Жан болмады мен басымды иетiн,
Жар болмады мен елжiреп сүйетiн.
Тас едi ғой, тас едi ғой жүрегiм,
Қас едi ғой, қас едi ғой ниетiм.
Айта қояр қарақшыға алғыс кiм?
Қара тасы басты менi қарғыстың.
Талайлардың қанын судай шашып ем,
Ақырында жер құштым да қан құстым.
Мен өлгенде бiр жан iздеп келмедi,
Болды басым қарға-құзғын ермегi.
Жиiркенiп, жиырылып қара жер,
Құшағынан титтей орын бермедi.
Сан сойқандар ойнаушы едi миымда,
Құным тұрмай,жоғалдым көк тиынға.
Табалады тау да, көл де, орман да,
Мазақ қылды соққан жел де, құйын да.
Тиетiндей қарақшының қырсығы,
Өлiгiмнен аңдар да үркiп, ыршыды.
Кеттi ме деп дер бетiнен бiр залым,
Түршiккендер бойын жазып тыншыды.
Жер де жоқ,көкте де жоқ тұрағым,
Елесiмдi ессiз желден сұрағын.
Басқалардың нарқын, сiрә, бiлмеймiн,
Бiлдiм құнын қарақшының, шырағым…
Қарақшыда болмайды екен ана да,
Қарақшыда болмайды екен бала да.
Қарақшыға бұйырмайды баспана,
Қарақшыға бұйырмайды мола да.
Қара бетпiн,
Қара бетпiн,
Мына мен.
Бар өмiрiн сарп қылған күнәмен.
Өмiр-сiрә, қанжар емес қолдағы,
Болса керек сырлы сазды мың әуен.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ