Қырсықса, дүние қайта дөңгеленер,
Тағы да табытқа сап, көрге бөлер.
Аспанда құдай жалғыз, жерде қазақ,
Жаратқан, жалғызыңа жар бола гөр?!
Жалғыздың белi сынса демде шөгер,
Жанашыр, бар болсаңдар селбесе гөр?!
Толқынды арпалысқан өзi бастап,
Қасқайып тұрмас па едi өлмесе егер?!.
Үрейлi үңiрейген түрме түбi,
Түрмеде қияметтiң қыл көпiрi.
Тебендей шаншылады тергеушiлер,
Секiлдi сатқындықтың бiр кепiлi.
Сақшысы, прокурор, соттары да,
Айналған саясаттың шоқпарына.
Боздатып бауырларын өз қолымен,
Түрменiң тығып жатыр оқпанына.
Үкiмi әлде кiмнiң оқылуда,
Бұйырды бүлк етпестен атылуға.
Байқаса, Мағжан ақын қаhарланып,
Сазарған сотқа қарап ақыруда.
Япыр-ау, Мағжан ба өзi, Мағжан ба өзi,
Жасарып кеткенi ме тарлан бозы?
«Ел үшiн еркек тоқты құрбандық» деп,
Шатынап от шашады жанған көзi.
Бiресе Мағжан емес мына тұрған,
Жас жiгiт жолбарыстай тiк атылған.
Қайнайды «атам десең, атыңдар!» деп,
Қаймықпай қарсы соққан сұрапылдан!
Түссе де бағынбаған басқа құрық,
Сен неткен ғаламат ең, асқақ рух!
Лағынет!
Лағынет саған, ей, зұлымдық-
Аранын аждаhадай ашқан ұлық.
Жортады қараңғыда қас қылғалы,
Қанды ауыз қиянаттың қасқырлары.
Алдында қастандықтың қасарып тұр,
Ең соңғы Бостандықтың жас құрбаны
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ