Жәңгір хан атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мектепалды даярлық тобы
Мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі:
Тусупкалиева.С.С.
Мектепалды даярлық бұл- балаларды мектепке бейімдеуге арналған алғашқы баспалдақ. Мектепалды даярлық сыныбына келетін балалармен жұмыс істеу үлкен шыдамдылықты қажет етеді.Әр бала – бір-бір үйдің еркесі.Олардың әрқайсысының тілін тауып,өзара келісіп жұмыс жасау оңай емес.Кейбір бала ұйқысы қанбай,енді бірі үйінен ренжіп, біреулері тамақ ішпей келіп,үйіндегі ата-анасына еркелейтін қылығын мұғалімге көрсетеді.Жер тепкілеп жылап, шағын «концерт» қоятындары да баршылық.Осындай жағдайда тәрбиеші-мұғалімге психологтың ролін атқаруға тура келеді.Бұл жастағы балалардың ерекшелігі-зейіні тұрақсыз, алып-ұшпа келеді.Сурет сала отырып, оны аяқтамай ойнап кетуі мүмкін.Өлең айтып тұрып, сыртқа сұранады.Осындай кездерде мұғалімге сәл сабырлы болуға тура келеді.Сондықтан бұл сыныпта балалармен бала болып ойнап, ойлай білсең алғақойған мақсатқа жетуге болады.Даярлық сыныпта балалар әріптерді танып,санауды үйренеді.Бес жыл бойы ата-ананың қасында еркелеп, дегенін жасатып өскен балаға бірден ұжымға үйрену оңай емес.Әрине бұлардың арасында балабақшада топпен жұмыс жасауға үйренген балалар да бар.Дегенмен балабақшадағы әдіс пен мектептегі даярлық сыныптың айырмашылығы болғандықтан әр баланың мінез-құлқын танып,олармен бірдей қарым-қатынас жасау әрбір мұғалімнің міндеті.
Бала көңілі қандай мөлдір, таза болса, сондай жаралы. Отбасындағы,өміріндегі оқыс оқиғалар, дауыс көтеріп сөйлеу оларға тез әсер етеді. Әрі олар мықты психолог.Өздерін шын ықыласымен жақсы көріп тұрған үлкендерді бірден сезеді, мейлінше сол адамға жақын болуға, өзінің беймәлім, түсініксіз әлем туралы ойларын айтуға тырысады.Осындай сәттерде баланың басынан сипап,оны толғандырған сұраққа жауап беріп отырсаңыз,ол сізге ашыла түседі. Бірте-бірте өзіңіздің сыныптағы бар баланың қамқоршысына айналып бара жатқаныңызды байқайсыз. Меніңше мұғалім болатын адам баланы мейіріммен жақсы көруі керек.Бүгінгі бала-ертеңгі жаңа әлем.Сондықтан оған жүйелі жәрдем беріп,қабілет-қасиеттерін дамытуды кішкене жасынан мектепалды даярлық сыныптан бастауымыз керек.Қазіргі кезеңдегі бұл сыныпта жүргізіліп жүрген жұмыс бағыты балаларды ата-бабадан қалған салт-дәстүрлерге,адамгершілікке баули отырып жаңа дәуір технологиясын игертуге бағытталған.Сондықтан бұл кезеңде баланы дұрыс сөйлей білуге үйретудің маңызы зор.Балаларды сөздің жалпы ұғым беретін жағын меңгеруге көңіл бөлу, ойлау қабілетін дамыту, өз ойын анық жеткізуін, қоршаған орта мен айналасындағы адамдармен еркін қарым-қатынасқа түсуін қалыптастыру өте қажет.Бұларды жүзеге асыруда ойынның маңызы ерекше.Қазақ арасында баланың ойынына әлі де үстірт, жүрдім-бардым көзқарас басым. Ал «Бала ойынмен өседі, дана оймен өседі» немесе «Баланың ойнауын тыйғаның, оның ойлауын тыйғаның» деген қағидалардың мағынасына ой жүгіртсеңіз, бала үшін ойынның мәні зор екендігін ұққандай боласыз.Өйткені балдырған ойын арқылы төңіректі таниды.Әрі ойнау арқылы өзінің достарымен байланыста болады.Осылайша бала айналасындағы адамдармен қарым-қатынас әліппесін бастайды.Балалар үшін ойынға өздерінен әлдеқайда ересек адамның қатысуы мейрам іспеттес.Сол себепті балалар бірге ойнауға шақырып жатса, мүмкіндігінше бас тартпаған жөн.Әрі бала айналасына қатысты сұрақ қойып, білмегенін үйренеді.Жалпы ойнай жүріп,ой-қиялына қоса қимыл-әрекеті де жетіле түскен бала өзін еркін сезініп,орынсыз ұялшақтық пен жасқаншақтықтан арылып, өзіне деген сенімі нығаяды.Балаға сұрақ қоя отырып,ақыл-ойына,қиялына бір сәт еркіндік берсеңіз,оның үлкен адамның ойына келмейтін жауаптар айтуы әбден мүмкін.Ақ қағаз бетіне қиғаштап сызылған бір ғана сызықты әр бала өз бетінше әрі қарай жалғастыра түрлі заттың бейнесін бейнелейді.Неше бала болса, сол суреттен соншама түрлі бейне көресің, баланың қиял-ғажайып ойының деңгейі осындайда байқалады.Балалар сурет салуды,бояуды, түрлі дидактикалық ойындарды ойнауды, сұрақтарға жауап беруді,қиып-жапсыруды, кітап қарауды ұнатады.Бес жасында бала көрнекі-әрекеттік ойлаудан,көрнекі-бейнелі ойлауға ауысады.Алты жасқа қарай ауызша-логикалық ойлауға үйренуі керек.Баланың көрнекі әрекеттік ойлауы заттармен нақты әрекеті арқылы жүзеге асады.Ол түрлі заттарды пайдалану,қоршаған ортамен адамдармен қарым-қатынас жасау барысында білім және тәжірибе жинақтайды.Көрнекі-бейнелі ойлау мен оған ықпал ететін көрнекі-схемалық ойлаудың мәні,оған құбылыстар мен заттардың тек жеке қасиеттерін ғана емес,неғұрлым маңызды байланыстарды олардың арасындағы қатынастарды анықтап,схема бойынша жұмыс жасауға үйренеді,,заттарды әр түрлі кеңістікте елестете алады, оларды ойша орындарынан ауыстыра алады.5-6 жасында бала логикалық ұғымдық ойлауды ауызша пайдаланады.Қоршаған орта, ондағы адамдардың рөлі мен орны туралы түсінігі неғұрлым кеңейе түседі.Бұл кезде кітаптағы тапсырмалар мазмұны да қоршаған орта,қоғамдық өмірдегі құбылыстар, олардың арасындағы байланыстар мен қатынастар,адамның әлемдегі орны,табиғат пен оның құбылыстары, өсімдіктер мен жануарлар туралы білімдерді қамтиды. Оларды орындау барысында бала заттар мен құбылыстардың мәнді белгілерін айқындауды, кейбір дерексіз ұғымдарды сипаттауды, уақыт қатынасын, себеп-салдарды, кеңістік, көлем, өлшем туралы түсініктерді игереді.Ол сөздерді еркін қолдануды, өз пікірін айтуды, оны негіздеуді,қарапайым заңдылықтарды анықтауды,салыстыруды,талдауды, пайымдау логикасын, ойлануды үйренеді.Сөздік қоры, тіл байлығы артады,сюжеттік әңгімелер құру қабілеті дамиды. Балаларға оқу тапсырмасы тікелей берілмейді. Олар материалды еріктен тыс меңгереді. Берілетін ұғымдар дидактика ұстанымдарына сүйеніп,жеңілден қиынға қарай сатылана сабақтасып, жүйелі бір ізділікпен берілуі бала қабілетін дамытуда маңызды орын алады.Бірақ осы жұмыстарға баланың бәрі бірден түсініп,құлшынып кірісіп кете алмайды. Сондықтан барлық баланың жұмыла жұмыс жасауына жол ашатын әдістер мен тәсілдерді орнымен таңдап іске асыру-әр мұғалімнің міндеті. Бала өзін жақсы сезінуі үшін сынып бөлмесі жарық, көз тартатындай әсем безендірілуі керек.Баланың айналасындағы заттар да,сол бала үшін қызмет жасап жатқан адамдардың баламен қарым-қатынасы да жарасымды болуы керек.Балаға өз қолымен жасаған жұмыстарынан көркем зат жоқ тәрізді көрінеді.Сондықтан сынып бөлмесін безендірген кезде балалардың да атсалысуына көңіл бөлген дұрыс.Қисық болса да өзі жапсырған туынды бөлшегі қараңғы түндегі айдай жарқырап, баланы қуантып тұрады.Қолынан ешнәрсе келмейтін, тәрбиеге көнбейтін бала болмайды.
Бала-«губка» тәрізді.Олар өз мұғалімінің айтқан сөзі мен қимылын санасында сақтап, бойына сіңіріп алуға құштар.Сондықтан тәрбиеші-мұғалім сол баланың жанының нәзік нүктелерін адаспай тауып,одан әдемі өрнек тоқи білуі керек. Үркектеп келген бала аз күннен соң мектепке өз үйіне келгендей қуанатын болса,оның жақсы мұғалімге жолыққаны.Мектептерде тек біліммен қаруланған адамдар ғана емес,сондай-ақ жаны көркем,нәзік,жүрегінде балаға деген шынайы сезімі бар бапкер ғана жұмыс жасауы тиіс. Ұрпақ тәрбиесі- келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол етіп тәрбиелеу біздің қоғам алдындағы борышымыз. Мектепалды даярлық пен ата-аналар ынтымақтастықпен жұмыс жүргізсе, балаларға тиісті көңіл бөлініп, олармен санаса білсе, келешектің шын жанашырлары тәрбиеленіп шығары сөзсіз.