Маңдайынан сипай сал, Қасым ақын,
Жаутаң қaғып жолықса жетім жырым…
Қасым айтты:
Дос едің жаны бipгe,
Достық еді сыйынар Тәңірім де.
Қысқа жіптей ғұмырды бipгe өткізіп,
Қатар болса деуші едім қабірім де.
Бұйырмапты ол бақыт жазы маған,
Сенсіз қалай дертімнен жазыла алам?!
Үңірейген орныңнан соғады енді,
Өлім деген қара жел азынаған.
Сол қара жел мұздатар, қалтыратар,
Жүрген сайын ізімнен шаң шұбатар.
Самайына санамның қырау салып,
Үмітімнің көз жасын тамшылатар…
Абдолла айтты:
Tүcipмeй жанға уайым,
Өмір тізгін бере ме қолға дәйім.
Ақырғы ақын өзің бол аза тұтқан,
Соғыста өлген соңғы ақын мен болайын.
Әр тамшысы төгілген қанымыздың,
Болады әлі көктем мен сәні күздің.
Сенемін мен!
Құриды жер бетінен
Соғыс деген сұмпайы кәрі құзғын.
Қайта самғап тыныштық көгершіні,
Жаспен жуған кipпiктiң кебер шығы.
Көтереді сені әлі төбесіне,
Туған жердің ғаламат өнер шыңы…
Сол шақта сен егіліп баладай шын,
Мына маған өзіңді балағайсың.
Мына менің жұлдызды жанарыммен,
Жалт eтiп бip дүниеге қарағайсың!
Көріскейсің мен болып тау-далама,
Kүйiктi әке, мұңлы жар, зарлы анаға.
Менше күліп, менше бip күрсінгейсің,
Менің жаным жай табар сонда ғана..
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ