Игілік Жаннұр
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ –түрік университетінің 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі:ф.ғ.к., профессор м.а. Жылқыбай Г.Қ.
Тілдің сөздік құрамын зерттеу жұмысын оның мағыналық жақындықтарына қарай бөлінген тақырыптық және лексика-семантикалық топтары бойынша жүргізу қазіргі лексикологиядағы ең бір өзекті мәселелердің бірі болып отырғандығы белгілі. Өйткені сөздерді осылай зерттегенде ғана тілдің мағыналық жағын, оның ерекшелігін терең, жан-жақты зерттеп сипаттауға, сонымен бірге «белгілі бір теориялық тұжырымдар, ой-қорытындыларын жасауға мол мүмкіндік болады» [1,4].
Сөздердің мағыналық топтарына, мысалы, тақырыптық, лексика-семантикалық топтарға анықтама беруде лингвист-ғалымдар арасында әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан пікір алшақтығы бар екендігі байқалады.
Белгілі ғалым Ф.П.Филин «лексика-семантикалық топ» деп екі не бірнеше сөздердің лексикалық мағынасына қарай бірігуін айтамыз [2,7] десе, Р.С.Гинзбург оған «ортақ мағыналары бойынша біріккен бір сөз табының құрамындағы сөздер тобы» [3,39] деген анықтама береді. Басқа тіл мамандарының берген анықтамалары да негізінен жоғарыдағы келтірілген анықтамалардан алшақ кетпейді. «Лексика-семантикалық топ сөздердің лексикалық мағынасына негізделеді, яғни сөздердің антонимдік, синонимдік не ұштас мағыналары есепке алынады» [4,129].
Сонымен бірге лингвистикалық әдебиеттерден тақырыптық топ (ТТ) пен лексика-семантикалық топ (ЛСТ) туралы теориялық мәселеде біршама пікір алшақтығы бар екендігі де байқалады. Мысалы, сөздердің тақырыптық топтары тілдік құбылыс деп қарауға жата ма, әлде жатпай ма деген сияқты. Бірқатар лингвистер сөздерді тақырыптық топтарға біріктіруге тілдік факторлар негіз болмайды, оған негіз болатын – тілден тыс факторлар, сондықтан тілдік талдау үшін бұл топтардың айтарлықтай мәні жоқ дейді [5,173]. Енді бір лингвистер тақырыптық топтар мен лексика-семантикалық топтардың арасында пәлендей айырмашылық жоқ деген де пікір айтады. Ал енді үшінші бір тіл мамандары бұл екі топтың бір-бірімен тығыз байланысын, жақындығын көрсете отырып, сонда да болса олардың әрқайсысын жеке, бір-бірінен бөлек сөздер тобы ретінде қарастыру қажет екендігін айтады [6,103-105].
Қазіргі лингвистикалық әдебиеттерде осы соңғы көзқарастың басымдығы байқалады.
Көпшілік зерттеушілер сөздерді тақырыптық топтарға топтастыруда лингвистикалық принцип негізге алынбайды, заттардың табиғи белгілері, объективтік қатынастары, т.б. алынады дейді. Мысалы, қол мен көз, құлақ пен аяқ, бас пен қабырға дегендер бір тақырыптық топқа енеді де, бір жүйе жасайды[4,136]. М.И.Фоминаның пікірінше, тақырыптық топқа ортақ тақырып арқылы байланысқан, мағыналары жағынан ұқсас сөздер кіреді [7,12].
Индоевропа тілдерінің материалын негізге ала отырып, лексиканы – тақырыптарға бөлген О.Г.Щур тақырыптық топтарға сөздерді топтастырғанда өріс теориясын қолданып, оған сөздердің парадигмалық қатынасын негіз етіп алады [8,96].
Бірақ автор тақырыптық топтың (өрістің) құрамына енген сөздер семантикалық ерекшелігіне қарай бірізді болмайтындығын ескертеді. «Бір жағынан синонимдік қасиетімен, екінші жағынан белгілі бір затты білдірумен анық көрінеді. Бірінші жағдайды (семантиканы), дәстүр бойынша лингвистикалық деп қарасақ, екіншісін, экстралингвистикалық деп қараймыз»,-деп қорытынды жасайды [8,30]. Бұл пікірді М.Оразов та қолдайды [4,129].
А.А.Уфимцеваның пікірінше, сөздерді тақырыптарға біріктіруге тілдік факторлар негіз болмайды, оған негіз болатын – тілден тыс факторлар, сондықтан тілдік талдау үшін бұл топтардың айтарлықтай мәні жоқ [5,73]. М.Оразовтың зерттеуінде тақырыптық топ сөздердің тек денотаттық мағыналарына (кейде объектив дүниедегі заттардың өздеріне) негізделсе, лексико-семантикалық топ сөздердің лексикалық (әрі денотатты, әрі сигнификаттық, әрі ішкі лингвистикалық) мағынасына негізделеді деп бөліп қолданылған [9,8-15]. Сонымен бірге, айырмашылықтары бола тұрса да, лексика-семантикалық топтың өздері де белгілі бір тақырыптық топтың аясына енетіндігін ескертеді [4,149].
Соңғы көзқарасты ұстанушылар сөздердің тақырыптық топтарын лингвистік талдаудың аясынан тысқары қарастыруды дұрыс емес дейді, өйткені тілдің көп салаларының ішінде оның лесикасы ғана шындық өмірдің айнасы бола алады, яғни шындық өмірді көрсетеді дейді. Шындығында шындық өмірдегі заттар арасындағы, құбылыстар арасындағы қатынастарды ескермейінше, белгілі бір тілдік материалдарды толық талдауға болмайды. Бұл жөнінде Д.Н.Шмелев былай дейді: «…необходимо учитывать все отношения, существующие в языке, чем бы они ни определились…весь лексический состав языка более или менее непосредсвенно отражает внеязыковую действительность, а говорить о значении слова без соотнесения этого слова с чем то вне языка можно только придав самому термину «значение» очень органиченный «смысл» [6,104-105].
Тіл зерттеушілер қазіргі кезде тек «таза» лингвистиканың аясында сөз мағынасын талдау, лексиканың жүйелілігін сипаттау жеткіліксіз екендігін, сондықтан лексикалық единицалардың мағыналық жағын зерттеуде таза лингвистиканың аясынан шығу «еріксіздіктен емес, керісінше, толығынан заңды құбылыс» [10,118] екендігін айтады.
Тақырыптық топ пен лексика-семантикалық топтпрдың ара жігін ажыратуға көпшілік ғалымдардың лексикалық мағынаны негіз етіп алуынан бұл екі топтың, яғни тақырыптық топ пен лексика-семантикалық топтың арасында айырмашылық жоқ деген пікір тумаса керек. Әрине, бұлардың арасында байланыс бар. Сонымен бірге тақырыптық топ пен лексика-семантикалық топты бір-бірінен ажыратып тұратын ерекшелігі де бар. Ол ерекшелікті айта келіп, Ф.П.Филин былай дейді: «ЛСГ представляет собой продукт законов и закономерностей развития лексической семантики языка, «внутреннее, специфическое явление, обусловленное ходом его исторического развития [2,528-529], тақырыптық топ (ТГ), «само их наличие или отсутствие в какой нибудь языке, их состав зависят только от уровня знаний того или иного народа – создателя, от умения классифицировать явления действительности, получившие свои словарные обозначения» [2,529]. Бұдан кейін Ф.П.Филин тақырыптық топтың лексика-семантикалық байланысқа негізделмей, заттар мен құбылыстардың классификациясына негізделетінін айтады [2,528].
Лексика-семантикалық топ теориясын толық түсіну үшін, сөздердің лексикалық мағынасын, олардың семантикалық құрылымын анық білу керек.
Тіл зерттеушілер тақырыптық топ терминінің лексика-семантикалық топ терминінен бұрын қолданғандығын айтады (РУСТ,1955). Дегенмен кейде бұл екі терминнің ара жігі ашылып, бірін екіншісінен ажыратарлықтай белгілері көрініп тұрса, кейде бұл екеуін бір-бірінен ажырату қиынға түседі. Бұл, әсіресе, есім сөздерді топтастырған кезде анық байқалады. Сонда да мұқият, зер сала қараған адам бұлардың айырмашылын аңғарады. 1975 жылы шыққан орысша-өзбекше тақырыптық сөздік «табиғат» деген топқа «поверхность, гора, вершина» деген зат есімдермен бірге «южный, северный» сияқты сын есімдерді де енгізген [11,1955]. Ал бұл сөздерді іштей бірнеше лексика-семантикалық топқа бөлуге болады.
Қалай десек те, лингвистикалық еңбектерде тақырыптық топты лексика-семантикалық топтан кең түсінік ретінде қарастыру басым, әрі «тақырыптық топтың көлемі лексика-семантикалық топтың көлемінен де кең болады» [4,173]. Сөйтіп лексика-семантикалық топ тақырыптық топтың аясында қарастырылып та кетеді.
Тақырыптық топтың кең көлемділігіне сүйеніп, тақырыптық сөздікдіктер жасаушылар есім сөздерді де бір тақырыптың құрамына енгізіп жүр. Мысалы, Ю.Н.Караулов жасаған идеографиялық сөздіктен белгілі бір тақырыптық топқа түрлі сөз табына жататын сөздердің ене беретіндігін аңғаруға болады. Мысалы, сообщать пен сообщение, докладывать пен доклад сияқты етістіктер мен зат есімдер бірге топтастырылған (Караулов, 1976). Ал лексика-семантикалық топтың құрамына тек бір сөз табына енетін сөздер ғана топтастырылып жүр.
Сөздерді белгілі бір лексика-семантикалық топтың құрамына енгізу үшін олардың ортақ мағыналық белгілерін анықтап алу керек. Мысалы, төмендеу, құлау, құлдырау, келу, өту, қашу, шығу, сырғу, ұшу т.б. сияқты сөздердің бір лексика-семантикалық топтың құрамына екендігін дәлелдеу үшін, оларды неліктен бір лексика-семантикалық топтың құрамына еніп отыр, осы сөздердің арасында қандай мағыналық байланыс бар деген сұрақтарға жауап бере отырып, анықтау қажет. Біріншіден, осы сөздердің барлығы да белгілі бір қозғалысты, яғни заттың бір орыннан екінші орынға аусуын білдіреді. Сондықтан да оларды қозғалу етістіктерінің құрамына енгіземіз, сонымен бірге, осы лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздердің бір-бірімен мағыналық байланыстарының дәрежесі біркелкі болмай, олардың түрліше болатындығын да ескерген жөн. Мағыналық жағынан бір-бірімен өте жақын деген сөздердің өзінде оларды бір-бірінен ажыратып тұратын мағыналық реңк болады. Мысалы, төмендеу, құлау, құлдырау етістіктерінің мағыналық жақындығы мен айырмашылығын қарастырсақ, мына төмендегідей болып шығар еді.
- Төмендеу 1/ қимыл
2/ заттың бір орыннан екінші орынға ауысуы
3/ жоғарыдан төмен қарай бағытталған
4/ баяу/қарқын
5/ бір қалыпты/қозғалыс
- Құлау 1/ қимыл
2/ бір орыннан екінші орынға ауысу
3/ жоғарыдан төмен қарай
4/ жылдам/қарқын/
5/ бір қалыпты/қозғалыс
- Құлдырау 1/ қимыл
2/ бір орыннан екінші орынға ауысу
3/ жоғарыдан төмен қарай
4/ өте жылдам/қарқын/
5/ бір қалыпты емес/қозғалыс
Қарастырылып отырған үш етістіктің 1,2,3 мағыналық белгілері үшеуіне де ортақ, ал төмендеу, құлау етістіктерінің 1,2,3,5 мағыналық белгілері ортақ та, 4-мағыналық белгісі бойынша сөздер бір-бірінен ажыратылады, ал құлау мен құлдырау 4,5 мағыналық белгілері бойынша бір-бірінен ажыратылады. Осы ажыратқыш (даралаушы) мағыналық белгілері бойынша олар жеке сөздер ретінде өмір сүреді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Cмaғұлoвa Г. Фpaзeoлoгизмдepдiң вapиaнттылығы. -A., 1996
- Филин Ф.П. О лексико-семантических группах слов – Софья, 1997.
- Гинзбург Р.С. О системности словарного состава языка. «Актуальные проблемы лексикологии» — Новосибирск, 1971.
- Оразов М. Қазіргі қазақ тілінің семантикасы – Алматы, 1991.
- Уфимцева А.А. Слово о лексике-семантической системе языка-М.,1998.
- Шмелев Д.Н. Проблемы семантического анализа лексики (на материале русского языка) – Москва, 1973.
- Фомина М.Н. Современный русский язык. Лексикология. М.,1978.
- Щур Г.С. Теория поля в лингвистике. Москва, 1974.
- Оразов М. Қазақ тіліндегі қалып етістіктері. Алматы, 1980.
- Потемкина Н.П. О методике определения значений слов на семасиологическом уровне. В сб. «Теория и методика преподавания английского языка». Ленинград, 1972.
- Русско-узбекский тематический словарь. Ташкент, 1955.