Слан Күлайна
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ –түрік университетінің 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі:ф.ғ.к., профессор м.а. Жылқыбай Г.Қ.
Адамзат өзін қоршаған ақиқат дүниені, құбылыстар мен олардың сапа-қасиетін түрлі таным деңгейінде бағалайды да санада қалыптасқан ұғым түсініктерді қорыта отырып өңдейді, елеп-ешейді, тәжірибеде қолданады. Бұлардың тұтас көрінісі ретінде ғаламның тілдік бейнесі жасалады. Ал бұл этностың, оны құраушы жеке индивидтің таным деңгейіне ғана емес, генетикалық табиғатына, сол тілде сөйлеушілердің психофизиологиясына, әлеуметтік ортасына, жас ерекшелігіне байланысты болады. Бұл жоғарыда көрсетілген, тілдің танымдық деңгейін қарастыратын антропоцентристік парадигманың мақсат-міндеттеріне жауап берсе, ол өз кезегінде когнитивтік зерттеулермен тығыз байланысты.
Қазіргі таңда халқымыздың алтын тұғыры, рухани-мәдени қазынасы болып табылатын тілімізді зерттеудің ауқымы кеңейіп отыр. Тіл табиғатына терең бойлап, жан-жақты қарастыру, тілдік бірліктердің сипатын айқындау лингвостьилистика, этнолингвистика, психолингвистика, когнитивтік лингвистика т.б. ғылым салаларының зерттеу нысанына айналып отыр.
Тіл біліміндегі түрлі деңгейдегі когнитивтік зерттеулерге назар салсақ, олардың барлығына ортақ мәселе тілдік антропоцентризм, дәлірек айтқанда, тілде тілді тасымалдаушылардың өмірлік тәжірибесі, теориялық, мәдени білімі концептуалды түрде ғаламның тілдік бейнесі ретінде көрініс табуы екендігін аңғарамыз. Ғалам бейнесі дегеніміз – адамды қоршаған объективтік шындық. Ол танымға тәуелсіз өмір сүреді. Ал табиғи тіл біздің ғалам туралы білімімізді толық қамтып, бейнелейтін негізгі формасы. Оған қоса адамның дүниетану құралы, яғни адам миына сырттан түскен белгілерді белгілеп, танымды құрады.
Алғашқы когнитивтік зерттеулер этнолингвистикалық және лингвистикалық типологияны салыстыру деңгейінде сипат алды. Өткен ғасырда қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистика деген терминдік атау арнайы қолданылмағанмен, тілші ғалымдар адам санасының, танымның нәтижесін тілмен байланыстыра қарау керектігін сөз еткені белгілі. Осы тұрғыда академик І.Кеңесбаев: «Бағзы заманнан халқымызбен қоса жасап, атадан балаға мұра боп селбескен тіл қазынамыз – ел-жұртымыздың, мәдени сана, ой-парасат, ұғым-наным атаулысының тоғысар түйіні, сарқар арнасы есепті» — деп, тегін айтпаған сықылды [1, 110].
Ал қазақ тіл біліміндегі этнолингвистика саласының негізін салушы ғалым Ә.Қайдар «… кейінгі кезде (АҚШ-та) қалыптаса бастаған тағы бір көзқараста этносты «Адам» деген деген ұғыммен алмастыру арқылы этнолингвистиканың баламасы ретінде «антропология» (адам туралы ғылым) терминін қолдану үрдісі байқалып отыр», -деп көрсетеді [2,49].
Когнитивтік антропология адам сана-сезімінің негізінде жатқан, өзіне ғана тән дүниетанымдық, рухани болмысының тіл арқылы көрініс табуын зерттейді.
Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстар мен олардың сапа қасиетін сезім мүшелері арқылы сіңіріп, санамен түйсініп қана қоймайды, оған жауап қайырады, ақпаратты өзінше жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға саналы-сансыз күйде талпыныс жасайды, өңдейді, қорытады, елеп-екшейді, баға береді, тәжірибеде қолданады. Бұлардың тұтас көрінісі ретінде ғаламның тілдік бейнесі жасалады.
Тілдің байлығы тек сөздік қор мен сөздік құрамның, грамматикалық мүмкіндіктердің молдығымен айқындалмайды, бұл ретте ұлттық тілдік тұлғаны қалыптастыратын танымдық жүйелердің, психологиялық және әлеуметтік құрылғылардың, мәдени тілдік бірліктердің барлығы да ескерілуі керек. Адамның танымдық қабілеттері, когниция құрылымы мен оған сәйкес айқындалатын сана қызметі адамзат атаулының когнитивтік ерекшеліктерін құрылымдық және жүйелік негізде сұрыптауға бағытталады. Сондықтан тіл білімінде тіл, мәдениет және ұлт арасындағы қарым-қатынасты, олардың бір-бірімен байланысын танымдық тұрғыда зерттейтін жаңа бағыт – когнитивтік лингвистиканың орны ерекше.
Ол бүгінгі күні тіл біліміндегі көркем шығарма тілін прагматикалық, когнитивтік, психолингвистикалық парадигмада қарстыруға мол мүмкіндік береді. Жаңа ғылыми парадигмаға сәйкес тілді зетрттеуде негізгі назар тілдік тұлғаға аударылады, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тәсілдер, метатілдік теориялық негіздер қалыптаса бастады. Жалпы тіл табиғатын когнитивтік негізде қарастыру үлгісі 60-70 – жылдардағы американдық Хромский[3], Лакофф [4] тәрізді ғалымдардың еңбектерінде кездеседі. «Когнитивті лингвистика» термині алғашында 80 – жылдары М.Бривиштің еңбегінде айтылған. Негізінен бұл идеялар философиялық тіл білімінің өкілдері В.Гумбольд [5], Т.А.Ван Дейк [6], Э.Сепир [7], И.Потебня [8] секілді ғалымдардың еңбектерінен бастау алады.
Когнтивтік лингвистика саласында зерттеу жасап жүрген ресейлік Н.Н.Рябцева батыс және ресейлік лингвистикада когнитивтік деп санауға болатын бір ле бір жалпы қабылданған анықтама жоқтығын көлденең тартады. Солай бола тұра, когнитивтік деп есептелген зерттеулердің көпшілігі когнитивтік емес, ал алдында когнитивтік негізде мақсат қоймаған семантикалық зерттеулердің мазмұнында бұл мүдде орындалғанын жазады [9,2]. Бұдан соң когнтивтік лингвистика қайдан пайда болды деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалға жауап беруді когнитивтік зерттеулерге ұйытқы болатын ортақ мәселесіне тоқталудан бастауды жөн көріп отырмыз.
Әр алуан деңгейдегі когнитивтік зерттеулерді сараптағанда жоғарыда көрсетілгендей, олардың барлығына ортақ мәселе тілдік антропоцентризм, дәлірек айтқанда, тілде тілді тасымалдаушылардың өмірлік тәжірибесі, теориялық, мәдени білім концептуалды түрде ғаламның тілдік бейнесі ретінде көрініс табуы екендігі анықталады.
Когнитивтік антропология адам сана-сезімінің өзіне ғана тән рухани болмысының тіл арқылы көрініс табуын зерттейді. Антропоцентристік парадигманы алғашқыда «интуитивтік» жүйе деп атау ұсынылғанмен, кейін «антропоцентристік» термині қабылданған.
Антропоцентристік бағыт алғашқыда лексикография, оқу әдебиеті негізінде тар көлемде қолданылғанымен, кейін, әсіресе, семантика саласында ауқымын кеңейткен. Когнититвтік лингвистика антропоцентристік парадигманы, яғни адам және адам танымын құрастырушы тілді бір-бірі арқылы зерттеуді мақсат ете отырып, бірнеше лингвистикалық (этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистика, дәстүрлі лингвистика) және мәдениеттану, философия, математика, кибернетика, психология пәндерімен сабақтасады. Бұл пәндермен когнитивтік лингвистика тікелей байланысты.
Лингвистикалық семантика когнитивтік лингвистиканың дереккөзінің білі. Когнитивтік лингвистика дәстүрлі семантиканың әдіс – тәсілдерін дамыта отырып, кейбір жалпы ұғымдық категорияларды адам танымының әлемді когнитивтік игеруі нәтижелері ретінде қарастырады. Когнитивтік семантика ерекше терең құрылымды семантика ретінде анықталады, сондай-ақ семантикалық ойлардың табиғи дамуы сипатын да қарастырады.
Когнитивтік лингвистика саласы психология, философия, логика, мәдениеттану, нейрофизиология, антропология сықылды пәндермен тоғысатынын ескерсек, лингвистиканың осы пәндермен байланыстығында, сабақтастығында пайда болған салалардағы ізденістердің әрқайсысы когнитивтік лингвистикаға дереккөз бола алады.
Бұл бағытта жемісті еңбек еткен қазақ ғалымдары Ә.Қайдар [10], Е.Жанпейісов [11], Ж.Манкеева [12], М.Копыленко [13], Г.Смағұлова [14] т.б. зерттеулері тек этнолингвистика үшін емес, когнитивтік зерттеулер үшін де құнды мазмұнға ие. Ал соңғы кездердегі таза когнитивтік бағыттағы ізденістер жалпы алғанда нәтижесіз емес. Қазіргі таңда тілдің жан-жақты қызметі мен оның адам санасы арқылы абъективтенуі лингвомәдениеттанымдық, когнитивтік аспектіде зерттелуі өз нәтижесін беріп келеді. Ал тілдік таңбалардың қызметі мен қолданылуы, мағыналарын танымдық деңгейде қарастыруды концептілік құрылымдар арқылы талдаудың мәні зор.
Ғалам бейнесі дегеніміз – адамды қоршаған объективтік шындық. Ол танымға тәуелсіз өмір сүреді. Ал табиғи тіл біздің ғалам туралы біліміміздің толық қамтылып бейнеленген негізгі формасы. Е.М.Абақан: «Тіл білімінде «әлемнің бейнесі», «әлемнің ұлттық бейнесі тәрізді термин ретінде қолданылып жүрген сөйлемдерде әлем бейнесінің жасалуы жеке адамға, я болмаса, бүкіл адамзатқа тән құбылыс ретінде қарастырылады. Оның когнитивтік санаға қатысты, танымдық сипаты адам ойында пайда болады. Бірақ «әлемнің тілдік бейнесі» қоршаған ортаның тікелей, тура бейнесі бола алмайды екен. Себебі, болмыс пен тілдің арасында адамның санасы тұрады», — деген пікір айтады [15,75]. «Ғаламның тілдік бейнесі» деген ұғым адамзат баласына ортақ дүние мен жеке этностың өзіне тән ұлттық бояуын бойына жинақтайды. Бұл ұғым аясындағы концепт – көптеген тіл қабаттарының қайнар көзі. Біз талдау жүргізіп отырған үш қаламгердің шығармаларынан да ұлттық дүниетаным мен болмысты, ұғым мен мағынаның кеңею аясын, сөз мағынасының даму процесін көруге болады.
Шындығында адам санасының индивидуалдылығын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ғаламның тілдік бейнесі өмірлік тәжірибелер түйіні, барша мойындаған шындыққа қатыстыболатынын ұмытпаған абзал. Субъективті сана тұжырымдамасы әуелі шындықпен әрекет нәтижесі ретінде көрінеді, кейін ұжымдық санамен мойындалғаннан соң ғана оның жемісіне айналып, объективтенеді. Ол процесс уақытпен емес, алдымен шындыққа қатысымен құпталады. Субъект санасындағы индивидуалды білім мазмұнының объективтенуі — ғаламның тілдік бейнесі ретінде өмір сүруінің басты шарты. Онсыз оның мәні жалпыға бірдей қабылданбайды. Ал қабылдаудағы тілдік білім мазмұнының ерекшелігі қабылдаушы сезімнің субъективтілігіне қатысты болмақ, яғни ақпаратты қабылдаушының объективті емес, субъективті көзкарасына сәйкес түсуімен байланысты.
Ғаламның тілдік бейнесі динамикалы негізді және ғалам бейнесіне тілдік араласудың нәтижесі. Ол тереңнен ғалам моделі арқылы басқарылады. Ғаламның тілдік бейнесіне өз қатынасының бөлігін көрсете отырып басқарады. Оның әр басқа көрінісіне сәйкес модель түзеді, объективті шындық сана, ғалам моделі арқылы ғаламның тілдік бейнесіне бейнеленгенде толық дерлік оның элементін қабылдаған объективті шындықтың өзі емес, оған қатынас бейнесі ретінде көрінеді. Ғаламдық тілдік бейнесінің философиялық мәнін түсінуге арналған Ю.Степанов [16], Е.С.Кубрякова [17], Н.Д. Арутюновалардың [18] теориялық еңбектерінде ғаламның тілдік бейнесінің түрлі белгілері көрсетіледі.
Тілдік мазмұнның ерекшелігі рухтық қуатты иемденген, тілдік сипаты, формасы бар, адамның тілдік қабілетіне тіркелген болуында. Олар ғаламның рухани моделін құруға қызмет етеді және жүйелі дамуда өзек ретінде көрінеді, барлық жағдайда танылмайды, адам санасына бағытталады, бірақ сезілмейді, экспитті емес, имплицитті. Ғаламның рухани моделі белгілі жүйеде семантикалық өріс жасай отырып қалыптасады. Осы жерде тілдік мазмұн мен концепт ұғымдары бір нәрсе ме, әлде арасында байланыс бола ма, өзгешелігі мен ұқсастығы неде? сияқты сұрақтар жауап беруді керек етеді. Бұл сұрақтардың жауабы әуелі адам санасын танумен, оның ғалам бейнесін қалай танитынын түсінумен, сөйтіп ақпараттардың қабылданып қана қоймай, бейнеленіп, таным модельдерін құруының негізгі ұстанымдарын анықтауға қатысты.
Осыған сай дүниені тұтас тану теориясы аясында тіл қызметінің когнитивтік негіздерінің ұстанымдары Ж.Манкееваның анықтауынша былай беріледі:
- Қоғамдық тәжірибеге негізделуі, яғни дәстүр жалғастығы, танымның қазыналық сипаты.
- Таным модельдерінің символдық түрлері, яғни тілдің қызметі – ақпарат беру емес, бейнелеуге мүмкіншілік жасау.
- Таным модельдерінің жүйелі сипаты, сабақтастығы. Яғни ол – таным модель құрылымдарының тұтасуынан тұратынын сипаттайды [19,41].
Жоғарыда аталған тілдің когнитивтік негіздерінің негізгі ұстанымдары тіл қызмет етуінің ғана емес, құрылуының да негізгі ұстанымдары.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым,
- — 712-б.
- Қайдар Ә. Ғылымдағы ғұмыр. –Алматы, 2014.
- Хромский Р. Язык и мышление. –М., 1972. -309 с.
- Лакофф Дж. Когнитивные моделирование // Язык и интелект.-М.,
1995.
5.Гумбольдт В. Фон. О различении строения человеческих языков и его
влияние на духовное развитие человека // В фон. Гумбольдт. Избранные труды по языкознаию. М., ОАО НГ «Прогресс»,2000.-400 с.
- Ван Дейк Т.А. Язык познание коммуникация. «Прогресс»,-М., 1989.-309 с.
- Сепир Э. Избранные труды по языкознаию и культурологии. –М., 1993. 371 с.
- Потебня А. Мысль и язык (1862) /Внутренняя форма слова/. В.Гумбольдт 207-213 с. // Хрестоматия по истории русского языкознания. М., «Высшая школа». 1973. -504 с.
- Рябцева Н.К. Ментальная лексика, когнитивная лингвистика и антропоцентричность // М., 2000. -232 с.
- Қайдаров Ә. Структура односложных корней и основ в казахском языке. А., Наука. 1986. -322 с.
- Жанпейсов Е. Этнокультурная лексика казахского языка. –А., Ғылым. 1989. -288 – б.
- Манкеева Ж.А. Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері // Тілтаным. №4. 2001. 39-44-б.
- Копыленко М. Основы этнолингвистики. Алматы, Евразия,1995.
- Смағлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық мәдени аспектілері. — А., Ғылым. 1998. -196 – б.
- Абақан Е.М. Тілдің мәдени философиясы. Алматы, «Айкос» 184-б.
- Степанов Ю.С. Константы.Словарь русской культуры. Опыт исследования. М., Наука. 1987.
- Кубрякова Е.С. Человеческий фактор в языке-язык и порждение речи. М., 1991. -191 с.
- Артуюнова Н.Д. Логический анализ языка: Культурные концепты. М., Наука. 1991. -199 с.
- Жаманбаева Қ.Ә. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. Алматы, 1998. 140-б.