ӘР БҰТАДА БІР КӨКЕК

Сұғанақтан сақта, Құдай, әр есікті бір қаққан,
Кәрі мыстан тоқым ояр төрде жатқан сырмақтан.
Шам алауға шақ келмейді таразының тасы да,
Қыл мойында парызым мен қарызым бар зіл батпан.
Төгіп келем ақ қағазға жан сырымды имандай,
Тостағанға тілімдегі бал-шырынды кұйғандай.
Қасым менен Мұқағали зарлап өткен жалғанның
Қайыры жоқ қай бақыты маңдайыма сыйғандай?
Атақ-даңқ-қызыл түлкі-арбайтұғын көз құрты,
Бағасына жеткізбей тұр базардағы сөз қырты.
Есер, шіркін, бар қазақты ұйыттым деп ойлайды,
Құйрығына көпшік тастап, қолпаштаса өз жұрты.
Сескенбейді аласұрған асау тасқын өлеңнен,
Салындыны салғып мінген өңкей нойыс өлермен.
Су түбіне бара жатып, бітеу басын бұлдайды,
Көк тиынға тұрмас құны әлдеқашан төленген.
Көріп тұрып сорақыны жігеріңді құм қылар,
Қара қоста күңіреніп, мен жыламай, кім жылар?
Өзін-өзі алдыменен ақынмын деп санайды,
Өзге түгіл әлемдегі есі ауысқан жындылар.
Қазақ жыры қайтып оңар, әр бұтада бір көкек,
Сұңқылдайды өз аттарын шақырумен күнде тек.
Бұлбұл үнін танымайтын шойынқұлақ заманда,
Жезтырнақтың жолы болғыш көйлек киген гүлді етек…
 
 
 

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *