Мария Монтессори өзінің алғашқы жұмысын ақыл-есі кем балалармен бастады. Уақыт өте келе тек ақыл-есі кем ғана емес, барлық балалармен арнайы педагогикалық жұмыс істеуге ден қойды. Осы орайда көп адамның бойында «Монтессори әдісінің маңызы неде?» деген сұрақ туындайды. Монтессори әдісінің ерекшелігі бала дүниеге келгеннен бастап тұлға ретінде қабылданады. Әр бала – жеке тұлға. , Монтессори әдісінің басқа жүйелерден карағанда айырмашылығы осында. Балаға өздігінен көп нәрсеге қол жеткізуге талпыну керектігі, ал дер кезіндегі көмек беру тәрбиешінің құзіреттілігі екендігі әдістің басты қағидаларының бірі.
Монтессори әдісі үш негізден тұрады:
• Бала;
• Қоршаған орта;
• Тәрбиеші;
Балабақшада Монтессори тобын құру жүйесі де ерекше. Монтессори жүйесінің классикалық варианты 3 жастан бастап оқытуды көздейді. «Балабакшадағы әр топ — бұл отбасы» деген қағидаға сүйенеді. Түрлі жастағы балалардың топтасуы, бір-бірін оқытуын Мария Монтессори ересектер берген білімнен эффектілі деп тапқан. Монтессори әдісіндегі тәрбиешінің міндеті — балаға өз қызметін ұйымдастыруға көмектесу, өзінің соны жолымен мақсатына баруға көмектесу, өз әлеуетін кең шамада жүзеге асыруға ықпал ету;
Баланың жеке тұлға ретіндегі дамуының бастауы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой-өрісінің кеңеюі балабақша қабырғасынан басталатыны даусыз. Адам табиғатынан білуге құмар, тумысынан-ақ өсуге, жетілуге ұмтылады. Қазіргі таңда Монтессори жүйесін, әдісін көптеген дамыған мемлекеттер қолданады. Бұл әдіс бойынша 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар зейінін, шығармашылық және логикалық ойлау қабілетін, есте сақтауды, сөйлеуді, елестетуді, қимылды дамытады. Оның негізгі қағидаты «оқы, оқы» деп күштеп емес, ойын арқылы оқыту және баламен дербес тіл табысуға негізделген жаттығуларды таңдап алу. Монтессори әдісі балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауға, топта да, жекеде де жұмыс жасай білуге, таңдау жасай алуына, өз уақытын тиімді әрі сапалы пайдалануға, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндіктер береді, қолайлы жағдай туғызады. Осы себепті де баланың танымдық қабілетін дамытуда Монтессори әдісіне негізделген ойындар, ойындық жағдаяттар өте тиімді.
Бұл әдістің басты мақсаты — балалардың табиғи мінезін, қабілетін, талантын, ерекшелігін, жігерін тәрбиешінің нұсқауымен емес, өз еркімен тәрбиелеуге бағытталуында жатыр. Әр бала өзіндік жұмыспен айналысуге талпынады. Тәрбиеші балаларға тақырыптар бойынша, деңгей, топ бойынша қызықты мәліметтер береді. Ал балалар қабілеті, тобы бойынша өз беттерімен жұмыс жасайды, зерттейді, құрастырады т.б. Еркін жұмыс жасау барысында балалар жетістігін өзі көріп, қатесін де өзі жөндеуі оның ішкі дүниесін тәртіпке баулып, жеке адамгершілік қасиеттерін дамытады. Пайдаланған заттардың ең басында қалай тұрғанын бақылаған бала жұмыс аяғында тап солай жинастырып, тазартып қояды.
Монтессори әдісінің басты негіздеріне тоқталсақ:
Монтессори әдісінің мақсаты:
• Балаларды еркін тәрбиелеп, өмірге бейімдеу;
• Өмірде өз мақсаты бар екенін қалыптастыру;
• Балалардың өзінің үйреніп, өзін дамытуына жаңа мүмкін діктер беру;
Монтессори бойынша сабақ түрлері:
• Материалдармен жұмыстың жеке көрсетілімі;
• Топтық сабақ;
• Жаңа ұғымдар туралы сабақ;
Монтессори 5 аймақтан тұрады:
• Күнделікті өмір жаттығулар аймағы;
• Сенсорика аймағы;
• Математика аймағы;
• Тіл аймағы;
• Ғарыш аймағы;
Қорытындылай келсек 100 жыл бұрын тәжірибе жүзінде іске асқан Монтессори технологиясының бүгінде жаңа ғасырда да түрлі пайдасы бар екенін, бала дамуының негізі екенін және тек бала үшін ғана емес, тәрбиеші үшін де кәсіби құзіреттілікті қалыптастыратын жүйе екенін айтуға болады. Балалардың өздігінен шешім қабылдауына, жеке жұмыс жасауына, бір-біріне достық қарым-қатынаспен қарауына, ең бастысы жеке тұлға ретінде қалыптасуына негіз бола алатын Монтессори әдісінің өміршеңдігі әлі де алда деген ойдамын.
Каниева Шахар Зайтуновна
«Шаттық» балабақшасы МКҚК