Құжатта қамтылған педагогтің құқықтарын кеңейту нормалары олардың жеке тұлғалық дамуына және оқу үдерісін жетілдіруіне ықпал етеді. Сондай-ақ педагогтерді қызметіне жатпайтын жұмысқа тарту, шамадан тыс есептілік, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы олардың жүктемесін азайту өзекті мәселе. Осыған байланысты нақты санкциялар көзделген.
Педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыруы кезінде:
- Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;
- одан Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға;
- Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге;
- тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндеттер жүктеуге;
- мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейді.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға қосымша 2 трлн. 282 млрд. теңге (2020 жылы – 404 млрд. теңге, 2021 жылы – 770 млрд. теңге, 2022 жылы –1 трлн. 108 млрд. теңге) бөлінді.
Оның ішінде барлық педагогтердің, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерін қоспағанда, лауазымдық жалақыларына 25% мөлшерінде түзету коэффициентін белгілеуге 1 трлн. 756 млрд теңге (2020 жылы – 295 млрд теңге, 2021 жылы – 581 млрд теңге, 2022 жылы – 880 млрд теңге) көлемінде қаржы қарастырылған. Сондай-ақ мұғалімдер мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушыларына төленетін сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі), дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақы мөлшерін екі есе арттыруға – 43 млрд теңге (2020 жылы – 6 млрд теңге, 2021 жылы – 18 млрд теңге, 2022 жылы – 18,8 млрд. теңге) қарастырылған.
Ағылшын тілінде оқытылатын физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының оқытушыларына базалық лауазымдық жалақысының 200%-ға дейін қосымша ақы белгілеу үшін 875 млн теңге (2020 жылы – 213 млн теңге, 2021 жылы – 281 млн теңге, 2022 жылы – 380 млн теңге) бөлінген.
Ал жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерін қоспағанда, біліктілік санаты бар білім беру ұйымдарының педагогтеріне, басшылары мен олардың орынбасарларына біліктілік санаты үшін 453 млрд теңге (2020 жылы – 94 млрд теңге, 2021 жылы – 161 млрд теңге, 2022 жылы – 197 млрд теңге) қосымша ақы белгілеуге бағытталады.
Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы белгілеуге 9,9 млрд теңге (2020 жылы – 2,5 млрд теңге, 2021 жылы – 3 млрд теңге, 2022 жылы – 4,4 млрд теңге) жұмсалады.
Мәдениет және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын, әскери оқу орындарын қоспағанда, орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне тәлімгерлік үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы белгілеуге 5 млрд теңге (2020 жылы – 1,5 млрд теңге, 2021 жылы – 1,8 млрд теңге, 2022 жылы – 1,9 млрд теңге) қарастырылған. Ал ұзақтығы күнтізбелік 56 күнге дейін ұзартылған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына 12 млрд теңге (2020 жылы – 3,9 млрд теңге, 2021 жылы – 4 млрд теңге, 2022 жылы – 4,2 млрд теңге) көлеміндегі қаражат бөлініп отыр.
Негізгі және маңызды норма – «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекс шеңберінде педагогтің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде оларға қатысты жеке тұлғалардың әдепсіз мінез-құлық танытқаны, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация жүйесі арқылы дөрекілік көрсеткені, былапыт сөйлегені және қорлағаны үшін айыппұл салынады.
Бұдан басқа, педагогті кәсіби міндеттермен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартқан, сондай-ақ педагогтен білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептілікті немесе ақпаратты талап еткен жағдайларда ескерту жасалып, айыппұл салынады.
Сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру ұйымының мұғалімдеріне тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндет жүктеу және оның өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түріндегі заң бұзушылықтар орын алған жағдайда ескерту жасалады. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталанған сол сипаттағы әрекеті үшін лауазымды тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған, медициналық рұқсаттары жоқ (психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттары жоқ және өзге де шектеулері бар адамдарды педагог қызметіне тартқаны үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Заңда ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, бала құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар нормалар енгізілген. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу мен оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өз міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарға немесе олардың заңды өкілдеріне айыппұл салынады.
Атап айтқанда, ұстаздың ар-намысына нұқсан келтіру, оның ішінде БАҚ немесе телекоммуникация желілері арқылы абыройына нұқсан келтіргені үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың жасаған орынсыз әрекеттері үшін олардың ата-анасына немесе ата-анасын алмастыратын тұлғаға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталанған әрекеттері үшін жеке тұлғаға 40 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға жазасы қолданылады, ал ата-анаға немесе ата-ананы алмастыратындарға қатысты 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.
Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын қорғау, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу міндеттерін орындамағаны үшін ата-анаға немесе басқа да заңды өкiлдеріне 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмаған баланың алкогольдік ішімдік, есірткі, психотроптық заттарды тұтынғаны, қайыр сұрағаны, қылмыстық іс-әрекет жасағаны үшін ата-анасына немесе ата-анасын алмастыратын заңды тұлғаға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.
Педагогтердің педагогикалық этика нормаларын бұзғаны үшін де тәртіптік жауапкершілік енгізіледі. Бұрын ол әкімшілік жауапкершілік сипатында болған және іс жүзінде қолданылған жоқ.
Дереккөз: https://primeminister.kz/