Материалдық ынталандыру аясында Мемлекет басшысының тамыз конференциясында берген тапсырмасы бойынша алдағы төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы екі есеге артады. Демек, қаңтардан бастап Қазақстандағы педагогтердің жалақысы 25%-ға артады.
Заңға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында жұмыс атқаратын жас маманның ғылыми-педагогикалық магистр дәрежесі болған жағдайда оған 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
Заң аясында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына келесі өзгерістер енгізілді:
- барлық педагогтердің, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерін қоспағанда, лауазымдық жалақыларына 25% мөлшерінде түзету коэффициенті белгіленеді (түзету коэффициентінің мөлшері 2021 жылы – 50%, 2022 жылы – 75%, 2023 жылы – 100% құрайды);
- мұғалімдер мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушыларына төленетін сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі), дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақылар мөлшерлері екі есе арттырылды;
- ағылшын тілінде оқытылатын физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының оқытушыларына базалық лауазымдық жалақының 200% дейін қосымша ақы белгіленеді;
- жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерін қоспағанда, біліктілік санаты бар білім беру ұйымдарының педагогтеріне, басшылары мен олардың орынбасарларына біліктілік санаты үшін қосымша ақы белгіленеді.
Нақты айтқанда, педагог-шебер біліктілігі бар педагогтерге – лауазымдық жалақының 50%-ы; педагог-зерттеуші санаты үшін – лауазымдық жалақының 40%-ы; педагог-сарапшы санаты үшін – лауазымдық жалақының 35%-ы; педагог-модератор санаты үшін – лауазымдық жалақының 30%-ы мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.
Ал І санаттағы басшылар мен олардың орынбасарларына – лауазымдық жалақысының 100%-ы; ІІ санаттағылар үшін – лауазымдық жалақысының 50%-ы; ІІІ санаттағылар үшін – лауазымдық жалақысының 30%-ы мөлшерінде қосымша ақы төленетін болады.
Мәдениет және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын, әскери оқу орындарын қоспағанда, орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне тәлімгерлік үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы белгіленді.
Аталған өзгерістер сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі), дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақылар мөлшерлері екі есе арттыру, біліктілік санаты үшін қосымша ақы (мұғалімдер және мектептерде жұмыс атқаратын педагог-психологтардан басқа) белгілеуді қоспағанда, ағымдағы жылдың 1 қаңтар айынан бастап төленеді.
Сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі), дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақылар мөлшерлері екі есе арттыру, біліктілік санаты үшін қосымша ақы (мұғалімдер және мектептерде жұмыс атқаратын педагог-психологтардан басқа) ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен төленетін болады.
Айта кетейік, ұстаздардың жалақысы оның жұмыс өтіліне, біліктілік санаты, білім деңгейіне және оқу жүктемесіне қарай белгіленеді. Мысалы, 16 жыл жұмыс өтілі бар, І санатты, жоғары білімі және толық бір тарифтік ставкасы бар ұстаздың жалақысы 2019 жылы 132 мың теңгені құрады. Ағымдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес мұндай ұстаздардың жалақысы 175 мың теңгені құрайтын болады.
Дереккөз:https://primeminister.kz/