ПРОФЕССОР С.ИСАЕВТЫҢ АТАУЛЫҚ ТІРКЕСТЕР МӘСЕЛЕСІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСЫ

Сапиева Аружан

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс студенті

Түркістан, Қазақстан

 

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент м.а.  Сүйінжанова Жанар Киікбайқызы

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

 (е-mail: zhanar.suinzhanova@ayu.edu.kz)

 

 

 Ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің өркендеп дамуы тілімізде әртүрлі ұғымдар мен олардың атауларының пайда болуына ықпал етті. Жаңа қолданыстар, жаңа ғылыми терминдер мен терминдік атаулар санатына қосылып жүрген бұл атаулардың тілдік табиғаты мен жалпы жасалу болмысының өзіндік ерекшелігі бар еркін сөз тіркесінің құрамынан шығып, атаулық тіркес ретінде танылып жүрген тұлғалардың тілдік табиғатын анықтаудың  ғылыми маңызы зор.

 Мұндай атаулық тіркестердің пайда болуы ХХ ғасырдың басына сай келеді. Бұл жөнінде қазақ тілінің тарихы мен қазақ əдеби тілі тарихы мəселелерін, жекелеген сөздер мен грамматикалық тұлғалардың шығу, қалыптасу, даму тарихын, олардың даму, өзгеру процестерін зерттеген ғалым Сейілбек Исаев еңбектерінде қарастырылған.  Қазақ тіл білімінде «атаулық тіркес» терминінің шығуы С.Исаев есімімен тікелей байланысты. Ғалым «Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы» (мерзімді баспасөз материалдары бойынша) еңбегінде 1920 жылдары бұрын ана тілімізде болмаған жаңа тіркестер туып, орыс тіліндегі кейбір терминдік лексика қазақ тіліне тіркеспен аударылғанын, мәселен, прение –талас сөз, не жарыс сөз, договор-уәде қағаз, не шарт қағаз, т.б. сияқты орыс тіліндегі тіркестердің әсерімен қазақ тілінде де жаңа тіркестер (ашық хат (открытое письмо), ұлт мәселесі (националный вопрос), Орталық Комитет (Центральный Комитет), күн тәртібі (повестка дня), тап тартысы, тап күресі (классовая борьба), т.б.) пайда болғанын жазады [1]. Және автор «Бұл тәріздес сөз орамдарының синтаксистік сөз тіркестерінен де, фразеологиялық тіркестерден де едәуір айырмашылығы бар. Сондықтан оны атаулық тіркестер деп атауды жөн көрдік» дейді. Содан бері осы «атаулық тіркестер» термині ғылыми айналымға түсіп, ол туралы біршама зерттеу еңбектері жарық көрді [2,317]. Біз мақаламызда профессор С.Исаевтың атаулық тіркестердің басқа тіркестерден айырмашылығы, жалпы тілдік табиғаты туралы пікірлерін қарастыруды мақсат еттік.

  Ғалым атаулық тіркестердің  тілдегі басқа еркін сөз тіркестер мен фразеологиялық, идиомалық тіркестерден өзіндік айырмашылықтарын, белгілерін салыстыра зерттеп, оның өз алдына басқа тіркес екенін дәлелдейді.

 Атаулық тіркестердің еркін тіркестерден айырмашылығы жөнінде «Сөз болып отырған тіркестердің еркін синтаксистік тіркестерден айырмашылығы мынада: тұрақты фразеологиялық тіркестердей атаулық (лексиколизованные) тіркестердің грамматикалық байланысы тұрақты, көбінесе жеке сөздің эквиваленті сияқты бір сөздің орнына қолданылады. Қала берді атаулық тіркестердің орын тәртібі де тұрақты болады [3, 79-80]. Бұндай лексикалық орамдардың құрылысы да, құрамы да біршама тұрақталған болып келеді. Олар бір-бірімен тығыз байланысты, белгілі бір тәртіппен құралған сөздерден тұрады. Құрамындағы сөздер қалай болса солай ауыса бермейді», — деп, атаулық тіркестердің мағыналық тұтастық, грамматикалық тұтастық белгілерін атап көрсетеді [2,318].  Және еңбекақы (заработная   плата), уәде қағаз (договор), жер шары (земной шар), атқару комитеті (исполнительный комитет), Қызыл әскер (Красная армия), еңбек кітапшасы (трудовая книжка), фабрик-завод комитеті (фабрично-заводской комитет), кәсіпшілер одағы (профессиональный союз), ашық хат (открытое писмо) деген сөз орамдарының еркін сөз тіркестерінен айырмашылығы бар екені байқалатынын келтіреді.

Атаулық тіркестер еркін сөз тіркестеріндей сөйлеу процесінде емес, осы тұлғасында даяр бір бүтін лексема ретінде қабылданылып қолданылады. Сондықтан да олар жеке-жеке бөлініп, сөйлем мүшелері бойынша бөлшектеп талдауға көнбейді, сөйлемнің бір-ақ мүшесі қызмет атқарады. Осы белгілер жөнінде ғалым «Бұл жағынан атаулық тіркестер фразеологиялық тұрақты тіркестерге ұқсайды. Бірақ бұл екеуі барабар нәрсе деп оларды бір топқа жатқызуға да болмайды»,- дейді[2, 319].

Автор сол уақытта қазақ тіл білімінде атаулық тіркестер жөнінде арнайы зерттеудің жоқ екенін, осы іспеттес тіркестер фразеологизмдерге, тұрақты тіркестерге жатқызылып жүргенін сөз еткен. Және «фразеология» және «тұрақты тіркестер» деген терминдерге мынадай түсінік береді: «Тіл білімінде фразеология мен тұрақты тіркестер деген терминдер бірінің орнына бірі қолданылады, тұрақты тіркестер деген термин бұл категорияның жалпы атауы болады да, ал фразеология соның ішінде кіретін бір түрі болуға тиіс. Ал фразеология өз ішінде идиома, фразалық тіркес, мақал-мәтелдер сияқты түрлерге бөлініп кетеді. Тұрақты тіркестерге фразеологиядан басқа да тіркестер жатады»[1,320]. Атаулық тіркестер, немесе лексикаланған (лексиколизованные) сөз орамдарын осы тұрақты тіркестердің біріне жатқызатынын көреміз. Бірақ тілдегі тұрақты тіркестердің осылай топтасуы дәл, толық деп есептеуге болмайтынын, бұл топтау принципін әлі де болса зерттеу керектігін айтады. 

Атаулық (лексикаланған) тіркестердің жеке топ екенін айта келе, фразеологиялық тіркестер мен атаулық тіркестердің арақатынасына тоқталады. C.Исаев атаулық тіркестер, негізінен, заттың, құбылыстың атауы болса, фразеологиялық тіркестер ондай атаулық мағынада қолданылмайтынын айтады.   

Проф. І.К.Кеңесбаев тұрақты тіркестердің құрамына енген сөздер сол фраза компонентерінің әсерінен әртүрлі стильдік бояуға, өзіндік мағынаға ие болатындығын айтқан. [4,12]. Атаулық тіркестерде көркемділік қасиет жоқ, олар белгілі заттың, құбылыстың номинативті атауы. Бұл жөнінде автор «Фразеологиялық тіркестердің екінші бір елеулі ерекшелігінің бірі-оның метафоралық ауыспалы мағынада қолданылуы. Сондықтан да еркін тіркестермен  жарысып, олар омонимдік қатар құрай береді. Мысалы, мұзға отырғызу тіркесі екі түрлі мағына береді: фразеологиялық тіркес болса, ауыспалы мағынада жұмсалады (алдап кету, жерге қаратып кету). Ал атаулық тіркестерде бұндай метафоралық ауыспалы мағына болмайды. Мысалы, еңбек кітапшасы, балалар бақшасы, темір жол, кәмелеттік аттестат, аяқ киім, қара күйе, сасық күзен, қара торғай дегендерде метафоралық мағына байқалмайды. Осыған байланысты да оның мағынасы көбінесе дәл, тура болады» [2,321]. — деп, мағынасының дәлдігі, туралығымен және көбінесе терминдік ұғымдарды білдірумен байланысты атаулық тіркестердің синонимдері болмайтынын, олардың мағынасын тек сипаттама (описательно) түрде жеткізуге болатынын көрсетеді.

 Атаулық тіркестің мағынасы құрамындағы сөздердің мағынасынан фразеологиялық тіркестердегідей мүлде алшақ кетпейді. Құрамындағы жеке сөздердің мағыналары белгілі дәрежеде тіркес мағынасын анықтай алады. Мысалы, аяқ киім, боз торғай, темір жол, еңбек кітапшасы, балалар бақшасы, ат дорба, т.б. тәрізді тіркестердің мағыналары құрамындағы сөздердің бойынан шығатын ұғымнан алшақ емес. Атаулық тіркестердің осындай басты-басты мағыналық ерекшеліктері оларды фразеологизмдерден бөліп, жеке топ ретінде қарауға негіз бола алады. 

 Қазақ тіліндегі атаулық тіркестер әуел баста еркін сөз тіркестері болып, сөйлеу процесінде тұрақталып, лексикалық единицаға ауысқан. Атаулық тіркестің номинативтік мағынаға ие болып, жаңа сөз ретінде танылуы, ең алдымен, олардың сөз тіркесі ретінде қолданысынан бастау алады. Еркін сөз тіркесі сипатында қалыптасып, тілдік қолданыста жұмсала жүріп, даяр қалпында қолдану деңгейіне жеткенге дейінгі тұлға мағыналық құрылымында әртүрлі өзгерістер мен дамуға ұшырайды. Автор кеңес дәуірінің алғашқы кезеңіндегі баспасөз тілінде қолданылған жаңа атаулық тіркестерді құрамына қарай мынадай үш топқа бөледі:

  1. Байырғы сөздердің тіркесуі: балалар үйі (детский дом), ұлт мәселесі (национальный вопрос), бастауыш мектеп (начальная школа), еңбек кітапшасы(трудовая книжка), ағым істері (текущие дела), т.б. Бұл тіркестердің компоненттері – тілімізде ертеден бері қолданылып келе жатқан байырғы сөздер. Тіркес құрамында, әрине, олар мағыналық өзгеріске түскендігі даусыз.
  2. Қазақ тілінің байырғы сөздері мен орыс тілінен енген сөздердің тіркесуі: атқару комитеті (исполнительный комитет), құрама республика (федеративная республика), Совет өкіметі (Советская власть), халық соты (народный суд), т.б. Осы мысалдарда қазақ тілінің байырғы сөздері, сондай-ақ орыс тілінен енген сөздер атаулық тіркестің алғашқы анықтауыш компоненті де бола алатынын аңғарамыз.
  3. Орыс тілінен енген сөздерден құралған тіркестер: уездік комитет, Совет республикасы, математика факультеті, Совет соты, партия комитеті,т.б.

Ал атаулық тіркестерді жасалу жолына қарай да бірнеше топқа бөледі.   

  1. Қабыса байланысқан тіркестер: ашық хат, облыстық комитет, бастауыш мектеп, орталық комитет, темір жол, т.б.
  2. Қатысты мағынадағы тіркестер көбіне екінші изафет арқылы жасалады: ұлт мәселесі, партия комитеті, халық соты, тұтыну қоғамы, еңбек кітапшасы, балалар бақшасы, т.б.
  3. Матаса байланысқан тіркестер. Байырғы сөздер; сондай-ақ кірме сөздер ілік септігі мен тәуелдік жалғауларын қабылдайды[2,325-327]. Осы аталған атаулық тіркестерді құрамына қарай, жасалу жолына қарай топтастыруы қазіргі атаулық тіркестерді зерттеуге жол көрсетті.

 С.Исаев атаулық тіркестер туралы мынадай тұжырымдар айтады: «Осы терминдік мәндегі атаулық тіркестердің көпшілігі әдеби тілге осы кезеңде еніп, қалыптаса бастаған. Бұл процесс әлі де болса тоқталмай, жаңа ұғымдардың келуімен байланысты дами түсуде. Демек, қазақ тіліндегі атаулық тіркестер жаңа сөз жасаудың да бір көрінісі болып есептеледі. Осы келтірілген шағын мысалдардың өзінен мерзімді баспасөз тілінде күнделікті туып отырған жаңа атаулық тіркестердің көп екендігін және олардың әлі де тасқындап туа беру мүмкіндігі зор екендігін байқаймыз.  Атаулық тіркестердің тұрақтылығы қалыптасу дәрежесі, сәттілігі бірдей емес, сондықтан олардың кейбірі толық қалыптасқан тұрақты тіркестер болып, лексикалық единицалар қатарына жатса, кейбірі әлі бұл дәрежеге жете алмай, синтаксистік тіркестер қасиетінен біржола арыла алмағандығын көреміз. Соның өзінде де олар синтаксистік еркін тіркестерден оқшауланып, ерекшеленіп тұрады» [2,329]. 

Сейілбек Исаев – атаулық тіркестердің өз алдына бөлек тіркес екендігін дәлелдеп, басқа тіркестерден айырым белгілерін, оларды құрамына қарай және жасалу жолына қарай топтастырған ғалым. Қазіргі қазақ тілінде пайда болған атаулық тіркестерді осы бағытта қарастырамыз. Және бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалып, бірнеше ғылыми еңбектер жарық көрді. 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы (мерзімді баспасөз материалдары бойынша). -Алматы: Мектеп, 1973.- 196-б.

2. Исаев С. Қазақ тіл білімінің мәселелері. –Алматы, 2014. -640-б.

3. Исаев С. Мерзімді баспасөзде ұшырасатын стильдік қателер туралы// Тіл мәдениеті және баспасөз. Алматы: Ғылым, 1972. 122-131-бб.

  1. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, Фонетика, А., 1962;

 

Түйіндеме

Бұл баяндамада көрнекті ғалым Сейілбек Исаевтың атаулық тіркестер жайлы құнды пікірлері қарастырылған.

Резюме

В этой статье рассматриваются ценные взгляды известного ученого Сейилбека Исаева о номинативных словосочетаниях.

Summary

This report considered comments of the outstanding scientist Seilbek Isayev’s targeted phrases provided valuable

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *