Ана-  тіршіліктің тірегі

ЭССЕ

 

Өмірге ана – бұлақ, ана – пана,
Өмірді өркендетер ана ғана,
Өсірген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана-деп  талай ақын жырлаған Ана туралы қанша айтсақ та артықтық етпейді. Ана — тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Ат биеден, алып анадан туады» дейді халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен. Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды.Өйткені Ана-тіршіліктің тірегі.

  Мен кішкентай болатынмын, бар-жоғы  4-сынып оқып жүрген кезім болатын. Анамның денсаулығы күрт нашарлап, оң жағынан сал болып қалды. Анамның дүниеге әкелген ұл-қыздары мен өмірлік жары әкем  далада қалғандай күй кештік.  Анамның  аман қалуын Алладан тіледік.

   Біз ол кезде жап-жас баламыз ғой, Алладан тілеген тілеуімізді Алла қабыл еткен шығар. Анамыз аман қалды, бірақ оң қолы мен оң аяғы істемей қалған болатын.  Сол бір кез біздің отбасымыз үшін өте ауыр кезең болды. Үлкенді-кішілі шеттей бала-шағамыз. Анамыз 40 күн ауруханада жатты. Бізге Панар әжем мен анамның әпкесі  Ілес екеуі қарады. Біздің Аллаға  деген шексіз сеніміміз бен  алақан жайып айтқан тілегімізге үн қатқандай, Анамыз бірте-бірте өз өзіне келе бастады. Сауығып кету үшін үнемі диеталық тағамдарды тұтынатын. «Мен қайтсем де жазылуым керек. Себебі, сендерді жетілдіріп, әрқайсыңды өз ұяңа қондыруым керек»-деп үнемі айтып отыратын. Осы  сөздерін жүзеге асыру үшін, тірі болып мақсатына жету үшін көп нәрседен бас тартып, тек сауығып кету жолында күресе білді.Ол кісінің ерік –жігерінің мықтылығының арқасында  көп қиыншылықты жеңе білді. Ол біздің көңілімізге қаяу түсірмей, өмір сүруге ұмтылды.  Біздің жетім қалып кетпеуіміз үшін барынша тырысты.

    Үйде отырса да бізге көп өнегелі тәрбие беріп, әкем екеуі шынайы махаббаттың үлгісін көрсете білді.  Ұл-қызының бәріне дерлік жоғары білім алуына жағдай жасап, олардың шын мәнінде білімді болуына, өнерлі болуына ықпал етіп, барынша білгенін үйретті. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, тура жолда жүруімізді талап етті.

   Анам-үйіміздің берекесі,шамшырағы секілді отырған жерін жайнатып отырады. Үйдің айналасына гүл отырғызып, олардың жұпар иісін иіскегенді жақсы көреді және бізді де сондай әсемдікке үйретті.  Жас күнінде жіп иіріп, керемет шәлі тоқитын, кесте тігіп, бізге киім де тігіп беруші еді. Сол өнерінің бәрін қыздарының бойына сіңіре білді деп ойлаймын.

 Қандай қиыншылық болса да өмірге деген құштарлығы –оның балаларына деген риясыз махаббаты деп білемін. Ол -біздің өміріміздің тірегі. Қашан да аман болшы жан-Анашым!

  Қазір ол кісі 75 жасқа келді. Ұл-қыздарының бәрі жетіліп, бүгінде немере, шөберелерінің  қолынан май жалап, бақытты әже болып отырған жайы бар.

Түркістан облысы

Ордабасы ауданы

«Ұлы-Орда» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі

Жусипова Мадина Саулебаевна

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *