Тақырыбы: «Елімнің тарихы, менің тарихым»
Интеллектуалдық сайысының мақсаты:
Оқушылардың тарих пәнінен алған білімдерін шыңдау.
Оқушылардың дүниетанымын және ой-өрісін кеңейту, ойлау қабілеттерін дамыту. Оқушыларды үздіксіз ізденуге, көп оқуға, алған біліміне сараптама жасай алуға және тапқырлыққа үйрету (баулу).
Интеллектуалдық сайыс барысында сауатты, жан-жақты дамыған, қазіргі қоғамның талаптары мен сындарына төтеп бере алатын, еліміздің тарихын, салт-дәстүрін құрметтейтін патриот оқушылардың тәрбиелеу.
Көрнекілік: суреттер, слайдтар, буклеттер.
Пәнаралық байланыс: география, құқық, экономика, саясаттану, философия.
Сайыстың барысы
- Ұйымдастыру кезеңі.
- Негізгі кезең.
- Қорытынды.
1. Ұйымдастыру кезеңі
Жүргізуші: Ассалаумағалейкум! Құрметті ұстаздар, сайысқа қатысушылар. Бүгін біз «Елімнің тарихы, менің тарихым» деп аталытын интеллектуалдық сайыс өткізгелі отырмыз. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев:«…мен қазақ болғандықтан, қазақ мемлекеттігінің ғұмыр шежіресін ірге көтерген кезден бастағанның өзінде, қазақтың бес ғасырлық төл тарихын білуге тиіспін.» деп айтқандай, біз еліміздің тарихын білуге тиіспіз, ол біздің міндетіміз. Бүгінгі сайысқа 2 топ қатысады. 10 «А» сыныбының «Жеті жарғы» және «Тараз» командасы. Олай болса сайысымызды бастар алдын, жеребе арқылы топтардың орналасуын анықтап алсақ. Ал енді сайыс болғандықтан, оның өтілу тәртібін бақылап және бағалап отыратын әділқазылар алқасы болады. Әділқазылар:
1.Баймұратова Д.Б.
2.Алтынбекова Г.С.
3.Суюмбекова А.
2. Негізгі кезең
Жүргізуші: Интеллектуалдық сайыс «Үй тапсырмасы», «Бәйге», «Ғажайып төрттік», «Кім жүйрік?», «Мақал- сөздің мәйегі» деп аталатын 5-турдан тұрады.
Олай болса сайысымызды бастайық. Қатысушыларға сәттілік!
I-тур. Үй тапсырмасы.
Әр топ өзін-өзі таныстырып, алдын – ала берілген тақырып бойынша әңгімелеп беруі тиіс.
Берілген уақыт 3 минут.
Бағалануы: жоғары ұпай 5 (бес) ұпай.
- Қазақ хандығы.
- Тәуелсіз Қазақстан.
II-тур. Бәйге.
Әр команда оқылатын 15 (он) сұраққа 2 минут ішінде жауап беруі тиіс.
Бағалануы: толық дұрыс жауапқа 1 ұпай.
1-топ.
- Түрік қағанатының екіге бөлінген уақыты? (603 жылы).
- Керей мен Жәнібекті қарсы алған Моғолстан ханы? (Есен Бұға).
- «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы қай жылдары болды? (1723-1726 жж).
- Сырым Датұлы қаза болған жер? (Хиуа хандығы).
- 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің Жетісудағы басшылары? (Б. Әшекеев, Т. Бокин).
- Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өренім!» өлеңін қай жылы жазды? (1941 ж).
- Желтоқсан оқиғасы қашан болды? (1986 ж. 16-17 желтоқсан)
- Ежелгі адамдардың тұңғыш баспаналары? (Үңгірлер).
- Үйсіндер басшысының атауы? (Гуньмо).
- Ислам дінін алғаш рет мемлекеттік деп жариялаған ортағасырлық мемлекет? (Қарахан).
2-топ.
- «Диуани лұғат ат-түрік» кітабының авторы? (М. Қашғари).
- Керей мен Жәнібек қай хандықтан бөлініп шықты? (Әбілхайыр хандығы).
- Мезолит заманының басты жаңалығының бірі? (Садақ пен жебенің жасалуы).
- Исатай қаза тапқан шайқас? (Ақбұлақ шайқасы).
- 1933 жылы Сталинге ашық хат жазған қоғам қайраткері? (Т. Рысқұлов).
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі қашан жарияланды? (1991 ж. 16-желтоқсан).
- Тәуке хан билік еткен жылдар? (1680-1715 жж).
- 1837-1847 жылдары болған ұлт –азаттық көтерілістің басшысы? (Кенесары Қасымұлы).
- Алашорда кеңесінің төрағасы? (Ә. Бөкейханов).
- Мәскеу түбінде генерал –майор И.В. Панфилов басшылық еткен даңқты дивизия? (316- атқыштар дивизиясы).
III-тур. «Ғажайып төрттік».
Бұл турда 4 тақырып боынша жалпы 16 сұрақ беріледі. Сұрақ топтың таңдауына қарай қойылады, тиісінше ұпай саны жоғарылаған сайын сұрақ күрделене түседі. Әр топ 5 мәрте ұяшық таңдау құқығына ие. Сұраққа жауап беру үшін 1 минут уақыт беріледі.
Ойынды бастау құқығы ұпай саны төмен топқа беріледі.
Қазақ жеріндегі мемлекеттер | 2 | 3 | 4 | 5 |
Қазақ хандығы | 2 | 3 | 4 | 5 |
Қазақ халқының ұлт- азаттық күресі | 2 | 3 | 4 | 5 |
Қазіргі замандағы Қазақстан | 2 | 3 | 4 | 5 |
І. Қазақ жеріндегі мемлекеттер.
- Мемлекеттің құрылуын тездеткен жағдайлардың бірі – қарлұқ қағанатының ыдырауы. 1040 жылы мемлекет Шығыс және Батыс қағанаттары болып екіге бөлінеді. 1141 жылы мемлекет билігі қарақытайлардың қолына өтеді. (Қарахан).
- Бұл мемелекет ХІV ғасырда Шағатай мемлекетінің шығыс бөлігінде құрылады. Мемлекет құрамында дулат, қаңлы, керей, үйсін, арғын тайпалары болған. Мұхамед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» кітабында мемлекет территориясы туралы былай жазады: «Мемлекет аумағы шекарасының ұзындығы – 7-8 айлық жол. Шығысында қалмақ жерімен шектесіп, Баркөл, Ертіс өзендерін қамтиды. Солтүстік шекарасында Балқаш, батысында Түркістан, оңтүстігінде Ташкент, Ферған, Ақсу, Қашғар, қалалары орналасқан». 1390 жылы Темір әскерлері мемлекет жерін ойрандайды. Осыдан кейін мемлекет құлдырай бастайды. (Моғолстан).
- 766 жылы Ұйғыр қағанатынан жеңілген бұл тайпа Жетісу жеріне қоныс аударады. Бұл жердегі Түркеш қағанатын талқандап, орнына өз қағанатын құрады. Астанасы – Суяб қаласы. Қағанат 766-940 жылдары өмір сүрді. (Қарлұқ қағанаты).
- Бұл мемлекеттің территориясы Арал теңізінің Солтүстік – Шығысы, Сырдария алқабынан Есіл, Сарысу өзеніне дейін, Ертіс өзені, Алтай тауларынан Жайық өзеніне дейінгі өңірлер.
Мемлекеттің құрамында Сығанақ, Иасы, Сауран, Жент, Отырар сияқты қалалар болған. Астанасы- Сығанақ қаласы. Алғашқы ханы Сасы- Бұқа. Мемлекет соңғы хан Барақ хан өлгеннен кейін 1428 жылы ыдырады. (Ақ Орда).
ІІ. Қазақ хандығы.
- Бұл хан тұсында Қазақ хандығы орыс мемлекетімен дипломатиялық Қарым-қатынас жасап, батыс Европаға танылды. Ұлы князь Василий ІІІ тұсында Москва княздығымен дипломатиялық байланыс орнатты. Қазақ халқы дербес халық ретінде батыс Европаға таныла бастады. Әйгілі тарихшы М.Х. Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты кітабында «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында бұл хандай құдіретті ешкім болған емес» дейді. (Қасым хан).
- Қазақ халқының тарихына үлкен өзгерістер енгізген Әбілқайыр хан 1748 жылы 11 тамызда 56 жасында қаза табады. Оны қазақтардың Ресейдің боданы болуына қарсы күштерге жетекшілік жасаған Барақ сұлтан өлтіреді. 1748 жылы 2 қазанда Әбілқайыр ханның орнына Кіші жүз ханы болып кім тағайындалды? (Нұралы).
- Қазақ хандығында 1511 жылы Жәнібектің баласы Қасым хан болды. Қасым ханның алға қойған басты міндеті – Сырдария бойындағы қалаларды Қазақ хандығының құрамына қосу еді. Бірақ Қасым ханның бұл істі орындауға кедергі болатын қарсыласы болды. (Мұхаммед Шайбани).
- Ресей үкіметі Қазақ хандығының басқару жүйесін реформалау арқылы қазақ халқының мемлекеттік тәуелсіздігін жоюды басты мақсат етіп қойды. XVIII ғасырдың 80-жылдарында Сырым Датұлы бастаған көтеріліс барысында Орынбор губернаторы Кіші жүздегі хандық билікті жоюға әрекет жасады. Бірақ бұл реформа жүзеге аспай қалды. (Игельстром реформасы).
ІІІ. Қазақ халқының ұлт-азаттық күресі.
- Бұл оқиғаның басты себебі ел басшылығының ауыстырылуы болды. Бейбіт түрде басталған толқуға қарсы әскер күші қолданылып, нәтижесінде қантөгіске алып келді. Бұл оқиға «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағаланды. (1986ж. Желтоқсан оқиғасы).
- Исатай басқарған көтерілісті тез талқандау үшін, Орынбор губернаторы В.А. Перовский барлық күштерді жұмылдыра бастады. Подполковник Гекке басқарған жазалаушы отрядтар Исатай қолын талқандау үшін аттанады. 1838 жылы шілденің 12-сінде Көтерілісшілер Гекке мен Б. Айшуақұлы басқарған отрядтан жеңіледі. Бұл шайқаста Исатай қаза қаза табады. (Ақбұлақ).
- 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшілері: Торғай облысында Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Әліби жангелдин, Амангелді Иманов; Маңғыстауда Жалау Мыңбаев; Ақмола уезінде Сәкен Сейфуллин; Жетісу облысында Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев; Сырдария облысында Тұрар Рысқұлов болды. Көтерілістің Орал облысындағы жетекшілерін атаңыз? (Сейітқали Меңдешов, Әбдірахман Әйтиев).
- Бұл көтерілістің басты себептерінің бірі Жайық пен Елек бойындағы Кіші жүздің Табын руының ең шұрайлы 7 мың десятина жерінің тартып алынуы. Көтеріліс басшысы қазақтардың өз жеріне иелік ету жөніндегі құқықтарын патша әкімшілігімен бейбіт түрде шешуге әрекет жасаған болатын. Бірақ бұл әрекеттен еш нәтиже шықпады. Көтерілісшілер Ресйге қарсы күреске шығатынын жариялады. (Жоламан Тіленшіұлы баст. көтеріліс).
IV. Қазіргі замандағы Қазақстан.
- 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның алғашқы конституциясын қабылдады. Конституция 4 бөлімнен, 21 тараудан тұрды. Бұл құжат қоғамның көптеген өкілдері талқылауынан өтті. Бірақ бұл конституцияда парламентке өкілеттілік көп берілді. Бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа конституциясы қабылданды. Жаңа конституция 9 бөлімнен, 98 баптан тұрды.(1995ж. 30 тамыз)
- 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақстандықтар тек майданда ғана емес сонымен қатар, тылдағы батырлықтарымен жауды жеңуге үлкен үлес қосты. Мысалы Ақтөбе облысының «Құрман» колхозының звено жетекшісі тары өндіруде гектарынан 202 центнер өнім жинап, әлемдік рекорд жасады. (Шығанақ Берсиев).
- Көрнекті қазақ оқымыстысы және қоғам қайраткері. 1888 жылы Омбы техникалық училищесін және 1894 жылы Санкт-Петербург орман техникалық институтының экономикалық факултетін тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын оқытушы болып бастады. 1905 жылы Семей облысынан 1-ші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары қызметін атқарған. (Әлихан Бөкейханов).
- Көрнекті қоғам қайраткері, заңгер. Орал облысының Қаратөбе ауданында туған. 1890 жылы Петербург университетінің заң факултетін бітіреді. 1907 жылы Орал облысынан 2-ші Мемлекеттік Дума депутаты болып сайланады. Дума мінбесінде XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы Ресейден қазақ жеріне шаруаларды қоныстандырудың кемшіліктерін айтқан тұңғыш қазақ депутаты. (Бақытжан Қаратаев).
IV-тур. «Жүзден жүйрік».
Бұл турда өткен жылғы сайыстың жеңімпазы «Желтоқсан» командасымен ойын өткізіледі. Топтарға жалпы 4 сұрақ қойылады. Жауап беру құқығына бірінші болып белгі берген топ ие болады. Жауап дұрыс болмаған жағдайда кезек келесі топқа беріледі. Жоғары ұпай 5 ұпай болып белгіленеді.
V-тур. Мақал – сөздің мәйегі.
Қатысушыларға жүргізуші мақалдың бірінші бөлігін оқиды, екінші бөлігін топ мүшелері тауып, жалғастыруы керек. Бұл турда оқушылардың тапқырлығы бағаланады.
Бағалануы: жауаптың мағынасына қарай бағаланады, жоғары ұпай 3 ұпай.
- Ел дегенде езіліп, (Жұрт дегенде жұмылып істе).
- Еңбек ерлікке жеткізер, (Ерлік елдікке жеткізер).
- Данышпан айтса, ел айтқаны, (Елдің қамын жеп айтқаны).
- Еңбек етпесең елге өкпелеме, (Егін екпесең жерге өкпелеме).
- Шын орақшы, орақ таңдамайды, (Шын батыр құрал таңдамайды).
- Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, (Ұйым жоқ болса, күйің жоқ).
- Жан қиналмай жұмыс бітпес, (Талап қылмай мұратқа жетпес).
- Еңбек мұратқа жеткізер, (Жалқаулық абыройды кеткізер).
3.Сайысты қорытындылау.
Жүргізуші: Сайыс болғандықтан оның жеңімпазы болады. Бүгінгі сайыстың жеңімпазын анықтау үшін кезекті әділқазылар алқасына береміз.
Олай болса әділқазылар ұпай санын есептеп болғанша, біз көрермендермен ойын өткізсек.
Көрермендермен сұрақ- жауап.
1.1868-1869 және 1870 жылдары Қазақстанның қай аймақтарында патша өкіметінің реформаларына қарсы көтерілістер болды? (Орал, Торғай, Маңғыстау).
2.Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті. (Н.Ә. Назарбаев).
3.1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы көтерілістің басшылары? (И. Тайманов, М. Өтемісұлы).
Жүргізуші: Жеімпаздарды марапаттау үшін сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз.
Сайыстың мақсаты жеңімпаз анықтау емес, оқушылардың білімін шыңдау.
Қатысқандарыңызға көп рахмет!
Тараз қаласы Қаратай Тұрысов атындағы 53 мектеп-гимназиясының тарих пəнінің 1 санаттағы мұғалімі Аткоова Маркиза Кыргызбаевна