Ана! Бар болғаны үш әріптен тұратын бұл сөздің астарында ұшан-теңіз ой жатыр. Әлемдегі ең аяулы, ең әдемі, ең ардақты, ең сүйікті жан-ана.
Ана-әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы. Шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ ана сүтінен нәр алып, ана мейіріміне бөленеміз. Ең алғашқы сәби кезімізде аузымыздан шығатын сөз де – ана. Сондықтан бұл өмірде анаға тең келер ешкім жоқ.
Анаңа қаншалықты жақсылық жасасаңда, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Анасының жақсылығын ұмытпау — әр адамның өмір бойғы борышы. Қаншалықты бай болсаң да, атың әлемге әйгілі болса да, осының барлығы анаңның бір ауыз жылы сөзіне татымайды.
Ана-болашақтың кепілі. Өйткені еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтардың барлығы анадан туған. Қанша жерден ұлы болсаң да, ананың ұлылығынан аса алмайсың. Ғабит Мүсірепов айтқандай «Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді». Иә, ананың мейірімділігінде шек жоқ. Ананың мейірімі нұр шашып, жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл аналардың құшағында мейірім алып жүрген біз-алтын анаға мәңгілік қарыздармыз.
Барлық перзент анасы алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, шашына ақ түсірмей, қасиетті де, киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі, ең бақытты адам – анасы бар адам. Жер бетіне жақсылық нұрын сеуіп, шуағын шашатын аналарымыз аман жүрсін!
Даярбек Анель
4 сынып оқушысы
Жетекшісі: Кашкеева Айгуль Адилкадировна