таныту. Бұл ретте тіл — ұлт — мәдениет дейтін үштік (тиада) лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу нысаны болмақ» [12, 147]. 

Лингвомәдениеттанудың, өркениетте, қоғамдық ғылымдармен қатар дамуын тілдік тұрғыдан сөз ету пәннің зерттеу обьектісін нақтылай түседі. Осы жайт түрғысында, сондай-ақ, көне тіл деректері лексикамызда сөзжасам саласының, қызметін арттыруда халқымыздың мәдени өмірімен байланысты екенін тілші А.Салқынбайдың мына пікірі толықтырады: «Тілдік деректерді лингвомәдени аспектіде зерттеу — ең әуелі тілдер арасындағы жалпыадами гуманитарлық, мәдени, өркениеттілік қырларды айқындау болып табылады. Табиғаттағы, әлемдегі құбылыстар, қоғамдағы сана мен салт, бәрі де тілде өз көрінісін табатындықтан, атау мен оның жасалу сипаты лингвомәдени аспектіде қарастырылады» [13, 41]. 

А.Сейсенова этикет формаларына лингвомәдениеттану аспектісінде салыстырмалы талдау жасап, халық мәдениеті мен ұлттық менталитеттің бірлік қызметіне ерекше тоқталады: «Лингвомәдениеттану — мәдениеттің тілдік жүйеге қалай әсер ететіндігін, яғни фактор мен адам бойындағы тілдік факторлардың байланысын қарастырады» деп түйіндейді [14, 19]. 

Қазақ тіл біліміндегі лингвомәдениеттану пәні басқа халықтардың өмірінен де мәдени ақпарат береді. Бір ұлттың көршілес ұлтпен туыстығын немесе дәстүр ұқсастығын салыстыруды да мақсат етеді. Осы орайда лингвомәдениеттану пәні аударма мәселесімен шұғылданушылардың да назарынан тыс калмаған. Аударматанудың лингвомәдени салаларын сөз еткен А.Алдашева бұл пәннің зерттеу көздерін ғылыми тұрғыдан анықтап әрі лингвистика ғылымымен ортақтығын: «Лингвомәдениеттанудың ауқымы соңғыларға қарағанда өте кең, ол әрбір тілдік единицаның белгілі бір халықтың, төл элементі, халық тілімен бірге жасасып келе жатқан өз сөзі, өзгелерден ауыс-түйіс емес, өз меншігіндегі сөз, сөз тіркесі, афоризм, мақал-мәтел екендігін дәлелдейтін белгі қайсы ұлттың «бет пішіні» бар деп есептелген сөз (өзге де тұлғалардың) ұлттық әлеуметтік, этникалық, саяси-адамгершілік, тұрмыстық нормалары мен қағидарларының қандай мәлімет жеткізе алады дегенді зерттеуге назар аударады»,- деп тұжырымдайды [15, 121]. 

Лингвомәдениеттану мен этнолингвистика ғылымдарының ортақтастығын екі пәнге тән кумулятивтік қызметтің жемісі деп танып, өзіндік ұқсастық пен ерекшеліктерді төмендегіше анықтадық:

Біріншіден, этнолингвистика мен мәдениеттану ғылымдары ұлттық тіл аясында халықтың рухани, материалды, мәдени өмірін зерттейді. Тілдік фактілерді мәдениет аспектісінде карастырды.

Екіншіден, екі пәнді де тіл мен мәдениеттану, тарих, этнография, әлеуметтану ғылымдарының жиынтығы деп қарауға болады, өйткені бұл пәндердің деректерінсіз мәдениетті тану мүмкін емес.

Үшіншіден, екі пәнге де ортақ мәселе — ұлт, менталдық, ұлттық тұлға, этнос өмірі, дүниетаным, ұлттық сана, менталитеттік ерекшеліктер.

Төртіншіден, ұлттық колоритті нақты көрсету. Бұл халық дүниетанымымен байланысты эстетика категорияларына бағытталып иек артары анық.

Бесіншіден, мәдениет атаулары — адамзат баласының жемісті еңбегінің нәтижесі ғана емес, ол сан ғасырдың лексикалық қабатының тарихы.

Алтыншыдан, ұлттық тіл — бір ғана этностың, тілдік зандылықтарын сақтаушы, ұрпаққа жеткізуші құрал ғана емес, ол — халық мәдениетінің адамзат мәдениетіндегі рөлін сипаттайтын мәдени категория.

Жетіншіден, этнолингвистика «көне дүниені» жаңғыртуға көбірек бүйрегін бұрса, лингвомәдениеттану халықтың өткені мен бүгінін жаңа, тың көзқараспен сараптайды.

Сегізіншіден, этнолингвистика ұлт мәдениетін сол халықтың мәдени өмірімен әрі кетсе туыстас халықтардың этнографиялық тарихымен байланыстыра қарастырады. Ал лингвомәдениеттану оларды ұлт тіліндегі мазмұнын адамзат мәдениетіндегі калыптасу жайына да тоқталады. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, «этнолингвистика» деп айдар тағылып зерттеу карастырылмағанымен, қазақ тіл білімінде бұрынырақ жарық көрген     көптеген     лексикографиялық,     тарихи,     лексикологиялық, этимологиялық еңбектердегі кейбір деректердің талдануларын этнолингвистикалық зерттеулердің алғашқы нышандары деп санаймыз. Өзіндік айқын мақсаты бар, қазақ тілінің бай тілі мен рухани қазынасының арқасында жыл сайын аумағын ширата түскен этнолингвистика ғылымы бүгінде халық тілінің сан түрлі атауға толы кұбылыстарының ұлттық тілтаным тұрғысынан зерттелу жолы толығып келеді. Бұл жөнінде С.Сәтенова, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, Б.Ақбердиева, Б.Қарағұлова т.б. жас ғалымдардың, еңбегін атауға болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

 

  1. Гумбольдт В фон. Избранные труды по языкознания. Пер. с нем. — М: ОАО НГ «Прогресс, 2000- 400 с. «
  2. Сепир Э. Избранные труды по языкознанию и культурологии. — — М:Наследиа, 1993.
  3. Жалмаханов Ш.Ш. Тіл білімі тарихы. Окулық.- Қарағанды: Қар МУ баспасы, 1999,-203 6.
  4. Вежбицкая А.   Язык.   Культура.  Познание.   -М:   Международное отношение, 1996.
  5. Потебня А.А. Эстетика и поэтика . М: Искусство, 1976. -614 с.
  6. Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Язык и культура. — — Москва: Русский язык, 1976. -248 с.
  7. Телия В.Н. Русская фразеология. -М., 1996 -217 с.
  8. Воробьев В.В.   Лингвокультрология.   Теория   и   методы.    -М:Издательство РУДН, 1997, 331 с.
  9. Маслова В.А. Введение в лингвокультрология,- М: Наследие, 1997.
  10. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. -Алматы: Санат, 1994.-272

11.Уәлиев Н. Фразеология және тілдік норма. -Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1998.-128 6.

12.Смағұлова   Г.    Мағыналас   фразеологизмдердің   ұлттық   мәдени аспектілері. -Алматы: Ғылым, 1998. — 196 6.

13.Салкынбай А. Тарихи сөзжасам. -Алматы: Қазак университеті, 1999. — 309 6.

14.Сейсенова   А.   Лингвистикалық   мәдениеттану:  этинет   формалы салыстырмалы талдау. Филол.ғыл.канд. дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. Автореф. -Алматы, 1998, — 22 б.

15.Алдашева  А.  Аударматану:  Лингвистикалық  және     лингвомәдени мәселелер. -Алматы: Арыс, 1998 -215 б.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *