Көзім қышып тұр-деп күлдің

Көзім қышып тұр-деп күлдің: шарап тамыз-дедім мен.
Онсыз-дағы мас қой,-дедің,-оттай ыстық лебіңнен.
Оймақ аузың қызыл гүлдей ашылмаған қауызы,
Езу тартсаң көмейіңнен күміс күлкі төгілген.
Теңіз суы тартылса да көзім жасы сарқылмас,
Бір сен үшін күндіз-түні ағыл-тегіл егілген.
Сенің жүзің күн бе әлде, яки күннің жүзі ме,
Айыра алмай қойдым тіпті нұрларыңнан себілген.
Жерді құшып көз жасымды сүртер едім арланбай,
Иттің ізін кезіктірсем қасыңа ұқсас көрінген.
Сен ұсынған қымыз маған ақ сүтіндей анамның,
Құтқаратын ғұмыр бойы басылмаған шөлімнен.
Көрінеді қамқоршымдай шарапхана қожасы,
Даяшы мен жүзім қызы жымиса шат көңілмен.
Зыр айналған зар замана мехнаттан мойымас,
Тарт шараптың кесесінен шығам десең шеріңнен.
Қалай одан жырақтайсың, жерінесің, ей, Науаи,
Шарапхана пендесіміз көшкенше бұл өмірден.
 
 
 

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *