Біле алмай тұр,
Енді қайда шабарын.
Біле алмай тұр,
Нендей ақыл табарын.
О, найзағай, айтамысың әлде сен,
Бұл қорлықтан құтылудың амалын?!
Айт, табиғат, зорлық түбi тынар ма?
Үндіс мәңгі көміле ме тұманға?
Қайтгы кері-
Көтерілді аспанға,
Қара түнек Америка тұр алда…
Вашингтон.
Қоршап алған ақ үйді,
Қалың үндіс күңіренеді, налиды.
Ал,ақ үйдің сұп-сұр, суық ызғары,
Жүректерін сары аяздай қариды.
Шуылдайды…
Есе-теңдік тілейді.
Жанталасып, жұдырықтарын білейді.
«Бізге сұмдық, бізге қатер үрейлі,
Тоқтат,-дейді-мына, алапат дүлейді!..»
Әйелдердің қапалы үні қаралы,
Жан түршігер азаны еске салады.
Айналаны тітірентіп барады,
Келеді бip зауал сырдың хабары.
Әйелдер зары:-
Қасіретті ана-біздерміз,
Taқcipeттi ана-біздерміз.
Дауыл, нөсер, құйыннан,
Таудан-тастан, қиыннан
Ұрпақ үнін іздерміз.
Tipi өлікпіз-мына бiз!
О, адамзат сенбесеңіз, сұраңыз?!
Тамырымыз суалған,
Сүйегіміз қуарған,
Шырқыраймыз,
Шашымызды жұламыз,
Күнәміз не, күнәміз?!
Тәнімізді у жайлаған,
Тірлік көзін байлаған.
Аналықтан айырған,
Көк темірдей майырған,
Тіліміз құр сайраған.
Жүзіміз құр жайнаған
Өлім атты айнадан..
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ