СЕГІЗІНШІ ДАУЫС

Бiрақ…
Бiрақ…
Темiр өзек жан бар ма?
Қара да өттi,
Өттi қорқау хандар да.
Қылпылдаған қылышынан уақыттың,
Қиылмаған пенде басы қалған ба?
Қасiреттi сезбеген бар,
Сезген бар.
Ар-ұяттан безбеген бар,
Безген бар.
Жан иесiн езбеген бар,
Езген бар.
Қиянатқа төзбеген бар,
Төзген бар.
Теңшер бәрiн таразысы уақыттың,
Өмiр барда, өлiм деген безбен бар…
Арына дақ түспесiн деп өмiрдiң,
Қара көзден қанды жас боп төгiлдiм.
Қайғы батқан қабырға боп қайыстым,
Қасiрет толы көкiрек боп сөгiлдiм.
Ей, зұлымдық,
Атың өшсiн зұлымдық!
Қан жұтқанша, қасiреттiң уын жұт.
Құм құйылсын сұрқай-құзғын көзiңе,
Болсын мәңгi күнiң-қараң, жылың-жұт.
Сенiң арам босағаңды аттаған,
Қара ниет жанның бәрi жат маған.
Олар сiрә ана сүтiн татпаған,
Қасиеттi ақ бесiкте жатпаған.
Жұттың қымбат асылымды қаншама,
Зар иледiм, дүниеге жар сала.
Мәңгi бақи майдандасам сенiмен,
Ұлы денем күлге айналып қалса да.
Жылдар,
Жылдар,
Жаңарады жаңғырып.
Ұйықтар тарих жартасында жаңғырық.
О, адамдық,
Сүттей таза адалдық,
Сипар ма едiм маңдайыңнан мәңгiлiк.
Көк орманның қорғап бала талын да,
Аялдадым құстың балапанын да.
Әлдиiме рахаттанып, маужырап,
Өмiр менiң мызғыды алақанымда.
Бұтақтарым бұр жарады, көктейдi,
Тау шөксе де, асқар тұлғам шөкпейдi.
Дүниенiң бар қуаныш, қайғысы,
Жүрегiме соқпай менiң кетпейдi.
Менiң күнiм мәңгi күлiп шығады,
Сөнбес нұрлы шаңырағымның шырағы.
Бүкiл әлем кiшiрейiп алдымда,
Әрқашанда тағзым етiп тұрады.
Ей, пенделер,
Ғұмыр кешкен сан бөлек:
Бiрiңе жан, ал бiрiңе мал керек.
Бiреуiңе жұту үшiн бал керек,
Бiреуiңе жұту үшiн қан керек.
Бiреуiңе сайран керек, сән керек,
Бiреуiңе айран керек, нан керек.
Бiреуiңе жаңжал қымбат бәрiнен,
Бiреуiңе ұят керек, ар керек.
Қилы-қилы тағдырға таң қаламын,
Менiң жаным жаралған ба әлде ерек?
Менiңше өмiр–махаббаты ананың,
Менiңше өмiр–бесiктегi балбөбек..

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *