Жебемей асыл мақсат, асқақ арман,
Жетер ме мұратына тосқан алдан.
Аруағы бабалардың кешiрер ме,
Бақыттан айырылса басқа қонған.
Жаңылса жарастықтың жүлгесiнен,
Өрт қояр өшiккендер iргесiнен.
Көңiлiнен адамзаттың шыға алар ма,
Көрiнбей парасаттың мiнбесiнен.
Зулаған зымыран оғы заманада,
Зорлығы зұлымдықтың жоғала ма?
Қарудан ядролық бас тартпаса,
Маза жоқ мұңға батқан Жер-Анаға.
Қараса Қазақстан алабына,
Құрамы қырық қылау-ала-құла.
Оп-оңай орта жолда арба сынар,
Тас тисе дөңгелектiң шабағына.
Жұрт тыныш пәле-жала зораймаса,
Ызадан қаны қайнап қараймаса?
Қауқарсыз қаңбақ емес халық деген,
Жөңкiле жосылатын жел айдаса.
Шаң тұрса шындық атты шарайнаға,
Көредi өз келбетiн қалай ғана.
Таба алмай ақиқаттың алтын кiлтiн,
Өкiнiп өткен жоқ па талай дана.
Түсiп тұр азаматтың бағы сынға,
Тiрлiктiң толқын атқан ағысында.
Айнымай әдiлеттiң ақ жолынан,
Топ жарды ғасырлардың тоғысында.
Көненiң қалып қоймай шиырында,
Жол тапты асулардың қиынында.
Жұртының аманаты жүрегiнде,
Дәуiрдiң ауыр жүгi иығында!
Соққанда замананың көк дауылы,
Ел түгiл солқылдайды жер бауыры.
Көппенен бiрге көрер не көрсе де,
Құдайдың қатардағы ол да құлы.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ