Қазақстанда оқушыларды қашықтан оқытудың екінші аптасы аяқталды. «Оның қорытындысы қандай, сабақ қалай өтіп жатыр және қанша оқушының компьютермен қамтамасыз етілгені туралы материалдан оқыңыздар», деп жазады ҚР Үкіметінің ресми сайтында. ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова атап өткендей, IV тоқсанның екінші аптасының қорытындысы қашықтан оқыту режимінде барлық мектептер жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Естеріңізге сала кетейік, қашықтан оқыту бірнеше форматта жүргізіледі:
1. Интернет-платформалар арқылы жұмыс істеу;
2. «Ел арна» және «Балапан» телеарналары арқылы өткізілетін телевизиялық сабақтар;
3. «Qazaq radiosy» радиоарнасы арқылы оқыту;
4. Пошта арқылы оқыту. Қазақстанда 5-10 бала тұратын және мектебі жоқ 1000-нан астам елді мекен бар. Бұған дейін бұл балалар сабақ оқу үшін тірек елді мекендерге күн сайын жеткізілетін. Мұндай елді мекендерге оқу материалдары мен тапсырмалар пошта байланысы арқылы жіберіледі және кері байланыс та осылай орнайды.
Ш. Каринованың айтуынша, бүгінгі таңда 2,4 млн-нан астам оқушы мен педагог «Bilimland», «Daryn Online», «Kundelik» интернет-платформаларын пайдаланады. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мектептерде болған 250 мың компьютерді таратып берді. 11 мыңнан астам жаңа компьютерлер сатып алынды, олар да оқушылар мен педагогтар арасында үлестіріледі. Сонымен қатар, оқушылар тегін интернетпен қамтамасыз етіледі. 800 мыңнан астам оқушы екінші формат бойынша білім алуда — телевизиялық сабақтарды қарайды. Бұл санаттағы оқушылар үшін мұғалімдер қолжетімді мессенджерлер мен «Kundelik» электрондық журналы арқылы кері байланыс орнатады. Бүгінде «Ел арна» және «Балапан» телеарналары арқылы 700-ден аса сабақ көрсетілді. IV тоқсанды толық жабу үшін 3 360-тан аса телесабақ түсіру керек. Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінің және Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогтері сабақтарды түсіру жұмыстарын жалғастыруда. «Бүгінде біз ата-аналардың тарапынан белсенділіктің артқанын көріп отырмыз. Педагогтер мен ата-аналарға қашықтағы форматта жүргізіп жатқан жұмыстары үшін тағы да алғыс айтықымз келеді», — деді Ш. Каринова. Қашықтан оқыту кезіндегі БЖБ және ТЖБ Шолпан Каринова қашықтан оқытуда мектеп оқушыларының бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) тапсыру қарастырылғанын хабарлады. Бұл ретте, осы тоқсанда БЖБ тек бір рет өткізіледі. «Еліміздегі барлық мектептерде IV оқу тоқсанының ортасынан бастап БЖБ емтиханы өткізілетін болады, ал тоқсан соңында ТЖБ өткізіледі», — деді вице-министр. Бұған дейін белгілі болғандай, биыл 9,11 сыныптардың түлектері қорытынды және мемлекеттік емтихандарды тапсырмайды. Негізгі орта және жалпы орта білім туралы аттестаттар оларға жылдық бағаның негізінде берілетін болады. Соңғы қоңырауға келсек, вице-министр атап айтқандай, 2020 жылы егер қашықтан оқытуға байланысты жағдай өзгермейтін болса, бұл шара өткізілмейді.