Жөнелді он саусағы сырнайда ойнап

Жөнелді он саусағы сырнайда ойнап,
Әнде де болады екен мұндай қайрат.
Даусына дарақының ұқсамайды,
Сасытар құлағыңды күнде айғайлап.
Қайратты, қанатты әуен көкке өрлеген,
Қозғайды көкіректі кек кернеген.
Көзіңе елестейді қарлы дала,
Қып-қызыл қанға бөккен, оқ селдеген.
Сұрланған суық еді жауы қандай,
Жас жігіт атылды, әне, қабыландай.
Такаппар балғын өмір aласұрды,
Өлімнің өтінішін қабыл алмай.
Таппастан асығады сырнай тағат,
Домбыра салғанынша бір қайталап.
Саусағы Жүсіпбектің перне басты,
Әуеннен өзгешелеу сыр байқап ап.
Жіберді домбыраны қағып-қағып,
Ақындай арқаланған шабыттанып:-
Обалы бұл әніңнің маған!–деді-
Осыдан шырқатпасам алып барып.
Абай бол, аман-есен орал елге,
Қатерді қаперіңе ала берме.
Өрт сөнер,
Өмір көшер,
Өнер өсер–
Жұлдызың жылжып әлі барады өрге.
Туындап жатса сонда ceнiң әнің,
Шырқауға жетеді ғой менің әлім.
Бауырым, барлығын да бағдарлай біл,
Ғұмырдың қысқа жіптей соңы мәлім.
Екеуі қош айтысты асығыс тым,
Көзіне жас алмады жасып ешкім.
Күн батып бара жатты күреңітіп,
Қacipeт көрігінен шашып ұшқын

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *