Ізгілік нұры-жақсылық!

Жақсылық–әлемге мейірін шашып, жылуына бөлейтін үлкен қасиет. Жақсылық — игілік атаулының түп бастауы болғандықтан, ол қашан да әлемге жылу сыйлайды. Бойыңдағы жамандықты, арам ойды еңсеріп, жақсылыққа жеңдірудің өзі оңай іс емес екендігін білеміз. Ал адамгершілігі бар жан тек жақсылыққа құмар болады. Көп адам жақсылыққа жақсылық жасай алғанымен, жамандық жасаған адамға келгенде, жақсылық жасай алмасы анық. Былайша айтқанда, жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі болғанымен, жамандыққа жақсылық тек ер кісінің ісі деуге болады.

Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, біреуге жұдырықтай ғана қуаныш сыйлауға мүмкіншілігің жетіп тұрса, неге қол ұшын созбасқа? Осы сұрақты мен өзіме де қойып, сұрағыма жауап іздестіре бастадым. Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, біздің көзіміз көріп тұрғанымен, көкірегіміз соқырланып бара жатқандығын сезіндім. Мұғалім ретінде мен бала тәрбиесінде жақсылық жасаудың қандай рөл атқаратыны туралы қысқаша айтып өтуді жөн көрдім.

Қазіргі ата-аналар тым жұмысбастылыққа салынып, балаларына толықтай тәрбие беруде ақсап жатады. Біз көп уақытымызды баламызбен бірге өткізбейміз. Бірі балабақшада, бірі мектепте. Оның сол мекеннен тыс не істеп жүргенінен ата-ана бейхабар. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген сөзіміз қайда қалды?Бұның салдарынан қазіргі уақыттағы жастар арасындағы қатыгездік бірден-бір дәлел емес пе? Жігіттерді қойып, қыздар арасындағы төбелес,көкек ана,тастанды бала деген ұғымдарды еститін болдық. Бұған тек ата-ана ғана жауапты емес, сонымен қатар интернет желісі арқылы пайдасыз ақпараттар алуымыз себеп дер едім. Осыдан кейін кімді, не үшін кінәлай аламыз? Бұған жақсылық жасар болсақ, елімізде арнайы айына бір күн барша ата-ана жұмыстан босатылып,тек балаларымен ғана уақыт өткізуі туралы Заң қабылданса игі болар еді. Бұл арқылы бала мен ата-ана арасындағы байланыс нығая түсер еді деп ойлаймын. Бір қызығы, бұндай заң Францияда бұрыннан бар екен. Егер адам айнаға қараған уақытта сыртқы бейнесімен қатар, ішкі бейнесін де көрер болса, көп адамдар айнаға қарамайтын кейіпке жеттік.   Себебі, қазіргі уақытта өзімізді ақтау үшін сан түрлі сылтаулар айтып, бір-бірімізге бір жылы сөзімізді аяп жатамыз. Баланы мейірленіп, иіскеп, құшақтап, маңдайынан сүйіп, еркелетіп өсіру арқылы біз келешек ұрпағымыздың нық аяғына тұра алатын, кез келген жағдайда шешім қабылдай алатын, жүрегінде иманы бар, ақ пен қараны, жамандық пен жақсылықты ажырата білетін адам ретінде тәрбиелей алуымыз керек. Себебі, бала – ата-ананың көшірмесі. Біз қандай қателік жасайтын болсақ, соны еселеп алдымызға алып келетін-балалар.  

Психологтардың айтуы бойынша, баланың бойына есін білгеннен бастап тек ізгі қасиеттерді сіңіріп, үлгі бола білуіміз керек. Қарапайым ғана отбасындағы ұрыс-керістің өзі бала психологиясына кері әсері туралы қанша айтылса да, мән бермейміз. Осыдан ынжық, өзінің ойын толық айта алмайтын тұйық, кішкене ғана сынақ келсе, бірден сынатын тұлға қалыптасады. 

«Ең бірінші адамгершілікті оқуымыз керек, ал дипломдар тек қана кәсіп үшін керек» деген қағиданы ұстана отырып, қазіргі уақытта бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман екендігін ексере отырып, баланың жан-жақты жеке тұлға ретінде қалыптасуына Сіз болып, Біз болып ықпал етуіміз керек. Сөзімнің соңында, «Егер жүрек таза болса, тілден жақсы сөздер шығады»-демекші, ешкімге қол ұшын бере алмасақ, ең құрығанда күніне үш адамға күлкі сыйлайық. Соның өзі үлкен жақсылық екенін есімізден шығармайық…

Ергамбетова Майгул Мухтаровна

 

 

 

 

 

 

Аты-жөні

Ергамбетова Майгул Мухтаровна

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *