Ұстаздық еткен жалықпас

                                                               

 

                     эссе

 

                                            Ұстаз болу – жүректің  батырлығы,

                                            Ұстаз болу – сезімнің  ақылдығы.

                                             Ұстаз болу – мінездің  күн шуағы,

                                             Ұстаз болу – адамның  асылдығы,

деген Ғафу Кайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы, жақсы ұстаздан басталады» деген болатын.

  Киелі ірі өте көне мамандық. Ұстаз — бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі. Ол — өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

 Уильям Уорд: Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады,- дейді. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Оның адамшы-лық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту. Бұл мұғалімнің терең дүниетанымы мен үлкен жүрегінен келіп шығады. 

   «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиешілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Ескендір Зұлқарнайдын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель»,- десе, Абылайхан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп кеткен екен. Бала әрқашанда ұстазына қарап бой түзейді. Өзінің ұстазы сияқты кейіпке кіреді, қиялданады

   Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы  талай атақты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойынның қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін  ұстазым деп атайды. Осы тұста Абайдың:

                    Ақырын жүріп, анық бас,

               Еңбегің  кетпес далаға.

                    Ұстаздық еткен жалықпас,

              Үйретуден балаға,- деген.

Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе ?! Қазіргі білім беру саласы қызметкерлерінің алдында тұрған басты проблема – жаңа формацияның жаңа ұстазын қалыптастыру.

    «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген ұлы Абай. Олай болса әріптестер жас ұрпаққа  мейірім шапағатпен , еңбекке баулу мен  қоса Отанға деген, Ана  тілге деген, жас ұрпаққа деген  махаббатын нығайта отырып, оларға тура бағыт бағдар  беру біздің тікелей міндетіміз болып табылады.

Осындай даралық қасиеттер ұстазды бақытқа жеткізеді. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.

Шын ұстаз — ұстаз болуды балалық шағынан армандайды. Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. Жаңа заманға сай жігерлі де намысты ұлдарымызды, инабатты да ибалы қыздарымызды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қазақы болмысымызбен тәрбиелеуге атсалысайық.

Сандыбаева Балгадиша Байкеновна 

Ақмола облысы, Бурабай ауданы

Кызылагаш ауыл

Абылайхан атындағы ОМ жанындағы

 «Балдырған» шағын орталығы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *