Менің балабақшам

 

Мәңгілік ел болып қалыптасу жолында ұрпаққа берілетін тәрбие елбасымыздан бастап ойландырып-толғандыратын өзекті мәселелердің бірі екенін ешкім жоққа шығармайды. Дүние есігін ашқан әрбір нәресте отбасында ата мен әженің, әке мен шешенің, бауырлардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Отбасында берілетін тәрбие әр отбасында түрліше, өздерінің қалыптасқан отбасылық құндылықтары арқылы, үлкендердің өмір жолдары арқылы тәрбиеленеді. Ал білім мен тәрбие беретін орындарда жаңашылдық пен заманауилықты ұштастыра отырып, ел ертеңін тәрбиелеуге үлкен жауапкершілік танытылады. Ары қарай өмірдің өсу сатысында білім мен тәрбие ұйымдарында қалыптасқан бір ізділік жүйе арқылы өз көзқарастарын қалыптастырып, «Мен»-і танылып, жеке тұлға ретінде қоршаған ортада өз орындарын табады.

Балабақша — білім мен ортаға биімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Біздің мамандығымыздың қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу.

Балабақша баланың өмірге аттаған алғашқы қадамы. Әрбір кішкентай ғана бүлдіршінді өмірге енді аяқ басқан сәтте көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын ұя.

Біздің мамандығымыз — бұл біздің өмір жолымыз. Біздің балабақша – бұл бөлек әлем, гүлденген көгал. Балабақша бізге балада бар ең нәзік – бала жан дүниесін сезінуге, аялауға, бағалауға үйретеді. Балабақша баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында ерекше орын алатын сатысы. Балабақшада балаға қажетті, сетінемейтін махаббат жібі бар. Ұзақ жылдар жасағандығына қарамастан, балабақшаның әр кірпіші, әр бұрышы ешқашан ескірмейтін мейірім мен сүйіспеншіліктен тұрады. Балалардың күлкісі мен мейірімі арқасында біздің балабақша жыл өткен сайын гүлденіп, көркейіп, жасара түсуде.

Балабақша тек бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені болмау керек. Ал, ата-ана үшін бала-бақша өз жағдайларын жасап, баламыз жұмыс жасауға кедергі болмасын деген ниетте балаларын кешке дейін апарып тастайтын орын болмау керек. Осындай көзқарастар қалыптаспас үшін балабақша жұмысының, ұжым ауызбіршілігінің мықты болуы абзал.

Бүлдіршін бақшаға-достарымды көрем, үйде еш ойналмайтын қызық ойындар ойнаймын, ешкім білмейтін тек тәрбиешім ғана білетін қызықты ертегілерді тыңдаймын, әндер үйренемін деп, қызығып келетін шуақты мекеніне айналуы керек.

Ал, бала жүрегінде осындай орын алып, балабақшаға демалыс күндері де сәби жүректерін алып ұштырып тұратын деңгейге дейін жеткізетін ол әрине-балалардың бағбаны-тәрбиешілер болып саналады. Бір тәрбиеші-бірнеше баланың өміріне жауапты болғандықтан, ешқандай атүстілік танытпау керек, немесе кешке дейін жұмыс уақытын өткізіп, күн көрістің қамын ойламау керек. Әрине, үлкен ыждағаттылық пен кең жүректілікті қажет ететін мамандық болған соң тәрбиеші болу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін нәзік кәсіп иесі деп білеміз. Күнделікті сұранысқа ие қат мамандық болмағанмен, өмірге келген әрбір бүлдіршіннен ел азаматтарын тәрбиелеп шығару үшін қай кезде де қажет, ешқашан керектігі мен қажеттілігі жойылмайтын тұрақты мамандық деп білемін.

Шайтиева Айгерім Сабыржанқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *