Биыл түрік әлемінің ең алып мемлекеттерінің бірі – Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойыжоғары деңгейде аталып өтілу керектігін айтқан болатын.
Алтын Орданың тарихына көз жүгіртетін болсақ, 750 жыл бұрын, яғни, 1269 жылы қазіргі Қырғызстан аумағындағы Талас жерінде құрылтай өтіп, Моңғол империясы құлады. Үгедей, Шағатай және Жошы ұлыстарының өкілдері жиналып, Моңғол империясынан бөлініп, өз алдына дербес Алтын Орда мемлекетін құрған еді. Алтын Орда Моңғол империясының батыс бөлігінен орын тепкен. XIII-XIV ғасырларда хандықтың күш-қуаты толысып, өркендеген кезде мемлекет жерінің аумағы 10 миллион шаршы шақырымнан асқан. Хандықтың ұлан-ғайыр аумағы қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказдың жерінде орналасқан.
Алтын Орда халқы туралы айтар болсақ, басым бөлігі түркі тайпаларыболған.Хандық халқы этникалық жағынан біркелкі болмаған. Отырықшы аймақтарда – Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армияндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрса, далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей тағы да басқа тайпалар мекендеген. Дешті Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған монғолдар аз болған жоқ. Олар кейін жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кеткен.
Алтын Орда хандығында берік мемлекеттік бірлестік болған жоқ. Оның әлеуметтік және мәдени даму дәрежесі әртүрлі және экономикасы да төмен болған.Ішкі-сыртқы байланыстар феодалдық қатынастар дамыған сайын шиеленісе түсті. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін, Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасындағы хан тағына талас басталып, феодалдық қырқыс өріс алды. Бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін іштегі алауыздық жегідей жеді. 1357 -1380 жылдар арасында Алтын Орда тағында 25 хан ауысты.
ХIV ғасырдың аяқ кезінде Әмір Темірдің күшті шабуылдары да Алтын Орданы әлсіретпей қоймады. Осы кезде Алтын Орда тарихында «дүрбелең кезең» басталды. Осындай қат-қабат қайшылықтар мен тартыстар нәтижесінде әлсіреген Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетті. Сөйтіп, ішкі және сыртқы факторлар нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті күйреген.
Осы сынды деректердің бірнеше нұсқасы қарастырылып, зерттеліп жатыр. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі бастамасы деп білемін. «Кешегі күн – бүгінгі тарих» демекші, қолымыздан келгенше тарихымызды түбегейлі зерттеп, зерделеп, болашақ ұрпаққа табыстауымыз керек. Яғни, біздің қолдан келетін көмек – тарихымызды еш боямасыз жаңғырту арқылы келешек ұрпаққа жеткізу.
КИЗАТ ЖАДЫРА ХАМИДОЛАКЫЗЫ
Филология бөлімінің студенті,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары
қазақ педагогикалық колледжі.
Ақмола облысы, Көкшетау қаласы